Қазір тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағыдай емес, баспаларымыздан біраз кітаптар шығып жатыр. Бірақ, жасыратын несі бар, ішінде оқылымдылары аз. Осындай жағдайда біздің қарт қаламгеріміз Шерхан Мұртаза пышақтың қырындай ғана «Бір кем дүние» деген кітапты жарыққа шығарды. Бұл кітаптың ерекшелігі сонда – жаңағы біз айтқандай емес, бірнеше рет қайталап басылып, оқырман сұранымына ие болды. Соның сырына үңілмекке «Мәдениет» телеарнасындағы сұхбатқа әдебиетші Әмірхан Меңдеке мен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлын шақырған едік.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әмірхан, әңгімені өзіңізден бастағым келіп отырғанымның бір себебі бар. Сыншыларымыз бұрынғыдай емес, кейінгі уақытта Шерхан Мұртазаның шығармашылығына аса назар аудармай жүрген сияқты. Бұл бір әдеби ортаның тәкаппарлығы ма, әлде басқа сыры бар ма, білмеймін, қалың халық қайта-қайта сұрап алып, ақпарат құралдары бірінен-бірі көшіріп басып жатқан осы шығарма неге талданбайды, бұл бір өзі түсініксіз жайт. Сіз енді әдеби сынның басы-қасында жүрген әдебиетшісіз ғой, бұл кітаптың халықтың сұранымына ие болуының сыры неде?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Жаңаша жазған. Онда ақиқат, шындық өте әдемі көрініс тапқан. Шерағаңның мерейтойының тұсында бірқатар мақала жазылды. Мерейтойлық мақаладан өз басым тереңдік күте қоймаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Көсемәлі, осы кітапты талдауға сізді сонау Тараздан жәйдан-жәй алдырып отырған жоқпыз. Кітапта сөз болатын оқиғалар жазушының туған жерінде, ағайын-жұртының құшағында өткен жайттардан сыр шертеді көбінесе. Бәлкім, сұранымға ие болуына топырақтан тамыр тартқандай қарапайымдылығы себеп болған шығар?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Журналистердің етектей-етектей ғып жазатын мақалаларындағы проблемалық мәселелерді кейде бір-екі абзацпен, шағын ғана бір бет, жарты бетпен түйіп тастап отырған. Және қалай сөйлеген? Бұл кісінің Парламентте сөйлеген сөзіне, сөйлеу мәнеріне елдің құлағы үйренген. Мұнда да сол стиль бар. Сол Парламенттегі Шерағаңды көргендей болады. Шерағаң өзін жазбайды, «Мен Талаптыда туып едім, Тәңіртауға қарап едім», – демейді, десе де, елдің жоғын жоқтайды, мұңын мұңдайды. Тартымдылығы сонда деп ойлаймын. Сыншылар жақсы біледі, Шерағаңның тілінде шұбалаңқылық жоқ, барды бар, жоқты жоқ деп жазады. Немесе көнерген архаизм, көне сөздерді тірілтіп, сөз құрайын деп отырмайды, ол кісіге тез, жедел ойды айту керек. Сондықтан ойын сол сәтте, бір сәтте төгіп тастайды. Ол кісімен Талапты ауылында, туған шаңырағында отырып, көп әңгімелескен едік. Сонда: «Мен Толстой сияқты, 5-10 рет жазбаймын, бір ғана жазғаным жетеді», – деген.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл кітаптағы қысқа әңгімелердің жанрын анықтап айтсақ, қай жанрға телуге болар еді?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Жалпы әлем әдебиетін алмай-ақ, өзіміздің қазақ әдебиетін алатын болсақ, осындай қысқа-қысқа әңгімелер бар. Мысалы, Құрманғазы Қараманұлының «Алақандай әңгімелер» деген әңгімелер жинағы бар. Герольд Бельгер де жазып жүр қазір. Ал Шерағаның мөлтек әңгімелеріне келсем, мұның жанрын бір сөзбен айту өте қиын. Музыка жанрында гөй-гөй дейтін жанр бар. Мына Сырдың термешілерінің, жыршыларының гөй-гөйі болады. Осы гөй-гөйін алып қараңызшы, жыршы өзінің күйігін, наласын, тілегін, арманын, мақсат-мұратын, тіпті өсиетін де соған біріктіреді. Әдеби тұрғыдан келсек, әдеби жанрдағы гөй-гөй деуге болады. Шераға өте білімді адам. Біз білімді адамдар туралы әңгіме айтқан кезде Әлкей Марғұлан, Мекемтас Мырзахметов, Сағат Әшімбаев, Рымғали Нұрғалиевтерді айтып кетеміз. Солардың қатарына Шерхан Мұртазаны қосар едім. Бір-ақ мысал айтайын, Ресейдің Қазақстанды қалай отарлағанын Шерағаң өте терең біледі. Жарияланған кітаптардан емес, мұрағаттардағы құжаттардан және құпия құжаттардан біледі. Оның талайын Шерағаның өзінен сұрап алып оқыдым. Ресейдің отаршылдары өзінің қорадағы қойын сорттап жатқан сияқты, Қазақстанның жерін сорттайды. Ол жерде қазақтар отыр ғой деген ой жоқ. Қазақтарды қалай бір-бірімен соғыстыру керек, қазақтардың санын қалай азайту керек, жалпы қазақтарды қалай ығыстыру керек. Және оны бір адам айтпайды, біреу жазады, екіншісі пікір қосады. Міне, бұл көп жариялана бермейді. Мұның бәрін Шерағаң жақсы біледі. Содан кейін Шераға түркі тарихын өте жақсы біледі. Мысалы, башқұрттың, татардың, өзбектің тарихын қазақтың таихындай ғып жатқа айтып отыра береді. Соның бәрі осы мөлтек әңгімелерінде сезіледі.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дегенменде, атаусыз нәрсе болмайды ғой. Атымен бірге жарысып, жанр деген нәрсе ілесе жүреді. «Бір кем дүниенің» публицистикалық жағынан гөрі көркемдік жағы басымдау. Шерағаң нақты, қысқа сөйлейді деген күннің өзінде әр сөйлемді көркемдеп, образды түрде жазуға ұмтылады. Осы тұрғыдан келгенде, сіз жанр жағын ойлап көрмедіңіз бе, Көсемәлі?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Қытайдың Конфуцийін алыңыз немесе батыстағы бөшкеде жататын Диогенді алыңыз, олар да осы Шерхан көріп отырған тақырыптарды қозғайды. Қазақта ғақлия деген сөз бар. Араб тілінен келді ме деймін, Абай атамыз қолданған сөз. Міне, көркем түрде жазылған қазақтың ғақлиясы, ғибратты түрде жазылған қысқа әңгімелері ғой. Шерағаңды сыртынан ғана көрген, көзбе-көз сөйлеспеген адамдар ол кісіні қатал, сұсты, жақындап әңгімелесу мүмкін емес деп ойлайды. Мүлдем олай емес, біз қасында жүрміз ғой, ол кісінің көңілін тапсаңыз, жадырап күлгені қандай? Күлгенде көзінің нұрланып кететіні қандай? Осы болмыс мына кітапқа көшкен, көрініс тапқан, көрсете алған. Қатқыл сөйлемейді, жүректі жібітетін сөздер айтады. Ол кісінің әдебиет туралы мынандай тұжырымы бар: «Егер оқыған әңгімеңіз сізді елжірете алмаса, жүрегіңізді жібіте алмаса, ол әңгіме емес», – дейді. «Әңгімелерім осы талапқа жете алды ма екен?», – деп, өзін де сынап қояды. Бұл кітап әрбір әкімнің, әрбір министрдің үстелінде жатса, өзі көп орын да алмайды, арасында қарап қойып отырса қандай ғанибет. Ал халық өзі-ақ оқиды ғой, оқып жатыр. Мұның артықшылығы неде? Қазақтың табиғатына тән нәрселерді айтып отыр.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ғақлия деген сөзіңіз икемге келеді екен. Шерхан Мұртаза көп жыл ақпаратта жұмыс істегеннен болуы керек, өзі шығарма жазған кезде форма іздеуге құмар. Шығарманы форманың аясына әкеліп сыйғызып жазады. «Бір кем дүниенің» жанрына қайта-қайта шұқшиып отырғаным сондықтан ғой. Осыны жазарда Шерағаң форма іздеп келіп, жазған дүниесі ғой деп ойладым.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Форма дегеніңізден шығады, Шереғаңның қарамағында барлықтарыңыз қызмет істедіңіздер. Жаңа формамен, тың ойлар айта алған журналистерді қалай көтермелеп отыратын еді. Оралханды қалай көтерді десеңізші. Оралхан керемет жазушы, керемет қаламгер. Шынын айту керек, ол кісінің стилі сол кезде біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Біреулер қияли деді, біреулер шұбалаңқы деді. Ал редактор «дұрыс» деді. Ал сол кезде Шерағаңның орнында басқа редактор болса, «мына қияли кім?» деп, маңайлатпай қоюы мүмкін еді.
Әмрхан МЕҢДЕКЕ: Ғақлия дегенге сәл-пәл келіспеймін. Төрт-ақ сөйлемнен тұратын әңгімесі бар. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде, бірақ елдің бәрі бұлай ойламайды. Бір кем дүние», – дейді. «Бір кем дүние» деген сөз әннің қайырмасы сияқты, бүкіл әңгімелерінің соңында келеді. Мұны талдап, бір кітап жазуға болады. Ал басқа мөлтек әңгімелерінің бәрі бірдей осындай қып-қысқа емес. Мысалы, жеке өзінің тәжірибесін айтып кететін кездері бар. «Караван» дейтін газет болды. Мені сынады. «Ұлтшылдардың ұлтшылы» деп», – дейді. Тек «Караван» емес, біраз біздің орыстілді басылымдарымыз Шерағаңды қатты сынады. Сонда қазақтың абызы, өзінің ұлты туралы үлкен ой айтып жүрген ірі қайраткер дегенді біздің орыстілді газеттеріміз білмейді, қарамайды. Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан Ресейдің газеттерін өз республикаларында таратуға тиым салды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тоқтатып тастады. Солар неге тоқтатты? Өйткені өзге елдің идеологиясы мына елдің идеологиясын жүргізбейді. Бұзады да отырады. Өзбекстанның премьер-министрі ашық айтты. Өзім оқыдым. «Біз өзіміздің ұлттық идеологиямызды жүргізгіміз келеді», – деді. «Ал ана газеттер Кеңес Одағындағыдай тұра беретін болса, біздің ұлттық идеологиямызды талқандайды да отырады», – деді. Шерағаң осыны айтып отыр. Өйткені Шерағаңның айтып отырғаны олар үшін құндылық емес. Сондықтан мен ойлаймын: «Бір кем дүние» қоғамның кем-кетігін айтудың амалы. Өзіміздің төрт құбыламыз түгел емес қой. Бұл кейінгі ұрпаққа арналған, әсіресе жастарға арналған өсиет деп ойлаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шерағаң негізі жан-жақты адам ғой. Ақпарат құралдарында қызмет істеген кезінде ол кісі араласпайтын сала жоқ болатын. Шерағаң сол кезде тұмсық тығуға болмайды, шетін түртуге болмайды деген тақырыптардың барлығына араласты. Бұл жерде сіздер айтып отырғандай шағын ауылдың да, ұлттың да, ұлттың үлкен қайраткерлерінің де мәселесі бар. Сонымен бірге жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар да бар. Кейбір тұсында ғажайып ертегі, тәмсіл оқып отырған сияқты жаның сүйсінеді. Бір әңгімесі бар: «Саудагер базардан сауда жасап келе жатады. Қазіргі кезде қанша қашқанымызбен сауда бізге жақын тақырып болып кетті ғой өзі. Саудагердің қолындағы дорбасын ақшасымен бірге бір маймыл жұлып алады да, ағаштың басына қашып шығып кетеді. Өзі теңіздің жағасы болса керек. Сонда саудагер: «Ол менің күні бойы тірнектеп тапқаным, қайтар маған», – деп аттандайды. Жаңағы маймыл бір ділдәні алады да суға лақтырады, біреуін өзіне тастайды. Біреуін суға лақытарады, біреуін өзіне тастайды… Сөйтіп, бағанағы дорбадағы ақшаның жартысы суға кетеді де, жартысы өзіне бұйырады. Содан Шерағаң одан не түйіп айтады дейсіз ғой. «Саудагер базарда сауда жасаған кезде сатқан дүниесіне су қосып сатады екен. Міне, арам дүниенің жартысы суға кетті, ал адалы өзіне бұйырды», – дейді. Көп жазушыларымыз аспанға қарап, саусағын сорып отырып жазады. Ал Шерағаңның ерекшелігі нақты өмірден алып жазатынында да болса керек. Жұп-жұмыр, шап-шағын дүниені тап-тұйнақтай етіп жазу дегеніңіз үлкен шеберлікті қажет ететінін бәріміз білеміз. Ондай компоненттердің ішіне тіл де кіреді. Солай емес пе, Әмірхан?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Шерағаңның бір ерекшелігі етіңнен өтіп, сүйегіңе жеткізіп айтады және соны қалай айтуды біледі. Соған керекті сөздерді де, мысалдарды да табады. Үлкен шенеуніктеріміз: «Ал енді бәрімізге түсінікті тілге көшейік», – дейді де, орыс тіліне көшіп кетеді ғой. Соны Шерағаң айтады: «Бәрімізге түсінікті тілге көшейік деп орыс тіліне көшіп кетеді. Сонда не болып шығады? Қазақ тілі түсініксіз сөз болып шығады. Ал ненің тілі түсініксіз? Малдың тілі түсініксіз. Айуанның тілі түсініксіз. «Бәрімізге түсінікті тілге көшейік» деп айту арқылы қазақ тілін малдың, айуанның тіліне теңеп отыр», – дейді. Сөйтіп, сүйектен өткізіп жібереді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл кейіпкерсіз шығарма емес. Қысқа болғанымен мұның ішінде автордың өзінен басқа да кейіпкерлер жүреді. Ол кейіпкерлер бағанағы өзіміз көріп, біліп жүрген адамдар. Солардың образын қалай ашады десеңізші. Бір ғана сөзіменен сол сөзді айтып отырған адамның болмысын алдыңа жарқырата жайратып салғандай ғып ашып береді. Осы тұрғыдан келгенде таныс, бейтаныс бейнелер көз алдыңыздан шұбырып өткен шығар, Көсемәлі? Енді ауылда да, қалада да Шерағаңмен бірге көп жүрдіңіз ғой.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Елге, жерге, тілге қатысты айтқан кезде бұл кісінің алмастай өткір тілі Үкіметіңізді де аямайды. Ол кісінің мынандай сөзі бар: «Шамаң келсе шындықты айт», – дейді. Бірде: «Шераға, сіздің романыңыздан гөрі, әңгімелеріңіз ұнайды», – дедім. Ағалы-інілі сияқты еркін әңгімелесіп отырған едік. Сонда: «Әңгімелерім өзіме де ұнайды», – деп қояды. Көрдіңіз бе, демек, бұл кісінің шағын жанрға жаны құштар. «Бұл жерде кейіпкер бар» деген сөзіңіз ойыма да келмепті. Кейіпкер бар, ол қоғамдағы ақ пен қара. Кейбірін ішіміз біліп отыратыны рас.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ал тақырып ауқымы қандай? Кейде бір-бірін қайталап жатса, адамды жалықтырып жіберуі мүмкін ғой.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Арасында ғана сөздер қайталануы мүмкін. Ғабеңнің сөздерін 2-3 ғақлиясында қайталайды. «Біз жиылсақ көппіз, жайылсақ жоқпыз», – деген. Ол қайталаған сайын одан сайын бір-бірін толықтырып тұрады. Сондай сұмдық дүние бар ішінде. Ажалдан қашқан Қорқыт бабамыз қобызын сарнатып отырған ғой. Қобыздың үні үзілсе, жылан келіп шағуы мүмкін. Қалғып кетіп, қобыздың үні үзілген кезде жылан келіп шағып алады. Осыны біз оқимыз да дәл солай қабылдаймыз. Ал Шерағаң осыны әкеледі де, мынау қоғамдағы мәдениет, өнер, әдебиет жоқ болса, қоғам да өледі деген түйін жасайды. Ананы оқығанда денеңіз тітіркеніп кетеді, рас қой, өйткені.
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Осы кітапта Шерағаң көптеген данышпанның сөзін келтіреді. Мысалы, «Гегель» дейтін кішкентай әңгімесі бар. Гегель Еуропадағы философияның атасы деп есептеледі. Қазақтың философтары Гегельді аттап кете алмайды. Өйткені Маркс де, Энгельс те Гегельге жүгінген ғой. Сол Гегельдің мынандай сөзі бар екен: «Өзінің ана тілін менсінбегендер өзінің ұлтын үш рет өлтіргендер», –деген. Соны Шерағаң: «Осы философтар Гегельдің осы сөзін неге айтпайды?», – деп келтіреді. Біздің философтар ол сөзге жоламайды. Пушкиннің «Алтын балық» туралы ертегісі бар ғой, бір әңгімесінде соның мазмұнын бере салған. Енді Пушкиннің ол ертегісін біз мектепте де оқыдық қой. Бірақ әдейі берген. Қазір ынсапсыздық, тойымсыздық, қанағатсыздық қоғамды жайлап алды ғой. Сонда жаңағы Пушкиннің ертегісін баяндап келеді де, ынсапсыздықтың аяғы жарық астау дейді. Яғни тағы да қайталау арқылы Пушкиннің ойын нықтау.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Ескендір Зұлқарнайынның қолы табыттан шығып жатады екен дейді. Басып қойса қайтадан шығады. Сонда қолына бір уыс топырақ салған кезде ғана барып тыншиды. Бұл да адамның ашқарақтығы, тойымсыздығы.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кей тұстарында ұсақ-түйек жайттарды келтіріп отырған жоқ па деп, адам ойланып қалады. Ол жөнінде не дейсіздер?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Шерағаң осыншама жасқа келген, атақ-даңқы жетерлік, осыншама қайратты қаламгер бола тұра, баладай пәк көрінеді. Астанаға көшіп келген кезін, Кенесарының ескерткішінің түбінде отырғанын айтады. Кептермен, қарғамен тілдескеніне дейін жазады. Мұны жазу үшін жүрек тебіреніп, бүкіл 62 тамыр июі керек. Ал ондай қасиет кез келген жазушыда бола бермейді. Ол жүректі жылыта алмаса, несі шығарма. Ол үшін қаһарлы хан тағынан түсіп, баладай болып кетуі керек. Оның бәрін ұсақ-түйек деп айта алмас едім мен. Кенесарының ескерткішінің жанында отырғанда, алдына кептер келеді. «Көзін қылиландырып» деп жазады өзі. «Бірдеңе берейін десем, қалтамда ештеңе жоқ, кептерден ұялдым», – дейді. Осының өзі үлкен адамгершілік емес пе?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: «Бір кем дүниенің» құндылығы мынада деп ойлаймын. Бұл жерде автор өзінің ішкі сырын жайып салады. Ал роман, әңгіме жазған кезде Шерағаң бәрібір оқырманды ойлап отырады. Мысалы, Тұрар Рысқұловты жазып отырған кезде тарихшыларды ойлап отырады. Сонда сәл де болса оқырманға бейімделеді. Ал «Бір кем дүниені» Шерағаңның күнделігі деуге болады. Рас, Жүке, сіздің сөзіңізбен қосыламын, бұл көркем дүние. Бірақ күнделік іспетті. Адам күнделік жазған кезде ішкі сырын қағазға төгеді. Ол жерде ішкі цензура да жоқ, оқырманды да ойлап, қайғырмайсың. Ал мұндай ойлар өте шыншыл, өте әділетті, бойлауық, терең келеді. Ал адамның ішкі сыры, құпиясы қашан да қымбат.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Шерағаңның осы кітаптағы тағы бір ерекшелігі – мойындай білуі. Кешегі өтіп кеткен ақын Бауыржан Үсен туралы жазғаны бар. Бауыржанның Бетпақ далада қырылған ақбөкендер туралы жазғаны бар екен. Хайуан аңның қасқырларынан адамның қасқырлары асып кетті-ау деп түйін жасайды. Соны мойындап жазады Шерағаң. Содан кейін орыстардың Короленко деген жазушысы өтті ғой, соқыр музыкант туралы жазған. «Осыны оқыдым да жыладым», – дейді. «Осындай менің де әңгімем бар, ондай ғып жаза алдым ба, жаза алмадым ба, білмеймін», – дейді. «Жазсаң, осылай жаз», – дейді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы сұхбатқа дайындалып отырған кезде, Шерағаңның қаламы тиген кітаптарды қарап шықтым. Шерхан Мұртаза Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармаларын аударған екен. Анау «Плаханы» алып қараңыз, қандай кесек дүние. Соны «Жан пида» деп аударған. Қым-қуыт тіршіліктің арасында жүріп, Шыңғыс Айтматовтай ұлы жазушының бүкіл шығармаларын аударып шығу деген жеке адамның еңбегін, жеке адамның өмірін қажетсінетін нәрсе. Жазушының мерейтойына байланысты «Қызыл жебе» қалың том болып шығып отыр. Бірақ соның бәрін ысыра тұрып, талдауға «Бір кем дүниені» әдейі таңдадық. Әмірхан Меңдеке айтпақшы, бұл жазушының жеке сыры халықтың сырына айналып кеткенін көрсететін шығарма, себебі. Осы тұрғыдан келгенде «Бір кем дүниенің» орны бәрібір бөлек көрінді.
Телеарнадағы сұхбатты «Халық сөзі» газетіне дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ.


