Вайнер атанып-ақ елге танылған Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ақпан айында қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген болатын. Бірақ Төребаев қылмысты оқиғаға қарсы пікір білдіріп, өзінің пирамиданың құрылуына ешқандай қатысы жоқ екенін айтты да, бостандықта жүрді.
Бірақ арада екі айдай уақыт өткенде, яғни 19 сәуір күні Төребаев пен тағы үш адам тұтқындалды. Көп ұзамай Төребаев пен Шерниязовтың 10 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.
Бүгін оларды қамауда ұстау мерізімі ұзартылғаны белгілі болды.
-Тергеу сотының қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды. Шерниязов пен Төребаевқа қатысты күзетпен ұстау мерзімін екі ай мерзімге ұзартуға санкция берілді, — деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Америкада аляқтық үшін анау-мынау емес, ең атақты, ең бай деген адамдардың өздері де соттала беретінін ескерсек, «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп талап қылған еліміз үшін бұл да дұрыс секілді. Сондықтан болар, билік те, сот та «Вайнер болсаң қайтейік» деді-ау деймін осы жолы.