44 рет оқылды

Президенттің ел шенеуніктерін «Беліңдегі беліктеріңдегі қатты тартып тағуға тура келеді» деп ескерткені күні кеше ғана сияқты еді. Бірақ….

ҚР Қорғаныс министрлігінің бұрынғы министрі Руслан Жақсылықовтың құлағына бұл сөз жетпеген сияқты. Әйтпесе, жарты жылда сувенирлерге, картиналарға және музыкалық аспаптарға 262 миллион теңге жаратуға бола ма? Бұл неткен көлпалдық? Бұл неткен мырзалық? Мемлекеттің ақшасы болған соң қолды бір сілтеген бе, әлде?

Сувенирлердің ішінде не жоқ дейсіз, құдай-ау! Swarovski кристалдары орнатылған статуэткалар, алтын сапты қаламдар, жыланның қабығынан жасалған бауы бар қол сағаттар және аса қымбат муызкалық аспаптар….

Суретшінің шабыты мен қыл қаламынан туған, әлемдік сурет өнерінің мэтрлері таңдай қағатын полотно болса бірсәрі, Midjourney нейросеті арқылы жасалған арзанқол тарафарет-картинаның 638 данасы үшін  28 084 000 теңгені қынжылмастан бере салған ғой министр. Сонда бір тарафарет картинаның әрқайсысы 44 018 теңгеден айналып тұр емес пе? Апырау, Қорғаныс министрлігі бұл «батырдың» суретімен кімді қорқытайын деп жүр сонда?  Мемлекеттік сатып алу құжатында картина туралы мағұлыматты «Алтын адам Swarovski кристалдарымен және «Таңда да рақатқа бөлене бер» деген жазуымен» деп көрсетіпті. 

Ал рақаттанайық онда! Министрліктің «ұранына» айналған сөз сияқты тура. Енді «Ура» деу ғана қалып тұр Рекеңе. Биылғы жылдың 7 наурызында жасалған бұл келісім-шартқа тапсырыс берген 65235 әскери бөлімшесі. Ал жеткізіп беретін «EMPIRE Ltd KAZAKHSTAN» ЖШС деген компания. Бұл компания кімдікі екенін тиісті органдар анықтай жатар, ал біз көрген мәліметте тендер ашық конкурспен өткізілмепті. Тікелей келісім-шарт жасасу арқылы бір көзден қаржыландырылған. Мұнда бір сыр бар. ҚР Қорғаныс министріне өте керекті біреудің компаниясы ма, кім білсін?

Жазу үстеліне қоятын жиынтық заттарды сізге өтірік, бізге шын 3 977 500 теңгеге сатып алыпты. Оның ішіндегі ең қымбаты «Қос қыран» деген кәдесый 159 100 теңге тұрады. Біреуін алса мақұл дейсің ғой. Жоқ, Қорғаныс министрлігінің қомағайлығы сұмдық боғаны сонша 3 977 500 теңгеге «Қос қырынның» қанатын қомдатып қойып 25 данасын бірақ сатып алған. Оның құжаттағы «сурттемесі» де романға бергісіз. Оқиық. «Үстел жиынтығында екі қыран қанатын қомдап тұр. Олардың көзіне көк түсті Swarovski тастары орнатылған. Қырандар тырнақтарымен диаметрі 1,8 болатын мысық көз (камень кошачий глаз) тасын бүріп ұстап тұр. Шкатулканың (қобдиша) негізі алтын түстес темірден жасалып, ол түрлі-түсті эамальмен, зүбаржатпен (измуруд) және пісте (фисташка) түсті бояумен қапталып, боялған. Шкатулканың шеттеріне  Swarovski тастары орнатылған.

Міне, Қорғаныс министрлігіне арналған шкатулканың (қобдишаның) техникалық жағдайы осылай егжей- тегжейлі баяндалады. Бейне бір әлемде жоқ қару сатып алатындай болған ғой. Оқып отырып таңдап алғанына рақаттанасың.

Министрлік суретші Нұрлан Қалибаевтың «Сардар» деген картинасын да сатып алған. Оның бір данасы министрлікке 138 000 теңгеге түсіпті. Бірақ министрлік «мынауың қымбат екен» деместен, тағы да көлпалдық жасап, осы суреттің 23 данасын сатып алыпты. Бл «сделка» қазына қалтасынан 3 174 000 теңгенің сусып кетуіне жол ашқан.

Картинаға жасалған баянда «қолбасы қызыл түсті (неге қызыл түсті?) қару-жарағымен ақ тұлпар үстінде отыр. Оның оң қолында семсер. Қолбасының оң жағынан сұр атты жауынгер бейнеленген. Ол әскери таңбаны ұстап отыр. Сол жағында қыран ұшып бара жатыр» деп көпірткен. Бағасы 138 000 теңге деуге келмейтін осы «Сардар» суретінің оң жағындағы әлгі жауынгердің бет бейнесі түркі халқына, оның ішінде қазаққа ұқсамайды.  Көрші елдердегі бір патшаның түріне көбірек ұқсай ма деп қалдым қайта…

Ең қымбат қаламсап! Бағасы 109 300 теңге! Бәйтеректің бейнесі салынып, ұлттық өрнектермен нақышталған. Сыйлыққа арналған қара түсті қорабы бар. Әскери бөлімше «алтын сағат» деп аталатын осы кәдесыйдың екеуін 218 600 теңгеге сатып алыпты.

Мұның баяны да қызық. Қара және қызылқоңыр эмальмен және 24 карат алтынмен әдіптелген қаламсап деп қатырып тұрып суреттепті. Тиісті органдардағы алтынның құрамын анықтайтын мамандар бұл «баянның» да шикілігін тексере жатар.

Тағы да «Алтын адам». Бұл кәдесый да Swarovski кристалдарымен безендірілген. Бағасы 59 000 теңге. Бұл тендердің де жеңімпазы   «Empire Kazakhstan» компаниясы.  Тағы да ашық конкурс өткізбесен, тікелей жеңімаз деп танылған. Келісім-шарты бойынша 33 556 900 теңгеге сөз байласқан. Бұл жолы кәдесыйға құмар Қорғаныс миистрлігі 1 119 сувенир сатып алыпты.

Жылан терісінен жаслаған бауы бар сағат. Аты — «Барыс»! Бағасы — 82 мың теңге! Министрлік осы сағаттың төрт данасын 328 мың теңгеге сатып алған.

Қорғаныс министрлігі фарфор тәрелкеге құмар екен. «Жеті қазына» деп аталатын сәнді тәрелкенің бір данасы 113 мың теңгеге бағаланған. Соның 10 данасын министрлік 1 130 000 теңгеге сатып алыпты.

Ал енді Қорғаныс министрлігі сатып алған музыкалық аспаптардың бағасына келсек, бұдан бұрынғы айтқандарымыз ойыншық боп қалады.

Әлқисса, 65235 әскери бөлімше  50 дана музыкалық аспаптарға мемлекеттік тапсырыс береді. Оның барлығының бағасы 200 765 271 теңгені құрайды. Жеткізіп берушілер «Райно» ЖШС, «Harley Dream» ЖК, «Алтын Проф.KZ» мен «JM SOLUTIONS» ЖШС-ы.

Сонымен 26 ақпандағы келісім-шарт бойынша 24 дана музыкалық аспапты 100 392 484 теңгеге сатып алған. Мұның ішінде ең қымбат лоты  29 187 598 теңге тұратын фагот аспаптары болып шықты. Оның әрқайсысы 14 593 799 теңге екен. Сонда екі фаготқа 29 187 598 теңгені қиналмай аударып жібере салған ғой. Ау, мұндай аса қымбат музыкалық аспаптарды еліміздегі ең ірі өнер ұжымдары «Қазақконцерттің», «»Құрманғазы» оркестрінің қоймаларынан таба алар ма екенбіз? Әй, қайдам! Қорғаныс министрлігі қару-жарақ сатып алумен емес, музыкалық аспаптар сатып алумен айналысып кеткен бе, немене? Бас кларнет — 11 959 999, ағылшын рожогы — 10 799 999, туба — 7 722 456, валторн — 6 499 999, гобой — 6 160 000 теңге.

Бұдан басқа лоттар да баршылық. Оның ішінде медаль да жасатқан ба, бірдеңе. Оны жасату үшін жоғары жақпен келісілген құжат керек екенін де естен шығарып алған ба, қайдам. Айта берсек, «ақша жұмсайтын» тізім үлкен. Соған қарағанда, Қорғаныс министрлігін біреулер «сауын сиырға» айналдырып алған ба деген күмәнді ой келеді. Өйткені өнердің шын жанашыры да мұндай жомарттық жасамас. Руслан Жақсылықовтың әйтеуір, Антонио Страдиваридың скрипкасын сатып аламағанына шүкір дедік.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру