5 рет оқылды


Тараз – мыңжылдық тарихы бар көне шаһар. Бұл қалада қазақ халқының ұлы тұлғаларына тағзым ретінде орнатылған ескерткіштер ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа өнеге болып келеді.
Қаланың көрікті орындарының бірі – «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі. Мұнда Керей мен Жәнібек хандардың еңселі мүсіндері қазақ мемлекеттілігінің бастауы мен бірліктің нышаны ретінде бой көтерген.
Даналық пен әділдіктің үлгісі – Төле би мен жыр дүлділі – Жамбыл Жабаевтың мүсіндері рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. Халықтың бірлігі мен ел басқарудағы әділ шешімдерімен қатар, қазақ қанына сінген тіл өнерінің алыптарының бейнесі ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған.
Батырлар рухына тағзым ретінде орнатылған Бауыржан Момышұлының ескерткіші де ерекше мәнге ие. Батырдың қайсар бейнесі ел қорғаған ерлердің ерлігін еске салса, тәуелсіздік жолында құрбан болған Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш Желтоқсан қаһарманының өр рухын ұлықтайды.
Тарих пен тағылым тоғысқан Тараз қаласындағы бұл ескерткіштер – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір. Олар ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтап, елдік пен ерліктің мәңгілік белгісі болып қала бермек.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру