«Жамбыл облысында 15 жастағы оқушы өзіне қол жұмсады.
Полиция оқиғаға байланысты «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Оқиға орнында полицияның жедел-тергеу тобы, прокуратура қызметкерлері, білім беру басқармасының өкілдері, психологтар және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істеп жатыр. Тергеудің толық, объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде».
***
«Жамбыл облысының Қордай ауданында екі жасөспірімнің мәйіті табылды.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайдың суицид екенін хабарлады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды».
***
Соңғы кезде осындай суық хабарлар көбейіп кетті. Облыста балалар арасындағы суицид әрекеті 3 есе көбейген. Бұдан шығатын жол бар ма?
Жамбыл облысында жасөспірімдер қылмысы 25,7%, балаларға қатысты қылмыстар 29,1%, ал суицид әрекеті 3 есе өскен. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құқық қорғау органдары өкілдерімен, басқарма басшыларымен, Тараз және аудан әкімдерімен, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілмен кеңес өткізіп тұрады.
Ондай кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселелер, суицидтің алдын алу, құқық бұзушылық, қылмыс, зорлық-зомбылық және ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері қаралады. Осыған орай Ербол Қарашөкеев облыста жасөспірімдер суицидінің алдын алу жұмыстары әлсіз әрі нәтижесіз жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұған дейін тіркелген жағдайларды терең талдауды тапсырды.
«Біздің өңірде жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары жиілеп кетті. Бұл – қоғам үшін алаңдатарлық және аса күрделі мәселе. Алдын алу шаралары мен себептермен күрес әзірге күткен нәтижені беріп отырған жоқ», – деді облыс әкімі.
Ол білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы байланысты күшейтуді, психологтардың кәсіби біліктілігін арттыруды, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, бұл жұмысқа ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, қоғамдық кеңес, «Әжелер мектебі» және үкіметтік емес ұйымдардың белсенді араласуы қажеттігін айтты.
«Есептерге қарасақ, үлкен жұмыс атқарылып жатқан сияқты. Бірақ нақты нәтиже жоқ. Бұл жұмыс рейтинг үшін немесе есеп үшін емес, шынайы нәтиже үшін атқарылуы тиіс. Өйткені бала өмірінен қымбат ештеңе жоқ! Талдау кезінде отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына ерекше көңіл бөлінуі керек. Әрбір толық емес отбасындағы бала үшін жеке жоспар әзірленіп, нақты шаралар қабылдануы қажет», – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Байзақ ауданы әкімінің осы бағытқа жауапты орынбасарына қатаң ескерту жасады. Сонымен қатар, Талас, Шу және Қордай аудандары әкімдерінің орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.
Облыс әкімі өз орынбасарлары мен жауапты тұлғалардан бос сөз емес, нақты нәтиже күтетінін еске салды.


