Жамбылдың ақындық өнеріне күмән-күдік келтіру, аруағын қорлап сын садағының тұрақты нысанасына айналдыру Дмитрий Шостакович, Ербол Курманбаевтан (фамилиясын Ерболдың өзі ата аруағын қорлауға қолай деп тапқан тілде қалдырдық – К.С.) басталған жоқ. Сұр жыланның уы жағылған сұр жебенің артында қазақтың «мен» деп төсін ұрған ақындары мен жазушылары тұр. Олардың іштерінде жасамыстары да, жастары да бар. Өр көкірек сезімнің буына мастары да бар. Кімдер екенін әдебиет деген елдің өлең деген өлкесінің өрісін шиырлаған пақырлардың іші сезіп те отырған шығар. Әзірге атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Олардың қасында Курманбаевтар айдын судың бетіндегі шошайған тас сықылды болмашы бөлік қана. Бәленің үлкені айдынның астында жатыр. Аруақты ұран еткен ата-баба салт-дәстүрі мен о дүниелік болған мүмінге тіл тигізбе деген исі мұсылманның имани құндылығын былғаныш аяқтарымен таптап, көрінген жолбикенің қарамағына Жамбыл атаны «жем» ғып отырған, міне, солар. Аз қазақты ала тайдай бүлдіретін де, «анау ақын, мынау қатын» дейтін кер ауыздар да сол Құдайдан қорқып, Аруақты сыйламайтын сайтандар. Курманбаев тек қолдан-қолға өткен көсеу. Ой-өресі от басы, ошақ бұтынан ұзамайтын «көсеулер» өшуге айналған өсек-отынды анда-санда көсеп қоюға керек-ақ дүр.
Елді елдігінен айыру үшін не қырып-жою керек, не бұзу керек. Алғашқысының әдісі белгілі. Ал бұзу деген не? Ел неден бұзылады? Үндістерді түп-тұқиянымен құрту үшін ақ нәсілді басқыншылар «алдымен бизондарды қыру керек» деп шешкен екен. Мұның керін «ұлы қазан төңкерісі» кезінде қазақ та бастан кешті. Бүкіл малынан айырылып, аштан қырылды. Қырылмағаны Қытай, Қырғыз асып, қоңыз теріп кетті. Қазір бағымызға орай, ұйыған ұлттық бірлігіміз бен тірлігіміздің ірілі-ұсақты «дұшпандарының» мұндай әрекетке мүмкіншілігі жоқ. Бірақ елді іштен ірітудің басқа айласын тапты. Ол – өзіндік мінез-құлқы бар саналы ұлт ретінде қазақ халқын ықылым замандардан бері сақтап келе жатқан салт-дәстүрдің түп тамырына балта шабу екен. Тоқсан тоғызға келгенше қолынан домбырасы түспеген, жүрегінен жыры өшпеген, тақымы аттан, төрі сыйлы қонақтан босамаған қазақтың қайсар шалын, міне, біздің халықтың сүйегі осындай асыл келеді деп, дүние жүзіне мақтан етудің орнына көрінген кер ауызға қолжаулық қылып қою – ата-баба ұлықтаған осы салт-дәстүрге сызат түскенінің белгісі. Өйткені, қазақ деген халықтан шыққан осы бір сирек те, ғажап құбылыс иесінің өзін де, сөзін де жоққа шығарып, ал ұрпақтарын бір-бірімен қырық пышақ қылып, өзді-өзіне айдап салуды басқаша сипаттау мүмкін емес. Елді аздыруға, еңсені басуға бұдан артық қандай мысал қажет?!..
Қап тауында Сүлейман Стальский деген жырау болған. Кеңес өкіметінің отызыншы жылдардағы халық ауыз әдебиетіне, фольклорына деген «жылымық» идеологиясының арқасында оның атақ-даңқы Жамбылмен қатар шықты. Қазіргі Дағыстанды мекендеген авар халқының қайсысы сол сауатсыз, Кремльден құрмет пен қошамет көрсе де, үстінен шоқпыты түспеген (Расұл Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» деген кітабына үңіліңіз –К. С.) Сүлейманды ақын емес, оның өлеңдерін кезінде орыс ақындары жазып берген деп даттапты? Жоқ, естіген жоқпыз. Интернет те, «сарыжағал» басылымдар да тым-тырыс. Әлі де естімейтініміз ақиқи анық. Өйткені олар «кіші халық» атанса да, ар-ожданды өздерінен биік қояды. Қап тауынан да асқақ, өр келеді. Жаманын жасырып, жақсысын асыра білетін рухы зор халықтың перзенттеріміз деп мақтанады. Біз білетінде, ұлтының ұлыларын ұлықтап, ғазиз басынан сөз асырмауда қазақ та ешкімнен кем емес еді. Бірақ аты қазақ, заты (ділі) дүбәрә «мутант қазақтар» пайда болғалы бері олар ұлттың ұлығы дегенге пысқырмайтын болды. Қазақ жылқы малын неге текті дейді? Өйткені ол анасына шаппайды! Қазақтың өзін неге текті дейді? Өйткені ол атасының сақалына жармаспайды! Аруағын қорламайды! Бассыздық атаулы өре түрегелген соңғы 15 жылда, өкінішке қарай, мұндай ел естімеген сұмдықтар иттің боғынан да көбейіп кетті.
Түрік жазушысы Әзиз Несиннің «Кофе мен демократия» деген әңгімесі бар. Әзиз – қолына босқа қалам алмайтын жазушы. Түрік халқын билеушілердің әттегенайын айтам деп түрмені де көрген пақыр. Сол қаламгер елімізге алдымен кофе келді дейді. Сосын кофеге ілесіп демократия келді дейді. Байқап отырсаңыз, Әзекеңнің езуінде уытты мысқыл бар. Біз білгенде демократия, ой еркіндігі, сөз бостандығы дегеніміз Жамбылға тіл тигізу, аруағын қорлау емес. Егер мен Жамбыл атаның немересі Әлімқұл қария болсам, «Свобода слова» газетін, оның редакторы Гүлжан Ерғалиева, мақала авторы Ербол Курманбаев және осы газеттің иесі «ЧУ «Дуние» дегендерді сотқа беріп, қазақты дүние жүзіне танытқан Жамбыл атамыздың миллиондаған теңгеге бағаланбайтын ар-ожданын әділ заңның бабымен қорғап шығар едім. «Сарыжағал» басылымдардың «сары ауруынан» басқалар сақтанып жүру үшін әлі де болса сөйтетін шығармын.
«Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен Жамбылға тіл тигізген автор Ербол Курманбаевтар орысша оқыған. Қазақ тілінің уызымен ауызданбаған. Ана тілдің мәйегі дегеннің не екенін сезбейді де, білмейді. Орысша аударма мен қазақша түп нұсқаның көркемдік сапасының менмұндалап тұратын айырмашылықтарынан да бейхабар. Абай мен Пушкинді, Әуезов пен Толстойды түп нүсқадан түртіп отырып оқитын ел ішіндегі сауатты қазақтармен таласам десе, жолда қалады. Әйтпесе:
Ақын болдым – он үште,
Алатын құстай тарандым!
Алды-артыма қарандым,
Шарықтадым әр жерде,
Келгенімше шамамның…
немесе:
Заман ақыр болған жоқ,
Жамбыл сөзден қалған жоқ,
Ел жайлаудан көшкен жоқ,
Көктен жасыл түскен жоқ,
Сендер шетке қағатын,
Жамбыл атым өшкен жоқ!.. – деп,
басталатын төкпе жырды «орыс жазды» деп беттері былш етпей қалай айтады? Ақынның Алатаудай мұрасына қайтып тас атады? Жамбылдың кез келген өлеңі өзінің «айналайын» деген қоңыр үніндей халықты ежелден келе жатқан қара өлеңнің ұйқасымен баурап тұрған жоқ па?
Ақын Жамбыл Жабаевтың «Жазушы» баспасынан 1982 жылы шыққан екі томдығы бар. Біріншісі – 440 бет, екіншісі – 336 бет. Осы екі томға ақынның 11 дастаны мен хикаясы, 13 айтысы, 265-ке жуық өлеңі еніпті. Жазған өлеңдері сонау 1921 жылдан өзі бақилық болған 1944 жылға дейін бөлек-бөлек топтастырылыпты. Жамбыл туралы жаман сөз айтуға әуестер «деген екенді» малдана бермей, Жамбыл жырауға осы екі томдықтың қай бетіндегі қай өлеңді орыс ақыны шығарып берді деген сұрақ қойып, соны неге талдап, дәлелдеп бермейді? Жамбыл атамыздың ізі мен сөзі қалған елде ата-бабасы 3 ғасырдан астам уақыт тұрып келе жатса да, қазақ халқының мінез-құлқын, қадір-қасиетін, салт-дәстүрін әлі жете білмейтін келімсектер көп. Олардың тобына бүгінде, әлбетте, Гүлжан, Ербол сияқты «асфальтта туғандар» қосылды. Сол шіркіндер немесе сол шіркіндердің аузына сөз салып отырғандар қазақ халқының ауыз әдебиеті орыстар мақтан ететін «алтын ғасырмен» терезесі тең екенін неге ойламайды. Алғашқыда он сегізінші ғасыр деп, одан кейін он бесінші ғасырға шегінген, қазір жеті ғасыр ілгеріде деп басталып жүрген қазақ халық ауыз әдебиетінің алтын қорының соңғы ақиығы Жамбыл жырау емес пе?!. Қаламгерлердің тілімен айтсақ, «Могиканның соңғы тұяғы» деген сияқты, халық ауыз әдебиетінің соңғы тұяғы ғой. Осы тұста біз айтылып, жазылып жүрген көптеген қиянаттарымен бірге «қызыл империяның» халық ауыз әдебиетіне қамқорлық жасау туралы қаулы-қарарларын, ауыл-аймаққа ғана белгілі (әрі кетсе қырғыздар білген болар – К. С.) Ұзынағаштың ақын шалын топырақтың арасынан аршып алған алтындай етіп, төрткүл дүниеге кеш те болса таныту үшін қасына хатшылыққа ақын, жазушыларды жіберіп, айтқандарын қағазға түсіріп алғанына мың да бір рақмет айтуымыз керек. Мұндай игілікті істің басында Мәскеуде М.Горький, Алматыда М.Әуезов бастаған қаламгерлердің тұрғанын білгеннің де артықтығы жоқ. М.Горькийдің И.В.Сталинге өзінің ойы мен сөзін өткізе білген беделінен де мағлұмдар болған жақсы. Міне, осындай игілікті іс-шаралардың арқасында қатып, семе бастаған қара шалдың «екінші тынысы» ашылып, елге танылды. Өзін ғана емес, дүниеге күллі қазақты танытты. Қайталап айтамыз, дағыстандықтар қабірінің басынан құс ұшырмайтын Сүлейман Стальский де Жәкеңмен, міне, осы кезде, қатар шыққан.
Жәкеңнің қасында жүріп небір тамаша естеліктер жазған ақындар мен жазушылар қазақта көп. Орыста да бар. Олар қарт ақынның өлеңі дүниеге келген сәтте «кіндік шеше» сияқты басы-қасында тұрған. Мұндай қызықты, ғибратты сәттер басқа елдің әдебиетінде жоқ деуге болады. Бұл да қазаққа ғана тән ғажап ерекшелік.
«Мен Жамбыл ақынға жасы тоқсанды аралап кеткен шағында тап келдім. Бұл жаста қарт ақынға хатшы болып, бірдемелерін жапырып жазып тастау қиын еді. Бірақ қарт ақынды қақылдап қажай бермегенмен, «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» деген сөзін де естен шығармау керек еді.
Жамбыл өз ықтияры болмаса, қақылдағаныңды жақтырмай, қарсы дәлел айтып, құтылып шыға келетін. Онысы шын сыры сықылды – тіпті жарасып та тұратын.
Қартайған соң бір ұйқы алған аңдып,
Жас балаша маужырап кетем қалғып.
Қаламыңды, жарқыным, қоя тұршы,
Шаршаңқырап отырмын басым мәңгіп, –
дегенде, жеңілмеске дәрменің қалмайтын» – дейді ақын Ғали Орманов. Ғалекеңнің осы сөзі-ақ Жамбылдың көлденең көк аттыға өлең жазып берге зәру еместігі мен қайсарлығы көрініп тұр.
Мына өлеңін қараңыз:
Кәрілік екі көзді қызартады,
Сүйекті етін сылып ұзартады.
Еңкейсең етбетіңнен түсірердей,
Батпандап шонданайға тұз артады.
Және:
Көкірегің кірілдеп,
Көзіңнің алды іріңдеп,
Қаз-қаз басқан баладай,
Буындарың дірілдеп, –
деген табан астында туған шумақтар тоқсанның тоғызындағы қарияның ажалмен әжуаласқан намысқойлығын көрсетеді. Ұйқассыз сөйлемейтін ақындығын дәлелдейді. Бұған Ғалекеңнің «Жәкең жүзге жуықтаса да, кәріліктің ырқына көнген жоқ» деген сөзін қоса түртіп қойыңыз. Одан кейін Ғалекең «мені Жәкеңнің қалжың өлеңдері қатты қызықтырды. Ұзақ сапар тартқан, бөктеріншегі жоқ, жол азығы мол ақын мені өлең өрісіне шүйгіте беретініне шүбәм болған жоқ. Алғаш кездескен күнгі «а-а» деп, дыбыстай сөйлесе отырып: «Құлағым қаңылтырмен қаптағандай, Жұрт сөзін шала естиді қаңғыр-құңғыр» дегені есімнен кетпейді» дейді.
Қарт ақын Жамбыл Жабаев соғыстың алдында ұзақ науқастанып, тәуір болған соң жайлауға шығады. Майтөбе беліне көшіп қонған соң, бір күні биікте тұрып:
Қарабастау, Құлансаз,
Сайраңдайын ұзақ жаз.
Қымызыңды сіміріп,
Қыдырайын мен біраз.
Көңілдерін білдіріп,
Малшылар да болар мәз, –
деп күбірлейді. Мұны қасында тұрған Ғалекең қағазға түсіре қояды. Ал «соғыс басталды!» деген суық сөзді естігенде, «ойпыр-ай, тып-тыныш жатқан елге ойран салған бұл не деген сұмдық десеңші! Қалаң қайсы, далаң қайсы демей, алай-түлей зом түсіріп жатыр дейді. Бұл бүгін-ертең бітетін қырқыс емес қой! Қастасқан жау кімді аяйды дейсің!» – деп шиыршық атады. Содан ерттеулі тұрған күрең жорғасына міне салып, ауылын бір аралап шығады. Қайта айналып келгенде қарттың сыртқы бітімі бір түрлі шұқшиып, өңі де қоңырайып, түтеп кетіпті. Атынан түскен бетте ақындар Тайыр Жароков пен Ғали Ормановқа отырар-отырмастан:
– Бірің құлақ, бірің көзсіңдер маған. Жазғыш болсаңдар, келіңдер, қане! – деп бұйыра сөйлейді. – Ата жаумен айқастық деген, міне, осы! – дейді де, қарт ақын қарт қырандай қанатын қомдап алып:
Асқар таудай еліме,
Жау тиісті дегенде,
Ашуменен аралас,
От тұтанды денемде.
Жыр да келіп көмейге,
Көз жібердім мен елге,
Сонда елімнің түрінен
Түгел тастай түйілген,
Қаһармандық аңғардым,
Жау сазайын берерге! –
деп термелете жөнеледі.
Біз ақын Ғали Ормановтың естелігінен ғана мысал келтіріп отырмыз. Жамбыл туралы осындай жылы, кейінгі ұрпаққа үлгі болар ғибраты мол естеліктерді М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Н.Тихонов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, М.Хакімжанова, П.Кузнецов, С.Бегалин, Т.Жароков, Ш.Айманов, М.Ғабдуллин, С.Омаров, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Тоғұзақов бастаған ақындар мен жазушылар да («Жыр алыбы», «Жазушы» баспасы, Алматы –1971 ж.) жазған.
Жамбылды жамандайтын қазақтар орыс ақындары мен жазушыларына, журналистеріне сілтеме жасаудан танбай келеді. «Сол орыстың бірі – П.Кузнецов» дейді олар. П.Кузнецов болса, Жамбылдың ақындығын мойындап, ол туралы әп-әдемі көркем шығарма жазған адам. Николай Тихоновтың «Ақындардың атасы» деген естелігін оқысаңыз, тіпті таңғаласыз. Жамбыл ақын Николайдың «Жыр қалай туады?» деген қасақана сұрағына:
– Жыр қалай туады дейсің бе? Ол ақын жүрегінің терең түкпірінде жаратылып, жұртқа жететін жол іздейді. Дүниедегінің бәрі де, тіпті аспандағы бұлттың жерге түскен көлеңкесі де жырға жейде бола алады, дүниедегінің бәрі де – тіпті ат тұяғының дүсірі де жырға үн бере алады, дүниедегінің бәрі де – тіпті таңғы жұпар да, шүйілген сұңқар да, бәрі де жырға жан бітіре алады! Ал бірақ өлең бір туды екен, ол ақша бұлттардан да биік самғайды, түмен-түмен тағалы тұлпарлардың мың сан дүсірінен басым түсіп, осынау кең жазираға сыймай кетеді. Жат жұрттарға да өтіп, көрмеген елдердің көкейінде бұлбұл болып сайрайды, – деп жауап береді.
Николай Тихоновтың тебірене жазған осы дүниесін қазақшаға кезінде Ғаббас Жұмабаев аударыпты. Жоғарыда айтылған «Жыр алыбы» деген жинақта бар. Оқуға кеңес берер едім.
Осы «өйтіпті, бүйтіпті» деген сөз қайдан шығады? Ақын, жазушылардың дені газет-журналдардың «шекпенінен» шыққан. Газетте қызмет істегендер түрлі мерейтойлар қарсаңында тапсырыспен өлең, дастан, очерк, публицистика, мақала жазылатынын біледі. Кезінде Жәкеңе де мұндай тапсырмалар көп берілген. Оны жоққа шығаруға болмайды. Партияның мұндай «шұғыл тапсырмасынан» Гүлжанның әкесі Хамит Ерғалиев ақсақал да құр қалған жоқ. Ол кісі де Жамбыл атасы сияқты кеңес өкіметінің сөзін сөйледі, соқ десе – сойылын да соқты. Бірақ Гүлжан Ерғалиева әкем сөйтті екен деп Хамаңның бай мұрасын күл-қоқысқа тастамайтын шығар. Жамбылдың артындағы Қаратаудай күллі қазақ та ата-баба дәстүрінен нәр алған жырдан «біреу айтты екен деп» бас тартпайды. Айтайын дегенім, осындай тапсырыс кезінде жолы болмай жүрген орыс қаламгерлері Жәкеңнің өлеңін тәржімалап отырып өз беттерінше өңдеген шығар, бірақ кез келген редакция «кухнясында» болатын осы түймедей нәрседен таудай мәселе жасауға болмайды. Редакция шаңырағындағы күпінгендердің күңкіл-сүңкіліне бола бір елдің бір ғасырға татитын сөзін айтқан Жамбылын «бәленше бүй депті» деп, «Несчастный великий Джамбул» деп жазу – ұлттың ұлылығына күл шашудан басқа ештеңе емес.
Содан кейін Жамбылды ақын емес, өлеңін орыстар жазып берді деп айбат шегетін шибөрілер Жәкеңнің айтыстарына назар салса дейміз. Бірақ оған олардың парасат-пайымы мен ой-өресі, білім-білігі жетпейтін шығар. Әйтпесе, ғайбатын айтпас бұрын Айкүміс, Бақтыбай, Бөлектің қызы, Сары, Майкөт, Шыбыл, Бөлтірік, Құлманбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Нұрила айтыстары дүниеге қалай келді? Сол кезде де Жәкеңнің желкесінде 7 орыс ақыны сыбырлап отырып па? – деген сұрақ қою қай «статьяға» да келеді ғой. Өтеген, Сұраншы батырларды, Көрұғылын жырлағанда да қолтығынан орыстар демеп пе? Осыған қарағанда бұл шіркіндер ұят-аят дегенді мүлде ұмытса керек дүр.
Жәкеңнің тырнағына татымайтын жаулары топырақ шашқан сайын оның бай мұрасы селеуі толқынданған Сарыарқадай шалқып, ақ бас шыңдары аспандаған Алатаудай биіктей береді. Жамбылдың бір қасиеті аз қазақты «қырық жілікке» бөлген жоқ. «Сұраншы батырды» оқысаңыз, батырды – батыр, сатқынды – сатқын деп кесіп айтқанына да куә боласыз. Қызғаныштың қызыл итіне де мінген жоқ. Мықтыны – мықты деді. Кенесарыны қаһарман тұтты, Сәбит Мұқановты «Балуаным» деді. Ал Батыр Бауыржан Момышұлы Жәкеңнің сақалы батқан сорпаны ырым қылып сарқа ішті. Ұлылыққа бас июдің бұдан асқан мысалын басқа елден табасыз ба?!. Қазақтың томыртқадай қара шалы бар жиған-тергенін артындағы ұрпағына ұлы мұра ретінде қалдырып кетті. Ақын болам немесе ақынмын деп шіренгендер «Жамбыл ақын емес» деп көкігенше, тіл мен ділді білмекке Жамбылдың жырларын анда-санда оқып тұруы керек.
Қазақ оппозициясының бір «балалық ауруы» бар. Олар өзінің нысанасы билік екенін жиі-жиі ұмытып кете береді. Халықтың сөзін сөйлеп отырмыз деп сол халық құрмет тұтатын Жамбыл ақынға, Қарасай батырдың аруағына тіл тигізеді. Оппозиция серкелеріне елді басқару тетіктері мен саяси жүйе ұнамаса, құдай алдарынан жарылқасын, билікті сынасын. Тығырықтан шығатын дұрыс жол көрсетсін. Ал сүйегі әлдеқашан қурап кеткен ақынның аруағында несі бар? Қарасай батырда қандай ақысы бар? Әлде сол аруақтар Ақорда мен Парламенттің төрінде тұрып, Елбасы мен Сенат спикеріне «үйткің, бүйткің» деп қақылдап отыр ма?
Елдегі қарапайым халықты оппозицияның бақуатты, бай серкелерінің бәрі «асфальтта туған» шала қазақтар екені қатты ойландырады. Олардың ішін халықтың қамы емес, қапелімде уысынан шығып кеткен «Қазақмыс», «Карметтердің» (т.б.) қайғысы күйдіріп бара жатыр деп түсінеді. Ал осы пиғылын ішіне бүгіп, халықтың қамқоршысы ретінде ана тілінің көзін шығарып, басын жарып сөйлеген кезде «Жамбылды сынаған не теңің…» дегің келеді. Ұяты, намысы барлар жерге қарайды. Халықтың сөзін сөйлеу үшін сол халықтың тілін, ділін және салт-дәстүрін өте жетік білу керек екені құлақтарына кірмейді. Осының бәрін естіп, біліп, көріп отырған қайраткерлер «әй, атасының аруағын тәлкек қылған тексіздер, сендер билікпен күресіп жүрсіңдер ме, әлде қабірді күңірентіп, аруақтармен күресіп жүрсіңдер ме!» деп неге ақырмасқа?!..
Қазіргі көзі тірі классиктердің бірі Әбдіжәміл Нүрпейісов жыр алыбы Жамбыл туралы «Все в нем пело» деген естелігінде былай сыр шертіпті. Бұл мақала Гүлжан Ерғалиева, Ербол Курманбаевтарға «түсінікті тілде» жазылған екен, ендеше ұсынғалы отырған үзіндіні еш жерін өзгертпей, сөзбе-сөз келтірейік.
«В славном роду Екей,
Сотня акынов, полсотни баксы,
Едва лишь заходит солнце,
Запевают, как одержимые, на все лады» –
деп жолма-жол аударған Әбдіжәміл аға: «В этом ауле и по сей день сохраняют традиции своих предков: не пропустят вступить в поэтическую схватку, будь то женщины, старики или молодежь. …По словам самого Джамбула, у него за всю его жизнь было гораздо больше «песенных» слов, нежели «простых». Иначе говоря, ему приходилось куда больше импровизировать, слагать стихи и петь, нежели говорить. Как на беспристарстное подверждение этого поистине уникального факта, хочу сослаться на авторитет Ильи Эренбурга, который писал в книге «Люди. Годы. Жизнь»: «В Москву я возвращался с писателями. Меня позвал в свое купе Джамбул. С ним ехал его ученик и переводчик. Джамбул рассказывал, как сорок лет назад на свадьбе бая он победил всех акынов. Принесли кипяток и заварили чай. Джамбул взял свою домбру и начал что-то монотонно напевать». Ученик обьяснил, что Джамбул сочиняет стихи. Я попросил перевести. Оказалось, что акын просто радовался предстоящему чаептию (Жәкең, әлбетте, бұл жерде де өзінің қанына сіңген қуақылығын танытып, тапқырлықпен қалжыңдаған болу керек. Бірақ Илья Эренбург оған онша мән бермепті. – К. С.) Потом он подошел к окну и снова запел, на этот раз переводчик сказал строки, которые меня тронули. «Вот рельсы, они прямо летят в чужие края, так летит и моя песня». Кожа на лице Джамбула напоминала древний пергамент, а глаза были живыми, то лукавыми, то печальными. Ему тогда было девяносто два года…»
Құдайдан қорқатын қазақ ақындары «Жамбылдың жолбарысы болған» деген аңызды жақсы біледі. Бұл туралы Әбдіжәміл Нұрпейісов былай дейді. «…Кстати, незадолго до кончины, тяжелобольного старца посетила группа писателей во главе с Сабитом Мукановым и Абильдой Тажибаевым. И как принято в таких случаях, они старались утешить его: «Ничего, Жаке, бог даст, еще поправитесь». В ответ он лишь покачал головой и тихо сказал: «Нет, детки мои. Перед вашим приходом ушел от меня мой тигр. Я хотел воротить его, но он не обернулся. Скрылся за холмом. Значит, я умру». И так тигр его ушел – ушла и его поэзия. Свою жизнь он без поэзии не мыслил».
Аузымен жүретін ағайындар қай елде бар. Нобель сыйлығының лауреаты М.Шолоховтың «Тынық Доны» турасында осындай дау-дамай болған. Әйтеуір орыс халқының жанашыр тұлғаларының арқасында ол «өрт» басылғандай болды. Сосын Әбдіжәміл ағаның «Қан мен тер» деп аталатын атақты романын көре алмаған ағайындар «ой, оны Юрий Казаков қайта жазып шыққан» деп сүйреңдеді. Бірақ «Қан мен терді» түп нұсқасынан оқыған ойлы оқырман бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын бірден сезеді. Сөйтіп шын талантқа бас иеді. Сондықтан ақындардың атасы – Жамбыл төңірегінде асығыс сөз айту да ел боламын, етек-жеңімді жабамын деген халықтың айтулы ұл-қыздарын үлкен әбестікке ұрындырады.
«Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды». Жамбылды ақын
емес деу, құдыққа құлаған құланның құлағындағы құрбақаларды елестетеді.
Мықты екеніңді мойындату үшін мықтының аруағымен жағаласудың жөні
жоқ. Айтаққа да ерме. «Свобода слова» газетінің мына «депті-мысы» сондай
«мықтылардың» айтып жүрген өсек-аяңының жаңғырығы ғана. Жаңғырық
жарға барып соғылады да иесін табады. Бұл жерде жаңғырық өсек пен өтірік,
жар – халық. Жамбылды жамандағандар халықтан биік емес. Олар қанша
өршеленсе де, халықтың Жамбылға деген махаббатын өшіре алмайды. Ал
ертедегі ақындар мен жыраулардың мұрасына ел-жұрт бүгінгі ақындардың
әсіре талабы тұрғысынан сынай қарайтын болса, онда елдіктен де
айырыламыз. «Бояушы «бояушы» дегенге сақалын бояйды» немесе «жындыны «жынды» десе, бөркі қазандай болады» деген сияқты, бұған өте уақап болайық. Әйтпесе, Жамбылға сын айтатын Ерғалиева кім, Курманбаев кім, басқалар кім?!.
Жамбылға дем берген жолбарыс қарт жыраудың кеудесінен қош-қошын айтып кеткенмен, қазақ халқының жүрегінен кеткен жоқ. Ол әр қазақтың қанында күш-қайрат, намыс-жігер, ар-ождан болып, аузын айға білеп, жортып жүр.


