Өз алдымызға егемен ел атанып, нарықтық экономика талаптарымен өмір сүріп жатқанымызға да 35 жыл болды. Алайда, жұрт санасында өз күнін өзі көруге бейімделу орнына мемлекетке міндетсу, өз бойкүйездігіне өзгені кінәлау пиғылы әлі де бар екенін жасыруға болмайды.
Патриотизм туралы Президент ҚасымЖомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді.
Бүгінде ел халқының 19,8 пайызы – жастар. Өткен жылдармен салыстырғанда, яғни соңғы 12 жылдағы халықтың табиғи қозғалыс көрсеткіштері жастар санының азаю тенденциясын көрсетіп отыр дейді мамандар. 2009 жылы халықтың жалпы құрылымындағы жастар үлесі 28,2% болып, ең жоғарғы көрсеткіш тіркелген. Ал бүгін біз санға емес, сапаға назар аударып, жастарымыздың патриоттық рухын сөз етеміз.
Жалпы, патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды.
Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Бала болашағына, еліне сеніп өсуі маңызды. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қарау жеткілікті. Бала 10 тіл білсе де бір ғана ана тілін жетік білудің орнын толтыра алмайды. Патриоттықтың іргетасы тілмен қалыптасады. Тіл арқылы діл, дәстүр, мәдениетке деген сүйіспеншілік оянып, оның негізінде патриоттық сезім оянады. Сонымен қатар жастардың патриоттық сезімі елдің ұлттық идеологиясына тікелей байланысты.
Күнделікті өмірде қазақша сөйлемейтін басқа ұлт өкілдері де бар. Біз оларды патриот емес деп айта алмаймыз. Патриотизмді тілдің аясында ғана қалыптастыра алмаймыз. Өйткені жастарды бөлетін емес, бірлікке шақыратын патриотизм қалыптастыруымыз керек. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір қазақстандық Отанын құрметтейді. Өзге тілде сөйлесе де еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп жүргендер бар. Бұның қарапайым ғана мысалы әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын спорттық Олимпиадада айқын көрінеді.
Ең бастысы, Отанды сүю білім, ғылыммен сусындап, қажырлы еңбек арқылы іспен дәлелдеу керек. Ел мүддесі үшін еңбек кешеден, ертеңнен емес, бүгіннен басталады. Жастар өз буындарының Отанын сүйетін, оның дамуы үшін теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесін қосатынына кәміл сенеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сеніп қана қоймай, үміт те артады: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз».


