Академик-жазушы Мұхтар Әуезовты алып Алатаудағы Хантәңіріне баласақ, сол қол жетпес құзар шыңның айналасындағы биіктер де бір-бір таланттың алар асу-армандары сияқты қазақ даласының қай түстігінен қарасаң да үнемі менмұндалап, қолбұлғап тұрады. Қазақ әдебиетінің қара нарларының бірі Ғабең-Ғабит Мүсіреповтің «қаламыңның жеткен жеріне дейін көкке көтеріле бер. Биікте орын көп» деген қанатты сөзі һәм бар. Сөз өнерінің Созақтан шыққан сойы Тәңірберген-Тәкен де әдебиет асуларындағы өз биігін өзгеге ұқсамайтын өз өрнегімен тапты. Жә…
«Алып анадан туады». Тағы да Әуезовке жүгінеміз. Мұхаң Абайды жазғанда аналардың ғажайып бір галереясын түзді. Ұлжан… Айғыз… және Зере… Бала Абайды оқудан қарсы алған кездегі осы «үштіктің» балаға деген махаббаты роман-эпопеяда өте шынайы әрі көркем кестеленеді. Тәкенді тәрбиелеп, оның санасына бала кезінен халқымыздың салт-дәстүрін, сөз қаймағын, ой мәйегін, сөйлеу мәнерін ана тілінде сіңірген әкесі Әлімқұл мен анасы Молша апа (ел аузында Мәти деп та атайды) болды. Барлас ақын мен оның шәкірті Байкөкшенің өнері мен соны сөздерін естіп рухтанған Абай сияқты Тәкен де әке мен ана айналасындағы Келіншектаудың теріскейі мен күнгейін жайлаған өнерлі ел-жұртының, оның ішінде Майлықожа, Құлыншақ, Мәйкөттердің ән-жырымен, Ықылас, Сүгірлердің беу-беулеген күйлерімен, атадан балаға жалғасқан небір аңыз-әңгімелерімен ауызданып өсті.
ІІ.
Тәкеннің әкесі Әлімқұл ұл-қыздарының қызығына енді кенелем деп жүргенде бақталас дұшпандарының қолынан қаза тапты. Елдің айтуына қарағанда, бір үйде меймандықта отырғанда тамағына қосып берген удың салдарынан қайтыс болған. Жарықтық өзіне қасастық жасаларын алдын-ала сезсе керек, ағайын боп келетін інісі Сопбекке «бұлардың маған күн көрсетер түрі жоқ, не істеймін?» деп мұңын шағады. Тіпті «Тәшкен мен Әулиеата асып, ағайын сағалап кетіп қалғым да бар. Егер кете қалсам, қайтып оралғанша артымдағы қалған әйеліме, балаларыма бас ие бол, қамқорлық жаса» деген аманатын да жеткізеді. Жарықтықтың айтқаны айдай келіп, көп ұзамай жұмбақ жағдайда көз жұмады. Әлімқұлдың қамқорлығын көп көрген Сопбек Еспенбеттегі аға аманатына адалдық танытып Созаққа үш түйе жіберіп, Әлімқұлдың артында қалған жары Молша мен балаларын қасына көшіріп алады. Тәкеннің әпкесі, сол уақтағы «шаш ал десе, бас алатын» атқамінерлерге «көзтүрткі» болған сұлу Күлшім (ағайындары Ұлшым деп те атайды) Ащысай кенішіндегі Алтынбек Жұмабеков деген жігітке тұрмысқа шығады. Тәкен комбинатқа жұмысқа орналасады, кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке ауысады. Тәкен Әлімқұловтың «Қаратау» деп аталатын повесін зерттей оқыған зерделі оқырман осы айтылғандардың көркем шындыққа айналғанына куә. Жазушы осы хикаятта әкесін Ноғайбай, анасын Ырысбике, өзін Шәуке, әпкесін Несібелі деп жазыпты. Бірақ жер-су атаулары мен кейіпкерлерінің аты-жөндерінің өзгеріске ұшырғаны болмаса, көркем шығарманың автобиографиялық тұрғыдан алғанда өте құнды дүние екені анық көрініп тұр. «Шәукені сағыныш сезімі билеп алды. Ол шешесін аяды, апасын аяды, өзін аяды. Уылжыған іші ашып, түтіндей бықсыды. Сағыныш сұмдық асқынғанда: «Көке-ау, бізді тастап қайда кеттің?!»-деп еді, еңіреп қоя берді» деген жолдар қайғы мен қасіретке толы отбасының қас-қағым сәті ғана. Тәкеннің тау мен тасты, құм мен даланы адақтап өткен әдеби өмірі осылай басталады да, Молша апамыз пешенесіне үнемі түз кезіп, болашаққа елі мен жерінің үнін жеткізу жазылған дарынды ұлының амандығын тілеп Созақта қала береді…
ІІІ.
Созақ ауданының Құмкент және Қызылкөл ауылдарында тутамғалылармен аралас төре-төлеңгіттер де қоныстанған. Кезінде Кенесары ханның қалың қолына ілесе келіп, тұрақтап қалса керек. Молша апамыздың ата-баба шежіресін осы төре-төлеңгіттерден таратады. Тәптіштеп айтсақ, Пұсырманнан Қазанғап, Қазанғаптан Жантуар, Жантуардан Құдабек, Құдабектен Махан, Молша (Мәти), Мәрия, Рәш, Мелдебек, Әділбек деген алты ұл-қыз тарайды. Молша апамыз Әлімқұлға тұрмысқа шықаннан кейін Күлшім (Ұлшым), Тәкен (Тәңірберген) және Ескендірді дүниеге әкеледі. Күлшім әке қайғысы мен өмір тауқыметі бар, ауру меңдеп ерте қайтыс болады. Тәкеннің өз жолын өзі тауып сөз өнерінің сара жолына түскені белгілі. Ескендір инстиут бітіріп, Келес ауданында ұстаздық етеді. Бала-шағасы бар. Жетпісінші жылдары қайтыс боп, кіндік қаны тамған Бабатаға жерленді. Күлшім мен Ескендірінен өлідей, Тәкенінен «тірідей» айырылып, соқа басы қалған Молша апамыз өмірінің соңына дейін ағасы Маханның баласы Пәрімбектің үйінде болды.
Құмкент ауылында тұратын төре, елімізге еңбегі сіңген ұстаз, алыс-жақындағы зиялы қауымға «тірі энциклопедия» ретінде танылған шежіреші және күйші Файзолла Үрмізов ақсақал Тәкеннің анасы Молшаны «маңғаз келген, алтын адам еді» деп бағалады. Өзі Тәкенді 1962 жылы Мұхтар Әуезовке еріп келгенде көргенін айтады. Одан кейін бір жолыққанымда Тәкеннің «шіркін, ертеректе жазғандырымның көбісінде жер-су атаулары мен адамдардың аты-жөндерін өзгертіп алып ем. Соным бекер бопты. Өзгертпеуім керек еді» деп өкінгені бар еді дейді. Тәкеннің анасын Файзолланың келіні Сара апамыз да көріпті. «Денелі, салмақты, көрікті кісі еді. Үнемі аппақ боп киініп, шатырдай боп отыратын» дейді ол.
Молша апамыз Махан ағасының баласы Пәрімбекті де туған бауырынан кем көрмепті. Пәрімбектің ұлы Ерғали айтады:
— Әкем соғыста барлаушы болған кісі. Жұмыстан кештетіп келсе де үйдің айналасын, қора-қопсыны бір айналып, оны-мұныны байқастап өтетін әдетінен өмірі жаңылған емес. Түскі асты ішіп жатқанбыз. Әкем дастархан басына әлі отырған жоқ. Малды қарап жүр. Ол асықпай жүрген кезде біз бала-шағалар дастарханның бір жағын «опырып» тастаймыз. Біздің қарқынымыздан «шошыған» Мәти апамыз (Ерғали Молша апасын Мәти дейді екен) дастархандағы «жылы-жұмсақтардан» ініме де қалсын деп тыққыштай бастайды. Әкеміз дастархан басына жайғасқан соң Мәти апамыз «аман» қалған ас-суды інісінің алдына қарай ысырып, «іш, же»-нің астына ала бастайды. Біздің өзімізге тиесілі «үлесімізді» асыра орындап қойғанымыздан бейхабар әкей тәтті-пәттіні біздің алдымызға қарай итереді. Өзіміз тойсақ та, көзіміз тоймайтын біз, қарнымыз тырсылдап тұрса да, әкейдің қолын қаға қоймаймыз. Сонда Мәти апам шыдамай «Әй, Пәрмбек, бұлар әбден ішіп, жеген, өзің де алсайшы» дейді.
Әпкесінің өзін әлі күнге дейін қанатымен қорғалаған ана қырандай ақ көңіліне риза болған әкеміз:
— Ой, алтын әпкем-ай, Сіздің жүрегіңіз «ішсінші, жесінші» деп маған елжіреп отырса, менің жүрегім осы алтындарыма иіп, құлап отырған жоқ па, — деп мәз болатын.
ІV.
Пәрімбектің әйелі Дариға апамыз да Молша анамызды туған келініндей алақанына салып, өбектеп бағып-қағыпты. Дариға — төренің қызы. Ағасы Ешмағамбеттің кіндігінен тараған перзенті болмапты да күйеубаласы Пәрімбек пен қарындасы Дариғаның Қалмырза деген баласын асырып алады. Осы Қалмырза анда-санда туған әкесі Пәрімбектің үйіне «құда бала» ретінде «бөркі қазандай боп» қыдырып келеді екен. Қалмырзаны бәрі «құда бала» деп еркелетеді. Қалмырзаның құлағына «құда бала» деген сөз де, оған көрсетілер құрмет те әбден сары майдай жағып қалған. Бірге туған бауырлары да үлкен кісідей құрметпен сөйлеседі. Ал сөзге шебер Молша апамыз болса астарлап «құда болсаң да айналайын» деп, Қалмырзаның басынан аялай сипап қояды. Сонда келіні Дариға «Ешмағамбет ағамды нағыз құдаңыз болса да «айналайын» демейсіз, соған қарағанда бұл баламен бір жақындығыңыз бар-ау деймін» деп ене мен келін арасындағы тату-тәтті сыйластықты әдемі әзілмен әдіптеп жібереді екен. Сол «құда бала» Қалмырза бүгінде нағашысы Ешмұхамбеттің қарқарадай қара шаңырағына ие болып отыр.
— Мен 25 жыл шопыр болдым. Бірде Сарысу ауданындағы Түркістан ауылына барған сапарымда «мына Қалмырзаның шешесі Дариға Тәкеннің анасы Молша апамызды туған анасындай бағып-қағып, ақ жауып, арулап көмді. Ал сен өз шешеңді сиғызбай отырсың» деген ағайын арасындағы өкпе-назды естігенім бар, — дейді Қалмырза.
Молша апамыз дінге өте берік бопты. Шолаққорған ауылында тұратын Ерғали Пәрімқұлұлы:
— Бала кезімізде Мәти апамыз бізден «Кімнің құлысың?» деп сұрайтын. Біз желкемізді қасып, ойланып қаламыз. Сонда «Құдайдың құлымын» деп айтыңдар дейтін. Біз лезде жаттап аламыз. Сосын «Кімнің үмбетісің?» деп сұрайды. Біз тағы мүдіреміз. Сонда «Мұхаммед ғалейкім-іссәләм пайғамбардың үмбетімін деп айт» деп үйрететін. Басқа сабақтың көбісін ұмытсам да, Мәти апамның күншуақта отырып үйреткен осы «дәрісі» мәңгі-бақи есімде қалды, — дейді.
Молша апамыз туралы кімнен жөн сұрасаң да әңгімелерінің әлқиссасы «денелі, келбетті, салмақты кісі болатын» деген сөзден басталады. Өкінішке қарай, бүкіл Созақты шарлап шыққаныммен апамыздың бір суретін де таба алмадым. Ертеректе құжат үшін түскен жалғыз суретін жыртылып жатқан жерінен құрастырып, қайта жасатыпты. Бірақ ол да жоқ боп шықты. Сол суреті бір табылса Алматыда тұратын әпкеміз Патсайым Пәрімбекқызының үйінен табылатын шығар деседі бәрі.
— Мәти апамыз дінге берік еді демекші, — дейді Ерғали, — бір күні әкем Шолаққорғандағы суретшіні ертіп кеп Молша апамды білдірмей суретке түсіріп алмақ болды. Ол үшін суретшіге алдын-ала үйге еппен ғана кіруін, сосын апамызды суретке лезде түсіріп алуын ыждаһаттап тұрып түсіндірді. Жөн-жосықты білетін әкеміз тарихқа қажет дүниені сол кезде-ақ сезсе керек. Бірақ апамыз өзін «қарауылға» алған суретшінің құрал-сайманын байқаған мезетте-ақ, қамзолымен бетін бүркеп, далаға шығып кеткені әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Шариғат жолын ұстанған кейуана суретке түсуді Құдай жолына жат деген түсініктен өле-өлгенше айнымай өтті ғой. Суретшіні ертіп кеп жүрген әкеме «мені Аллаһ алдында күнәһар қылайын деп пе ең?» деп, кәдімгідей ренжігені де бар.
VІ.
Қолмен көсіп ет жеуді ескілік санап, екі ішекті домбырадан намыстанған шенеуніктер қазақ мәдениетіне «бас-көз» болған зауалы запырандай зәрлі заманда дәулескер күйші, құмыр көмейлі әнші, қыран құс ұстап, құмай тазы жүгірткен аңшы, халқының намысынан жаралған от ауызды, орақ тілді Махмбеттей батыр ақын туралы жазу екінің бірінің қолынан келмегені былай тұрсын, үш ұйықтаса түсіне де кірген жоқ. Асығу-аптығуды білмейтін тәкендік әбеқоңыр әдемі тіл, қалыпқа сыймайтын қазақы мінез, пайымы бөлек парасат кеңестік ұрма-перме ұранға бағыныңқырай қоймады. Жазушы «бесжылдықтар» саясатының «жауырын жаба тоқи отырып» ұлт құндылықтары туралы тақырыпты көбірек қаузап кететін. Сол үшін де қаламгердің ел мен жер туралы романдары парықсыз қысқартуларға ұшырап жатты. Бұған Тәкен ағаның елдегі ағайын-бауырларына жазған хаттары куә. Мынау солардың бірі ғана.
«Сапаш! Мынау кітап қысқарып шығыпты. Ол кезде мен Шымкентте жазу жазып жатқан едім. Бұл кітапты толықтырып, Мәскеуден шығармақшымын. Мәскеуге апрельде бармақшымын. Бұл кітапта Сопекең туралы, Емберген (шабандоз) туралы жазылған. Өзіңнің қолың тимесе, балаларға, мүмкін, Ақашқа оқыт. Мен жаңа пәтер күтіп жүрмін. Февральдің орта шенінде берешек. Денсаулық жақсы. Пәтер алған соң хат жазамын. Тәкен. 31. 01. 1985.»
«Тәкен иіріміне» батқандардың бірі Бабатада туып, Алматыда қайтыс болған, сосын мәйіті Алматыдан кіндік қаны тамған жері Бабатаға әкелініп, ағасы Тәкеннің қабірінің қасына жерленген Сапарбек Еспенбеттегі (Тәкен «Сапаш» деп еркелетіп отырған інісі) ағамыз бен бүгінде сол Бабата ауылындағы мектептің директоры боп қызмет істеп жүрген Ахметбек Сопбеков (Ақаш) ағамыз. Екеуі де Әлімқұл қайтыс болғанда артында жылап-еңіреп қалған Молша апамыз бен ұл-қыздарын ұлардай шулатпай қасына көшіріп алған Сопбектің ұрпақтары. Тәкенмен қаны бір туыстар. Шолаққорғандағы үйінде қонақта отырған кезімде Тәкеннің өзіне жазған бір ауыз, екі ауыз хаттарына дейін ұқыптылықпен сары майдай сақтап келген Сапарбек ағамыздан «Тәңірберген көкемнің анасы қандай адам еді?» деп сұрағаным бар. Сонда Сапарбек ағайым «Тәкендей азамат ердің баласы Мәскеу мен Алматыға сыйлы жазушы болды ғой, қолыңа ал деп айтпайсың ба?» дегендерге Молша апамыз «Ол – Ай ғой… Айдан жаратылған ғой…» дегеннен басқа ләм-мим деп ештеңе айтпаушы еді жарықтық. Жарықтықтың дін-ісләм қадір тұтқан Ай деген қасиетті сөзбен не айтқысы келгенін кім білсін? Өзге түгілі өмір бақи ауылдас болған мен де сол жұмбақты шеше алмай жүрмін» деп еді. Әуезов Ұлжанның Абайдай баласына деген махаббатын «тартымды салқындық» деп жазыпты. «Тартымды салқындық» деген де бола ма? Болса, ол не? Әуезов оны былайша суреттейді. «Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан артықты күтпеуші еді. Бірақ, бауырына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!… («Абай жолы», роман-эпопея. І-кітап, «Жазушы», Алматы, 1989 ж., 10-бет.) ».
Бүгінде Тәңірберген-Тәкен сөзі әдебиет көгіндегі жарқыраған жұлдыздардың арасында, шынында да, Ай боп жарқырып тұр. Тәкеннің тілі, Тәкеннің халықтық ойы топырақтың арасындағы алтындай енді аршылып, енді зерттеліп жатыр. Қазақ әдебиетінде «тәкентану» деген әдеби термин де қалыптасты. Тәкен шығармашылығына арналған мақалалар, диссертациялар, ғылыми зерттеулер бірінен кейін бірі жазылып жатыр. Тәкеннің анасы дарынды ұлын Айға балағанда, бәлкім, болашақтағы осы биіктерді меңзеді ме екен?.. Тәкеннің өзі «Жұмбақ жан» деп жазған ақын Абайдың жұмбағындай жұмбақ әйтеуір…

