35 рет оқылды

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кедендік төлемдер мен  тауарларды декларациялаудағы көзбояушылық салдарынан мемлекет қазынасына 165 миллиард теңге зиян келтірілген.  Тек қана Қытай елімен шекаралас кеден бекетінде тауарларды дұрыс декларация жасамауға қатысты 367 дерек орын алған.

Өкілетті экономикалық операторлардың айтуынша, кәсіпкерлерді салық төлеуден қашыру мақсатында соңғы 2 жылда 221 миллиард теңгенің есеп-фактурасы қолдан жасалған.

Бір айғы тексерудің өзінде 800 миллион теңгенің 16 контрабандалық фактісі анықталған. Мысалы, Group Of The Companies Tda ЖШС-ның жүгін тексеру кезінде 287 миллион теңгенің тауарына декларация толтырылмаған. ЖШС-ның директоры қамауға алынған.

Лауазымды қызмет иелерінің де заңсыз іс-әрекеттері анықталды.

-Осы жылдың 27 қаңтарында «Берекет Логистик» ЖШС-ның жүгін қайталап тексеру кезінде 127 миллион теңге болатын салмағы 22 тонна контрабандалық тауар анықталды. Осыны «Нұр жолы» кедендік бекетінің лауазымды қызметкері Мошканов алғашқы тексерген кезінде «декларация жасалмаған тауардың салмағы 337 килогармм болды» деп көрсеткен.   

Ал Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкері мәліметтерді «түзету» арқылы импорттаушы 9 компанияның кедендік құны 143 миллион теңге болатын тауарын ақпараттық жүйеден айналып өтуіне жағдай жасаған.

Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі 50 мың АҚШ долларын құқық қорғау қызметкерлеріне пара ретінде бермек болған «Нұрлы жол» кедендік бекетінің басшысы мен оның орынбасарын ұстады. Сондай-ақ, «Cargo Management» ЖШС-ның директоры да тексерушілерге 30 мың АҚШ долларын бермек болған кезінде қолға түсті.

-Кеден бекеті былыққа батқан. Жүк көліктері толық тексерілмейді, салық пен баж  салығы төленбейді. Қытай кеденшілері мен ҚР кеденшілерінің мәліметтеріндегі мемлекет пайдасына түскен қаржының сәйкестігі жер мен көктей. Ешкім тиісе алмайтын кейібір «өкілетті операторлардың» пайда болуы да қауіптендіреді. Соның салдарынан, Қазақ елі ондаған миллиардқа жуық салық түсімінен қарадай айрылып отыр — дейді Бас прокуратура қызметкері.

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.