Бірақ интернет аңдыған жұрт үшін қызықтың «көкесі» мектеп ауласына орнатылған сахна көлеңкесінде қаннен-қаперсіз телефон қарап жатқан бала бейнеленген суретті көргенде болды.
Суреттегі алаңсыз баланы көріп Naizagtr сайты да таңғалған. Таңғалған да, бұйыртса, биылғы оқу жылында қазақ еліндегі бір мектепке «Менің атым Қожадағы» Қожа мен Сұлтаннан өткен қиқар бала оқуға баратын болды ғой деп ойлады. Сөйтсек….
Бұл батырымыз бар болғаны төрт жаста екен. Ол Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданындағы Қараөзен ауылында тұрады. Анасы, бауырлары бар. Бауырларына ілесіп сол күні ол да мектепке келіпті. Анасы кішкентай Жанасылға мектеп формасына ұқсас киім тігіп беріпті. Өйткені баласы «мен де мектеп оқушысы сияқты болып киініп барам» деген көрінеді.
Бірақ ол мектепке келген соң телефонды алған да жайлы жер іздеп, оны сахнадан түсіп тұрған кілемнің ораулы жатқан жерінен тапқан. Оның осы сәтін біреулер суретке түсіріп алып, әлеметтік желіге салып жіберген. Міне, оиқағаның болған-біткені осы.
Жанасылдың шалқайып жатқан суретінің астына жазылған әзіл-қалжыңдар да қызық. Соның ең сәттісі «Мазасын алмаңдар, ол Президенттің Жолдауын тыңдап жатыр» деген сөз болып тұр.
Жанасылдың шешесі Бақыткүл Жақыпова алты баланың анасы. Бәрін өзі бағып-қағып, ешкімнен кем қылмай өсіріп отыр. Күйеуі қайтыс болған.
Әзірге Қожадан өткен қиқар бала туралы хикая осы.