382 рет оқылды

Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Асхат Есенәлиев қайтыс болды. Қайғылы хабарды қала әкімі  Ержан Жылқыбаев әріптестеріне Инстаграмдағы ресми парақшасы арқылы естіртіп, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты. Ол сонымен бірге, күтпеген қайғының өзіне ғана емес, марқұмды білетіндердің бәріне ауыр тигенін жазды.

Шынында, Асхат Есенәлиев кішіпейіл, ақкөңіл, ешкімге зияны жоқ азамат болатын дейді  әріптестері.

Бірақ бұрын-соңды қауіпті ауруы байқалмаған, тепсе темір үзетін азаматтың кенеттен қайтыс болуы қызметтестерінің көпшілігін ойландырып тастаған сияқты. Өйткені біраз уақыт бұрын біреулер А. Есенәлиевті бопсалап, ақша талап еткен. «Сұраған ақшаны бермесең, сен туралы бейнебаянды әлеуметтік желіге саламыз» деп қоқан-лоққы жасаған. Ол бейнебаянда А. Есенәлиевті «өзі сияқты тағы бір мемлекеттік қызметкермен төбелесті, арақ ішті» деп айыптаған.  Бірақ мұның бәрін А. Есенәлиев  кейін жоққа шағарған.

Міне, енді, бар сырды ішіне бүгіп А. Есенәлиевтің өзі де мына жалған дүниеден кете барды. Сонда оның қазасына кімдерді кінәлі дейміз? Мына қайғылы қазадан кейін өздерін айыпты сезініп,  іштерінен болса да өкініп, қуыстанып жүргендер бар ма? Әлде бір-бірін құтықтап, қуанып отыр ма?

Әрине, оны ешкім білмейді. Ал біздің білетініміз, қазір адамдарды өлтіру оп-оңай боп кетті. Ол үшін, тіпті, киллер жалдаудың да қажеті жоқ. Тек өштескен адамыңның соңына шам алып түсіп, бопсалап, қорқытып-үркітіп, ол туралы компроматтарды әлеуметтік желіге жариялап, қайта-қайта сынай берсең жетіп жатыр.

Небары 46 жасқа енді толған Асхаттың жатқан жері жәнната болсын!

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.