Депутат Азат Перуашев Бас прокурор Берік Асыловқа Алматы әкімдігінің бұрынғы басшылары Алатаудың бөктеріндегі орман алқабының үлкен бір бөлігін тұрғын үй құрылысына бергені туралы ақпаратты тексеру керек деді.Өйткені Алматы әкімдігі Медеу табиғи саябағының бесінші бөлігін ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесінен айырып, ол жерге тұрғын үй құрылысын салуға беріп жіберген. Оның ішінде Бутаково шатқалы мен Іле Алатауы бөктері де бар.Ақпаратқа қарағанда, бірнеше жекеменшік фирмалардың иелері ол жерге элиталы коттедждер мен демалыс аймақтарын, қонақ үйлер мен таунхаустар, пентхаустар жобасын жасатып, құрылыс жүргізу үшін рұқсат қағазды ғана күтіп отырған көрінеді. Ал бұл аймақта ерекше флора мен фаунасы бар ғажайыбы қайталанбас табиғи орман бар.
Атап айтсақ, Алматы әкімдігі 2021 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен Медеу табиғи саябағы аумағының 20 пайызын тұрғын үй құрылысын салуға беріп, ол жайлы саябақ басшылығына ескертуді қажет деп таппаған.
Сонымен бірге, бұл ҚР Экологиялық, Орман, Жер кодекстерінің талаптары мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматының Іле Алатауындағы тау бөктерінде құрылысқа тыйым салу туралы тапсырмасын бұзу болып табылады.
Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттың бұл сауалына не деп жауап берер екен?