Бүгін — 12 қаңтарда Д. А. Қонаевтың туғанына 110 жыл толды
Аса білімді, жоғары мәдениетті, өте сабырлы және
ынсапты басшы болды
Амангелді Шабдарбаев мемлекеттік қауіпсіздік органында 1976 жылдан бері қызмет атқарған белгілі азаматтардың бірі. Ол әр жылдары ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы, ҚР ҰҚК төрағасы, ҚР Президенті Ұланының Қолбасшысы болып қызмет етті.
Генерал-лейтенат, ІІ-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері сол Амангелді Смағұлұлы қазір зейнет демалысында. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ба екен, осынау айтулы азаматқа арнайы жолығып, өткен күндердің тағылымды тарихы туралы әңгімелеп беруін өтінген едім.
— Аман аға, Димаш Ахметұлын алғаш рет көрген сәттегі әсеріңіз қандай болды? Ел басқарған үлкен адамның қасында жүріп, қызмет ету оңай шаруа емес шығар?
— Ол былай болған. Димекеңнің қасында қызмет істеп жүрген бір жігіт кететін болып, орнына адам іздепті. «Адам іздепті» дегенде ол құпия түрде атқарылады. Кадр, әлбетте, қауіпсіздік комитетінен (КГБ) болуы керек. Мен сол тұста еңбек демалысымды алып, жұбайым екеуміз Қаратеңізге барайық деп жолға жиналып отырғанбыз. Кенет комитет төрағасының орынбасары Жұмағұлов деген кісі шақырып алып: «Аман Смағұлұлы, сен ешқайда кетпе, осында бол, себебін кейін айтам» деді. Мен ол кезде Димаш Ахметұлының қасында қызмет ететінімді, әрине, білгем жоқ.
Кейін: «Қызмет орның осы болады» деп, Димаш Ахметұлының үйіне алып барған кезде, үлкен кісіні алғаш рет көріп, аяқ-қолым дірілдеп кетті. Тіпті, не деп жауап бергенімді де түсінбеймін. Бастығымыз орыс болатын, қазақы мінез-құлықты онша қабылдай бермейтін. Зуһра апайды да алғаш көруім. Сол арада үлкен кісілер тамақ ішетін болды. Дастарханға қазақша ет әкеліпті. Қызметке бірінші рет келіп отырған маған: «Үлкен кісімен бірге отырып ет жеу керек» дейді. Қалай жейсің, тамағымнан ас өтпей, қараптан-қарап отырып қара терге түстім.
Димаш Ахметұлы астан кейін бір сағат қыдырады екен. Үлкен кісінің қасында бұрыннан қызмет ететін Алмас деген жігіт еркін, Димекеңмен қалжыңдасып қояды. Ал мен болсам демімді ішіме тартып, әрең келе жатырмын. Бір кезде Димекең: «Қайдансың?» деді маған. Мен: «Осы Алматының маңында «Абай» деген ауыл бар. Содан болам» дедім. Сөйтіп, бірте-бірте Димекеңе қызмет етуге үйрене бастадым.
Үйрендім дегенде, Мәскеуден кілең үлкен басшылар телефон шалады. Сондай сәтте қиналғанымды байқаған Димаш Ахметұлы: «Аманбай, сен саспа, әуелі асықпай тыңдап ал» дейтін. Кейін үйреніп кеттім ғой. Шынымды айтсам, алғашқы кезде «Қайда келдім, не бар маған бұл жерде?» деп, қатты қиналып жүрдім. Сол кезде Димаш Ахметұлының жетпістен асқан кезі ғой «көп ұзамай зейнетке шығады екен» деген әңгіме естіліп қалатын. Сондықтан, тіпті, «Тезірек зейнетке шықса екен» деп те ойлайтынмын. Жастық қой, ойым: «Үлкен кісі зейнетке шықса, ал мен өз орныма қайтып оралсам» дегенге саятын. Кейін ол кісіні — мен, ол кісі — мені түсініп, арамызда бір қимас сезім орнықты.
— Сіздердің қызметтеріңізді қалай деп атаушы еді?
— Димаш Ахметұлының қасында 3 жігіт болдық. Бастығымыз-бен 4 адамбыз. Бір-бірімізді ауыстырып тұрамыз. Бізді ресми түрде «прикрепленный» дейді. «Комиссар» деп те жүрді. «Охрана» деуге де келетін. Бірақ біз күзет қызметіне тиісті міндеттерді атқарған жоқпыз. Біз Димекеңнің жанында тек көмекші ретінде ғана болдық. Себебі, ол кісі бірінші хатшы, Саяси бюро мүшесі болғаннан кейін театрға барса да, қызмет бабымен өңірлерге сапарға шықса да мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы қызметі күзететін.
— Димаш Ахметұлының отбасылық жұмыс кестесі қандай еді?
— Кешкі 7-ге таман жұмыстан келеді. Тамақтанып болған соң бақтың ішінде серуендейді. Сосын «Время» басталғанша қағаздарын қарайды. Қарап үлгермесе жаңалықтардан кейін қайта қарайды. Одан кейін жуынып, демалады. Ал таңертең ерте тұрып, дене шынықтыру жасап, бассейнге түседі. Одан соң таңғы асын ішіп, қызметіне барады.
— Зуһра апамыз қалай қабылдады?
— Жылы қабылдады. Елдің аузына қақпақ бола алмайсың ғой, Зуһра апамыз туралы «барлық мәселені сол кісі шешеді екен» деген әңгіме айтылатын. Бірақ ол кісі ештеңеге араласып, килікпейтін. Димаш Ахметұлы да жұбайын өмір бойы еркелетіп, жақсы көріп өтті. Ол туралы кітабында, тіпті, қанша жыл, қанша ай, қанша күн бірге өмір сүргеніне дейін жазды ғой.
Мен мұны үлкен аудиторияда айта бермеймін. Себебі, біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Ал енді түсіністікпен қарайтындарға қарата айтатын болсам, бір күні Димаш Ахметұлы теледидардан «Времяны» қарап болып, жұмыс бөлмесіне кетіп бара жатты да есіктің қасындағы орындықта радио тыңдап отырған Зуһра апайды көріп: «Ой, сен неге бұл жерде отырсың?» деп қалды. Сонда апамыз: «Сен мені біреу ұрлап әкетсе де іздемейсің ғой» деп, назданғаны бар. Сөйтсек Зуһра апамыз радиодан татарша ән тыңдап отырыпты. Сол кезде Димаш Ахметұлы маған: «Аманбай, сен ертең менің есіме салшы, мынандай концертті «Время» болатын уақытқа қоймасын. Басшыларына айтып, таяқ жегізейін…» деді. Ертесіне жұмысқа келдік. Менің бір міндетім, Димаш Ахметұлының кабинетіне бірге кіріп, қағаздарын қойып, қайта шығып кетем. Сол кезде ағамыздың кешегі «тапсырмасын» есіне салып ем, үлкен кісі ә дегенде нені меңзеп тұрғанымды түсінбей қалды. Сосын кешегі концерт туралы қайталап айтып беруіме тура келді. Сол кезде Димаш Ахметұлы: «Ой, Аманбай-ай, сен де…» деді де, күліп жіберді. Сөйтсем апамыздың көңілін аулау үшін айта салғаны екен ғой.
Димаш Ахметұлының отбасылық тағылымы өте көп. Бірде мен пәтер алған қуанышыма орай «Димаш Ахметұлы, Сізге үлкен рахмет» деп толқып тұрсам, құлағыма жәй ғана сыбырлап: «Рахметіңді маған айтпа, ана апайыңа барып айт» дегені. Мен ол кезде бұған онша мән бермедім. «Неге бұлай деп айтты екен?» деп те ойладым. Сонда да апайға барып: «Апай, Сізге көп рахмет!» деп едім, апайым кәдімгідей мәз болып қалды. Шәй үстінде апамыз: «Маған Аман рахмет айтты» деп Димаш Ахметұлына, тіпті, мақтана жеткізді. Сол кезде ағамыз түк білмегендей: «Ә-ә, солай ма?!» деп, менің жұбайына рахмет айтқаныма риза болған түр танытып, әйелімен бірге қуанды.
Міне, солай! Бүгінгі жастар ана сыйлау, жар сүйюді де Димаш Ахметұлынан үйренуі керек.
-Аман аға, Зуһра апамыздың әкесі Шәріп Ақмола жақтың бақуатты кісісі болған екен. Кейін Димаш Ахметұлы мен Зуһра Шәріпқызын бай-құлақтың басына мәрмәр тастан ескерткіш орнатты деп «Комсомольская правда» газеті сынап жазыпты. Әрине, мұны мәскеулік журналистер қайдан білсін, «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, өзіміздің көр-жерді тіміскілеп жүретін сатқындарымыздың бірі жеткізген болар. Осы жағынан хабарыңыз бар ма?
— 1973 жылы Атбасардағы қорымда Зуһра Шәріпқызының ата-анасына мәрмәр тастан ескерткіш қойылды. Осы туралы 1990 жылы 3 наурызда «Комсомольская правда» газеті «Антипамятник» деген мақала басты. Онда «В 1919 году в Акмолинске, ныне Целинограде, колчаковская администрация проводила выборы городской гласной думы. От купцов, именитых граждан в ее состав вошел Шариф Ялымов — тот самый, что громил Советы, лично расправлялся с борцами за новую власть, тот самый, о котором с негодованием рассказывал писатель, погибший в сталинских застенках Сакен Сейфуллин, на страницах своего романа «Тернистый путь». Как известно, от папаши Зухры пострадал и Сейфуллин — классик и гордость нашей литературы и один из первых руководителей правительства Советского Казахстана» деп жазылған.
Міне, кеңес өкіметі саясатының пасықтығы мен туған әкесіне жау болып шыққан Павлик Марозовты ұран еткен қызыл коммунистер мен комсомолдардың жалған патриоттығынан Димаш Ахметұлы сол кездің өзінде Алатаудың асқар шыңындай болып биік тұрған. Димекеңнің орнында «урашыл» басқа біреу болса, Зуһра Шәріпқызы ата-анасына мәрмәр тастан ескерткіш орнатып, «Қымбатты ата-анама … балаларынан» деп жазбақ тұрмақ, еске алып, құран бағыштаудың өзіне зар болар еді. Өйткені Мәскеудің атеистік билігі мен қанды балақ саясатына құлдық ұрамыз деп қазақтың еті мен домбырасынан жиреніп, сүндет тойынан қашқан лауазым иелері көп болды емес пе сол тұста?!. Ал Димекең дана екен, кеңес өкіметі жамандаған сол бай-құлақтардың ұрпақтары бүгінде ата-бабаларының әруағына ас беріп, ардақ тұтып, ескерткіш орнатып жатыр. Қонаевтың ұлылығы да осында. Ол коммунист болғанмен, ешқашан қызыл сөзге, әсіре ұранға ермеген.
Содан кейін, Зуһра Шәріпқызы Сәкен Сейфуллиннің қыздарымен, немерелерімен достарша араласып, жақсы қарым-қатынаста тұрды. Ал әкесі Шәріп алып бара жатқан бай емес, орта дәулетті адвокат болған. «Алаш ордашыларды» қолдаған.
— Зуһра Шәріпқызы қазақша сөйлеуші ме еді?
— Өте жақсы сөйлейтін. Орысша да сауатты еді. Мені «горящи» дейтін. Димаш Ахметұлына қалжыңдап: «Сенің «горящилерің» меня уже достали» деп қалжыңдайтын. Неге десеңіз, «Димекеңе туысқанбыз, сәлем береміз» деп тура үйіне келетін ауыл қариялары көп болған. Зуһра апамыз: «Соларға шәй берем, ет асам, олар болса асықпай отырып ішіп, жейді. Қайтарында «Қуыс үйден құр шықпа» деген ырыммен, үш-төрт метр таза мата берсем, «Жоқ, бұл жетпейді, біз жалғыз емеспіз, ауылда жолымызға қарап отырған ағайындар көп» дейді. Сосын мата-сатаны рулонымен беретін болдым» деп күлетін. Әрине, бұл қалжыңы, бәлкім, шындығы да сол шығар. Айтайын дегенім, Зуһра Шәріпқызы сондай ақжарқын, абзал жан еді.
— Сол кездің өзінде, яғни бірінші хатшының жұбайы болса да намаз оқыған дейді…
— Ол кісі намаз оқығанын көрсеткен жоқ, бірақ Құран кітаптардың үлкені бар, кішісі бар, бәрі болатын. Соларды арабша оқи беретін. Сосын өте білімді еді. Димаш Ахметұлы сияқты ұлы адамға Зуһра апамыз сияқты жан ғана өмірлік серік бола алатын сияқты көрінетін маған.
— Отбасында өзара әңгімелесіп отырғанда «бізде ұрпақ болмады-ау» дегендей бір өкініштің шет жағасын шығарушы ма еді?
— Ештеңе білдірмейтін, ашу да шақырмайтын. Бала болмау себебін де айтпайтын. «Құдай салды, біз көндік» дегендей, тек қана сабырлылықпен көтере білді. Қыздай сүйіп алған жұбайы, махаббаты ғой. Бір ескеретін нәрсе, Қонаев туралы көп айтылады, көп жазылады, бірақ ол кісінің апамызға деген махаббаты туралы айтылып, жазыла бермейді. Ал ол кісінің Зуһра апамызға деген кіршіксіз таза сезімін айтып жеткізу мүмкін емес. Үнемі көңіліне қарап отыратын. Бағана айтып өткенімдей, бір сөзбен-ақ мерейін өсіруші еді.
-Кейбіреулер ауыздары қисаймастан «Димаш Ахметұлы татар екен» деген өсекті шындай ғып жазып жүр.
— Татар емес қой.
— Әрине, татар емес. Ол кісінің ата-бабасының генеологиясын әрбір қазақ бес саусағындай біледі десек қателеспейміз. Бірақ осы өсекті сыпсыңдатушылардың көздеріне шындықты шұқып тұрып көрсетіп, қаңқу сөзге біржолата «нүкте» қою керек сықылды.
— Мысалға, шартты түрде, әл-Фарабиді алайық. Оның тегі таза қазақ па, жоқ па, бір Аллаға ғана аян. Бірақ біздің қазақ ғалымдары: «Қазақ!» деп дәлелдеді. Өзбектер болса оны «Өзбек болған!» деп көнбейді. Тәжіктер болса «Жоқ, ол — тәжік!» деп өзеурейді. Қысқасы, түркі жұртының көбісі әл-Фарабиды «Біздің қандасымыз» деп даурығысып жатыр.
Ұлы перзенттерге, әрине, ие болғысы келетін ел көп. Сондай-ақ, Қорқыт баба төңірегінде де талас бар. Шыңғысханды да «Қазақ!» деушілер жетерлік. Бұдан жасайтын түйін не? Ол — өмірден кеше ғана өткен, «Мен – Қазақпын!» деп, қазақ елі мен жері үшін жанын жалдауға даяр тұрған Димаш Ахметұлының әруағынан қорықпай «Ол — қазақ емес, татар» деу нағыз сатқындық. Мұның астар-әдібін солай ғана түсінуге болады. Қайта біз «Димаш Ахметұлы — нағыз қазақ!» деп мақтануымыз керек емес пе?!. Менің ойымша, әлгі сыпсың сөзді қоңырсытушылар өз өсек-аяңдары арқылы Қонаевты жамандап, мұқатып отырған жоқ, сонымен бірге алты алашқа өз қазағын жамантты ғып және өздерінің сатқындықтарын да әшкерелеп отыр.
Димекеңнің халқына жасаған қаншама жақсылықтары бар. Сол жақсылықтарды айтып, сол жақсылықтарды жазғанның орнына, кемшілігін іздеп, соны мүжгілей береді. Өмірден өткен адам туралы тек қана жақсы сөз айту керек немесе мүлде үндемеу қажет. Димекең өмірден өтіп кетті ғой. Ал кейбіреулер Құдайдан қорықпай, тіл безейді. Солар батыр болса, кезінде қайда болды? Әрбір тарихи тұлғаға сол уақыттың көзімен қарап баға беру керек. Заман қандай, саясат қандай болды ол кезде деп ой елегінен өткізіп, көрмей ме?
Бір мысал айтайын. Жеңістен кейін арада алпыс жыл өткен соң, соғыс туралы киноларды көріп, әскери деректерді оқып алып прапорщик: «Сталиннің орнында болсам, мен соғысты екі жарым жылда-ақ жеңіспен аяқтаған болар едім» депті. Мен айтар едім, біріншіден, ол — Сталин бола алмайды, екіншіден, ол — Сталиннің орнында болса бір жылда жеңіліп, тұтқынға түсер еді. Одан кейін арада талай жыл өтіп кеткеннен кейін Сталинге баға беретін ол кім?!. Сондықтан Димаш Ахметұлының өмірі мен қызметіне және дәуіріне баға берер алдында кім болса да әбден ойланып алуы қажет.
— Иә, Димаш Ахметұлы «Өтті дәурен осылай» деп аталатын кітабында ата-бабасының шежіресін сонау Ақарыстан бастап, Бәйдібекпен қостап, Азынабай, Жұмабай, Меңдіахметпен аяқтамай ма? Арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мен – Үйсінмін! Ұлы жүзбін – ұлымын! «Ұлымын!» деп ұлылыққа бармағам. Ортадан да, кішіден де кішімін, «Ұлымын!» деп көрсетпеген қысымын. Ел басына екіталай күн туса, Екі інімнің найзасының ұшымын» деген өлең жолдарын ата-баба шежіресіне эпиграф орнына алғаны да белгілі.
— Рас, адамзат баласы періште емес, пенде болып жаратылған соң күнә мен кінәдан тысқары тұра алмайды. Димаш Ахметұлының да қызмет бабында қателігі болса болған шығар, бірақ солай екен деп кеңес өкіметінің отарлау саясатының салдарынан орын алған кемшіліктің бәрін Димаш Ахметұлынан көре беруге бомайды ғой. Сынағанның өзінде «Ең жаман қазағымның өзі Қонаевтай болсайшы» деген тәубе де төбе көрсетіп тұруы керек емес пе?!.
Қайбір жылы Димаш Ахметұлы кеңес өкіметінің делегациясын Италияға басқарып барыпты. Ол кезде қазақты кім біліп жатыр. КСРО-ның бәрін «орыс» деп қабылдаған заман. Жиналыстың ресми бөлімі аяқталғаннан кейін дәм үстінде Димекеңнен «Қазақ деген қандай халық? Қандай ел?» деп сұрапты. Сонда Димекең тұрып: «Қазақ дегеннің қандай халық екенін білгілерің келсе, мен сол халықтың ең кішкентай перзентімін!» деген екен. Сонда шетелдіктер қол шапалақтап жіберіпті. Мұның бәрі алты алаш ардақ тұтқан тұлға өмірден өткен соң артынан не болса, соны айтып, әруағын мазалағандардың өсегі жанымды жаралаған соң шығып жатқан сөздер ғой.
— Сол кезде Димекеңнің бауырларының тұрмысы қандай болып еді? Біз «біріншінің» туыстарымыз деп, асып-тасып кеткен жоқ па?
— Бауырлары Алматыда тұрды ғой. Бәрінің пәтері болды. Отбасының көлеміне қарай кейбіреуі — 4, кейбіреуі — 3 бөлмелі пәтерге иелік етті. Мысалы, менің пәтерім Димекеңнің әпкелерінің пәтерлерінен кем болған жоқ. Асқар Құлыбаевпен көрші тұрдым. Сондықтан Димаш Ахметұлын өз бауырларын елден ерекшелеп, еркелетіп, көтеріп, тасытқан жоқ деуге болады. Ең лауазымды қызметте істеген інісі Асқардың үлкен баласы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып еді, оны да кейін орнынан алып тастады. Бір әпкесінің бе, әлде қарындасының ба, баласы ауданда екінші хатшы болды. Бар артықшылықтары осы.
Асқарды Ғылым академиясының президенті қызметінен алып, орнына басқа адамды тағайындағанда да оны ұжымға Димаш Ахметұлының өзі таныстырды. Залға кіріп келе жатқан кезде ол Димаш Ахметұлына жол беріп, «Сіз бірінші өтіңіз» дегендей ишара жасап еді, Димекең бәрібір жаңа басшыны алдыға салып барып, төрге озды. Бірінші басшыға бұдан артық қандай мәдениет, қандай қарапайымдылық керек.
— Асқардың атына айтылған сын үшін отбасында отырғанда інісіне «Неге бұлай болды?» дегендей… ренжіді ме?
— Үйінде бас қосып, әңгімелесті. Бәлкім, өздері жеке де сөйлескен шығар. Бірақ інісі келген кезде «Димеке, это же не правда. Вы же видите» деді. Асқар ағасын «Димеке» деуші еді. Мүмкін, Асекең бұрын ішсе ішкен шығар, бірақ мен оның сол кездерде ішкенін байқамадым. Димаш Ахметұлының үйіне қонаққа келген кезде кішкентай ғана шарап ішетіні бар болатын. Сол кезде беті қызарып кететін. Бірақ мас болғанын көрмедім. Онан кейін Димаш Ахметұлына жаман қылықтарын көрсетпеді. Димаш Ахметұлы да оған қатты ұрыспады. Апамыз да үндемеді.
— Зуһра апамыз қайтыс болған кезде Димаш Ахметұлының қасында болдыңыз ба?
— Болдым. Мен ол кезде ертеңмен Қаскелеңдегі жұмысыма кетемін. Алматыдан 15-20 шақырымдай жер. Жұмысқа келген соң Димаш Ахметұлының амандық-саулығын сұрап, телефон шаламын. Ол кісі «Аманбай, бәрі дұрыс» дейді. Жұмысым біткеннен кейін жол-жөнекей «Абай» ауылындағы анама жолығып, одан соң Димаш Ахметұлының қасына келіп, кешке дейін әңгімелесіп отырам. Кешке қарай дәрігері келеді. Ол Димекеңнің денсаулығын қарайды. Сосын екеуміз қайтамыз. Күнде немесе күнара осылай.
Ал сол күні ертеңмен жиналысқа қатысып, одан кейін жұмыспен айналысып кеттім де Димекеңе телефон соға алмадым. Сөйтсем жұбайым бар, басқасы бар, бәрі мені іздеп жатыр екен. «Не боп қалды?» десем, «Осылай да осылай, Зуһра ападан айырылып қалдық, сені іздеп жатыр, қайдасың?» дейді. Сосын мәшинеге отыра салдым да бардым. Димаш Ахметұлы: «Ертең жерлейміз» деді. Адамдар келе бастады. Мен: «Тағы бір күн күтейік те» деп ем, «Аман, сен мені тыңда. Мұндай жерде адам деген асығады. Сен мені дұрыс түсін, мен ол жағын жақсы білем. Қонақасын бүгін берейік те, ертең жерлейік. Тездет, осы жағына үлгерейік. Сосын, балалар жиналып, у-шу боп кетпесе екен» деді. Сондықтан бәрі Димаш Ахметұлының қалауы бойынша жасалды.
Бір уақытта көңіл айтуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Димаш Ахметұлы екеуі қазақтардың өлім-жітім кезіндегі дәстүрімен құшақтасып көрісті. Елбасы қазақы жолмен көңіл айтып, біраз отырып: «Не істеу керек?», «Қандай көмек керек?» деп, жанашырлық танытты. Екеуі жақсы сөйлесті. Асқар Тоқпанов ағамыздың «Тура айтып, туғанына жақпайтын» мінезін білесіз ғой, жаназаға келген бір жазушы-драматургке: «Бір кезде Димаш Ахметұлының үстінен арыз жазып алып, енді не бетіңмен келіп отырсың, оңбаған» деп, әлгі кісіні қуып шыққандай болды. Бірақ «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» демей ме, Димаш Ахметұлы ешкімге кек сақтамайтын.
Жалпы, бірен-сарандар болмаса Димаш Ахметұлын бүкіл халық сыйлады. Бірақ Желтоқсан оқиғасынан кейін кінәні біреуге аудару керек болды. Мәскеу ол «кінәлі адам» Димаш Ахметұлы болуға керек деп ұйғарды. Оны кейін: «Бізге жазыңдар деген соң жаздық, айтыңдар деген соң айттық» деп, кейбіреулердің өздері де мойындады.
Димекеңнің өзі: «Мен 74 жасқа келдім. Өмірдің базарынан қайтып бара жатқан адаммын. Өз еркіммен арызымды да бердім. Сонда маған елді көтеруден не пайда? Ұйымдастыратын да негізім жоқ қой» дейтін. Бірақ «Өзбекстан ісі» деген даңғаза-дақпыртты өмірге әкеліп, Шараф Рашидовты тергеп, тексергендеріне мардымсыған КСРО-ның қызыл тергеушілері біздің Димаш Ахметұлына да азу тісін ақситып, тізесін батырды. Тергеп, тінтті. Оған «дәлел» ретінде «Димекеңнің 70 жылдық мерейтойы өкімет қаржысы есебінен аталып өтілді, сомасы 5 мың АҚШ долларын құрайтын мылтықтар мен алтын сағатты сыйлыққа алды, Қарағандыдан салынған жаңа қонақ үйден өзіне арнап офис жасатты» деген сияқтыларды айып ретінде тақты. Сонда менің таңғалғаным, Димаш Ахметұлы мен Зуһра Шәріпқызы соның бәрі жаптым жала, жақтым күйе екенін дәлелдеп берді. Тіпті, сонау 1964 жылдары сатып алынған мылтықтардың бағасы жазылған түбіртек қағаздарды көрсеткенде, тергеушілер аң-таң болды. Себебі, арыдан ойлайтын Зуһра апамыз алмағайып заман бола қалса керек болар деген оймен бүкіл түбіртек қағаздарды сақтап жүріпті.
Жалпы, Димекеңді кемел де кемеңгер, кең де кішіпейіл, жұмсақ адам дегенімізбен, ел мен жердің тағдыры сынға түскен сәтте «Малым — жанымның, жаным — арымның садағасы» дейтін нағыз батырдың өзі болған. Н. С. Хрущев: «Оңтүстік Қазақстандағы біраз ауданды жерімен, халқымен қосып Өзбекстанға, ал Маңғыстаудағы біраз ауданды Түркіменстанға бересің» дегенде: «Жоқ, бұл үшін мен елдің пікірін білуім керек» деп, қасқайып қарсы тұрған халықшыл перзент емес пе?! Сондықтан кеңес өктемдігіне қарсы бұрын да «ұлтшыл» ретінде аты шығып қалған Димаш Ахметұлын «Өзбек ісі» деген сияқты «Қазақ ісі» деген жаламен түрмеге жауып, қорламақ болған. Бірақ, абырой болғанда, біздің үлкен кісінің ауласында ең әуелі жекеменшік жеңіл мәшинесі де жоқ еді. Дачасы да болмаған. «Балаларына алтыннан сарай салып берді» дейін десе, баласы да жоқ. «Қазынаны ұрлады» дейін десе, ұрлағанын таппайды. «Басқа қателігі болды» деп кінәлайын десе, ондай да ештеңе таппады. Бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ақыры Димаш Ахметұлынан ештеңе шықпағаннан кейін бұл кісіні қалдырып, қасындағы көмекшілерін соттап, істі сөйтіп бітірді ғой. Мысалы, сол кезде Бекежанов «3 мың рубль пара алды» деген жаламен сотталып кетті.
— Бекежанов қай жақтың тумасы еді?
— Талдықорған жақтың азаматы болатын.
— Оған қандай жала жапты?
— Ол кісі Димаш Ахметұлына көмекші болып 22 жыл қызмет істеген абыройлы адам болатын. Бірақ оған «Сен А. Асқаровтан 3 мың рубль пара алдың» деп айып таққан. А. Асқаров болса әлгі 3 мыңды Д. Бекежановқа Д. А. Қонаевқа «жақын болу үшін» берген-мыс. Асанбай Асқаров ол кезде еліміздегі ең беделді басшылардың бірі емес пе еді. Осындай адамды Қонаевқа «кедергісіз» кіргізіп, «жақындату» деген сөз ешқандай да қисынға келемейді ғой, айналайын-ау. Сонда тергеушілердің білім-білігінің А. Асқаровтың кім екенін ажыратуға да жетпегені ғой. Міне, осындай болымсыз тергеушілердің болмашы айып тағуының салдарынан Д. Бекежанов ұзақ жылға сотталып, ол соның 4 жылын отырып шықты.
Қызыл Кремльдің дегені болып тұрған кезде бұған не деуге болады. Д. Бекежановтың алдында Кеңес Аухадиевті қызметінен кетірді. Одан кейін Асқаровқа кірісті. Асқаровқа кіріскен кезде Мәскеуден біздің куратор телефон шалды. Мен телефонды алып, Димаш Ахметұлын шақырдым. Телефондағы дауысты мен де естідім. Анау Асқаров туралы айтты. Сонда Димаш Ахметұлы: «Я вам Аскарова не дам. Хватит это вы с Аухадиевым так поступили. Я завтра буду звонит Горбачеву сам» деп қатты-қатты сөйлеп, куратор екеуі ұрысып қалды.
Димаш Ахметұлының адамгершілігі туралы айта берсек бірінен кейін бірі «мені айт, мені жаз» деп шыға береді. Ол бірінші хатшы ғана емес, сонымен бірге ғалым, академик болған адам. Ол кезде академиктерге ақша төлейтін. Сынау үшін бе, әлде шындары сол ма, әйтеуір Ғылым академиясынан келген адамдар: «Димаш Ахметұлы, Сіз көп жыл айлығыңызды алған жоқсыз, біз есептеп шықтық, бүгін Сізге үкімет тарапынан 105 мың рубль берешекпіз. «Аламын» деп арыз жазасыз ба?» деді. Сонда Димаш Ахметұлы: «Менің бұрын семьям үлкен еді, бізге ақша керек болса сол кезде керек еді. Бірақ мен ол ақшаны сол кездің өзінде алғам жоқ. Ал енді қазір жұбайымыз екеумізге менің зейнетақым да жетеді» деді. Міне, кісіліктің үлгісі.
— Ардақты ағамыз туралы түсірілген деректі фильмнен де бәле іздеген дей ме?
— Димаш Ахметұлының 70 жылдығына байланысты деректі фильм түсірілген. Онда жылт еткен жақсы көріністер өте көп еді, бірақ кейін Д. А. Қонаев қызметтен кеткеннен кейін сол деректі фильмге бәленбай шақырым пленка мен түгенбай мың ақша кетті деген арыз жазылды. Бұл арыздан соң Колбин сол фильмді сұратыпты. Фильмді берердің алдында Димекең бәріміз бірге отырып көрдік. Сонда диктор: «Соғыс кезінде фашистерге қарсы атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалды. Бұл туралы Д. А. Қонаевтың өзі айтады… Кейін біз Қонаевтың дәуірінде өмір сүрдік дейтін боламыз» деген жолдарды тебіреніп тұрып оқығанда еріксіз толқып кеттім. Димекең болса фильмге қарап отырып: «Менің эпохамды көрсетіп жатыр ғой» деген-ді. Фильм біткен соң аулаға шықтық. Сонда қасымдағы Володя деген жігіттің әсері әлі басылмаған болуы керек: «Аман, қара да тұр, мына фильмді көрген соң Колбин: «Жетер, тоқтатыңдар енді!» деп айтады деген болатын. Бірақ Колбин фильмді көрді ме, көрмеді ме, әлде көрсе де үндемеді ме, ол жағын білмейміз, әйтеуір Д. А. Қонаевты қудалауын одан ары жағастыра берді. Ал мен Көкшетаудан бір-ақ шықтым.
— Деректі фильм «Қазақфильмнің» архивінде бар шығар.
— Оны қарап көру керек.
— Сізді Көкшетауға қуғындағаны туралы таратып айтыңызшы?
— Маған: «Көкшетауға барасың» деп табан астында айтты. Мен: «Не үшін? Мені осындағы қатардағы жұмыстардың қайсысына болса да қалдырыңыздар» дедім. Олай дейтінім, жұбайым кандидаттығын қорғайын деп жүрген және деканның орынбасарлығына үміткер ұстаздардың бірі болатын. Мұндай сәтте мен оны қалай тастап кетемін. Бұрын отабасым менің қызметімнің ыңғайына қарайтын, ал енді мынандай кезде отбасымның жағдайына мен қарамасам кім болғаным? Сондықтан отбасымды бірінші орынға шығардым. «Бармаймын» деуімнің басты себебі осы еді. Бірақ сонда да: «Не үшін?» деп сұрақ қоямын. Бастықтарым болса: «А что не понимаешь что ли?» дейді. Мен әдейі: «Не понимаю, сендер маған түсіндіріп айтыңдаршы?» деймін. Айта алмайды. Біз бұрын Мәскеудің «девятка» дегенінің қарамағында болдық. Ал мәскеуліктер біздің ОК аппаратына қарағанда 20 рубль жоғары алатын. Ал облыстағылар біздің ОК-дан 20 рубль кем алатын. Сонда менің айлығымды екі саты төмендетіп, облысқа жіберіп отыр. «Не үшін?» деймін тағы да. «Бұрын мені КГБ-ның айнасы деп, мақтайтынсыңдар. Енді сондай адамды табан астында қуып отырсыңдар» деймін. Ішімнен, әрине, бәрін біліп тұрмын. Бірақ «Жауап беріңдер» десем ешқайсысы жауап бере алмайды. Сол кезде мен: «Денсаулығыма байланысты мені Алматыдағы кез-келген қатардағы қызметке қалдыруыңызды немесе қызметтен босатуларыңызды сұранамын» деп арыз жаздым. Арызды көрген кезде аналар тіпті шошып кетті. Ол кезде КГБ-дан ешкім өз еркімен кетпейді. Володя деген жігіт бар еді: «Аман, сен үшін біз таяқ жейміз, арызыңды қайтып алшы» деді. Алмадым. Сол кезде: «Сен әскери адамсың. Соғыс уақытында әскери бұйрықты орындамаған офицердің баратын жері — трибунал» деді. «Онда, — дедім мен, — бұйрықты орындап Көкшетауға барамын, бірақ қызметтен кетуге сол жақта арыз берем». Бастықтар: «О, это другое дело» деп қауанып кетті. Жеңгең болса: «Баяғыда декабристерді Сібірге айдаған екен, ал сенің курортқа барғың келмейді» деп қалжыңдайтын. Әрине, Колбиннің сойылын соғушылар мені Көкшетаудың курортына жіберген жоқ, мені ол жаққа жіберуінің артында саяси астар тұрды.
Көкшетауға жүрердің алдында Димаш Ахметұлына келдім. Димекең Зуһра апай екеуі мені жақсы қарсы алды. Отырдық, сөйлестік, шәй іштік. Жағадайдың бәрін айттық. «Мен осында қалам» деп едім, Димекең: «Әлі де болса балаларыңды, отбасыңды ойла. Бірақ, Аман, саған рахмет» деді. Мен: «Тәуекел, қалам, бірақ бір рет барып қайтайын» дедім. Сосын екеуі мені шығарып салды. Шығарып салып тұрып: «Көкшетауда күн суық болады, жаурап қалма» деп дубленка сыйлады. Содан «Неменеге асығамын» деп пойызбен кеттім. Пойызда келе жатқан кезде неше түрлі ойлар келді басыма. Өмірімнің бәрін бала кезден бастап көз алдымнан қайта өткіздім. Бір кісі қарсы алып, «Мен сен жайлы бәрін білем, сен арызымды жазып кетем деп келе жатыр екенсің, кетпе, менің бөлімімде істейсің, мен саған көмектесем, мұның бәрі өтеді. Мен Мәскеуге кетіп бара жатырмын, келген соң көмектесем» деген. Кейін ол жігітті көргенім жоқ, фамилиясын да білмеймін. Бірақ мен Көкшетауда біраз істедім де арызымды жазып, Алматыға келіп, Димаш Ахметұлының қасында болдым.
— Димаш Ахметұлы үшін бұл бір өте ауыр кезең болды ғой.
— Иә, зейнетке шыққаннан кейін көлігін де, жүргізушісін де алып қойған. Төлебаев көшесінде тұрады. Сол көшемен сейілдеп жүрейін десе, адамдар «жүргізбейді». Амандасады, сөйлеседі, әрине, теріс қарағандары да болды. Сондықтан ағамыз кішкене қиналды. Сосын бір күні таза ауада емін-еркін қыдырсыншы деп машинеммен тау жаққа алып келдім.
Күн жылы, бірақ жерде қар жатқан. Ағамыз көзіне қара көзілдірік киіп, қолына трость ұстап алған. Қатар келе жатқанбыз, бір салтатты қасымыздан өте берді де аттың үстінен «Ассалаумағалейкүм» деді. Мен «Сәлемдесетін болсаңыз, аттан түсіп, дұрыстап сәлем бермейсіз бе?» деп қалдым. Сөйтіп ем анау аушланып: «Осы қазаққа амандассаң да пәлесіне қаласың. Өзім қойымды іздеп бара жатыр едім» деп бұрқылдап атынан түсті. Аттан түсті де бізге жақындап кеп үлкен кісіні таныды да: «Ой-бай, кешіріңіз, танымай қалдым, Құдай бар екен, ой-бай, Димаш Ахметұлы» деп қолынан ұстап, тоқтамай сөйлеп жатыр. Сөздері әлі есімде: «Менің әйелім қайтыс болған, сегіз балам бар, қырық қойым бар, мына жердегі лагерде қарауылмын, осы маңайда қойым жолғалып, соны іздеп шығып ем, міне, Сізді өмірімде екінші рет көріп тұрмын» деп тоқтамайды. «Сіз біздің совхозға осындай жылы келгенсіз, келген кезде Сіздің мәшинеңіз ауыр ғой (брондалған – К. С.), батпаққа батып кетті. Сол кезде Сіз шәй ішіп болғанша мен тракторыммен сүйреп шығарғанмын» дейді. Димаш Ахметұлы: «Иә, ол осындай жылы болған, осы жаққа Голландиядан мүйізі жоқ сиырлар әкелгенбіз. Сол сиырлар совхозға жерсініп кетті» деп әңгімені жалғастырып алып кетті.
Димекеңнің таудағы серуенін ұйымдастырып жүргенім — Димаш Ахметұлы қиын шақта жападан-жалғыз ой тұңғиығына бата бермей, бір мезгіл болса да көңілін сергітіп, ел мен жерді көріп, адамдармен сөйлесіп, көңілденсе екен деген ниеттен туған еді.
-Бұрынғы дос санатында жүргендердің көбісі Димаш Ахметұлынан сырт айналып немесе әліптің артын бағып, тіпті, кейбіреуі жау болып шығып жатты ғой ол кезде.
— Димаш Ахметұлы бірде медицина саласын қадағалайтын бір-екі лауазымды басшыларды шақырып алды да ауруханалардың жұмысымен танысамыз деп, аяқ астынан алды да кетті. Ұмытпасам, біреуі — Камалиденов. Алдын ала ескерткен жоқ. Содан 3 аурухананы аралап, ондағы орын алған кемшіліктерді көрсетіп берді. Әлгі басшылар: «Біз мұның бәрін тез арада дұрыстаймыз, осы жерге түнесек те жөндейміз» деп жалпақтап жатыр. Бірақ үлкен кісі үндеген жоқ. Тек қана: «Мен енді қалған ауруханаларды аралап, көрмей-ақ қояйын, өйткені олардың да жағдайы осындай екені білініп қалды» деді.
Кеңсесіне келіп, оңаша қалған кезде: «Димаш Ахметұлы, мұныңыз не, неге қаттырақ айтпадыңыз?» деп едім: «Аманбай, түсінетін адам болса, мұрындарынан жетектеп жүріп көрсеттім ғой. Бұл екеуі енді істі түзейді. Ұрысқаннан не пайда? Ұрысқаннан мынау қаттырақ тиеді» деді. Димекең бірінші жәй айтатын, екіншісінде қаттырақ айтады, үшіншісінде тыңдамаған адамның өз обалы өзіне дейтін. Сондықтан үлкен кісінің ашуланғанын немесе жаман сөз айтқанын ешқашан естіген емеспін. Мен білетін Қонаев білімді, мәдениетті, сабырлы, нысапты және өте зиялы басшы болды.
Димаш Ахметұлы Ермек Серкебаевты 59 жасқа толғанда «Достық» орденіне ұсынды. «Ереке, келесі жылы 60 жасқа толасыз, сол кезде мүмкін «Жұлдыз» сұрауға болатын шығар» дегендер де болыпты. Ол кезде де қазіргідей әр орденнің арасында 5 жыл уақыт өтуі керек болатын. Бірақ Ерекең: «Аспандағы бұлбұлдан, қолдағы бозторғай артық», беретін ордендеріңді бере беріңдерші» депті. Екі үй көрші едік, бірде мәшинемізді қойып келе жатқан кезде Ерекең: «Жұбайымыз екеуміз үлкен кісіні қонаққа шақырмақпыз» деді. Тура сол әңгіменің ертесіне Желтоқсан оқиғасы болды. Сол кезде ол Димаш Ахметұлын қонаққа шақырмақ тұрмақ, ақкөңіл, аңғал адам ғой, 1986 жылы 20 желтоқсан күні «Вечерняя Алма-Ата» газетіне жарияланған «Бізге өкінішті-ақ» аталатын, алғашқы сөздерінен-ақ «Брежнев алаңында, оған жанасып жатқан Алматы көшелерінде бұзақы жастардың 17-18 желтоқсан күндері жасаған жөнсіз іс-әрекеттерін біз жүрегіміз ауыра отырып, ашына қабылдадық. Ұлтшыл пиғылдағы элементтердің арандатуымен алаңға шыққан студеттер тобы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды, өрт жіберіп, ойран салды, ешқандай кінәсі жоқ азаматтарды соққыға жықты. Мұның бәрі де «Қазақтардың ұлттық намысына қысым жасалынды» деген демагогиялық ұрандармен ұштастырылған еді» деп басталатын хатқа қол қоюшылардың бірі болды.
— Олжас аға Сүлейменов ше?
— Олжекең Қонаевқа адал азаматтардың бірі және бірегейі болды. Ол туралы өзі де талай рет айтып, жазды ғой. Сол Олжекеңмен «Невада-Семей» қозғалысына бас болып жүргенде кездесіп қалдым. Ол адамдар көп жиналған кезде Қазақстан Жазушылар одағының терезесінен қарап тұрып-ақ сөйлей беретін. Сондай күндердің бірінде: «Аман, Димаш Ахметұлының хал-жағдайы қалай болып жатыр?» деп сұрады. Мен жағдайды айттым. Ол: «Қолым тиген кезде кіріп шығам. Сәлем айтшы менен» деп, Зуһра Шәріпқызына арнап үлкен бір букет гүл берді. Бірақ жағдайды білетін мен: «Олжеке, қазір Димекеңе ешкім келіп жатқан жоқ. Маған сенеді ғой, дегенмен жұбатып айтып жатқан шығар деп те ойлап қалуы мүмкін. Сіз бір ауыз болса да сәлеміңізді қағазға жазып беріңізші. Риза болып қалсын» деп ем, Олжас: «Димаш Ахметұлы! Сәлеметсіз бе. Мен Сізді құрметтеймін, қолым тигенде келем» деп жазып берді. Сол бір жапырақ қағаз бен гүлді Димаш Ахметұлы мен Зуһра Шәріпқызына қуана апарып бердім. Ол кісілер де Олжастың «сәлемін» оқып, сәлемдемесін алып, кәдімгідей риза болып қалды.
Бірде Мәскеуден саяси бюро мүшелері туралы фильм жасауға біреулер келіпті. Олжас онда да: «Димаш Ахметұлы, Сіз сексенге келдіңіз, неден тартынасыз, мыналарды қабылдап, айтсаңызшы шындықты» деп, «сәлемдеме» жазып жіберіпті. Мәскеуліктер ертесіне келді. Димаш Ахметұлы да күтіп отырды. Бірақ милициялар аналарды қақпадан кіргізбей қойды. «Димаш Ахметұлына жолығып, сөйлесуге неге рұқсат бермейсіңдер, бұл жекеменшік үй емес пе?» дейді аналар. «Иә, жекеменшік үй, бірақ жолығуға болмайды» дейді милициялар. «Онда түрме ме?» дейді аналар. «Жоқ, түрме емес» дейді милициялар. «Онда неге жібермейсіңдер» дейді аналар тағы. Осылай «айтысып» тұр екен, мені көріп бір жәрдем бол ма дегендей қуанып кетті. Бірақ мәскеуліктерге: «Бұл мәселеде мен де ешкім емеспін» дедім. Сөйтсек КГБ тыңдап жүр екен. Сонан кейін кездесу орнын өзгертуге тура келді.
Димаш Ахметұлының Алмалы деген жерде бір мезгіл қыдырыстап жүретіні бар. Әлгі киношыларды сол жерге жасырын шақырып, кездестірдік. Аз ғана уақыт болса да әйтеуір сөйлесіп үлгерді. Олжас сияқты мен де кейін «Димаш Ахметұлы, шындықты жазбайсыз ба? Қалай болғанын, не болғанын» дейтінмін. Сонда Димекең: «Аманбай, сен түсінші, кітап мәңгілік дүние, кейбіреулер қазір жастықпен, албырттықпен артық айтса айтып жатқан шығар. Қателіктер де болған шығар, басқа жағдайлар да себеп болуы мүмкін. Мен соның бәрін қазір жазып жіберсем, ертең олардың балалары өседі, немерелері ержетеді, сөйтіп бір-бірімен өштеседі. Ал олардың кінәсі не?» деді. Сондықтан Димекең кітабында ешкімді онша жамандаған жоқ. Мен ол кезде Димаш Ахметұлының жауабын онша қолдамасам да, кезінде Димекең туралы ауыр сын айтқан бір кісінің Димаш Ахметұлының тоқсан жылдығында керісінше керемет мадақтар айтқанын естіп: «Қайран, Димеке-ай, қандай ақылды адам едіңіз» деп мойындадым.
— 1992 жылы Сізді Елбасы қызметке шақыртты ғой…
— Иә, оған дейін Димаш Ахметұлының қасында болдым, әрине, Қаскелеңдегі құрылыс тресінде жұмыс та істедім. Бірақ Димекеңе үнемі кеп тұрдым. Өйткені ол кісі де мған әбден үйреніп қалды. Келмесем, іздеп тұрады. Ә дегенде Димаш Ахметұлының хал-жағдайын сұрап бір адам келмеді дедім ғой. Кейін ғой қаптағаны. Шет елден оралған қандастарымыз есіктің табалдырығынан аттаған кезде тізерлеп отыра қалады да Димаш Ахметұлына жеткенше жылжитын. Димекең болса оларды қолтығынан көтеріп тұрғызады.
Димекең халқымен араласа бастағанда ең алғашқы қонаққа шақырған Күрті совхозындағы менің Совет деген ағайым болды. Атымтай аға да бірге болды. Сол жерде жақсылап күтіп, көңілін бір көтеріп тастадық. Бақанасқа барғанда ел жүгіріп келіп, Димаш Ахметұлы бәріміз отырған «Волганы» жерден 20-30 сантиметрдей көтеріп тұрды. Арабтың ақбоз атын сыйлады. Бірақ Димаш Ахметұлы атты алмай, ертоқымын ғана қанағат тұтты. Ал атты бақанастық бауырларына сыйлап кетті. Димекең: «Халыққа жан-тәніңмен беріліп қызмет етсең, олар сені ешқашан ұмытпайды» дейтін.
— Димаш ағамыз қайтыс болғанда халықтың құрметі анық көрінді ғой.
— Димаш Ахметұлы қайтыс болғанда мен Президенттің күзет қызметінде болатынмын. Ол маған Димаш Ахметұлының денесін әкелетін самолет жібергенін айтып, «Кімге және қашан көңіл айтатынымызды білші» деп тапсырды. Димаш Ахметұлының үйінде Аухадиев, Асқаров бастаған және басқа да белгілі кісілер жиналып отыр екен.
Димекеңнің мәйіті түнгі сағат 00-ден өткенде жеткізілді. Кілемге ораған екен. Ұстап көріп ем, кілемнің сыртынан маған ыстық леп ұрып тұрған сияқты сезілді. Мәйтханаға апару да маған жүктелді. МАИ-дың машинасымен жолда келе жатып: «Димаш Ахметұлы, Сізді эскортпен соңғы рет апара жатрымын» деп, күбірледім.
Димекеңнің денесін Абай атындағы опера және балет театрынан арулап шығарып салғанда Панфилов, Коммунисттік және Фурманов көшелерімен адамдар легі толассыз ағылып келіп жатты. Бөлінген 30 автобусқа адамдар симай қалғаны былай тұрсын, Димекеңмен қоштасуға жиналған адамдардың алды бейітте тұғанда соңы «Оперныйдан» енді шығып жатқан. Қоштасып жатқан қазақтар ғана емес, Алматыдағы бар ұлттардың өкілдері. Кеңсай жақтағы көшелерде тұратын орыстар үйлерінен шығып, жолға гүлдерін төсеп, үлкен ілтипат көрсетті. Сонан кейін мәйітті арулап қоятын лақаттың іші қабірдің басындағы қарақұрым адамдардың бір уыс топырағымен-ақ толып қалды.
-Аман аға, уақыт бөліп әңгімелескеніңзге көп рахмет.