117 рет оқылды

Осыдан үш жыл бұрын ҚР ТЖМ қарасты «Қазселденқорғау» ММ директоры Кәрім Көкірекбаев 800 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Пара берген «BAZIS CONSTRUCTION» – «INFR.» ЖШС филиаланың директоры Андрей Поплавский. Сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі бұл ақпаратты растап, парақордың алған долларларын коттеджінің еденіне жайып тастаған суреттерін де, пара алу үстінде ұсталған Көкірекбаевтың «бейкүнә» бейнесін де жариялаған. Оны сайтқа қарап отыратын барша «Жаңа Қазақстандықтар» көрген, оқыған.

Бірақ «Ескі Қазақстан» билігінде тамыр-таныстары мен сыбайластары жетерлік К. Көкірекбаев түрлі айла-шарғыларға барып, бәленің бәрін өзінің қызметтестеріне жауып, қара басын аман алып алғысы келіп әлек болды. Соның нәтижесінде парақор Кәрім Көкірекбаевты «алқабилер соты» атын жамылған топ ақтамақ болды.

Бірақ «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» демекші, ел наразы болған соң, олардың кейбіреуі «Жаңа Қазақстан» билігіне «мынау не сұмдық?» деп жанайқайын жеткізген соң әлгі «үкімсымақ» күшін жойып, парақор Көкірекбаев қайтадан қамауға алынды.

Сол Көкірекбаев тыныш отырмай, әлі де түлкібұлаңға салып жатыр екен. Енді ол «Қазселденқорғау» ісі бойынша пара алу туралы дәлелдер қолдан жасалған деп, «ақталмаққа» жан салып жатқанға ұқсайды. Атап айтсақ, «Қазселденқорғау» ісі бойынша айыпталған Кәрім Көкірекбаев пен Андрей Поплавскийдің адвокаттары «тінтулер сот санкциясынсыз жүргізілген» дейді. Пара ретінде алынған ақшалай қаражатты тәркілеу әрекеттері де «заңсыз» деген. Осыны «үлкен жаңалық» деп сенген қорғаушылар «бұл дәлелдер жарамсыз» дейді. Сөздерін растау үшін, адвокаттар қолтаңба сарапшыларының қорытындыларын ұсынған.

Сарапшылардың мәліметінше тергеу-оперативтік топтың жетекшісі Байғарашев қол қойды деп көрсетілген тінту жүргізу туралы қаулылардағы қолтаңбалар оған тиесілі емес екен. Оларды басқа тұлға қойған боп шығыпты. Сонымен қатар, қорғаушылар Байғарашевтың тінту кезінде Алматыда болмағанын дәлелдеген. Ол сол уақытта оқиға орнынан ондаған шақырым қашықтықтағы Өтеген батыр ауылында болған екен. Осылайша, қорғаушылар тінтулерді «заңсыз жүргізілген» деп «жаңалық» ашыпты.

Бұдан өткен күлкілі нәрсе болмас. Көкірекбаевтың пара алғаны рас па? Рас. Ұсталғаны рас па? Рас. Оның айғағы ретінде фотодеректердің бүкіл инетерет ресурстарына жарияланғаны рас па? Рас. Ал жемқорлыққа қарсы агенттік осы қылмыстық істі қалай рәсімдеді? Сотттан санкция алды ма? Алмаса, неге алмады? Байғарашев қол қойды ма? Қол қоймаса, неге «қол қойды» деп рәсімделді?

Ау, бұл бөлек, басқа тергеудің ісі емес пе? Агенттік тергеушілері тінту кезіндегі рәсімдеуге (өз жұмыстарына) салдыр-салақ қарады екен, ендеше оған сол агенттіктің басшылары мен құжатқа салақ қызметкерлері жауап берсін. Олардың өз қызметтеріне салғырт, немқұрайды, тіпті, жеңіл-желпі қарағаны үшін неге 800 мың доллар пара алған шортан» мен сол параны берген «жайын» екеуі әділ жазадан құтылып кетпек?

Егер құтылып кетсе, халықтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деп жүргенінің бәрі жалған боп шықпақ.

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.