Бүгінде әлеуметтік желіде танымал болудың жолын арзан күлкіден, арандатудан, қасиетті дүниені мазақ етуден іздейтіндер көбейіп барады. Бір қарағанда бұл жай ғана бейнежазба болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында әлдеқайда қауіпті құбылыс жатыр. Ол – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің әлсіреуі. Ең өкініштісі – осы әрекетті қызық көріп, қолдап, күліп отырғандардың дені өзіміздің қазақ жастары. Егер біз домбыраның қадірін өзіміз түсірсек, оны өзгеден құрметтеуді қалай талап етеміз? Егер өз құндылығымызды өзіміз қорғай алмасақ, ертең ұлттық болмысымыздың әлсіреуіне кім кінәлі болады?
Кейбіреулер мұндай әрекеттерді «сөз бостандығы», «әзіл» немесе «контент» деп ақтауға тырысады. Бірақ сөз бостандығы жауапсыздық деген сөз емес. Еркіндік – міндетпен қатар жүреді. Біреудің ар-намысына, қоғамның мәдениеті мен рухани құндылықтарына нұқсан келтіру өркениетті қоғамның белгісі емес.
Мен бұл жағдайға байланысты құқық қорғау органдарына үндеу жасап, азаматтық ұстанымын ашық білдірген қоғам белсендісі Сәуле Құлбаеваның әрекетін қолдаймын. Себебі ұлттық құндылықтарға қауіп төнген кезде үнсіз қалу – сол әрекетке жанама түрде келісім беру деген сөз. Азаматтық қоғам дәл осындай мәселелерде өзінің белсенді ұстанымын көрсетуі керек. Алайда қоғамдағы тағы бір қате түсінікке назар аудару қажет. Бізде кез келген даулы мәселенің соңы әлеуметтік желідегі кешірім сұраумен аяқталады. Камера алдында бірнеше ауыз сөз айтып, халықтан кешірім сұраған соң бәрі ұмытылатын сияқты көрінеді. Бірақ ұлттық құндылыққа тіл тигізудің салдары соншалықты жеңіл болмауы тиіс. Егер мұндай әрекетте заң бұзушылық белгілері болса, оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық жауапкершілік берілуі қажет. Бұл – эмоцияның емес, құқықтық мемлекеттің талабы. Кімнің кінәлі немесе кінәсіз екенін тек құзыретті мемлекеттік органдар анықтайды. Бірақ қоғам мұндай әрекеттерге немқұрайлы қарамауы тиіс.
Домбыра – қазақтың азаттық жолындағы күресінің куәсі. Осы қос ішекпен халқымыздың мұңы да, қуанышы да, тарихы да шертілді. Қобыздың қоңыр үні – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани үн. Осындай құндылықтарды қорлау – тек музыкалық аспапты емес, халықтың тарихи жадын, ұлттық намысын келеке ету.
Біз балаларымызға домбыраны құрметтеуді үйретпесек, оны TikTok-та мазақ ету қалыпты құбылысқа айналады. Біз ұлттық мәдениетті қорғауды талап етпесек, оның орнын жеңіл күлкі мен арзан атақ басады. Ұлт бір күнде жоғалмайды. Ұлт өзінің тіліне, тарихына, мәдениетіне және киелі құндылықтарына немқұрайлы қарай бастағанда әлсірейді. Қазақта «Өнер – ұлттың жаны» деген ұғым бекер қалыптаспаған. Домбыра мен қобыз – сол жанның үні. Сол үнді келеке ету – өз тамырыңды өзің шабумен тең.
Сондықтан бүгінгі мәселе екі адамның әрекеті туралы ғана емес. Бұл – біздің ұлттық иммунитетіміздің қандай деңгейде екенін көрсететін сынақ. Егер біз қасиетті дүниелерімізді қорғай алсақ, онда ұлттық санамыз тірі. Ал егер мұндай келеңсіздіктерге үнсіз қарап, бәрін «жай әзіл» деп қабылдай берсек, ертең кеш болуы мүмкін. Ұлттық құндылыққа құрмет – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік.
Қонысбай ИЛЬЯСОВ,
облыстық ардагерлер
кеңесі төрағасының
орынбасары.
«Ақ жол» газетінен.


