КСРО-ның алғашқы һәм соңғы президенті Михаил Сергеевич Горбачев 92 жасында ұзаққа созылған
ауыр науқастан қайтыс болды. Кеңес өкіметінің соңғы серкесі 2020 жылы Мәскеудегі Орталық
клиникалық
аууханаға түсіп, содан бері осы емдеу орнында жатқан. Ставрополь аймағының Привольное селосында
1931 жылы дүниеге келген М. Горбачев ел есінде несімен қалды? Ломоносов атындағы Мәскеу
мемлекеттік
университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін Ставрополь ауылшаруашылығы институын сырттай
бітірген ол заң саласында аз ғана уақыт
жұмыс істеді де, партия қызметіне кетті. Нәтижесі жаман емес, 1985 жылы СОКП ОК Бірінші хатшысы
болып шыға келді.
Одан кейінгі өзгерістер белгілі. Ең алдымен Қазақстанда өші бардай ҚК ОК бірінші хатшысы Д. Қонаевты
орнынан алды. Оның ең алғашқы сәтісіз
қадамдарының бірі осы болды. Халық көтерілді. Жастар нақақтан нақақ қырылды. Аман қалғандары
«жау» деп таналды. Қазақ халқына «ұлтшыл» деген күйе жақты. Желтоқсан оқиғасы оның
бетіне қара таңба болып басылды. Ол Қазақстанға басшы ғып жіберген Г. Колбин алаңға ақиқат
сұрап шыққан жастарды қудалаумен айналысты. Елдегі бетке ұстар А. Асқаров сияқты мемекет қайраткерлерін
түрмеге қамады. Қазақстандағы көтерілісті көрген Балтық жағалауы елдері де тәуелсізігін сұрап,
көшелерге шықты.
Одан Грузия да қалыспады. КСРО-ның шаңырағы шайқалып тұрды. Бірақ ол сонда да 1990 жылы
КСРО-ның Президенті болып сайланды. Ал бір жылдан соң — 1991 жылы КСРО атты отаршыл алып
империя күйреп тынды.
Одақтас елдердің бәрі өз тәуелсіздігін қуана жариялап жатты. Соның бірі Қазақстан болатын.