Мәселен, Талас ауданында Билер кеңесі 2018 жылы құрылды. Содан бері 18 елді мекенде алқа-билері жұмыс жасайды. Ұзақ жылғы тәжірибе Билер кеңесінің тиімділігін көрсеткеніне өзім куәмін. Аудандық алқа билерінің құрамында 7 мүше бар. Қалған алқа билер 3 адамнан құралған. Үстіміздегі жылдың 6 айында аудандық алқа билерінің кеңесінде 36 мәрте дау-дамай қаралды. Тамыз-шілде айларында неке бұзуға ниет білдірген 3 адамның отбасын сақтап қалдық. Оның бірін би Адырбек Шардарбеков, екіншісін Ілиясбек Жуасбеков, үшіншісін өзіміз шештік. Бұл бағытта билер Қонақбай Қалжанов пен Дүйсенбек Томанов белсенділік көрсетуде. Ал Ойық ауылының Бас биі Пана Рахманбердіұлы басқарған алқа билерінің жемісті жұмыстарының нәтижесінде ол өңірде ішімдік ішу, бұзақылық тіркелген жоқ, отбасы берік сақталуда. Ауылдағы «Өнеге» деп аталатын идеологиялық орталықтың құрылуымен он бағыт бойынша жұмыс жасалуда. Осы орталықтың жұмысын әр ауылда насихаттауды мықтап қолға алдық. Таяуда ғана аудандық билер кеңесінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі күннің ақсақалдары қандай болу керек?» деген тақырыпта және Бөлтірік шешен Әлменұлының 255 жылдығына орай « Шешендік өнер – тәрбиенің өзегі» деп аталатын дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осыған байланысты әр ауылда атақты шешен жайлы байқаулар, дөңгелек үстелді ұйымдастыруды қолға алдық. Сонымен бірге ауыл ақсақалдарына, өнегелі әйелдерге отырыстарда, көршілермен болған кездесулерде тәрбиелік мәні бар әңгіме айтуды, қалыптастыруды ұсынып отырмыз. Өткен жылы тойда асабалардан оны өткізу кезінде қазақтың салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттауды сұрадық. Тойларды ішімдіксіз өткізу жөнінде үндеу тастағанбыз. Белгілі дәрежеде ол ойымыз жүзеге асқанымен, үстіміздегі жылы тойларда ішімдік ішу, халықтық дәстүрден алыс шетел әндері мен бей-әдеп әңгімелер айтылу сынды өрескел әдеттер қайтадан қылаң беруде. Мемлекет басшысы соңғы кездердегі жасап жүрген үндеулерінде жұртшылықты мәдениетті сөйлеуге, ұлт мәдениетін қалыптастыруға шақырып жүр. Сапалы және саналы ұлт болу – мәдениетіміздің мәйегіне айналуы тиіс деп атап көрсетті. Осы бағытта ел тізгінін ұстаған басшылар, зиялы қауым өкілдері бірігіп жұмыс істеуіміз керек.
Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар балаларының тәрбиесіне ұлттық тұрғыдан қарамайды. Содан барып ұлы-қызы қалай болса солай сөйлеп, беттерінен алып, төстерінен шауып тұрады. Жақында маған бір ақсақал: «Баламды жұмсасам, тілімді алмайды» деп шағымданды. Жасыратын несі бар, біз балаларды балауса күнінен тәрбиелемейміз, «Әй, кейін өсе келе адам болып кетеді» дейміз. Атақты ғұламаға бір адам келіп: « Мен баламды қалай жақсы адам етіп тәрбиелеймін?» деп сұрапты. Сонда ғұлама баласының қанша жаста екендігін сұрапты. Сонда әлгі адам үш күн депті. Ғұлама ойланып барып: «Онда үш күн кешіктің» деген екен. Қазақ халқы да бала тәрбиесіне ол дүниеге келмей жатып ақ ерекше мән берген. Сәбидің анасын сырт көзден қорғаштап, шақалақ өмірге келген соң, оны қырық күнге дейін ешкімге көрсетпеуді қатты қадағалаған. Оның астарында «тәртіпке бағындыр» деген ұғым жатыр.
Қазіргі әлеуметтік желі бетімен кеткен заманда балаларымыздың тәрбиесінен ажырап бара жатырмыз. Балалар смартфоннан небір нәрселер көруде. Мәселен, Өзбекстанда, Араб елдерінде адамдарды бұзатын қанішерлік, эротикалық фильмдерге рұқсат жоқ, заңмен тыйым салынған екен. Біздің елімізде, өкінішке қарай, бұл сала бақылаудан сырт қалды. Содан барып балабақшадан бастап мектепте бүлдіршіндеріміз, балдырғандарымыз жаман әдетке бой алдырып жүр.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал бар. Ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған біз ақсақалдар, әсіресе билер салтымызға жат, дәстүрімізді бұрмалайтын жаман әдеттерден сақтану керек деп ойлаймыз. Ол үшін күнделікті үйде, қоғамдық орындарда, мектепте, не керек ортада ұлттық құндылықтардың сақталуына бас-көз болайық. Оны әркімнің өз жұмысы деп түсінбейік, қажет болса қатты айтайық. Ұлы Абай: «Тәрбиеге көнбейді дегеннің тілін кесемін» деген. Осы бағытта облыстық ардагерлер және билер кеңестері тәрбие жұмысын назардан тыс шығармау жөнінде үндеу қабылдап жүр, бірақ ол жалғасын таппай қалады.
Ең алдымен ата-аналардың өздері тәрбиелі болса деймін. Отбасында ұрыс-жанжалға, өсек-аяңға жол берген ата-ана балаларының болашағына балта шапты дей беріңіз. Соңғы кездері руға бөлінуге жол беріп алдық. Ұлтта қандастыққа жол жоқ, ұлт деген тұтас организм іспетті болуы тиіс. Әр ұлттың өз ерекшелігі, сол ұлттың бренді. Мысалы, өзбектер ала тақиясымен, биязы мінезімен дараланады. «Яманганның алмасы» деген биі Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Ал біз біреудің атағы шықса, «ол қай рудан?» деп сұраймыз. Бұл болмайды. Күләш Ахметова айтпақшы:
«Қазақты жамандама, қазақ бала
Онсызда халықпыз ғой аз-ақ қана».
Сол аз ғана халықтың өзі бірікпесе, қазақтың жүрген жолы азап, көрген күні мазақ екендігін ата-бабамыз ертеден-ақ айтып кеткен.
Ендеше, жақсылық іздейік, сүрінгенді демейік, жылағанды жұбатайық. Біз біріксек қана мықтымыз.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Жамбыл облысының үздік биі.
«Ақ жол» газетінен.


