Шерхан Мұртаза – қазақ әдебиеті мен журналистикасында өшпес із қалдырған көрнекті тұлға. Оның шығармалары халқымыздың тарихын, болмысын, ұлттық рухын, салт дәстүрі мен дүниетанымын терең бейнелеуімен құнды. Жазушы қаламынан туған туындыларды зерделей оқыған адам оның Қамбар ата түлігіне деген ерекше ықыласын бірден сезеді. Әсіресе, «Қызыл жебе» мен «Ай мен Айша» романдарындағы жылқыға қатысты суреттеулер жазушының жылқы табиғатын терең білетінін көрсетеді. «Ай мен Айшадағы» қашаған қара биенің мінезін, жүрісін, болмысын суреттеуі – жай ғана көркемдік тәсіл емес, қазақтың жылқы тану мәдениетін жетік меңгерген адамның көзқарасы. Мұндай дәлдік пен шынайылық өмір бойы жылқының жанында жүрген жанның ғана қолынан келеді. Бұл сүйіспеншілік тек шығармаларында ғана емес, өмір салтында да айқын көрініс тапқан.
Шераға үшін ат баптау – жай ғана әуестік деуге келмейді. Ол жылқыны тек бәйге жарысының құралы емес, қазақтың рухани болмысымен сабақтас қасиетті түлік деп таныды. Оның «Шеге – тағаны ұстайды, таға – тұяқты ұстайды, тұяқ – аяқты ұстайды, аяқ – атты ұстайды, ат – ер-тұрманды ұстайды, ер-тұрман – ерді ұстайды, ал ер – елді ұстайды» деген қанатты сөзі жылқының қазақ өміріндегі орнын терең түсінгенін аңғартады. Бұл сөзден аттың адам тағдырындағы, ел тарихындағы айрықша мәнін бағамдаған жазушының дүниетанымы көрінеді. Шерхан Мұртаза осы танымды тек сөзбен айтып қана қоймай, ат үстінде үзеңгіге аяқ тіреп, міз бақпастан қасқайып тұрып шындықты айтқанын бәріміз жақсы білеміз. Ол атбегілік өнерді қадірлеп, жүйріктерді баптап, қазақтың дәстүрлі жылқы мәдениетіне адалдығын таныта білді. Көпшілік Шерхан Мұртазаны шындықтың алдаспаны, публицист, дарынды жазушы, білікті журналист ретінде таниды. Алайда өзінің туып өскен өлкесі Жуалы өңіріндегі Мыңбұлақтың адамдары мен жақындары оны атбегі ретінде де таныған. Атап айтқанда оның бәйгеге қосқан бірнеше жүйрігі болған. Соның ішінде өзі баптап, өзі мінген, көптеген бәйгелерде топ жарған «Қаршыға» атты тұлпары ел арасында аңызға айналған сәйгүліктерінің бірі болған.
Шерағаның немересі Ілияс Мұртаза естеліктерінде атасының күнделікті тіршілігін ерекше ықыласпен баяндайды. «Шераға таңғы сағат бес алты шамасында ерте оянып, мұздай суды төбеден төмен қарай құйып жуынып, жаңадан сауылған саумалды жылыдай сіміріп алатын. Содан кейін өзі «Қаршығаға» отырып Ілияс пен Жалғасты тайға мінгізіп, Тәңір тауды бетке алып, серуен құрып, әрі аттарды жаттықтырады екен. Жол жөнекей келе жатып Шераға кейде өлең айтып, кейде ескі әңгімелер шертіп отыратын.
«Оның қоңыр дауысы мен кең даланың тыныштығы, ат тұяғының дүбірі ерекше үйлесім табатын. Өлең айтып келе жатып та аттың аяқ алысына, құлақ түбінен шыққан теріне дейін жіті бақылап, мән беріп келетін. Сол жүріс тұрысына аттың шабысына, қимылына қарап, жылқылардың атын қоятын» деп сағынышпен еске алған Ілияс Әлижанұлының әңгімесіне қарап, өзінің де атқа құмарлығы сол кезден басталғанын аңғаруға болады.
Бүгінде Шерағаның әдеби мұрасы ғана емес, оның жылқыға деген сүйіспеншілігі, ат баптаудағы тәжірибесі мен дала мәдениетіне адалдығы да кейінгі ұрпақ үшін тағылымды өнеге болып қала береді. Қаршығадай тұлпарды баптап, қазақтың атбегілік өнерін өмірімен дәлелдей білген жазушы бірде Америка Құрама Штаттарының Texas штатына барған сапарында ковбойлар арасында асау жылқыны үйретуден арнайы жарыс ұйымдастырылыпты. Жас жігіттердің өзі жүрексіне қарайтын бұл сайыста Шераға қазақтың атбегілік өнері мен шабандоздық тәжірибесін көрсетіп, асау атты тізгіндеп, көпшілікті тәнті етеді. Алпыс жасқа таяп қалған қазақ қаламгерінің қайратына, ептілігіне және жылқы тілін жетік білетініне таң қалған жұрт оны жарыстың жеңімпазы деп танып, ризашылығын білдірген шетелдіктер басбауды Шерағаға тарту еткен. Тарту етілген сыйлық бүгінде жазушының атымен аталатын орталықтың сөресінен орын алған.
Шерхан Мұртазаның атбегілік өнері оның тұлғасын өзгеше қырынан танытатын құнды қасиеттерінің бірі. Жылқының жаратылысын терең түсініп, оның әрбір қимылы мен мінезін дәл бағамдай білген қаламгер бұл танымын шығармаларында да, өмір тәжірибесінде де айқын көрсетті. Атқа деген сүйіспеншілік оның бойындағы ұлттық рухпен, туған жерге деген құрметпен астасып жатты. Өзі баптаған жүйріктердің бәйгеде топ жаруы, ал шетелде жүріп қазақы шабандоздықтың артықшылығын дәлелдеуі – соның жарқын көрінісі. Ол жылқыны халқымыздың мәдениеті мен болмысының ажырамас бөлігі ретінде қабылдап, осы құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етті. Шерағаның тұлпарының дүбірі мен қаламының үні қатар өріліп, қазақ руханиятында мәңгі сақталатын ерекше із қалдырды.
Нұрперзент ТУҒАНБАЙ,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығы«Шерхантану»
бөлімінің меңгерушісі.


