Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланды. Қандай айыптар тағылғаны да мәлім болды.
Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп күдік тудырған А.Нығматулин мен осы іске қатысы бар деген басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.
-Алдын ала тергеу аясында А. Нығматулин күдікті деп танылып, сот санкциясымен оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Алайда ол Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болғандықтан, оған халықаралық іздеу жарияланды, — деген ақпарат таратты Бас прокуратура қызметі.
А. Нығматулин 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. Ол 2018 жылы «Сарыарқа» хоккей клубының директор қызметін атқарды. Кейін клуб директорының кеңесшісі болды.
Нығматулинге бүгін, яғни 3 наурыз күні (2025 жыл) іздеу жарияланды. Бұл іспен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналыспақ.