13-сәуір күні Алматы облысының прокуроры Берік Адамов жер заңнамасын сақтау мәселелері бойынша алқа отырысын өткізді. Онда жерді тиімді пайдалану және заңсыз алынған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару талқыланды.
Облыстық қадағалау органдарының мәліметінше, олар сот шешімімен 2000 гектардан астам жердің мемлекет меншігіне қайтарған. Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарында орналасқан ол жер телімдері белгілі әулеттің мүшелері Әлия мен Болат Назарбаевтарға тиесілі екен.
-Жамбыл ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 21 желтоқсандағы және 2013 жылғы 15 сәуірдегі қаулыларымен А. Н. Назарбаеваның өкілі болып табылатын «Жандану» шаруа қожалығына жер учаскелері жалға берілген. Ал, кадастрлық іс құжаттарында жалға беру шарттары жоқ. Аудан әкімдігінің жауабына сәйкес, А. Н. Назарбаеваның атынан «Жандану» шаруа қожалығымен аталған жерлерге жалға беру шарты жасалмаған. Кейіннен жер телімдері төрт бөлек учаскеге бөлінген. Бұл учаскелер «Жандану» ҚХ-на жеке меншік құқығымен берілген. Содан кейін жер телімдері біріктіріліп, оларға бір мемлекеттік акт жасалып, кадастрлық нөмір берілген. Жалпы көлемі – 445 га жер телімінің мақсатты – егіншілік. Прокуратура жер заңнамасын бұзу фактілері орын алды деп есептейді, – делінген сот қаулысында.
Болат Назарбаевтың меншігіне келсек, 2016 жылдың 13 шілдесінде Қарасай ауданы әкімдігінің қаулысымен «Айсам и Ко. Лтд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Үшқоңыр ауылдық округінде орналасқан 1485 га жер телімі жалға берілген.
-2020 жылдың 7 шілдесінде «Aisam and Co. Ltd» ЖШС (қазіргі «QazAgroCentre» ЖШС) мемлекеттік қайта тіркеуден өткен. Оның алғашқы құрылтайшысы Сатыбалды Қайрат болса, қазіргі қожайыны Болат Назарбаев екен. 2016 жылдың 24 тамызында аудандық жер қатынастары бөлімі мен «Айсам энд Ко ЛТД» ЖШС арасында жерді жалға беру шарты, мемлекеттік акт жасалған. Облыс прокуроры жер телімі серіктестікке жер заңнамасының талаптарын бұзумен берілген деп санайды. Берілген жер учаскесі Қарасай ауданында және Алматы қаласымен шектесетіні көрсетілген. Оны пайдалану тәртібін Үкімет белгілейді. Сонымен қатар, жер учаскесіне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органның шешімінен кейін жерге орналастыру жобасы әзірленіп, бекітілді, –делінген сот ақпаратына.