Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу – әрбір қазақтың парызы. Қуантатыны – қазақы қолөнерді тек атадан қалған мұра ретінде ғана емес, табысты кәсіпке айналдырып жүрген жандардың қатары көбейіп келеді. Олар ұлттық нақышты заманауи сұраныспен ұштастырып, ата кәсіпке жаңа тыныс беруде.
Осындай еңбекқор жандардың бірі – көпбалалы ана, Құлан ауылының тұрғыны Әйгерім Жақыпбекқызы. Бала күнінен бойына дарыған өнерді өмірлік серігіне айналдырған кәсіпкер ана бүгінде қазақы нақыштағы құрақ көрпе, төр көрпе, матрас, жастық пен түрлі төсеніштер тігіп, ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, отбасылық кәсіпті де табысты жүргізіп келеді.
Халқымыз «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» дейді. Нағыз шебердің қолынан шыққан әрбір дүние өзінің сапасымен, көркемдігімен бағаланады. Әйгерімнің қолынан шыққан әрбір құрақ көрпеде де қазақтың кең даласының бояуы, ұлттық өрнегі мен аналық мейірімі қатар өрілгендей әсер қалдырады.
Қолөнерге деген қызығушылық оның бойында бала күнінен қалыптасқан. Анасының жанында жүріп ине-жіп ұстауды үйренген ол уақыт өте келе бұл өнердің қыр сырын толық меңгереді. Әр тігілген бұйымға бар ықыласын салып, ұлттық нақышты сақтауға ерекше мән береді. Дегенмен сүйікті ісін кәсіпке айналдыру ойы бірден келе қойған жоқ.
Өткен жылы олардың шаңырағында үлкен қуаныш болып, ағайын-туыс жиналған той өтеді. Сол қуанышта Әйгерім қонақтарға кәделі сый ретінде өз қолымен тіккен қазақы құрақ көрпелерді тарту етеді. Қолөнер бұйымдарының әсемдігі мен сапасына тәнті болған қонақтар бірінен соң бірі тапсырыс бере бастайды. Осылайша қарапайым қызығушылық үлкен кәсіптің бастамасына айналады.
– Қазақы қолөнерге қызығушылығым кішкентай кезімнен бар. Анам тігін тігетін. Оның қасында жүріп көп нәрсе үйрендім. Өткен жылы үйімізде үлкен қуаныш болды. Сол тойда қонақтарға арнайы тойбастар ретінде өз қолыммен тіккен көрпешелерді сыйға тарттым. Содан кейін адамдар тапсырыс бере бастады. Осылайша кәсібімді қолға алдым. Кейін оны әрі қарай дамытқым келді. Бизнес-жобамды дайындап, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатыстым. Жобам сәтті өтіп, грант иегері атандым. Сол қаржыға көптен бері ала алмай жүрген ою-өрнек тігетін арнайы тігін машиналарын және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазір төр көрпе, матрас, жастықтар, көрпелер және басқа да ұлттық нақыштағы бұйымдар тігемін. Тапсырыс өте көп. Кейбір тұтынушылар бірнеше рет қайта келіп, тағы да бұйымдарға тапсырыс береді. Тұрақты клиенттерім қалыптасты. Ең бастысы – балаларымның қасында отырып-ақ табыс тауып отырмын. Осындай мүмкіндік берген мемлекетке алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер ана.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант Әйгерім үшін жай ғана қаржылай көмек емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан үлкен қолдау болды. Бұрын қол еңбегіне ғана сүйеніп келген шебер заманауи тігін машиналарының көмегімен жұмысын жылдамдатып, өнім сапасын одан әрі жақсартқан. Бұл өз кезегінде тапсырыс көлемінің артуына мүмкіндік берді.
Қазір кәсіпкердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдарға тек ауыл тұрғындары ғана емес, өзге елді мекендерден де сұраныс түсіп келеді. Әсіресе ұзату тойы, қыз жасауы, бесік той, мерейтой секілді салтанатты шараларда қазақы нақыштағы көрпелер мен жастықтарға қызығушылық жоғары. Себебі ұлттық өрнекпен безендірілген әрбір бұйым – қазақы тәрбиенің, салт-дәстүрдің айнасы.
«Атадан балаға мұра – өнер» деген сөз бекер айтылмаған. Әйгерім де атадан қалған асыл мұраны заман талабына сай жаңғыртып, ұлттық құндылықты дәріптеп келеді. Оның әрбір туындысында тек әдемілік қана емес, қазақтың тарихы мен мәдениеті, ана мейірімі мен еңбекке деген құрмет көрініс табады.
Көпбалалы ана үшін бұл кәсіптің тағы бір артықшылығы – отбасы мен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік беруі. Балаларының тәрбиесінен қол үзбей, үй жағдайында еңбек етіп, табыс тауып отырған ол көптеген әйелге үлгі бола алады. Бүгінде үй кәсіпкерлігінің маңызы артып отырған кезеңде осындай мысалдар қоғам үшін де құнды.
Алдағы уақытта Әйгерім Жақыпбекқызы өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа үлгідегі ұлттық бұйымдарды шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды, қолөнерге қызығатын қыз-келіншектерді осы іске баулуды да мақсат етеді.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары талай адамның өміріне жаңа серпін беріп келеді. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еңбегімен табысқа жеткен азаматтар өзгелерге де жігер береді. Әйгерім Жақыпбекқызының өмір жолы – соның айқын дәлелі.
Қазақтың ұлттық қолөнері – өткеннің ескерткіші емес, бүгінгі күннің де сұранысына ие құндылық. Ұлттық мұраны ұлықтап, оны кәсіпке айналдырған әрбір жан ел мәдениетінің өркендеуіне үлес қосады. Өнерді табыс көзіне айналдыра білген Әйгерімнің еңбегі – еңбекқорлықтың, табандылықтың және ұлттық құндылыққа деген шынайы құрметтің жарқын үлгісі. Осындай кәсіпкерлер көбейген сайын қазақтың қолөнері де жаңғырып, келер ұрпаққа аманат болып жете беретіні анық.
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Ақ жол» газетінің тілшісі,
Жамбыл облысы.

