160 рет оқылды

ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл:

Қалың мал – ер азаматтың үйленер кезде қалдыңдыққа беретін заттай немесе қаржылай сыйлығы. Осы қаражатты қыздың жасауына жұмсауға не ата-анасы өз қажеттілігіне пайдалануына болады.

Мәһр – жігіттің қалыңдықтың өзіне ғана арнап беретін сыйлығы. Яғни, мәһр – некелесу барысында немесе қалыңдыққа кейін берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Алла Тағала бұл турасында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһрдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер», – деген («Ниса» сүресі, 4-аят). Мәһірді қыз бала жеке өзі пайдаланады.

Мәһр сыйын беру – ер азамат міндеті. Олай дейтініміз, егер ер азамат дәм-тұзы жараспай, айырылысқан жағдайда әйелі ерінен алған мәһрге алған дүниесін сатып, бала-шағасының керегіне жаратады. Мұның маңызы да осында. Сол себепті нәзік жандылар мәһрге көбіне құнды, қымбат заттарды талап етуі де орынды. Мәһрге байланысты көпшілік екі тарапқа бөлінеді, мәселен бір тарап мәһр бұрынғы ата-бабымызда болмаған, кейінгі діндарлардың шығарғаны десе, ендігілері мәһр шариғат бойынша кесіліп нақтылған ұғым дегенді алдыға тартады. Тіпті күйеу жігіттің материалдық жағдайына қарамастан аспандағы айды сұрайтын қалыңдықтар да аз емес.

Осы турасында ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл:

«Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Сонда 4,25 грамм алтын, яғни мәһрдің ең аз мөлшері шамамен 70 мың теңгені құрайды», – дейді ол. Маманның айтуынша, мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Дін қызметкерінің айтуынша, мәһрдің жоғарғы шегі көрсетілмеген, ол әдетте ер адамның материалдық деңгейіне, отбасының әлеуметтік жағдайына қарап белгіленеді. «Мәһр күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһрді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады», – дейді.

Бұған менің айтарым, ежелгі түркілер, оның ішінде, әсіресе, қазақтар мұсылманшылықты өздерінің бұрынғы наным-сеніміне сай, яғни ата-баба салт-дәстүрінен безбей қабылдаған. Әлі күнге дейін солай. Бір ғана мысал, келін түскенде отқа май құю, отқа қолын ұстап, келіннің бетінен сипау деген сияқты аналарымыз жасап жататын ырымдар, сенімдер сол ежелден қалған салт-дәстүріміз. Ал бұл араб елінде, шариғатта жоқ.

Сонымен бірге қазақтар қалың мал беруді де ұмытпаған. Ұлының — қалың малы, қызының — жасауы үшін өмір сүрген, дүние жиған десе де болдады. Оның да жөн-жоралғысы көп. Осылардың ішіне мәһріңізді де кіргізіп жіберген қазекең. «Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Сонда 4,25 грамм алтын, яғни мәһрдің ең аз мөлшері шамамен 70 мың теңгені құрайды» дегеніңіз ол жөн-жоралғының қасында түк те емес. Сондықтан ата-ана мен күйеу жігіттің жеке тарапынан жасалатын сый сияпаттың бәрін санамай-ақ қоялық.

Келін — шаңырақтан аттағанннан бастап сол отбасының иесіне, анасына айналады. Ол кейін «ажырасам» деген қауіппен «жеке шот ашып», мәһрдің ақшасын жинап, кететін күнін санап отырмайды. Егер жаман ойлы біреу болмаса.

Қазақстан — зайырлы мемлекет. Ал дін мемлекеттен бөлек. Яғни дін мелекет ісіне араласпайды. Сондықтан біздің елде бас қосқан екі жұп азаматтық хал акітілерін тіркеу мекемесінде некесін қидырады. Одан бөлек мешіттегі молдаға барып, өз беттерінше діни рәсіммен неке қидырып жататындар да бар. Мәһр дегенді, меніңше, шариғат заңы бойынша жас жұбайлардың есіне некеқидыруға барған кезде сол молдалар салатын болуы керек. Қазір, әрине, оны елдің бәрі біледі.

Мұсылман дінінде «парыз» бен «сүннет» деген бар. Бес парызды бәріңіз білесіздер. Оны орындау мұсылман үшін парыз. Бірақ оның ең қиыны, яғни қаржыға келіп тірелетін Меккеге қажылыққа бара алмаған қолы қысқа, жаны таза мұсылманға да қандай бір айып, күнә тағылмайды. Бес уақыт намазы мен Оразасына адал болса болды. Сондықтан мәһрден мәселе көтеріп, жастардың басын қатырудың керегі жоқ молдаларға. Қалыңдықтың алтын жүзігі мен тойда киетін киім-кешегінің өзі
бір мәһрді он орап алады.

Айтпақшы, мәһр бермей-ақ, тіпті, жарына алтын жүзік те сатып әпермей үйленген көкелерім мен құрдастарым, інілерім қазір тәп-тәуір мұсылман боп, тіпті, сол дінді уағыздап, сау-саламат жүріп жатыр.

Жастар жұмыс таппай, жұмыс тапса жүз мың теңгесін не шайлығына, не майлығына жеткізе алмай басы қатып жүргенде, молдекеңдер мәһр мәселесін күн тәртібіне қойып, сахабалар заманын еске сап, дирхам мен алтынның құнын есептеп, миын ашытқандарын доғаруы керек.

Мәһрдің үлкені — жұбы жарасқан екі жастың бір біріне деген адал махаббаты. Сол адалдықпен еңбек етсе, мынау қын өмірде кәсібі мен нәсібін тапса мың, миллион дирхамға айналады.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.