Күйшілік өнер атаулының ішіндегі ең киелісі. Күйде өзінің аты айтып тұрғандай, адамның мұң мен сыры, көңілінің күйі көрініс табады. Күйде салт-дәстүр мен түрлі жоралғыға бай, халқымыздың алуан қасиеті, қос ішектің құдіретімен шалқып, әр адамның жан дүниесін тербеп сала береді. Сонымен қатар ол саз адамның жан дүниесін тебірентіп қана қоймай, сан қилы тіршіліктің мән-мағынасын түсіндіріп, сезіндіріп, кейде қуантса, кейде көңілдерді күңірентеді. Сондықтан күй өнері – қазақтың рухани әлемінің, дүниетанымы мен мол мәдениетінің беделі биік асыл қазынасының қатарынан ойып тұрып орын алады.
Уикипедияның ашық энциклопедиясында күйге мынадай анықтама берілген: «Күй – музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, жетіген, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй – қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау».
Белгілі ойшыл М.Қашқари күй сөзінің түп тамыры «көк» деген түркі сөзінен шығуы мүмкін деген болжам айтқан екен. Неліктен күйді аспаптық пьесаға балаған? Біздің пайымымызша, оның тұла бойы тұнған тарих, сыр, мұң, белгілі бір оқиғаның аспап тілінде паш етілуінде жатса керек. Өйткені, қандай да бір күйді алып қарасаң, тарихына үңілсең, онда белгілі бір оқиға мен оның басталуы және аяқталуы бар. Яғни, пьесаны көрген адамның жан дүниесі қалай рухани байып, тербелетін болса, белгілі бір күйді тыңдаған адамның ішкі әлемі де бір тербеліп, рахат күйге бөленеді. Тіпті, күй тыңдап отырып, оның тереңіне қатты бойлап, жан дүниеңіз ерекше күйге бөленіп сала береді. Оны қазақта күйдің құдіреті дейді. Күйдің құдіреті тыңдаушыға шексіз әсер беруі үшін әрине күйшінің шеберлігі мен күй ырғағағы да айрықша болуы тиіс.
Қазақ күй өнерінің тарихы тереңнен бастау алады. Күйдің жеке музыкалық жанр ретінде қалыптасуы XIV ғасырға тиесілі. Осы кезеңдегі күйлер белгілі бір тарихи оқиғаларға құрылып, мазмұны аңыз-ертегілерді қамтып, бір бағдар бойынша яғни, жекелеген бір тақырыпты қамти отырып, қарқынды түрде дами бастады. Күйлер мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Көбіне күйлерде халықтың тыныс-тіршілігі, басынан өткеріп жатқан нәубет, түрлі қайшылықтарға қарсы күрес, әділетсіздікті әшкерелеу, еркіндікті аңсаған айтулы арман, бақыт пен қуаныш сезімдері, тіршілік түйіткілдер терең ойланып, толғанумен туындап отырды. Оның барлығы қазақ күй өнерінің өрнек-бояуын қоюландыра түсті. Күй музыкасының сазы мен формасы, құрылымы, ырғағы, орындалуының әдістері әрқилы. Мәселен, қазақ күйінің атасы саналатын, белгілі дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығарған күйлері рухты, адамның жігерін жанитын, бойына күш беретін, екпінді болып келеді. Халқымыздың тағы бір дәулескер күйшісі Дәулеткерейдің күйлері мағынасы терең, ойыңды сан-саққа жетелейтін толғауға, кейде жан дүниеңді тербейтін романтика мен лирикаға толы. Ал талантымен талайды тамсандырған талантты күйшінің бірі Тәттімбеттің шығарған күйлері сазы сырлы, әуені әсем, шер мен мұңға, сырлы сазға тұнып тұрған болып келеді. Қара домбыраның келесі бір қас шебері, қазақтың күй өнерінің майталманы Қазанғап күйшінің туындылары көңілді, жанды жадырататын ойнақылау, түрлі күйге жетелейтін толғауларға толы, тіпті төгіліп оқылатын жыр жолдары сынды.
Күй өнерін насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде домбыра аспабының орны бөлек. Домбыра ата-бабамыздан жеткен асыл мұралардың бірегейі. Домбыраның қос ішегін пір санап, оның шанағынан небір шығарманы шығарған айтулы азаматтар да қазақта көптеп саналады. Домбыраны серік етіп, саналы ғұмырын өнер атты киелі ордаға теліген жандардың аты қазақ секілді ұлы халықпен бірге жасасып, қазіргі заманға жетіп отыр. Асыл домбырасымен бірге қазақтың даласын тербеген күйі де осы кезеңге жетіп, жетіліп, дамып келеді. Домбыра күйлеріне қатысты бірнеше зерттеулерде деректер келітіріледі. Домбыра күйлері параллельді кварта мен квинта, терция және секунда интервалдары арқылы орындалып, тартылады. Бұл жөнінде «Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалығында былай делінген: «Параллельді кварталар мен квинталар күйлерге көркем нақыш бояу берумен қатар оның әуен саздылығын әсірелей түседі. Күйлердің көлемі әртүрлі болады. Кейбір күйлердің көлемі 150-ден 200 тактіге (мысалы Бағданың «Боз төбесі», Динаның «Әсем қоңыры» және т.б.) дейін жетеді…».
Қағыс арқылы күйлердің ырғақтық мәні мен сыр-сипаты, өзіне тән динамикасы анықталады. Қазақ күйлерінің арасында 2-3 бөлімді, аз болса да 3 бөлімді рондоварциялық синтетикалық формалардағы шығармалар ұшырасады. Оның барлығы қағыс барысында белгілі болады. Өйткені күйді жеткізуде қағыстың қаншалықты маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Қол қағыстырғанда нотаға түспейтін көптеген айла-тәсілдер кездеседі. Бұл тұрғыда домбырасын қолына алған күйшінің шеберлігі, білімділігі басты құрал болып саналады. Күй тарту кезінде нотаға түспейтін қандай сыр, қандай сиқырлы қағыс барын т ыңдаушы әсте аңғармай қалуы мүмкін. Бұл сырды домбырасын қолына алған дәулескер күйшінің өзі байқап, күйдің құдіретімен елітіп отырары хақ. Қол қағыстарының нотада байқала бермейтін «сиқырлы» қағыстарына жаппай қағыс, кезек қағыс, шертпе қағыс, шұбыртпалы қағыс деп аталатын жіктеулер жатады. Қағыс барысында көбіне қолданылатыны екі бөлікті және төрт бөлікті өлшемдер болып саналады. Кейбір күйлерде ғана ауыспалы өлшемдер қылаң беріп қалады.
Күйдің бағын ашатын қазақ халқының ұлттық аспаптары. Өйткені, күй күмбірі аспаптарда айқындалып көрінеді. Аспаптарда орындалып, насихатталатын болғандықтан зерттеушілер күйді аспаптық музыка сапына қосады. Халқымыздың домбыра, сыбызғы, қобыз, сырнай, шертер сияқты ұлттық музыкалық аспаптарында орындалатын сазды әуен – күй деп аталады. Бүгінге жеткен қазақтың ең ескі күйлерінің қатарында Қорқыттың туындылары бар.
Күй – көңілді тербетіп, жүректен шығатын, көркемдік деңгейі аса биік аспаптық жанр екендігін айттық. Онда табиғат құбылысы, тіршілік түйткілі, аңыз-әпсана, философиялық тереңдік тағы басқа жағдаяттар саздың, шердің толқынымен көмкеріліп, күмбірлеп қоя береді. Күйлер арқау еткен оқиғасы мен тақырыбына қарай аңыз-күйлер, тартыс күйлер, тарихи күйлер, арнау күйлер, лирикалық күйлер, психологиялық күйлер болып бірнеше топқа бөлінеді.
Еліміздің музыка тарихында аспаптық музыкасы ХVIII ғасырдың аяғына таман үлкен белеске ұмтылды. Осы дәуірде Баламайсан, Есжан, Байжұма, Байжігіт, Боғда, Махамбет сынды бірқатар кіл мықты күйшілердің есімі халық арасына кеңінен таралып кетті. Сөйтіп ХІХ ғасырда көне күйшілік өнердің бір орында тұрмай ары қарай қарыштап өсуіне Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Абыл, Есір, Ықылас, Байсерке, Қазанғап, Сейтек, Дина, Сүгір секілді тұғырлы азаматтар мен азаматшалар айрықша ықпал етті.
Қазақ музыкасы тарихының бүге шігесін зерделеуге саналы өмірін сарп еткен айтулы ғалым, зерттеуші Қ.Жұбанов күй сөзінің шығу тарихына қатысты да бірқатар пікір айтқан екен. Бұл туралы «Әдебиет порталында» жарияланған «Қазақ күй өнерінің мектептері» атты Әбу-Асқар Меккешұлының мақаласында: «Қазақта «күй» түрінде айтылатын шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «и» дыбысының бір қатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түркімен, әзірбайжан, анатоль түріктерінің тілінде к, г-ге айналады. Қазақша «байламақ» деген сөз оларша «бағламақ» болады; қазақша «тимек» деген сөз оларша «текмек» болады… сондықтан «күй» деген сөз оларда «көк» болуы табиғи нәрсе», – делінген. Ал қазақ күйінің шежіресіне айрықша зерттеу жасаған, қазақтың күй музыкасының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, күйдің қасиеті мен құдіретін жаңаша түлетуге теңдессіз туындыларын арнаған, қазақ руханиятының көрнекті өкілі Ақселеу Сейдімбек те жоғарыда тілге тиек еткен ғалымның пікірін қостай келе, күй деп аталатын сөздің өзі сезіммен астасып жатқанын атап көрсетеді. Ол сөзінде: «Күй деп басталатын қай сөз де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», – деп пайымдаған.
Халқымыздың ескі күйлерінің дені қобыз күйлеріне тиесілі. Ал бұрынғы түркі халықтарында қобыз күйлері жырау, жыршылардың шығармашылығынан басталады. Өйткені, жыраулар жырлаған кезінде қобыздың сүйемелдеуіне жүгінген. Қобыз аспабының дыбыстық ерекшелігіне сай болса керек, оның күйлерінде ежелгі бақсы-балгерлердің сарыны көптеп байқалады. Қобыз күйлері өнерін дамытуға да көптеген күйшілер айрықша еңбетерін сіңірген. Олардың сапында Ықылас Дүкенұлы, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Кетбұға, Кербала, Айрауық, Көккесене сынды тағы басқа да кемеңгер күйшілер бар. Осы есімі аталған тұлғалар қазақ даласындағы қобыз күйлері бағытының өз заманында ерекше дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген. Арада қанша ғасыр, қаншама жылдар өтсе де осы ежелгі аспаптың сарынымен сардаланы шарлаған қобыз үні, қобыз күйі өзіне тән бай көркемдік мазмұнымен, қасиетімен, құдіретімен қазақ рухани мәдениетінің мол мұрасы ретінде уақыт үнімен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек. Біз тілге тиек еткен бұл есімдер күй өнерінің өткенімен сабақтас айтылса, күй музыкалық жанрының бүгінгі кезеңге дейін мұқалмай жетуіне Д.Нұрпейісова, О.Қабиғожин, Науша, М.Бөкейханов, Л.Мұхитов, Қ.Жантілеуов, Ғ.Хайрошев, Т.Аршанов, С.Көшекбаевтың қосқан үлесі өте көп.
Домбырадан кейінгі күйдің бағын ашып, тыңдарман жүрегіне орын алуына ықпалын тигізетін аспаптың бірі қобыз. Қобыз домбыраға қарағанда өзгешелеу, дауысы бір сарынды болып келетін аспап. Тарихы жағынан ол көне аспаптарға жатады. Құрылымы да домбыраға қарағанда өзгеше. Қобыздың домбырадан бірнеше айырмашылығы бар. Ол ең алдымен ысқышпен орындалатын аспап. Мойыны имек болып келетін бұл аспаптың түрі адамның сол қол саусақтарындағы тырнақтарын ішекке тигізу әдісімен ойналады. Аспаптың шанағы да домбыраға қарағанда әлдеқайда басқаша. Ол терімен оралып жасалады. Ішегі де домбырадан басқаша. Ежелден төрт түлік малды қадірлеген қазақ халқы малдың бұйымдарын да мәдениетіне араластырған. Мәселен, қобыздың ішегі жылқының жалынан, яғни қылынан жасалады. Сонымен қатар қазақ халқы қобыздың үнін өте киелі санайды. Өйткені, кезінде, көне замандарда бақсы-балгерлер оны қасиетті күш ретінде пайдаланып, пір тұтқан. Заман ағымына сай қазіргі таңда қобыз аспабында ойнау біршама күрделеніп кетті. Соған байланысты қазіргі күнде көне қобыз аспабына инновациялық замануи өзгерістер енгізіле бастады. Қазіргі қобыздарда ойнау шеберлігінің өзгерісіне орай төрт ішекті қобыздар көптеп өмірге келе бастады. Төрт ішекті қобыздың ішектері бұрынғы көне замандардағыдай жылқының қылынан емес, сымнан жасалатын болып жүр. Қазақтың күйімен бірге жасасып келе жатқан бұл киелі аспаптың әлі талай сахналарда қазақ халқының күйін паш етіп, сарнай беретіндігіне ешқандай шүбәміз жоқ.
Көптеген күйлер өзінің даму және шығу тарихымен тамсандырса, кейбір күйлер сәтті шыққан атауымен тыңдарман құлағын елең еткізеді. Осындай деңгейдегі қазақ күйінің бірі – «Жолаушының жолды қоңыры» деп аталады. Еліміздің дәулескер бір күйшісі Жанғали Жүзбаев осы аталған күйді тартпастан бұрын, атына таң тамаша болатынын айтқан.
Барлық зерттеуші, әдебиетші, өнер адамы болсын кез келген сәтті шыққан бір сүбелі сөздің алдында бас иіп, сөзге тоқтап жатады. Мәселен, жолаушы сөзінің мағынасына терең бойлайтын болсақ, үлкен фәлсапалық ұғымды түсіне қоясың. Өйткені, бұл фәнидің көшінде жер бетіндегі барлық жұмыр бастының мәртебелі қонақ екені анық.
Қарап отырсақ, осыған қатысты қара өлең қазақта өте көп. Жолдың жайы бесенеден белгілі. Яғни адам атаулының барлығы бұл өмірдің жолаушы қонағы. Күйшінің жол деп алып отырғаны кәдімгі біз сүріп жатқан өмір. Қоңыр деген түске келсек ол біз кешіп жатқан қоңырқай тіршілік, біз шыңына жете алмай шырмалып жүрген қоңыр ой. Осыған қарап кейбір күйлердің мазмұнының өзі сазы мен ырғағын тыңдамай жатып-ақ, адамды түрлі терең ойларға бастай жөнеледі. Сүгірдің бұл туындысы екі тараудан тұрады. Осы автордың «Жолаушының қоңыр күйі» деп аталатын да күйі бар екенін білеміз. Тартылғанда тыңдарманның ішкі жан әлемін тербеп сала беретін бұл күйді бүгінде қазақтың заманауи күйшілері репертуарына алып, тыңдарман назарына ұсынып жүр. Күйдің өміршеңдігі деген осы.
Күмбірлеген күйді тыңдарманға жеткізуде айрықша рөл атқаратын қазақтың киелі домбырасы мен қасиетті қобызы туралы пайымымызды біршама айттық. Қазақ күйінің тыңдарманға баппен, ерекше бір байсалдылықпен жетуінде жетекші рөл атқарып, оның бағын ашқан тағы бір аспаптың бірі жетіген музыкалық аспабы. Жетігеннің өзге аспаптардан айырмашылығы оның көп ішегінде. Қазақ халқы жеті санын киелі сан ретінде санап, оны кие тұтқаны белгілі. Жетігеннің шығу тарихында да осы жеті киелі сан ретінде айналып өтпегендігін байқауға болады. Сондықтан біршама ғалым-зерттеушілер жетіген сөзін жеті байлыққа теңесе, енді бірі оны жеті қазынамен байланыстырады. Бірақ басқа да аңыздарда жетіген жеті хан деген де түсінік бар. Зерттеушілер арасында жетіген жеті және ән сөздерінің қосарланып айтылуынан шыққан деген де пікірлер кездеседі. Жетігеннің формасы өзге аспаптардан өте өзгеше болып келеді. Және оның көлемі де басқаша. Аспаптың өзі тегіс ағаштан қашалып, ойылып жасалғанымен үлкен шанағы терімен қапталатын болған. Тері болғанда кәдімгі көн терімен қапталған. Домбырада тиек болса жетігенді бабына келтіру үшін онда тиек орнына кәдімгі қойдың асығы қолданылатын болған.
Музыкалық мұрамызды толтыратын тағы бір көне аспап шертер деп аталады. Шертер шертпе күйлерді нақышына келтіріп орындауда таптырмайтын аспап болған. Шертердің шанағы терімен қапталады.
Шертер шертіп ойналатын аспап болғандықтан атауы да соған сай ойластырылған. Шертер екі немесе үш ішекті болады. Сыртқы пішіні, құрылысы тұрғысынан домбыра мен қобыз аспабына қаттырақ ұқсас болып келеді. Шертер шертпе күйлерді тартуда таптырмас аспап болып саналады. Өйткені шертпе күйлердің көпшілігі шертермен орындалады.
Ішекті, тиекті аспаптардан бөлек қазақ халқында сілкіп ойналатын аспаптар да болған. Ол аспаптардың да күйдің күйін келтіруде рөлі орасан. Соның бірі асатаяқ аспабы. Асатаяқ сілкіп ойналатын музыкалық аспап. Аты қарапайым болғанымен, музыка өнерінде асатаяқтың атқаратын қызметі күрделі. Асатаяқ – ертеден келе жатқан сілкімелі аспап. Қазақта ол аспап ұлттық нақыштағы билерді билеген кезде сүйемелдеу үшін пайдаланылған. Бұдан басқа да ұлттық музыкалық аспаптарымыздың қатарында сақпан, қоңырау, тұяқтас, шартылдақ сынды сілкіп ойналатын аспаптарды да кейінгі жастардың бірі білсе бірі біле бермейді.
Қазақта сырт пішіні алмұртқа ұқсайтын бір аспап бар. Ол қобыз деп аталады. Ол ішектерін шертіп ойнайтын аспап. Ол алмұрт сияқты мойыны ұзын, үш сым ішегі құлағына ілінеді. Оны кәнігі кәсіби музыканттар ойнай алады. Оның тартылу әдісі түрліше болып келеді. Бұрынырақта қасиетті қара өлеңді суырып салатын ақын-жыршылар өздерінің туындыларын осы қомуз аспабымен сүйемелдеп орындайтын болған екен.
Оркестр арқылы күйді орындаған кезде бірнеше ұлттық аспап іске қосылады. Жоғарыда біз тілге тиек еткен аспаптардың қатарында шаңқобыз аспабы да бар. Шаңқобыз да көне музыкалық аспаптардың қатарына кіреді. Шаңқобыздың бір ерекшелігі оның қақ ортасында сүйір келген тілшесі бар. Шаңқобыз аспабы жақсылап өңделген ағаш таспалардан жасалынады. Шаңқобызды ойнаудың өз машақаты бар. Ол алдымен оған байланған жіп арқылы тілшесін тербеліске келтіру арқылы орындалады. Ежелде қазақ халқы бұл аспапты бірыңғай ағаштан жасайтын болған болса, бүгінде оны темірден де жасайтын болған. Бұл аспаптың тағы бір айырмашылығы бұл аспапты негізінен әйелдер орындауға ыңғайлы. Шаңқобызды күйге келтіру үшін тілшенің ұзындығы мен қалыңдығы қажет.
Дала төсінде жүрген қазақ табиғаттың әрбір көрінісі, әрбір деталін кәдеге жаратып отырған. Сыбызғы музыкалық аспабының өмірге келуінің сыры осыған саяды. Ертеректе сыбызғыны жай қурайдан жасап алатын болған. Кейін келе оны сахнаға алып шығып, ағаштан жасайтын болған. Оркестрмен күй орындағанда сыбызғының да қаншалықты маңызға ие екендігін білген абзал. Басқа да көне музыкалық аспаптар секілді сыбызғы да соңғы кезде заман ағымына сай түрленіп жасалатын болған. Әйтпесе шығу тарихы тұрғысында сыбызғы да өте ескі аспаптарға жатады. Бүгінде сыбызғыны жезден жасайтындардың қатары өте көп. Ежелгі замандарда бақшада жүрген бағбандар өзі қалаған ағаштан осыны жасап алып, ойнайтын болса, бүгінде бұл аспап сахна өнерінің сәніне айналып үлгерген.
Сазсырнай да үрмелі аспаптардың сапына кіреді. Ол аспап саздан жасалып, жалынға қыздырылады. Сазсырнай сондықтан осылай аталған. Бұл музыкалық аспаптың да пішіні, көлемі әртүрлі болып келеді. Ең бастысы түрлі құбылмалы саз шығару үшін оның ішкі құрылысы қуыс болуы керек. Содан кейін оған қарама-қарсы беттен тесілген бірқатар кішкентай ойықшалары болады.
Қазақтың күй өнерінің тарихы мен өткеніне біршама шолу жасадық. Күйдің сәнін келтіретін аспаптардың да өзіндік қысқаша тарихы мен өзіндік ерекшеліктеріне тоқталдық. Кеңес заманындағы қазақ руханиятына балта шабу үрдісі қазақтың күйінің тарихын да айналып өтпегені анық. Бұл тұрғыдағы зерттеулерге көз жүгіртетін болсақ, кеңестік кезеңде қазақтың тыйым салынған бірқатар күйлерінің жойылып кеткендігін көруге болады. Оның себебін ғалымдар ол күйлердің дені діни бағытты арқау еткен күйлер деп түсіндіреді. Оның ішінде көбісі сыбызғы мен қобызбен орындалатын күйлер. Ол күйлердің бірқатары жойылса, кейбірінің аттары да өзгерген. Күйлердің өзі ғана емес, сол күйлердің талайлы тарихына да қатысты мәселелерді айтуға, насихаттауға рұқсат берілмеген.
Әдетте, халықтың жүрегінен орын алып кең таралған әндердің авторын есте сақтай бермей халық әні деп жаттайтынымыз белгілі. Сол секілді әрбір қос ішекті домбыраны қолына алып ұстаған қазақ баласы шертіп, тарта алатын күйлерді халық күйлер деп атаймыз. Қазақтың өткен тарихында көптеген тұлғалардың өмірден өткені белгілі, олардың барлығы қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңіргені аян. Сол тұлғалардың денінің күйлерін бүгінде халық күйінің сапына қосуға болады. Күйшінің шығарған күйі халық жүрегінен ойып тұрып орын алғанда халық күйшіні емес алдымен күйдің атын алдыға оздыратын болған. Яғни, күйшіні оның шығармасы арқылы танып жататыны бар. Ол әрине, автор үшін қуанарлық жағдай. Ондай бақыт кез келген автордың да басына бұйыра бермейтін бақ болса керек. Мәселен, қазақ күйшілерінің ішінде белгілі «Ақсақ құлан» атты күйді шығарған атақты Кетбұғаны осы тізімге қосуға болады. «Ақсақ құлан» Кетбұғаның атын өшірді. Атын өшірді дегенде әдіптеу мағынасында айтылып тұр.
Сөйтіп «Ақсақ құлан» нағыз халық күйіне айналып үлгерді. Яғни, «Ақсақ құлан» Кетбұғаның күйі ғана емес халық пен тыңдарман арасына көп тараған халықтың күйі болды.
Күйдің құдіретін адамдар әр заманда әр қилы түсінген. «Ақсақ құланның» халық күйі деңгейіне көтерілуінің бір себебі ол Шыңғыс ханға Жошының өлімін естірткен құдіретті саз ретінде де халықтың жүрегінен орын тепті. Жоғарыда әр заманның көрінісі қазақ күйінің даму тарихына әрқилы әсер еткенін айттық. Бұл үрдіс кейінгі кезде де толыққанды кете қоймады. Зерттеушілер отаршылдық езгісінен тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ғана кең тыныстап айта бастады. Өйткені, қазақ күйінің дамуына ол кезде неге тыйым салынды. Ол кезде де күй қазақтың жазба әдебиеті сияқты саяси рөл атқарды. Қазақтың күйі музыкалық жанр ретінде ғана емес, саяси астарды әшкерелеген саздың қаруы ретінде де дами бастады. Мәселен, сол кездерде отаршылдық асыра сілтеу саясатына қарсы шыққан күйшілер легі қалыптасты. Ол күйшілер де халықтың санасын оятып, руханиятын түлетуге халқымыздың басқа да зиялы қауым өкілдері сынды асқан жанкештілікпен үлес қосты. Кеңес заманындағы озбырлықтан бөлек қазақ күйлерінде Кенесары хан бастаған еркіндік күресіндегі өмірге келген күйлердің негізгі оқиға желісін айтуға да рұқсат болмаған.
Қазақ күйшілерін азаттық жолында күрескен деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл сөзімізге «Бестөре» аталатын күйдің оқиғасы нақты дәлел бола алады. Аталған өнер туындысының негізгі мазмұнында Қасым ханнан қалған бес бөрі тәуелсіздікке ұмтылып, арындап еркіндік сұрайды. Шарқұрып орыстардың отаршылыдығына қарсы ұмтылады. Сол жолда күреседі. Олар Ақмола обылысы маңындағы бекіністерді өртеп те жіберген. Ол заманда осылар туралы ашық айтуға мүмкіндік болмаған. Бүгінде еліміз өзінің еркіндігін алып, Аллаға шүкір еліміздің руханият өнерінің өткені мен бүгіні түгенделіп жатыр. Қазақ барда күй өнері бар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да зерттеушілер мен жас зерттеушілер тарапынан қарқынды қолға алына береді деген нық сенімдеміз.
Бүгінде қазақтың күйі, оның шығу тарихы, күйдің түрлі мектептері арнайы зерттелініп, еліміздің музыкалық білім ордаларында арнайы пән ретінде оқытылып, музыка мамандары ұлтымыздың рухани мұрасын жетілдіруге айрықша еңбек етуде.
Перизат ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,
педагогика магистрі.
«Ақ жол» газеті.


