Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшысы, бүгінде Ұлттық музейдің директоры боп жүрген Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алыныпты дейді Михаил Козачков деген журналист өзінің Телеграм арнасында.
Сөзбе сөз былай: «Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен түнді астанадағы уақытша тергеу изоляторында өткізді. Ол бейсенбіде ауруханадан шықты. Үйіне жеткен бетте оны Антикордың қызметкерлері алып кеткен».
Таңғалатынымыз, Арыстанбекті антикордағылар неге бір-ақ түн тергеген? Басқаларды үш ай, одан алты ай тіпті, екі жылға дейін тергеп, соттап жатқан жоқ па? «Жыланды үш рет кессең де кесіртке құрлы әлі бар» демекші, соған қарағанда Арыстанбек те оңай емес-ау.
Талантты актер Тұңғышбай мен дүние мүлікке бай министрдің арасындағы тартысқа құрылған заманауи мәселелерге толы «спектакльдің» финалы (шарықтау шегі) Арыстанбектің өзі қазған орға өзі құлап түсуімен аяқталар ма екен, қайтер екен? Режиссерлердің күтпеген шешімдерін күтеміз бе әлде?
Осы мақала жарияланғаннан кейін бір күн өткенде:
Кеше соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры А. Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды, – деп хабарлады Антикор қызметі
«Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 миллион теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді», деп жазды ведомство.
Ақпарат көзі 2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалғанын да мәлімдеді.