4 рет оқылды

Байқасаңыздар, соңғы жылдары қоғамның ұлттық киім мен ұлттық ою-өрнекке деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді. Ұлттық нақыштағы киімдер сән әлемінде трендке айналып, заманауи үлгіде жаңаша сипат алуда. Көйлек, камзол, шапан ғана емес, күнделікті киілетін жейде, жакет, сырт киімдерде қазақы ою-өрнектер батыл қолданылып жүр. Тіпті тұрмыстық заттар – ыдыс-аяқ, дастарқан, интерьер бұйымдары ұлттық оюмен безендіріліп, көз қуантуда. Бұл ұлттық өрнектің этнографиялық мұра, қазіргі өмірге бейімделе алатын тірі мәдени элемент екенін көрсетсе керек.

Қолданыс аясының кеңеюі ұлттық нақыштың қоғам санасына қайта еніп жатқанын аңғартады. Онлайн дүкендер мен әлеуметтік желілерде мұндай өнімдердің саны жыл санап көбейіп, тұтынушылардың қызығушылығы артқаны байқалады. Бұл үрдіс ұлттық нақышты тек киіммен шектемей, күнделікті тұрмыстық өмірге енгізуге мүмкіндік беріп отыр.

Алайда осы жағымды үрдістермен қатар, ұлттық киім саласында шешімін таппаған түйткілдер де аз емес. Соның бастысы – отандық ұлттық киім өнімдерінің қымбаттығы. Ұлттық киімге қызығушылық артқанымен, оны тұрақты түрде тұтынуға көпшіліктің мүмкіндігі жете бермейді. Көпшілік мұндай өнімдердің эстетикалық әдемілігіне тәнті болса да, баға мәселесі әркімнің қалтасына ауыр тиеді.

Сарапшылардың пікірінше, бағаның жоғары болуы бірнеше фактордан туындайды. Біріншіден, ұлттық киім көбіне тапсырыс бойынша тігіледі. Әр бұйым жеке шеберлікпен жасалып, көп уақыт алады. Екіншіден, сапалы маталар мен фурнитураның басым бөлігі импортталатындықтан, дайын өнімнің өзіндік құны жоғары. Үшіншіден, шағын өндіріс көлемінің себебінен өнімнің таралымы шектеулі болады. Бұл бағаның төмендеуіне мүмкіндік бермейді.

Сонымен ұлттық киім әдемі әрі ерекше көрінгенімен, тұрғындардың күнделікті қолдануы үшін бағаның қолжетімділігі маңызды фактор болып отыр.

Айтпақшы, осы жағдайда нарықты арзан, бірақ мазмұны мен сапасы күмәнді шетелдік «этно» өнімдер жаулап келеді. «Пиндуодо», «Тему» секілді қытайлық сайттарда қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімнен бастап үйдегі текстильдер толып тұр. Мұндай бұйымдарда ұлттық ою-өрнек көбіне үстірт, сәндік элемент ретінде ғана қолданылып, оның мағынасы мен дәстүрлі заңдылықтары сақталмайды. Бағасы қолжетімді болғанымен, бұл үрдіс ұлттық киімнің мәнін төмендетіп, оның рухани салмағын әлсірету қаупін тудырады.

Қоғамда ұлттық киімге қатысты қалыптасқан түсінікті де өзгертуді қажет етеді. Бүгінде ұлттық киімді «қымбат», «ерекше», «салтанатты» деген ұғымдармен байланыстырып, күнделікті өмірден алшақтатуға әсте болмайды. Тарихи тұрғыдан алғанда да ұлттық киім халықтың күнделікті тұрмысының ажырамас бөлігі болған. Оны қазіргі өмірге бейімдеп, ыңғайлы әрі қолжетімді ету – ұлттық мәдениетті сақтаудың маңызды шарттарының бірі.

Соңғы жылдардағы оң өзгерістер үміт ұялатады. Ұлттық ою-өрнектің сәнге айналуы, дизайнерлердің заманауи этно-стильге бет бұруы, тұрмыстық заттардағы ұлттық нақыштың көбеюі – ұлттық мәдениеттің жаңа кезеңге қадам басып келе жатқанын көрсетеді. Бұл үрдіс жүйелі қолдаумен ұштасса, ұлттық киім тек сәндік элемент емес, өмір салтына айналуы әбден мүмкін.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру