Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Telegram-дағы «Кремль. Новости» арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлескен.
«Желтоқсанның 25-і күні Қазақстанның Ақтау қаласына жақын жерде «Әзербайжан әуежелілері» әуекомпаниясы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. Владимир Путин қайғылы жайт Ресей әуе кеңістігінде болғанына байланысты кешірім сұрады және қаза болғандардың отбасыларына тағы да қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Әңгіме барысында кестеге сай ұшқан Әзербайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказға украиналық жауынгерлік ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді», — делінген Кремль таратқан хабарламада.
Ресей Тергеу комитеті РҚК 263 бабы бойыншы (әуе көлігін пайдалану мен қозғалыс қауіпсіздігі ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғады. Алғашқы тегеу шаралары жүргізіліп, әскери және азаматтық әуе қозғалысы мамандары сұралуда.
Қазір Әзербайжанның Бас прокуратурасы Грозный қаласында Ресей федерациясының Бас прокуратурасымен және Тергеу комитеті өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуде.