7 рет оқылды

 

Биыл өңір экономикасында өнеркәсіп өндірісінің үлесі — 19, ал ондағы өңдеу секторы 65,5 пайызды құрап отыр. Жалпы, аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етеді.

Ал Жуалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтың айтуынша, ауданда 6500 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 2-і орта, 203-і шағын, ал 2600-і жеке кәсіпкерліктер. Қалғаны ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтар. Жалпы кәсіпкерлік нысандар 700-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Президентіміз алдыңғы және жаңа Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын жетілдіру бойынша  тапсырмалар берген болатын. Президенттің осы тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы түрде жүзеге асырылып, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 494 адам жолданса, оның 197-і қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан. Олардың қатарында аудан азаматтары да бар.

Шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілген. Нәтижесінде, өткен жылдың он бір айында салада 425,4 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 275 миллиард теңгесі егін, 149,6 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 20 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.

Сондай-ақ, өңірдегі өнеркәсіп саласының дамуына ауыл шаруашылығы саласының да қосып отырған үлесі зор. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержен Серкебаевтың айтуынша, бүгінгі күні аудан ғана емес, облыс көлемінде Мемлекет басшысының бастамасымен елге инвестиция салып жатқан отандық, шетелдік шағын және орта кәсіпкерлердің жасампаз бастамаларына қолдау көрсетілуде. «Президент Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға бизнеске дұрыс көңіл бөліп, олармен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді қатаң тапсырды. Бұл тапсырмалар біздің тараптан жауапкершілікпен орындалуда.

Мәселен, облыс бойынша айтатын болсам, өңірімізде «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылып, 13 жоба қаржыландырылды. Ал, 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңға жуық жобалар несиелендірілді. Сонымен қатар, сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау және жанар-жағармай заттарын сатып алу үшін кооперативтерге 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілді.

Ал, жоба Жуалы ауданында іске асырылған сәттен бастап 6 ауылдық округ енгізілген. Оған барлығы 3 263 аула қатысқан. Бүгінгі күні бұл ауданда мүйізді ірі қара саны 124 пайызға, яғни 25 907 басқа, жылқы 130 пайызға, яғни 9679 басқа, қой-ешкі 112 пайызға, яғни 96 369 басқа өскен. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік ашылып, алты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 1130 жұмыс орны ашылған. Атап айтқанда, мұның барлығы да Президент Жолдауында тапсырғандай ел халқының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін және агроқұрылымдарға салынған инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған.

Ендігі кезекте «Ауыл аманаты» жобасын дамытуға осы жылға 10 миллиардтан астам қаржы республикадан сұралуда. Оған Жуалы ауданы тұрғындары да қатысатын болады», – дейді Ержан Серкебаев.

Президент айтқандай, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндік мол. Ендігі кезекте мемлекеттің басты талабы – кәсіпкерлер заң аясында сапалы әрі жемісті жұмыс істеуі тиіс.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

 

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.