Жемқорлардың ашкөздігіне таңғаласың. Қаратау қаласындағы ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ететін коммуналдық мекеменің басшылары ұзындығы отыз шақырым болатын құбырды құлқындарынан өткізбек болыпты.
Прокурорлардың айтуы бойынша, жемқорлар отыз шақырым құбырды 60 миллион теңгеге бағалаған. Оның жарты ақшасы жемсауларына түсіп те қойған. Жемқорлардың тәбетін ашқан құбыр қаланы сумен қамтамасыз ету және суды сақтау қажеттілігіне жаратылуы керек екен.
-Ашкөз басшылар құбырларды сатқан кезде оны металл сынықтары деп көрсеткен. Десе де оның бағасы жөнінде акті жасалмаған. Ал құбырлардың нақты құны 159 миллион теңгені құрайды. Басшылардың жеке бастарының пайдасы үшін жасалған келісімшарт толығымен бұзылды. Енді қолды болған мүлік мемлекетке қайтарылады, — дейді Талас ауданының прокуроры Нұржан Әділов.