8 рет оқылды

 

Біраз жыл бұрынғы Мәскеу сапары қаз-қалпында еске түскені.

***

Мәскеу қаласы үшін жан алысып, жан беріскен атақты 8-ші дивизияның қаһармандары, Кеңес Одағының Батырлары генерал-майор Иван Васильевич Панфилов пен полковник Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнату жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындауға жамбылдық басшылар қауырт кіріскен.

Ер Баукеңнің ескерткішін орнату жөніндегі ой о баста Мәскеудегі «Мұрагер» мәдени орталығының төрағасы Жәнібек Елекбаев пен Халықаралық Жазушылар одағы ұлттар әдебиеті бойынша атқару комитетінің төрайымы Тұрсынай Оразбаевадан бастау алыпты.

Сол ескерткіш Жеңістің 60 жылдығына орай дайын болды. Дайын болғанда, Волоколамскі басшылығы қала ортасынан орын тепкен мемориалдағы батыр-боздақтардың аты-жөндері жазылған тұғыр тастарды цементпен сыламақшы болған екен, Момышұлы мен Панфиловқа ескерткіш орнатуға барған жамбылдық сәулетшілер мен құрылысшылар оларды да Қордайдың қызыл гранитімен әрлеп, жалтыратып берді.

Мәскеуден батысқа қарай созылған атақты Волоколамскі тас жолының бойы орман, тоғайға толы. Жасыл жазықтар мен дөңдер де көз суырады. Көлшіктер де бар. Қарағайдан қиып салған ескі үйлер 1941-ші жылдың қаһарлы күзін еске түсіреді. Баукеңнің баласы Бақытжан мен келіні Зейнеп батыр жазбаларынан белгілі деревня аттары ұшырасқан сайын елең етіп, тарихи оқиғаларды еске алып, толқи сөйлейді. Жаны нәзік жеңешеміз көзіне кеп қалған жасты орамалының ұшымен сүртіп қояды. Бақытжан ағамыз Баукең сияқты маңғаз, сабырлы. Жеңешеміз он рет сөйлегенде, ол бір рет те жақ ашпайды. Атылмаған жанартаудай айтар ойы жандүниесінде бұғып жатқан сияқты. Біздің де жандүниеміз астан-кестең.

Ресейліктер Нелидово селосынан 28 панфиловшыға арнап музей ашыпты. Екі елдің тарихи жадына ортақ музейге қойылған экспонаттардың көбісі Қазақстаннан әкелінген. Оған ҚР Ресейдегі елшілігі мен Мәскеудегі қазақ диаспорасы көп ат салысқан көрінеді. Нелидово селосынан ат шаптырым жердегі Дубосеково разьезінде 28 панфиловшыға арналған алып монумент менмұндалайды. Биік дөңнің үстіне орнатылған алты арыс (жауынгер) қадау-қадау боп,  алысқа көз салып тұр. 6 саны – панфиловшылар құрамының 6 ұлттан тұратынын білдіреді екен.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қызыл алаңдағы 60 жылдыққа арналған шеруден кейін кейін осы Дубосеково разьезіндегі алып ескерткішке гүл қойып, ерілік пен елдіктің ұранына айналған батырлардың рухына тағзым етті. Сап түзеген қатаң күзет жақындауға мүмкіндік бермегендіктен алыстан көргенімізге шүкір дедік. Елбасы одан кейін Нелидово селосына кеп, 28 панфиловшының музейіне ат басын бұрды. Елбасы мұнда генерал-майор Панфиловтың қызы Мая Ивановнамен және батыр Баукеңнің ұлы Бақытжан мен батырдың келіні Зейнеппен жолығып, тұлпардың тұяқтарына ескерткіш заттар сыйлады. Батыр Баукеңнің ұлы Бақытжан Елбасынан алтын сағат алса, Панфиовтың қызы Мая апай қазақтың ұлттық нақышымен өрнектелген қымбат әшекей бұйымдарына қатты қуанып қалды. Гүл шоғына да шүкір дейтін қарапайым халықтың өкілі мұндай бағалы сыйлықты күтпесе керек сірә.

 

— Мінеки, заман түзеліп келеді, — деген қазақтарымыз сонда өздеріне құрмет көрсеткен Волоколамскі тұрғындарына қарап, – заманмен бірге елдің әлеуметтік жағдайы да жақсаруда. Қарттар мен жастарға жағдай жасалып жатыр. Екі елдің арасындағы достыққа да сызат түскен жоқ. Түсірмейміз де. Жеңіске деген құрмет — соғыс және еңбек ардагерлеріне деген құрмет! 28 панфиловшының ерлігі жастарға үлгі. «Ресей ұлан-байтақ, бірақ шегінерге бір қадам жер жоқ, артымызда Мәскеу» деп бүкіл жауынгерлерге ұран тастаған Панфилов, Клочков және Момышұлының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бірақ, өкінішке қарай, қазақ халқының мақтанышына айналған қаһарман Бауыржан Момышұлына көпке дейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей келгені белгілі. Сондықтан мен тоқсаныншы жылы Горбачевке хат жазып, сол атақты алып беруге тікелей ат салыстым. Өйткені, 28 панфиловшы мен Ер Баукеңнің ерлігі бүгінгі достығымыздың да алтын көпірі болып қала бермек…

Мәскеу облысының губернаторы Б. Громовтың жылы лебізі де әлі күнге дейін есте. Жеңіс туралы ойларын ұлттар достығымен байланыстра кеп ол:

— Қаһарлы соғыс кезінде жауынгерлер кімнің қандай ұлтқа жататынына қарамай, бір-бірімен дос, бауыр және жолдас боп кеткен еді. Қазақтардың Волоколамскіге жасаған арнайы сапары сол достықты одан ары нығайта түседі. Біз 28 панфиловшы мен батыр Бауыржан Момышұлының ерлігін әрқашан мақтан етіп, ержүрек қазақстандықтардың патриоттығын ұрпағымызға үлгі, өнеге ете береміз, — деген.

 

Мәскеудегі қазақ диаспорасының көшбасшысы Жәнібек Елекбаев Қазақстаннан келген қонақтарға үш күн бойы тік тұрып қызмет жасады. «Егемен Қазақстан» газетіне  «Ер Баукеңнің қызы Елена» деген «айқайлаған» тақырыппен мақала жазам деп Бақытжан көкем мен Зейнеп жеңешемді аз-кем «өкпелетіп» алған екем, «шәй орамал кепкенше» деген, қабағымыздың қырыс-тырысы жол-жөнекей жазылып жүре берді.

Мәскеу іргесіндегі орман арасында Жәнібектің үлкен үй-жайы бар, ауласынан шөккен нардай боп қазақтың ақшаңқан киіз үйі зорая көрінеді. Киіз үй іші кірсе шыққысыз. Дастарқан басындағы әңгімені Бақытжан бастаған. Бәкең реті келгенде Зейнеп жеңгеміздің «лидерлігін» әдемі әзілмен «шымшылап» алады екен.

— Бірде Қызылорда қаласындағы «Күрішшілер сарайында» үлкен кездесу болды. Ол кезде «творчестволық есеп беру» деген бір «мода» шыққан. Дүкенбай сол сапарға бізді де қоймай ертіп апарды. Кездесуде бір ақсақал шықты да, өңірі толған орден-медаль екен, Дүкенбай екеумізге менсінбей қарап:

— Дүкең мен Бәкеңнің көңіліне келмесін, мен Зекең туралы сөйлеймін, — деді. — Зекеңі – Зейеп, қарасам, Дүкенбайдың ерні көгеріп бара жатыр. Сонда мен «Оу, аға, Дүкеңді білмеймін, ал мұндайға менің құлағым да, етім де үйреніп кеткен. Туғаннан «тұлпардың тұяғы», «алтынның сынығы» деп келеді, ал мына Зейнептің кітабы шыққалы бері «Зейнептің күйеуі» деген «дәрежеге» де жеттім. Сондықтан көпшіліктің алдында уәдемді берейін, бұдан былай бұл Зейнептің атына кір келтірмеймін, — деп ем, бәрі ду күліп жіберді.

Көп тыңдап, аз сөйлейтін Бақытжан көкем «снайпер» сияқты, отырып-отырып ұрымтал тұс келді-ау деген тұста айтатынын бір-ақ тарс еткізеді. Біраз күліп алған Бәкең жеңгеміз жайлы айтпағын одан әрі жалғады.

— Сол кездесуден кейін аудандарды аралай бастадық.  Шиелі, Жаңақорғаны бар, әйтеуір, барған жерімізде бәрі келісіп алғандай Зейнепті «келіндерің символы» дейді. Ана жерге барсақ та «символ», мына жерге барсақ та «символ». Соңғы кездесу — Сырдарияда болды. Ол жерде де «символ» деп келе жатыр еді, мен шыдай алмай сөздерін бөліп:

— Кешіріңіздер, енді көзім жетті, «Қызылорданың үш «символы» бар екен. Ол – Маса, Шеңгел және Зейнеп» деп ем, кездесуге жиналғандар ду күліп жіберді…

Жәнібектің Мәскеу маңындағы киіз үйінде гуілдесіп отырғандар да ду күлді. Аға тапқырлығын растап жеңге жаны да жаз боп кеткен. «Бәріңді біраз желпінтіп алдым ғой, сол да жетер» дегендей, Бәкең ендігі сөзін салмақтай сабақтаған.

— «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп» дегендей, атойлап ұрыс салған жерінен әкемізге ескерткіш ашылып, оның құрметіне президент келіп қатысып, оның соңы  Жәнібек бауырымыздың үйіндегі дастарқанға ұласып, ақ түйенің қарыны жарылып жатқан соң көңілді отырайық деген уәж ғой. Осылай басымызды қосып, шүйіркелесіп, күліп отырғанымыз батыр әкелер ерлігінің арқасы. Құдай ендігі ұрпаққа соғысты көрсетпесін! Шейт кеткендердің рухы мен тірі жүрген қарт жауынгерлердің ақ тілегі қолдап жүрсін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын, бүлдіршіндер бақытты болсын! Өмірлі болсын! Орыс елінің орталығынан киіз үйді көргенде, жүрегім жылып, толқып кеттім. Керемет, қазақ туырлығы мен түндігінің иісі Мәскеу орманы ішінен де бұрқырап тұр. Ел-жұртымыз аман болсын! Ел ішінде біз де аман болайық!

Бақытжан көкем «осымен мен болдым» дегендей әңгімесін кілт доғарып, томсырая қалды да кезекті, өзі айтпақшы, «келіндердің символы» — жеңгеміз Зейнепке берген.

— Бір кісі менің ата туралы жазған «Шуақты күндер» атты кітабымды алып, келініне сыйлапты да: «Мә, балам, мынаны оқы. Баукеңнің келініндей бол!» депті. Ол да атасымен әзілі жараса беретін келін болса керек:

— Баукеңнің келініндей болу үшін, Баукеңдей қайын ата керек қой, — деп салыпты.

— Сол секілді жүрген жерімде мен де шынымды айтып жүрем: бүгінде біреуге Бәке, біруге Зәке боп, біреуге аға, біреуге жеңеше боп, төрден орын бұйырып жүрсе, соның барлығы атаны сүйген, атаны арақтаған ел-жұртымыздың шапағаты. Әйтпесе, мынау қазақ  деген іргелі елдің ішінде мені мың орап алатын небір керемет аналар мен келіндер бар. Менің бақытым сол, атаның шаңырағына келін боп түсуім. Аз уақыт болса да қолына су құйып, шәйін қайнатып беруім. Бүгінде соның шарапатын көріп жатырмын. Құдайға шүкір, үлкен отбасында өстік, тәрбие алдық, одан кейін университетте оқыдық, бірақ, шынымды айтсам, сол университетте бес жыл оқыған сабағым қазір есімде жоқ. Ал, бірақ, атаның алдында тапсырған сынағым, ата университеті –  академияға бергісіз болды. Бүгінде жастарға айтып жүрген өнегем де, үлгім де, шындап келгенде, ата өсиеті. Қазір ойлап отырсам, қайран атам, «мен бұған айтайын, бұл өзінен кейінгіге айтсын» деп кеткен екен ғой, көрегендікпен.

Бәкең мен ата арасындағы қарым-қатынас, шындығын айтсам, шетіндеу болатын. Екеуара отырып лезде шарт-шұрт ете қалады, лезде татуласа кетеді. Бәкең де өлермен, әліне қарамай атаға сөз қайтарады, содан кейін ата «пошел вон, дурак» деп қуып шығады. Кейде күлсалғышты лақтырып кеп жібереді. Ал мен үндемей құтыламын. Өйткені қосақ арасында қоса кеткеннен ауыр нәрсе жоқ. Одан да не болса да үндемей құтылған жақсы. Кейде Бәкең «ой, зараза, қалай ішің жарылып кетпейді, ей, сенің» деп қалжыңдайды.

Атаның ұлылығы сол, өзі кінәлі болған кезде, бала екеш баладан да кешірім сұраудан арланбайтын еді! Кейде маған да қатты айғайлап жібереді. Мысалы, «жоғал, көзіме көрінбей!» деген сияқты. Сол кезде көзіне түспеуге тырысып, «кетіп» қаламын. «Кетіп» қалғанда, балкон жақта бірдеңе істеп жүрем, біраздан кейін өзі келеді де «балам, мен кішкене артықтау кетіп қаппын, сен ренжіме» дейді. Алғашқы кезде талай жылағам, бірақ кейін атаның келін екеш келінінің алдында да қателігін мойындауы — ұлы тұлғаның алдында бас игізді.

Мінеки, бәленбай мың шақырым жерден Мәскеу мен Волоколамскіге сол ұлы тұлғаның атақ-даңқының арқасында келіп отырмыз. Ештеңе жайдан жай болмайды. Атам марқұм: «өмір деп, ғұмыр деп әсірелей кереметтеп жүргендерің кірпікте дірілдеп ілініп тұрған бір тамшы жас» дейтін. Кірпікке ілінген бір тамшы жас түнде тамып кете ме, күндіз тама ма, ерте тама ма, кеш тама ма, ол пендеге белгісіз, бір Аллаға аян. Байқап қарасаңыздар, қай-қайсымыздың да өміріміз сол кірпіктегі бір тамшы жас, қай күні тамып кетерін білмейміз. Бірақ пендешілікпен «ертең сөйтем, бүрсігүні бүйтем» деп сөйлей береміз.

Лұқпан хакім, рас болса, мың жасапты дейді. Бірақ ол кісі өмірінің осындай мағыналы сәтін бір жасқа балаған екен. Кремльде елу жыл «сүр» боп жатқан атаның «Жұлдызын» тәуелсіздігіміздің арқасында жұлып алып бергенде, Аллаға ризашылығымызды айтуымыз керек, елдің қуанышында шек болған жоқ. Сонда аз сөйлесе де саз сөйлейтін Бәкең: «тілек халықтыкі болды» деп еді. Шынында, халықтың қалауы орындалды! Өйткені о дүниелік боп кеткендіктен атаға Жұлдыздың керегі жоқ болатын, кәстөмінің өңіріне де қадап, сүйсініп қарай алмады, бірақ сол Жұлдыз жарқырап кеп халықының жүрегінен орын алды. Халықтың мерейі өсті. Елбасының жеделхатындағы «Баукең Жұлдыз алған күн – Халықтың жұлдызы жанған күн» деген әдемі сөзді біз ешқашан ұмытпауымыз керек.

Осыдан біраз жыл бұрын Волоколамскі тас жолының бойындағы тоғай арасындағы қазақ киіз үйінде, міне, осындай ғибратты әңгіме болып еді. Одан бері Жеңістің 65 жылдығын да, Ер Баукеңнің туғанына – 100 жыл толуын да атап өттік.

Сол соғыста неміс-фашистеріне қарсы орыс ұландарымен бірге қазақ бозымдары да қасық қандары қалғанша шайқасқаны белгілі. Оның тамаша үлгісін қазақ жерінде жасақталған 8-ші Панфилов дивизиясының жауынгерлері көрсетті. Ә дегенде Алматы қаласында қазақстандық бозымдардан 316-шы атқыштар дивизиясы боп жасақталған дивизияға Мәскеуді қасық қаны қалғанша қорғаған ерліктері үшін «8-ші гвардия дивизиясы» деген атақ беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталғанын да тарихтан жақсы білеміз.

Бүгінде Нелидово, Дубосеково, Гусеново маңында болған қиян-кескі шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың қолбасшылары Бауыржан Момышұлы мен Иван Васильевич Панфиловтің Волоколамскі қаласының қақ ортасына орнатылған ескерткіштері соғыс жылдарындағы сұрапыл күндер ерлігін ұлықтауға шақырып, қасқайып тұр.

 

«АТА АЙҒАЙЫНЫҢ АСТЫНДА ҮЛКЕН ТӘРБИЕ ЖАТАТЫН…»

Әңгіме  иесі Батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова

АТАНЫ АЛҒАШ КӨРУІМ

— Ең басынан бастасақ. Момышұлы әулетімен алғашқы таныстығыңыз қалай басталды?

-Жасымыздан қазақтың атақты жазушылары жайлы естіп, әсіресе, олардың шығармаларын оқып өскен адамбыз. Құдайға шүкір, өсіп-өнген, көзі ашық, сауатты отбасында бойжеттім. Әкем — дәрігер, шешем де оқыған, зиялы адамдар болғандықтан отбасымызда Александр Бектің «Арпалысынан» бастап, түрлі дастандар мен хиссалардың неше түрі болатын. Ата туралы аңыз әңгімелерді көп естігендіктен бе екен қиялымда ол кісіні «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» баяғының батырларындай өзімше бір керемет бейне жасап алғам. Кейін ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсіп, студент боп жүрген кезімде, 1963 жылы болуы керек, университетте атамен кездесу болды. Қателеспесем, ата соның алдында ғана Кубада болып келді. Шетелге бару деген ол кезде сирек жағдай. Жәй турист ретінде барса да бүкіл бір мемлекеттің қадірлі қонағына айналып кетпеді ме ол кісі.

Содан университеттің үлкен залы, Киров көшесі дейтінбіз ол кезде, сол жерде, лық толы студенттердің ортасына таман отырғам, бір кезде келді. «Ойпырмай, мына кісі де біз сияқты адам екен ғой» деймін ішімен. Бірақ адамға сонау жерден қарағанның өзінде көзіндегі от сұмдық көрінеді екен. Әңгімесін ұйып тыңдадық, сұрақ қоятындар сұрақ қойып жатты. Менің атаны бірінші көруім сол жолы болды.

БАҚЫТЖАНМЕН  ТАНЫСУ

-Содан кейін университетті де бітірдік дейсіз ғой.

-Иә, сыртта бір жылдай жұмыс істеп келдім. Әке-шешемнің үйі Аламты қаласының қасындағы «Горный Гигант» деген ұжымшарда болатын. Әкемнің Шонжы қаласында тұратын досының қызы бар еді сол үйге қонаққа келіп қалды да әңгіме үстінде «мына жерде менің нағашы апам тұрушы еді, кіріп шығайықшы» деп қоймады. Қонаққа келген қыз болғаннан кейін «мақұл» дедім. Өзі ақкөңіл болатын. Бардық. Апайының қаланың адамы екені көрініп тұр. Амандасып едім, жаңағы қыз «сен мына жаққа бара бер» деп мені есігі ашық тұрған бір бөлмеге кіргізді де жіберді. Төсекте әппақ қағаздай боп кеткен бір жігіт кітап оқып жатыр. Қысылып қалдым. Ол да ыңғайсызданды. Не шығып кетерімді, не отыра беретінімді білмей, сасып қалдым да амандастым. Ол да амандасты, бірақ қызарып кетті. Алдында әппақ боп жатқан адам… Орнынан тұра алмаса да, аяғын жинамақ болды ма, әйтеуір, әрекет жасады. Сөйтсем операциядан кейін төсекте жатқан кезі екен, оны кейін білдім ғой. Үстелдің үстінде жазу мәшіңкесі тұр, мәшіңкенің қасында Шерағаңның «Табылған теңіз» деген кітабы. Әлгі кітап маған сылтау болды. «О, мен мына кітапты оқығанмын» дедім сасқанымнан отыра қалып. Сөйтіп едім «иә, мен оны аударып жатырмын» деді. Сөйтіп Бақытжан екеуміздің алғашқы әңгімеміз өзімнің болашақ қайнағам Шерағаңның кітабынан басталды.

— Нағашы апасының үйіне ертіп барған қыз жол-жөнекей Бақытжан туралы айтқан жоқ па?

-Жоқ, тіпті, ол жігіттің кім екенін де білгем жоқ. Сөйтсем әлгі апай Бақытжанның да нағашы апасы екен. Аты-жөні Бибінұр Нысанқызы болатын. Бақытжанның анасы Бибіжамалдың туған әпкесі. Ол кезде Бақытжанның анасы қайтыс болып кеткен. Әсілі, өзі Бақытжан көбінесе нағашыларының — қаракесектердің қолында өскен адам. Сол апа Байжарасов дейтін бір кезде мықты журналист болған, Тұрар Рысқұлов туралы ең алғаш рет жазған адам, Шерағаң кітабында айтады ғой есіңде ме, сол кісінің жұбайы еді, бірақ ол кісі де қайтыс болып кеткен ол кезде. Сонымен Бақытжан нағашы апасымен бірге тұратын.

-Сонда осының бәрі Бақытжан екеуіңіздің танысуларыңзға ықпал ету үшін жасалған ба?

-Жоқ, жәй барғанбыз ғой. Содан кейін шәй ішіп отырған кезде «ой, айналайын кімсің, анау-мынау?» деп жөн сұрай бастады, ол кезде арқама түсетін қос бұрымым бар, «ой, шашың әдемі екен, әлі күнге дейін шашыңды кеспей жүрген жақсы бойжеткен екенсің» деп, қояды. Мен ол кезде «Бақытжан кім, кімнің баласы» ол жағын түк білген жоқпын. Бірақ, бір байқағаным, ой, алла-ай, көзі дегенің ботадай, ал кірпігі ұп-ұзын боп төгіліп тұр енді. Содан апаймен қоштасып, бері шыққанда жаңағы ақкөңіл құрбым «нағашы апамның үйінде жатқан біздің жиен, ол бәленше (Зейнеп жеңгеміз атасының атын атамады) деген кісінің, Момышұлының баласы» деді.

-Құрбыңыздың аты кім еді?

-Оның аты да Бибінұр болатын. Бірақ менің түк ақылыма симайды. «Сондай атақты адамның баласы нағашы апасының үйінде неғып жатыр?» деймін ғой. «Жақында ғана операция жасатқан, ауруханадан шықты» деп түсіндірді. Өйткені ол дастархан басына таяққа сүйеніп келіп отырды.

-Сонда қанша жаста еді?

-Қазір айтайын, бұл 1967 жыл болатын,ол  өзі 1941 жылы туған, сонда есептей бер…

-26 жаста екен.

-Алматыда «Столичный» деген дүкен бар еді ғой, апа сол жерге жақын Байсейітов-Калинин көшесінің бұрышындағы үйде тұратын, бір жолы сол дүкенге бір зат алуға барған кезімде әлгі апайды кездестіріп қалдым. Қолында сүт, айран салған сөмкесі бар екен, есігінің алдына дейін көтеріп апарып беріп ем, «жүр, шәй іш» деп қоярда-қоймай үйіне ертіп кірді. Сол кезде Бақытжанды екінші рет көрдім. Онда да ортамыздағы әңгіменің бәрі әдебиет болды.

-Сіздерді табыстырған әдебиет болды ғой онда.

— Әдебиет болды. Ең бірінші ағаның «Табылған теңізі», одан кейін қағынып өлең жазатыным да бар болатын. Кейін қойдық қой, «жаман өлең жазғанша, жақсы өлеңді оқыған дұрыс екен» деп. Сол әдебиетті, жаңа шыққан кітаптарды сөз еттік, апа да «айналайын, келіп-кетіп жүрсейші, мынау балам үйден шықпайды, көп жүре алмайды» деп жатыр. Бірақ келген жоқпын. Бірақ тағы бір жолы апамен көшеде кездесіп қалдық. Кездескенде… бұл жолы қасында баласы болды. Дәрігерден келе жатыр екен. Әйтеуір осылай басталып кетті ғой.

ҚЫЗ КЕТЕТІН КЕЗДЕ ЕШНӘРСЕГЕ ҚАРАМАЙДЫ

-Содан…

-Содан біраз күндер өте берді. Бір жағы таңғалам, атағы жер жарған адамның баласы зейнеткер кемпірдің құртымдай екі бөлмелі пәтерінде тұрады. Сөйтсем, Бәкеңнің шешесінен қалған кішкентай болса да өз үйі бар екен, бірақ қарайтын адам болмағаннан кейін, ауруханадан кейін нағашы апасымен бірге тұрыпты. Бақытжанды кішкене кезінде де осы нағашы апасы көп бағыпты.

-Осыдан кейін көп ұзамай үйлендіңіздер ме?

-Жеме-жемге келіп Бақытжан екеуміз басымызды біріктірейік деген кезде… менің бауырларым қарсы болды. Түгел. Ол кезде әкем қайтыс болып кеткен. Үлкен бауырым Кеген ауданындағы дәріхананың бастығы болатын. Біздің үйдің адамдарының көбісі медиктер болып келетін. Сол тулап, тас-талқаны шықты. «Оның әкесі көп әйел алған, сен менің жалғыз қарындасымсың» дейді. Шешем он құрсақ көтеріп, тоғыз ұл, бір қыз сүйген адам. Кей балалары жастай шетінеп, қалған бесеуіміз аман өстік. Сөйтіп мен төрт ұлдың ішінде жалғыз қыз болдым. Алдымда үш ағам, ал өзімнен кейін бір інім бар. Солардың бәрі қарсы шықты. Бірақ қыз кететін кезде ешнәрсеге қарамайды. Мені қазір де айтып отырамын «айналайын, қыздың жолын бөгемеңдерші» деп. Сонымен қойшы, апа атаға «балаң үйленем деп жатыр» деп айтыпты. Ол кісі «Апа, енді бала сіздікі, өзіңіз үйлендіріңіз» деп, біразырақ қаражат беріп «Мен өзім Мәскеуге, Малеевкаға кетіп бара жатрымын» депті.

-Малеевка — шығармашылық үйі ғой. Чеховтан бастап Шыңғысқа дейінгі атақты ақын, жазушылардың көбісі сонда демалып, жұмыс істеген…

-Иә, байқасам Бақытжанды «әкем тойда болмайтын болды-ау» деген сияқты нәрселер өкіндірмек тұрмақ, оның, тіпті, ойына кіріп те шықпайды. Сөйтсем, әке мен бала бір-бірінен «шет жайлап, қиыр қонып» жүріп өздері осыған үйреніп қалған екен.

-Сонда сіз Бақытжанның нағашы жұрты… Бибінұр апаның үйіне келін боп түстіңіз бе?

-Иә, сол үйге келін болып түстім.

-Алматы — үлкен қала. Оның үстіне апаңыз орталығында тұрады екен. Келін боп түскен кезіңізде беташар жасады ма сізге?

-Жоқ, ол кезде кеңес өкіметінің кезі, ештеңе болмады. Содан кейін Бәкеңе айтам да «сендердің туысқандарың жоқ па, жарайды, сенің әкең тойда болмай-ақ қойсын, бірақ сенің туысқандарың бар емес пе» деп қоймаймын. Сөйтіп өзім бірге еріп барып жеделхат салғыздым.

-Жуалыға ма?

-Жуалыға, өкінішке қарай, ешкім келген жоқ. Қазір көбісі өмірден өтіп кетті. Кейін барып араласты. Атаның нағашысы да кейін бізді өз іздеп тапты. Рахметхан көкем. Келесі жылы тоқсанға келеді.

-«Музей апа» ше?

-Мен келгенге дейін «Музей апа» қайтыс боп кеткен екен. Содан кейін барып апам бізді өзіміздің үйімізге жіберді.

— Өзіңіздің үй болғанда?..

-Бақытжанның анасының үйі. Кәдімгідей отау үй болып тұрдық.

-Екі бөлмелі ме еді?

-Екі бөлмелі болатын. Бұрынғы көрме, қазіргі «Атакент» сол жердегі шағын ғана әп-әдемі екі бөлмелі үйі болды Бәкеңнің. Сол кезде ата келді. Оны мен «Шуақты күндерде» жаздым…

«ЧЕРНОВИК» НЕМЕСЕ ҚАЙЫН АТАНЫҢ АЛҒАШҚЫ СЫНАҒЫ

-Енді соны өз аузыңыздан естісек?

-Ол кезде сендер жас болдыңдар, білесіңдер ме, білмейсіңдер ме, қалай егін орағы басталды солай көшпелі редакциялар солтүстіктегі астықты өңірлерге баратын. Бәкеңнің «Огний Алатау» газетінде қызмет істеп жүрген кезі, сондай көшпелі редакциямен Целиноградқа кетіп қалған. Үйде жалғызбын. Алдында, анау үлкен ағайым тұратын жерде, Кеген аудандық оқу бөлімінде мектеп жасына дейінгі балалардың инспекторы дейтін жұмыс істеп, әрі кешкі мектепке сабақ беріп жүргем. Тұрмыс құрғаннан кейін біржола келдім ғой Алматыға. Келгеннен кейін жұмыс бірден табыла қоймай, оның үстіне жаңадан үйленген соң үйде болатынмын.

Түс кезі. Шәй дайындап, енді ішейін деп отырғанымда есік сынып кетердей тарсылдады. Тарс, тарс, тарс… Зәрем ұшты енді. Тапа-тал түстің кезі, бірақ енді сұмдық қорықтым. Есіктің алдына барып, даусым зорға шығып «Бұл кім?» деппін ғой. Сөйтсем «Бұл – мен! Атаңмын! Бар киін!» деді.

Түкке түсінбеймін. Енді жалаңаш жүрген жоқпын ғой, үстіме қараймын, халатым бар. Бірақ «киін» дегеннен кейін асып-сасып жүріп әлгі халатты шешуді ұмытып сыртынан жеңі ұзын көйлек киіп, басыма орамал, аяғыма шұлық киіп алыппын. Жаздың күні болса да. Сосын есікті аштым да «нартәуекел» деп сәлем жасадым. Өйткені шешем, «үлкен кісілер қаласын, қаламасын сәлем жаса» дейтін. Сөйтіп едім қолын болар-болмас басыма тигізіп, «Бақытты бол, балам!» деп ішке қарай өтіп кетті. Қасында бір ағай болды. Кейін білдім, ол Мекемтас ағай екен. Мырзахметов. Содан тездетіп дастархан жасап, шәй беріп отыр едім «Черновик қайда?» деді. Сөзінің мәнісін түсінбей «Черновигі несі?» деп үндемей отырып қалдым. Соны сезді ме «Момышұлы екіншіні айтам» деді. Зәрем ұшып отырмын, өйткені атамен бірінші рет бетпе-бет келіп тұрмын. «Целиноградқа кетті» деп айтамын дегенім болуым керек «Целиноградқа ұшып кетті» дедім. «Самолетпен кетті» дегенді айтайын дегенім болса керек, солай деп ем «тоже мне птичка божия» деп дүрс етті. Содан кейін «ол сияқты қаланың жалқауларына елге барып, еңбек адамдарымен араласқан пайдалы» деді. Шәй құя бастам ем «маған сүт қатпай, қарадай құй» деді. Імм, бұл әдетін есте ұстау керек екен дедім. «Мынау менің інім Мекемтас Мырзахметов деген сенің қайнағаң болады» деді. Қайынатаң қайынағаңды таныстырып жатқанда не істеу керек екенін де білмеймін, қайтадан орнымнан тұрып, сәлем жасадым.  Үндемей отырмын төмен қарап. Бір уақта «Немен қоректеніп жүрсің?» деді. «Апам келіп тұрады, тамақ бар үйде» дедім.  Сөйтіп ем «Тамағың бар шығар, бірақ мынаны ал» деп, алдыма ақша тастады. Сыпайылық танытайын дедім бе, білмеймін, «рахмет, ақша бар үйде» деп ем, «Ал!» деп ақырып жібергенде қорыққанымнан бас салдым жаңағы  ақшаны. Бір кезде қалың киімнен пысынап барам, жотамнан тер ағып жатыр. Содан кейін ағаға қарады да «Әй, Мекемтас, нағашыңның үйіне келгендей неғып шалжиып отырсың? Бар, тұр да, такси алып кел» деді. Аға шығып кетті, мен де орнымнан тұрып атаны шығарып салдым. Сол кезде жалт бұрылып қарады, қараған кезде денесімен бұрылады екен, «о, тоба» дедім ішімнен. Содан кейін «аман бол, балам» деді де шығып кетті. Талайға дейін есімді жия алмай, аяқ-қолым дір-дір етіп, отырдым да қалдым. Атамен алғашы таныстық осылай болды. Содан кейін Ержан туылғанда… оны да «Шуақты күндерде» жазғанмын…

АТА СЫЙЛАҒАН ГҮЛ

-Оны да айта беріңіз.

-Ол кезде перзентханаға гүл кіргізбейтін. Сыртта береді. Бірақ мен босанып жатқан палатаға бір құшақ райхан гүлді алып кірді. Гүлді алып кірген қыздың басы гүлден көрінбейді. «Ахметова кім?» деп сұрады. Бірден түсіндім. Ондай нәрсені тек қана ата әкелетінін, ал мына медбикелердің қорыққанынан алғаны түсінікті болып тұр.  Әлгі гүлдерді сол жерде перзентті боп жатқан аналардың барлығына тараттық. Өзім бір-екі талын алып қалдым. Бір жағынан «әй, мынау қандай керемет сыйлық болды, ата бұл гүлдің бәрін менің алмайтынымды біледі, сондықтан оны осындағы аналардың бәріне арнағандай болды-ау» деп ойладым.

-Әкелі-балалы Момышұлылармен бір шаңырақтың астында қанша жыл тұрдыңыз?

-Бәкеңмен 45 жыл отастым. Атаның қолында бес жылдан аса тұрдым.

ӘКЕ МЕН БАЛА МІНЕЗІ

-Менің ол кезде жас кезім. Атаға дейін Бақытжан екеуміз 3-4 жыл бірге тұрып, өмірге үйреніп қалғанбыз. Ата немересін көруге келіп тұратын. Мен баланы көтеріп апаратынмын алдына. Бақытжан… араласа қоймайтын. Өйткені Кәмеш апайдың бала-шағасы болды. Өзінің бұрынғы күйеуінен. Сондықтан ба екен, білмеймін, араласпайтын. Кейін Кәмеш апай қайтыс болды. Ол кезде атаның денсаулығы да нашар болып жүрді. Үлкен ағалар, Шерағаң бар, Жұбан аға бар марқұм, «Бақытжан әкелеріңмен бірге тұрыңдар» деді. Біледі ғой енді бұлардың бөлек жүргенін, бірақ Бәкең «бармаймын» деді.   Мен «Бармасаң барма, онда мен Ержанды алам да өзім кетем» дедім. «Ендігі сын маған қалады. Сенің қарым-қатынасыңда шаруам жоқ, мен қызметімді тастаймын» дедім. Кеңес өкіметінің кезінде жап-жас келіншектің жап-жақсы істеп жүрген жұмысын тастау деген, қазір  ойласам, ерлік екен. Ондағы ойым «Ойбай-ау, енді қызмет, жұмыс деген табылар, бірақ мынандай адамның алдында келін болып жүру кез-келген адамның маңдайына жазылмаған ғой, мен қалай болғанда да осы кісіні күтуім керек, қарауым керек, бұл мен үшін емес, бүкіл қазақ үшін керек адам ғой» дегенге сайды. Оның үстіне анам да соны құлағыма құйды. Сөйтіп баласы мен әйелі кететін болған соң, Бәкең қайда барсын, ол кезде Бәкеңнің отыздан асып қалған кезі. Сөйтіп келдік атаның қолына. Атаның қолына келгеннен кейін  бірінші жылы өте қиын болды. Неге десең, үш Момышұлының басы  қосылған кезде, әкесі, баласы, немересі дегендей, оңай шаруа емес еді. Кейде әкелі-балалы екеуі бір демде шарт-шұрт болады да, енді бір уақытта қарқылдап күліп отырады. Таңғалам. Бақытжан әкесімен «сен» деп сөйлеседі екен. Ашық-ашық айтады, кейде ата «пошел вон, идиот» деп қуып шығады. Енді бір қарасаң қайтадан екеуі түк болмағандай сөйлесіп отырады. Менің бір байқағаным, бұлардың кетісулері де, бітісулері де тез болтын.

-Өткінші жауын сияқты дейсіз бе?

-Иә, борандатып, жауындатып өте шығады да  бірден басылады. Ал енді, мынау, үлкен мәселелерге, рухани әңгімелерге келгенде, әлгі дүниені ұстап тұратын ірі мәселелерге келгенде ойлары бір жерден шыға қалады, бір арнаға түсе қалады. Бәкең ол кезде төртінші операцияға түсіп шыққан болатын. Жалпы, Бәкең жамбас сүйегін жеті рет операциядан өткізді. «Соқыр ішек», жүрек, тағы басқасы бар, ағаң он отадан өтті.

ЗАУАЛ

-Ағаның жамбас сүйегіндегі дерт о баста неден болған?

— Үш айлығында үстелдің үстінен құлатып алыпты. Ата соғыста жүргенде болған жағдай ғой. Ата соғысқа кеткенде Бәкең жеті айлық іште қалған бала. Ата кейін айтты ғой, «балам, қазақтар, мұсылмандар «зауал» дейді, орыстар «карма» дейді, бұл адамның істеген, сенің қиянатың айналып келіп өзіңе, өзіңе болмаса балаңа, балаңа болмаса ұрпағыңа соқпай қоймады. Мені Отан қорғады дейді, мені батыр дейді, бірақ мен қан төккен адаммын. Мен соғыста жүргенде маған тиетін оқ Бақытжанға тиді» деді. «Ойпырмай, осы енді Ержанға тимесе екен» деді. Құдайдың құдыреті бар ғой, атаның айтқаны айнымай келді.  Ата қатты ауырып жатқан кезде, ата қайтыс болардан бір күн бұрын Ержанның көзі «отслоение сетчатка» боп,  көрмей қалды. Ана жақта атамыз қайтыс боп жатыр, мына жақта баламыздың көзіне операция жасалып жатыр. Әйтеуір, Алла сақтады, Ержанның көзін аман алып қалдық. Бірақ содан кейін де бірнеше рет операциядан өтуіне тура келді. Талай жыладым. Біреуге «мен сүйтіп қалдым» деп айтқан жоқпын.

АТА АЙҒАЙЫНЫҢ АСТЫНДА ҮЛКЕН ТӘРБИЕ ЖАТАТЫН

-Ата айғайының астында үлкен тәрбие жататын дейсіз.

Атаны түсінуге тырыстым. Бірақ ол кісіні түсіну деген оңай емес болатын. Ата көп айғайлап, аз мақтап жүріп шыңдаған ғой мені. Мен ылғи айтам, «әй, пышақты өткірлеу үшін де асыл қайрақ керек, ата мені кейінгі күні әділеттілігінен әділетсіздігі басым мынау жалған өмірде кез-келгеннің аяғының астында төселіп жататын төсеніштей болмасын, кеудесі басылмасын деп шыңдай берген екен ғой» деймін. Ал кейбіреулер ата мінезін жете ұқпайды да «өйт» деді, «бүйт» деді, «қуып шықты» деп жазады. Ата бекерден бекер қумайды. Бір жолы Бәкең «папа, неге сен осы адамдарды қуып шығасың? Неге жек көресің?» дегенде «Әй, «Черновик», оттама, мен адамды жек көрмеймін, мен оның қылығын жек көремін!» деді. Атаны сонда түсіндім. Ата содан кейін бір адамды мүлде жаман ғып немесе бір адамды мүлде жақсы ғып тастамайтын. Мысалы, сенің бір сөзіңді мақтап отырып, ал енді келесі сөзің үшін быт-шытыңды шығаруы мүмкін. Ол кәдімгі адамның бүкіл жаратылыс табиғатын ашып отыратын адам. Ол деген барып тұрған ғажап  психолог, көзіңе қарап отырып сенің ішіңдегі бар ойыңды білетін. Мен ойлаймын, «егер ата бұрынғы бір замандарда өмір сүрсе, мүмкін әулие болар ма еді» деп. Өйткені ол кісінің айтқаны келетін.  Мен мысалы үшін атадан ештеңе жасырған емеспін. Неге десең бәрібір біліп қояды. Тіпті, айтпай тұрсаң да «балам, не бүлдірдің?» дейді.

Тұла бойы тұнып тұрған шежіре болды. Содан кейін ата маған ешқашан соғыс жайлы әңгіме айтқан емес. Есесіне, халқымыздың ұлттық құндылықтарын айта берген, айта берген.  Сондағы айтқаны, «балам, мен сені сөз түсінеді деп,  кеудесінде кішкене ашытқысы бар деп айтамын. Мен саған айтсам, сен балаңа айтасың, сонан кейін немереңе жеткізесің, тым болмаса қазақтың қасиеті мынау бір шаңырақта болса да  сақталсын деп саған айтам. Мүмкін сендерден басқаларға таралар» дейтін. Атаның әрбір сөзін жаза бергенім мүмкін менің ұқыптылығым шығар, атаның аманаты боп елдің қолына жетті.

-«Шуақты күндер» кеңес өкіметінің кезінде ерекше бір құбылыстай болды. Әлі күнге дейін іздейді жұрт.

-Ол менің мықтылығым емес, атаның мықтылығы. Атаны сағынып жүрген халық көп, солар ата туралы тағы да бірдеңе естігісі, білгісі келеді.

ҚҰДА МЕН ҚҰДАҒИ НЕМЕСЕ «БІР ТОРТТЫҢ» ХИКАЯСЫ

-Бұл жерде, меніңше, Баукеңнің өмірі оның келінінің аузымен көркем айтылуы оқырмандарды тартты бір жағынан. Сондықтан сіздің рөліңізді де жоққа шығаруға болмайды.  Менің бір сұрайын дегенім, құдаларымен араласты ма ол кісі?

-Араласып үлгермеді. Келді. Әкем жоқ болатын ол кезде. Үлкен ағаммен бірнеше рет кездесті. Ержан туылғанда ата «Горный Гигантқа» барып, қақпадан айғайлай кіріпті. Менің шешем де тапқыр сөзге шебер, былайша айтқанда ешкімнен беті қайтпайтын кісі болатын, «неменеге сонша айғайлайсың, алдыңда неміс тұр ма еді?!.» депті атаға. Сонда атам келіп анамды құшақтап «Әй, мынау нағыз Момышұлына лайық құдағи екен» депті. Атам құдағиымен осылай табысқан.

Қызық болғанда, құда түсетін кезде «Құдалыққа кім барады апа?» деймін, апам «өзім барам» дейді. Мен «апа, олай болмайды, ер адамды ертіп бару керек» деймін. Ата болса Мәскеудің бір жерінде демалып жатыр. Әлия Молдағұлованың ағасы Әубәкір Молдағұлов дейтін ағамыз болған. Әубәкір ағаның Бірімжан дейтін баласының әйелі Алма апаның сіңілісі. Сіңілісі болғанда әкелері бір туған. Апам сол кісіге жабысты. «Ойбай, айналайын Әубәкір, сен жүр енді, Әлияның ағасы деген атағың бар» дейді. Сөйтіп құдалыққа екеуі кеткен. Мен олардың құдалыққа қандай сый-сияпат әкеткенін қайдан білейін, сөйтсем «Сказка» дейтін торт болатын баяғыда, сонау 250 шақырым жерге сол бір тортты көтеріп барыпты ғой апам. Аналар «ойбай, құда келе жатыр, Момышұлы келе жатыр» деп тай сойған ба, көлдей ғып дастархан жайған ба, әйтеуір, улап-шулап ауданның бәрі дүркіреп жатса, бір шал мен бір кемпір кіріп келе жатыр дейді қолдарында торты бар. Мен ылғи Бәкеңе «мен бір тортқа келген адаммын» деп қалжыңдайтынмын. Қазір ылғи қоржын-қоржынмен, бриллиантпен келіп жатқан құдалықтарды көргенде сол «торт» оқиғасы есіме түседі.

ҚАҒАЗ ШИМАЙЛАҒАННЫҢ БӘРІ ЖАЗУШЫ ЕМЕС

-Әке мен бала. Екеуі де жазушы. Бір-бірінің шығармасын оқып, пікір алысушы ма еді?

-Бір қызық жері, «Ой, балаңыз жазушы екен ғой» дегендерге ата «Мен Бақытжанды оқымаймын» дейтін. «Қағаз шимайлағанның бәрі жазушы емес» дейтін менің көзімше. Кәдімгідей өкпелеп қалатынмын. Ал бірақ «мынаны көрші, папа» деп Бақытжан бір дүниесін берсе, оқиды. Оқығанда қалай оқиды. Бақытжан да әкесін оқитын. Содан кейін екеуі пікір алысып отыратын. Бақытжан бірде аңыз секілді бір әңгіме жазды. «Қазақтың нотасын сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз оны оюларына жасырған» дейтін түйін жасайды. Сонда ата «мына ойың өте керемет, өйткені жас кезімде бір кісі киіз үйдің басқұрындағы ою-өрнектерді сүйсіне қарап жүріп, ыңылдап ән салды да, «әуенді басқұр екен» деп айтқанын естіп едім деді.

-Туһ!

-Менің шешем де өрмек тоқитын. Сол кезде әдемі ән айтып отыратын. Ал жібі қалай үзіледі, әні де үзілетін. Жіпті жалғаған кезде жаңағы ән сол үзілген жерінен басталып кететін. Қазір сырмаққа салатын оюды шапанға, бас киімге салып жүр. Бұрын ондай болған жоқ қой. Шапандыкі, қамзолдыкі оқа болды. Бәрінің мән-мағынасы болды. Осы есімде қалыпты. Екеуі көп әңгімелесетін.

«БАСЫНДА БҰЛАҒЫ БАР ӨЗЕН ҰЗАҚ АҒАДЫ»

-Қара шаңыраққа ие болып отырсыз. Осы жылдардағы сіздің қайсарлығыңыз, төзімділігіңіз қайдан? Анадан ба, әкеден бе?

-Жақсы көретін бір мақалым бар. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді. Сол  секілді мен уызымнан жарыған адаммын. Өйткені менің анам өле-өлгенше қазақтың бүкіл-салт дәстүрінің үкісін қисайтпай ұстап өтті. Ол айналасына қарамайтын, кім не десе, ол десін, онда шаруасы болмайтын. Бізді де солай тәрбиеледі.  Маған «жағыз болсаң өзің жалғызсың, қылығың жалғыз емес албасты, мынаны үйрен» деп тұрып, кішкентай кезімнен үйдің тірлігіне де, кесте, тоқыма, нан илеу, нан жаю, бәріне үйретті.

-Анаңыздың аты кім еді?

-Мәлике болатын. Ұлы жүз, Албанның қызы. Нағашыларымның барлығы Кеген, Нарынқол жақтан. Жетпісінші жылы, Ержан бір жасқа толғанда қайтыс болды. Алпыс сегіз жасында қайтты. Әкемнен он екі жас кіші етін. Әкем әскери дәрігер болған. Ол кісінің ұлты түрік қой.

-Сталиннің репрессиясымен келген түріктер ме, жоқ басқа түріктер ме?

-Қаратеңіз соғысындағы, кәдімгі Түркияның, Анадолының түркі. Орыстармен соғыста өте жас, он үш, он төрт жасар бала соғысқа қатысып, оқ тасып, басқа да жұмыстарға көмектесіп жүргенде қолға түскен. Ол өзінше бір үлкен тарих. Бірақ етінің тірілігінен, бір шағын ғана дәріханасы бар еврейдің (өзі «жүкит» дейтін, біз «жөйт» дейміз ғой) қолына түсіпті. Ол түрік тілін біледі екен. Адал қызмет еткен соң, анау әкемді баласындай жақсы көріп, оқыта бастайды. Өзінің туған-туысқаны жоқ адам болса керек, бір күндері кемпірі қайтыс болады да, дүниесін әкеме тапсырады. Бұл Ленинград жақта болған оқиға. Қолбала болып жүргенде дәрі жасауды да үйренеді содан. Кейін орыс армиясына да қызмет етіп, әскери дәрігер болады. Мұсылмандардың ортасында болуды ойлап кейін Қазақстанға келіп, Қанафия деген шешемнің ағасымен танысып, достасады. 1938 жылы әкемді біраз әлекке түсірген көрінеді, Құлжаға да жіберді. Ол жаққа да тапсырмамен кеткен болуы керек. Көп тілді білген ғой, он екі жыл сол жақта тұрған. Мен інім екеуміз Құлжада туғанбыз. Жазда келетінбіз. Бас дәрігер болды. Ол аурухана әлі тұр Құлжада. Тоқсаныншы жылдары Ержанымды ертіп барып, «мынау сенің нағашы атаңның он екі жыл қызмет еткен жері» деп көрсеттім.

-Әкеңіздің аты-жөні кім еді?

-Әскербек Ахметов.

-Қазақшаға қандай еді?

-Судай болатын.

-Сонда түрікше, орысша, қазақша, ұйғырша да білетін болды ғой.

-Кейін қытай тілін де үйреніп алды. Көп тіл білетін. Құлжа қаласында жүргенде құрбыларымнан айырылмаймын деп алғашында ұйғыр мектебіне барып қызық болғам. Мен ұйғырша да жақсы сөйлеймін. Содан кейін шешем «мына қыздың тілі бұзылып бара жатыр» деп ойбайын салып, қазақ мектебіне берді. Мен он екі жаста келдім. Інім жеті жаста болды сол кезде.

-Қазақстанда қай жерде оқыдыңыз?

-Талғарда он жылдық мектеп болды. Сол жерде бітірдім мектепті. Інім де сол жерде оқыды. Ал ағаларымның бәрі орысша оқыды. Үш ағамның үшеуі де. Әкем Тибет медицинасын да зерттеді. Өте аз сөйлейтін, біртоға, өңі сұсты, ұзын бойлы кісі болатын.Шешем «әкең келе жатыр» деген кезде бәріміз жым болатынбыз. Міне, осындай өнегелі отбасында өскендіктен қайыната, ене, үленді сыйлау жағынан, алаға шүкір, мақтана аламын.

-Атаңыздың қолында тұрған кезіңізде соның бәрі сабақ болды дейсіз ғой.

-Ойбой, атаның небір мінездерін көрдім енді. Ең керемет мақтағанда «балашка» дейтін. Ол деген сөз маған орден бергенмен бірдей. Бірақ ол сирек. Анда-санда, жылына бір-екі рет. Ал «Зейнеп» десе «жыны ұстай» бастағаны. Ал «Турчанка» деп айғайласа, онда «қаһарына мінді» дей бер. Кейде мені кейбіреулер ұлтымды нұсқап, кеміткісі келеді де мен соларға «осы сендер қызықсыңдар, ағылшын да болғыларың келеді, орыс та болғыларың келеді, араб та болғыларың келеді, бірақ өздерің қазақ болғыларың келмейді, ешкімді қазақ жасағыларың келмейді» деп ренжимін.

-Баукең мен немересі…

-Ата «мен солдат тәрбиелеуге шебер болғам, ал бала тәрбиелеуде сауатсызбын» дейтін. Өйткені, ата баламен бала құсап сөйлеуді білмейтін, ол үлкен кісі құсап сөйлейді. Түсіне ме, түсінбей ме, онда шаруасы жоқ. Бітті. Еркелетуді білмейтін. Баланы ешқашан бетінен сүймейтін. Ең керемет жақсы көргенде арқасынан қағатын. Ержанға командировкадан значоктар алып келетін. Календарь алып келетін. Болды. Ойлайтынмын «ата, неужели, балаға бір тәуір сыйлық әкелмейді» деп. Сөйтсем былай бопты. Ата соғыстан қайтқанда Мәскеуден Бақытжанға әдемі бәтіңке сатып алыпты. Сосын бір жақсы ойыншық алыпты. Сөйтсе Бақытжан қарап тұрыпты да бақырып жылап лақтырып жіберіпті. «Сен немісті өлтіріп, соның баласының заттарын алып келдің» деп.  Ата содан былай Бақытжанға тек жейтін нәрсе әкеледі екен де, сыйлық әкелмейтін бопты. Бірақ сол кезде «балам адам болады екен» деп ойладым дейтін. Дүниеге жақын болмайтынын айтқаны.

Бір күні Жазушылар одағына баратын болдық. Маған «Есенберлиннің кітабы бар ма?» деді. Аяқ астында тапқаным «Алтын құс» деген кітабы болды, соны алдым. Әнуәр Әлімжановты «Енвер» дейтін, «Енвердің кітабын ал» деді. Алдым. Атаны ана жаққа, мына жаққа мен ертіп апаратынмын. Жазушылар одағынан шыққанда «мә, балам, мынаны ал» деді. Алдында өзінің бірнеше кітабына Ержанға автограф жазған. «Немерем Ержанға алжыған атасынан» деп. Бір кітабына «Момышұлы біріншіден Момышұлы үшіншіге» деп қол қойды. Маған екі кітапты көрсетті де «балам, мен бүгін мынаны  бастадым, бірінші рет екеуінен автограф алып шықтым» деді. «Енді осыны ары қарай жалғастырыңдар. Мына қазақтың жазушыларынан Ержанға қолтаңбамен кітапхана жинаңдар» деді. Қадір ағаның өлеңдер жинағын ала бардым. Жазушылардың бәрі автографтарына атамыздың атын байланыстырып жазатын. Соны білетін Бақытжан Қадір аға қаламын алып автограф жаза беріп еді қолынан шап беріп ұстай алып «Айналайын, Қадеке, «атаңдай бол» деп жазбашы, өзі жалғыз бала, көп қатын алып итімізді шығарып жүрер» дегені. Ана кісі рахаттана кеп күліп «Әй, Бақытжан-ай, басқамызға жараспаса да Баукеңе бәрі жарасады» жатыр. «Мен сияқты қиналмасын» деп Бақытжан Ержанды кеңес өкіметінің кезінде-ақ қазақша мектепке берген. Күлгендер де болды «қызмет таппай қалады ғой кейін» деп. «Таппаса таппасын, қазақ болса болды» деп Бәкең бір-ақ кесті.

-Ержаннан немерелеріңіз бар ма?

-Иә, екі ұл.

-«Момышұлы төртіншілер» де келіпті ғой өмірге.

-Бесіншілер де келіп жатыр.  Ата Бәкеңе «сен менің фамилиямды ұрлап алғансың» дейтін қалжыңдап. «Аһа, тапқан екенсің жынды адамды, мұндай фамилиядан кім бас тартады?» дейтін ол әзілдеп әкесіне. Кейін ата «осылай Момышұлы боп кете берсін, кім біледі, кейін бір ру елге айналып кетер ұрпағымыз» деп рұқсатын берді.

-Зейнеп жеңеше, редакциямызға кеп, бүкпесіз әңгімелескеніңізге көп рахмет!

 

АТАДАН ҚАЛҒАН ЕҢ БАСТЫ МҰРА – ҚАНАҒАТ

   ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

 

 

Ер Баукеңнің қара шаңырағының «шырақшысына» айналып, батыр тұтынған заттарды көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан баласы Бақытжан мен келіні Зейнеп екені белгілі. Сол жеңгеміз Жуалы ауданындағы Баукең атындағы облыстық музейге аты аңызға айналған атасының тағылымды тарихы мол заттарын өз қолымен әкеліп тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, батырдың от басы, ошақ қасындағы алуан түрлі көңіл-күй ауанынан сыр шертетін заттардың ғибратын аманатқа адал келін көзімен жеткізуге тырысты.

— Атам дүниеге ешуақытта қызыққан адам емес. Артына қалдырған байлығы да, аманаты да, өсиеті де — қарапайымдылық пен қанағат болды. Кезінде біз үшін де, елі үшін де ең үлкен қазына — атамның өзі мен сөзі болатын. Қазір ше? Қазір ойлап отырсам, ендігі қазына атам жазып кеткен дүниелер екен. Одан кейін ата тұтынған заттар да көзіме өте ыстық көрінеді. Тіпті ескіріп, заман көшінен қалып қойса да, қимайтын сияқтымын. Өйткені оның әрқайсысына ата қолының табы мен иісі сіңіп қалған. Батыр рухын аңсап, ерлік пен өрлікке шөліркеген ұрпақ үшін де ең басты қазынаның  бірі осылар деп білемін…

Зейнеп жеңешем осылай деп барып бір тоқтады. Жазуды жаңа бастап жүрген кезімде жеңешемнің «Шуақты күндері» жандүиеме бұлттан шыққан күннің шуағындай, шынында,  қатты әсер еткен. Естелікті бір деммен оқып шығып, тіліне тамсанғаным, содан кейін қысқа күнде қырық рет құбылатын аспандай алақұйын батыр мінезіне көнбістік танытқан төзімділігіне таңғаланым да есімде. Бертін келе таныс-біліс боп кеттік, әсіресе, «Ер Баукеңнің қызы Елена» деген мақала жазылғаннан кейін. Жеңістің 60 жылдығында Бақытжан аға, Зейнеп жеңеше, тағы біраз кісі бар, бәріміз Мәскеуге сапар шеккенбіз. Батырдың даңқын аспандатқан Волоколамскі даңғлының бойымен атақты 28 батыр шайқасқан жерге де жолымыз түскен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаһарман қолбасылар Панфилов пен Момышұлына қазақ елі атынан қойылған ескерткішті өз қолымен ашқан. Мәскеулік қазақтар батырдың ұлы мен келінін сыйлап, қарағайлы орман арасындағы үйлеріне алып барды. Ауласына киіз үй тігіп, соның төрінеде күтті, сонда байқағаным, жеңешем, шынында, қызыл тілде анау-мынауңа дес бермес шешен екен, ал Бақытжан көкем болса қой аузынан шөп алмас момынның өзі, тіпті жеңешем мың рет сөйлегенде, ол кісі бір рет қана сөзді Зейнепке бердік қой деп жымиған да қойған. Жуалыдағы музейден де сол шешен жеңгемді көрдім.

— Ата кемпір алып, бізден «бөлініп шыққанда» тек қана бір шабаданмен кетті. Ал қолы тиген, иісі сіңген азын-аулақ дүниесі мен ұстаған заттарының барлығы үйде қалды. Мен, міне, осы отыз жылдан астам уақыт бойы атамның бұйымдарын көзімнің қарашығындай сақтап келем. Әрине, атамның артында ұрпағы бар, ұлы бар, немересі бар, екі шөбересі бар, оларға да ескерткіш керек, сондықтан үйге де біразын қалдырдым. Ал көптеген дүниесін батыр тойына келген ел, жас ұрпақ тәбәрік етсін, қолымен ұстап көрсін деп алып келіп отырмын.

Әрине, мұның барлығын мен жүрегімнен жұлып алып шыққандай қатты қиналдым. Сондықтан толқып та тұрмын. Өйткені әр заттың өзіндік таризы бар. Мысалы, мынау 1908 жылы жасалынған сейф екен. Тіпті жасаған адамына дейін, яғни Пивоваров деген шеберінің тегіне дейін жазулы тұр. Осы сейфке байланысты мынандай қызық оқиға да болған. Атамның қолына көшіп келген кезіміз. Кілетті ашсам осы жәшік тұр екен, «мына қара темірді  мұнда неге қойған» деген оймен шығармақ болғаным сол еді атам: «Тиіспе оған! Не трогай!» деп, айғайлап жіберді. Шошып кеттім. Сөйтсем менің «қара темір» деп менсінбеген затым соғыста алдымен батальонның, кейін Панфилов дивизиясының бүкіл құпия құжаттары сақталған, оның үстіне атамның жеке сейфі екен. Сырты қап-қара болып, көзге қораштау көрініп тұрғанымен бұл темір жәшік соғыс тағдырын шешуге қатысты талай құжаттарды ішіне сақтаған, төрт жылғы қып-қызыл от пен оқтың ішінен елге аман-есен келген жауынгердей қат дүние екен. Атам «тиіспе!» деген соң, мен де оны осы күнге дейін көзімнің қарашығындай сақтадым.

— Ал енді мынау алдарыңда тұраған люстра, моншатраның барлығы мына жерде, бұл да тарихы қызық. 1962 жылы Чехословакияның Ватслав Кубик деген журналисі Алматыға келіп атамның үйінде қонақ болып, үш сағаттан аса сол үйде әңгімелдескен екен, содан кейін жақсылап оны сый –сияпатпен шығарып салған екен. Көп әңгіме айтып, кейін 1963 жылы атам Кубаға барған кезде, ол кезде тек қана социалистік елдер иарқылы ұшатын, сонда там Чехословакияға тоқтаған, Кубик алдынан шыққан, сол жерде басқа жрналистер ата туралы бүкіл газеттер улап-шулап жазып жатады, сонда «Прага-Москва» деген журналда мақала жазылады. Кубиктің ата туралы жазған өте үлкен мақала шыққан екен, сол журналды береді. Ол журнал қазір біздің үйде сақтаулы тұр. Содан кейін атаны Кубаға шығарып салады, қайтар кезде тағы да Прага арқылы жүрген кезде тағы да сол Кубик қарсы алып қоярда-қоймай «мынау жұбайыңызға» деп сыдаған екен. чехтардың атақты хрустальі дейді ғой ол кезде, бізде мұндай нәрсе сатылмайтын, мынау таза хрусталь дейді. Сонымен атамның бөлмесінде ілулі тұрды. Ата қайтыс болардае жеті күн бұрын люстра өзінен-өзі құлап түсті. Құлап түскенде электр желісінен жарқ-жұрқ етіп от шығып, бір жағы күйді, бір жағы сынды. Мен ол кезде түкке түсінбеппін. Әні-міні жөндетемін деп жүргенде ата қайтыс болып кетті. Сонда барып түсіндім, «әй, менің шырағым сөнейін деп жатыр, менің шырағым сөніп бара жатыр» деген белгі берген екен, біз пендешілікпен оны түсінбеппіз. Бірақ люстраны содан кейін қайтып ілген жоқпыз. Тек осында әкелер алдында ғана жуып, тазаладым, тіпті қалай жиналатынын да ұмытып қалыппын.

Ал мынау үстел, өзі жазылады, бұл үстелдің үстінде Димекеңнен бастап Сәбит Мұханов, Тахауи Ахтанов, Әбділда Тәжібаев сияқты қазақтың талай нарқасқалары отырған. Менің бұл үстелдің үстіне жаятын дастарханым бар, орамалдарым бар.

Атамның бала кезден досы, Шымкенттің интернатында бірге оқыған Әбілда Тәжібаев атаның 50 жылдығына сыйлаған, содан сақталған. Мына жерде жазуы бар.   Бұл да үлкен ескерткіш.

Ал енді мына тұрған 1976 жылы Алматыда қатты жер сілкінісі болғанда сервантымыз құлап, мына сервиздің көбі сынып қалды. Бірақ дегенмен біразы сақталып қалды, қазір мұндай заттар жоқ, өзі сондай жұқа, сондай нәзік жасалаған фарфорлар, атамыз осы ыдыстармен тамақ ішкен, өзі ұстаған, мынау тұздық құйылған,и кеспе құйылған ыдыс болса, мынаған қымыз қүұйылған, мынаған конфеть салынған.

Мынау Ишанбай Қарағұлов атамның 60 жылдығына сыйлаған күлсалғышы. Мынау атамның өзі Ленинградқа барған кезде алған үйге келген кісілерге конья құятын стакандары. Мынау атамның күміс қөасығы, өзі үшеу еді екі немереме екеуін ескерткіш етіп қалдарымп, біреуін әкеліп отырмын. Ал мынау ағаш қасығы. Атам қолдан жаслаған ағаш қасықты жақсы көретін.

Мынау атамның сүртінетін орамалы. Мұны ешкімге ұстатқынымз оқ сол күйі сақталып қалды. Баяғы АХБК шығарған сүлгілер.

Мынау самаурынмен өзіміз отбсы болып оңаша отырып кешк мезгелдерде әдемі шамның сәулесімен отырып шәй ішіп әңгілелесіп отырушы едлік. Жуып, тазалап әкеліп отырмын.

Мынау сандал ағаштан жаслаған қытайдың заты. Қытай коммунистері 1956 жылы сыйлаған екен. Өзі көп болатын, бір жылы төрт баласымен бір кісі клеген екен, бір кшкене баласының көзі түсе берген соң атам әгі төрт ұлға төртеуін сыйлап жіберді. Мынау содан қалғандары

Мынау ол заманда қазіргідей бір реттік укол жоқ, ол кезде уколдарды қайнатып салатын. Соның ыдысы. Уколды атама бақытжанның өзі сала беретін. Мынау қағаз кесетіні. Белінде оқтың жарықшағы болатын, сондықтан белі жиі ауырып қала беретін, мынау сол беліне қоятын электрлі грелка. Атамның трі сіңген зат сол қалпы тұрсын деп ішкі жағын жуған жоқпын. Тек сыртын ғана жудым.

Мынау атамның 60 жылдығына ЖенПИ сыйлаған домбыра. Екі домбырасы бар,  Біреуі немере, шөберелері үшін алып қалдым.

Мынау Ленинградтағы Киров зауытындағы жұмысшылар ыйлаған таза шойыннан құйылған иттің мүсіні. Зілбатпан ауыр. Мен шаңын сүртіп қояйын деп ниеттенсем, атам сүртпе, иттің жүні көрінбей қалады дейтін.

Мынау Ғарифолла Құрманғалиевтің ұлы санат Құрманғалиев деген жігіт болған, бақытжанмен бірге өскен, сол сыйлаған. Шойыннан жасалған қалам салғыш.

Мынау алатаудың қарағайы, табиғаттың өзі мүсіндеген ағаш. Соны Бакеңмен бірге өскен Юсуп деген әзірбайжан жігіт 1977 жылы 23 ақпанда атаға сыйға тартқан. Мынау ата тұтынған қаламдар, сақтап қойғам. Мынау арқасына бастаны банкілері. Атам мүштіктерін тістеп тасатйын, сосын жаңасын алаиттын. Мен тістелген мүштіктерін жинай беретінмін.

Ал мынау Ержанға альбомға ою оюға алып берген қайшысы.  Қағазды бүктеп осымен оя беретін.

Жамбыл Қазиев деген атаға соғыста 4 жыл аспаз болған, барлық кітаптарында айтылады. Сол кісі атаның 60 жылдығына «Сіз алатақия кимейсіз,, әдейі сия көгін таңдадым мына өзбек шапанын ки, деп жұқа өзбек шапанын алып келген.» Балконға шыққанда иығына жамылып жүрді. Мына лупа атамның үстінде жататын. Мынау 1971,72, 74, 75, 76 жылғы атам ұстаған кальендарлар. Атам өзі де өнерді жақсы көргендіктен түрлі өнер туындыоарын сақтағанды жқақсы көретін.

Мынау ата жатқан төсек., Ол кездегі төсектер осындай болатын. Бұл 60-70 жылдары ең керемет жиһаз болып көрінетін. Жеңістің 30 жылдығына атаға бір нәрсе сыйлағым келді, не сыласам екен деп ойландым, не де болса қолымнан өз қолыммен бір нәрсе істейн деп мынау жастық қапты тіктім, алдымен мына деріне суреттіс алып, оны кестеледім. Сөйтіп ем мынау не пәле, ұзататын қыз құсатып деп ұрсып берді. Содан ренжіп қалдым. Ата, мен мұны сізге өз қолыммен тігіп едім. А-а, солай ма! Деп сипап көрді де балам мынау тура машинадан шыққандай ғой деп еді, мен өзім тіктім деп мақтандым. Содан кейін барып рахмет деді. Ертесіне ҚЖодағында азат Сүлеев деген рнеферент жігіт бар екен, соны шақырып алды да қасына ілестіріп бір жаққа кетті. Бұрын мені ілестіріп алатын. Содан екуі бір жаққа кетті де қайда барғандарын білмеймін, «міне саған жеңістің 30 жылдығына деп мынау «Ракета» деген шаңсорғышты әкеліп сый            лады..

Атам әлгі жастықты басына жастанған күні шылымның күлін түсіріп, мына жерін ойып алды, жамасам ыңғайсыз, сондықтан былай күн сияқты ғып кестелеп, тоқып қойдым. Ал мынау атамыздың мойын жастығы. Атам оны мойнына қойып жататын. Ол кезде  бізде төсекті неше түрлі ала-құла ұстамайтынбыз, тек қана ақ сейсеп салатынбыз. Мынау атамның жатқан ақ сейсебі, мына төсекті өзімсалып кеткенмін. Ата қайтыс болғаннан кейін бұл төсегі салынған жоқ, жинаулы сол күйі қалды. Мынау құс көрпесіғ, мынау үстіне жабатын одеялы, осның бәрін сақтадым. Ал мынау Москавадан мамамызға арнап әкелген, қазақша кімлем тіккізіп, мамамның басына салған, анау екеуі тұ ғой, маманың басынада ақ оралмал, сол бүкпе шәлі дейді.

Мынау атаныі кітап тұрған полкалыры,  мынау креслоға ата емес, қазақтың не бір нарқасқасы отырған. Анау құрақ көрпешесі өзім қолыммен құрап ішіне салып қойғанмын. Мынау кішкеннтай бөшкені Дмимтрий Федорович Снегин сыйлаға.Үстінде жазуы болатын. Су тамып кетіңкіреп қалды. Жазуды қалпына келтіруге болатын сияқты. Мен үстінен жүргізер ем, бірақ қорықтым, атамның атамныңм жазуының үстінен жүргізуге, бұл жергеі жазуды мен жатқа білемін, Мынау жерде қолы қойылған, жылы, Алматы дегені тқұұр. Ал мына жерде арабаша бір кезде орыстың тілі келмей атаның Момышұлы дегеніне тілі келмей «Шылымылы» депті, ата өзін-өзі «Шылымылы» дейтін.

Мына жерде мынандай жазу бар «машкортика» деген. Дамолла шылымылының бірінші немересі Момышұлы Ержан Момышұлы үшінші Ержанның шарап ішетін ыдысы. Арабша жазған қолды өзінің «подписімен» қойғон. Мынау не болған деп кейін онымыз қайта-қайта бұзыла бергеннен кейін ата осыны өз пенсиясына алып берген. (холодильник). Енді ол кезде неше түрлі порошок жоқ, ол кезде сабынды еземіз, содан кейін кірді қайнатамыз, содан кейін шаямыз.содан кейін крахмалдаймыз, екі күннің бірінде  кір жуып, үйге келімді адам көп, осы үш күнге қалдырмай атаның төсегін ауыстырып, бітуім керек. Сол бюір күнде айтты балам-ау, өзің бір жапырақсың, не қолың судан шықпайды, қолыңды су сорып, тастамай ма, кір жуатын біреңе бар дейді ғой, мен айтам ата бар деп бірақ қымбат, қанша тұрады дейді. Мен айтам 85 сом тұрады деймін. Ол кезде 85 сом дешген бір адамның айлығы. Бір үйді бір ай асырауға болады. Содан 1973 жылы қараша айының пенсиясын алуға барды мен ылғи қолтықтап баратынмын, сонда мына кір жуғышты әперді. Алматы деген. Содан кейін осы кір жуғышпен атамның бүкіл сейсебін,жуып жүрдім.

Мынау қолдан тқылған армян кілемі, атам қайтыс болған кезде мен осының бәрін жинап тастадым, міне таза жүн кілем, жылда арасына жусан салып, жайып тастаймын, сөйтіп жүріп, сақтағанмын.

Мынау тықыр, түнгі жоұқ, жүн кілем баяғы заманғы асы талай адамның атақты-атақсыз, кіші-үлкен адамның табаны тиген кілем.

Үш машинка болған. Біреуін жолға шыққанда алып жүретін. Шағын портативный, ал мынау атьамзаманғы, Мұны қазақшалатып берген екен мамама. Өзі қолданған. Содан кейін мамаға берген, Кейін бақытжанның бірнеше кітаптары осы машинкамен жазылды. Мынау кейінірек алынған бұныменде біраз жұмыс істеді.  Әсіресе Бақытжан көп уақыт пайдаландыф, «Восхождение отца» осымен жалыған.

Ол кезде мынандай машинкалар КГБ-ның тізімінде болған. Өйткені сирек болған. Есепте тұрған. Соғыс кезінде түнде маманы құпия құжаттарды басқызу үшін түн іщшінед машинкасымен алып кететін болған. Ол кісі он саусағы тегіс жұмыс істеген шебер адам болған.

Мынау атаның өзі жұмыс істеген үстелі. Қағаздары осында сақталған. Кітаптары осы сүтелдің үстінде жазылған. Мынау Күләш апамыз, Құрманғалиев, Жандарбеков ата жақсы көргшен пластинкалар. Бұл-бұл пластинкасы.

Мынау атаның өзінің ақшасына келген шанышқылары. Мынау ата ұқол қойған кітаптары. Атаға сыйлағанг кітаптар. Мынау поляк тілінде шыққан кітабы. Әбен «Айбынды ағам Бауырждан мен қадірлі жеңшем Кәмшке шексіз құрметпен, ізетпен Әбекн Саитыбалдин». Ол кезде Ғаинижамал апайдың кезі. «Ұшқан ұяның» тәжік тілінде шыққаны Ата Қасы Аманжолвты өте көп оқитын. «махаббат қызық мол жылдар» «Ұлы Отан соғысында ерлігімен елге танылып, халқының абыройын асырған, оның атағын бүкіл дүние жүзіне танытқан қаһарман қолбасшы, қазақ әскери данышпаны, ұлттық мәңшгілк мақтанышымыз бауыржан Момышұлына, Отан соғысының солдадытынан, шын жүректен, шексіз сүйіспеншіліктен, адалдықпен, ыұқыласпен інілік ілтипатпен Нұршайықов 1970. Алматы» деплініпті.

Ою-өрнек естелігі. Мынау ата оған оюлар. Бір-бірін қайталамайды. Бт, Қазақстан деген темекігдерді тартатын, соның ішінен шыққан жылтырақ қағзадарды бүктеп, жаңағы кішкене қайшщымен былай оя салатын. Ол оюларды Ержан сүйреп жүретін. Мен ақырын алып, тығып қоятынмын. Содан бір альбом болды. Кейін мен көшірмесін түсіріп алдым. Монғолиядан келген келіншек әдемілеп естелеп берді. Сонда сақталып қалады. Мынау жеті қат кқктің гнышаны. 1974 жылы. Мынау Ержан сенсің дейтін. Мынау атаның сақал қырғышы. Мынау дастарханы, Бұдан талай адам дәм тақан. Мынау атаның бірінші шөбересі Нұрсұлтан қазір физика-математика факультетінде 56 курста оқиды. Атаға мінезі ұқсайды.

Бозымбаевқа рахмет, ата музейіне облыстық мртебе берді. Мұраларын алдыртты. Ұрпақ көрсін, білсін дегенн тіуған ой ғой.

Мен қатты толқыдым, 30 жылдан астам уақыт ешкімге тигізбей, сақтап отырған дүниелерді халқы үшін, жері үшін, елі үшін, кіндік қаны тамған жеріне алып келіп отырмын. Бәріміз үйде отырған кезімде мені атам шақырды. Маған қоңыр папканы әкел деді. Мені мазалмаңдар деді. Барып ұйықтьай беріңдер деді. Сосын мен бөлмеме барып ұйықтап жақтан кезімде, мұрныма бір иіс келді, коридорға шығып қалсам кішкене бір жер джанып жатыр еен. Сөйтіп бақытжанды оятып, аамның бөлмесіне бардық. Кісек бөлменің іші өртеніп жатыр. Атамның беті қап-қара боп кеткен екен, Ортасында тұрып алып өртті шапынымен өшірп жатыр. Өртті өшіріп болған соң мен кілем өртенбепті дедім. Кілемді қацтсеің қағаздары өртенді ғой деді бақыитжан. Өйткені үстелдің үсті кішкене жанып кетіпті. Бақытжан жөндеуге болады деді. Сонда ата «Не трогайте, бұл менің қылмысымның бір куәсі болып тұрсын деді.»

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру