80 рет оқылды

ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Сенатқа барған кезінде журналистердің сауалына орай «АИ-95 байлардың бензині. Оның бағасын реттеуге болмайды» деп салды. Шынында солай ма? Әлде ол қазіргі автокөліктердің көбісінің АИ-95-пен жүретінін, оны тек қана байлар емес, солармен бірге кедейлер де, орташалар да пайдаланатынын білмегені ме?

Вице-министрдің АИ-95 бензиніне байланысты берген жауабының төркіні «Қаңтар оқиғасының басты себептерінің бірі — жанар май бағасының күрт көтерілуінен болды. Оның шекті бағасын ұстап тұру мерзімі шілдеде бітеді. Осыған байланысты жанар майдың бағасы тағы көтеріліп кетпей ме?» деген журналистер сауалында болатын.

«Мәселені Минэнерго бақылауда ұстап отыр. Бензин бағасының өсуі айтарлықтай болмауы керек. Біз бағаның күрт өзгермеуі үшін барлық шараны қолданамыз. Сығымдалған газ көп болмаса да қымбаттайды. Соған сәйкес бұйрыққа да қол қойылды. Мен АИ-93 бензинінің бағасы қанша болатынын анықтап, айтамын. Бірақ естуімше, қамбаттамайды» сөзін әжептеуір бастаған вице-министр АИ-95 бензиніне келгенде:

-АИ-95-тің бағасы ретке келтірілмейді. Ол байларға арналған бензин. Оны реттеп неғыламыз? Біз ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, жалпы халықтың жағдайына әсер ететін бензиннің бағасын реттейміз,  — деп «әлһамдулләсынан» жаңылды.

Демек, вице-министр мырза байлардың бензині А-98 немесе А-100 боп келетінін білмейді. Ал А-95 и А-92 бензиндерін Қазақстанда, негізінен, орташа немесе одан да төмен табысы бар қарапайым адамдар пайдаланады. Қазіргі қолданыста жүрген бюджеттік қолжетімді деген автокөліктердің бәрінің техқұжаттарында А-95 бензинін құю керек деп жазылған. Демек, вице-министрді жауабына қарап өзі басқаратын саланың қыры мен сырын білмейтін сарыауыз балапан деп түсінген жөн.  Әйтпесе, ол аузынан қағынып «А-95 бензинін мәшинесіне тек қана байлар ғана құяды» деп біржақты мәлімдеме жасай ма?

Үміт Үкімет басшысында. Мұндай дымбілмес чиновниктерін тәубесіне келтіріп, АИ-95 бензині туралы түсініктерін өзгертіп, жауапкершілікке шақыру керек шығар.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.