6 рет оқылды

Облыста биылғы 10 айда ауыл шаруашылығы саласында 562,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,1 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев баспасөз алаңында баяндады.

Биыл саланы қолдауға 47 миллиард теңге бөлінді. Оның 33,5 миллиард теңгесі – субсидия, 6,5 миллиард теңгесі – «СҚО» тәжірибесін таратуға, 7 миллиард теңгесі «Ауыл аманаты» бағдарламасына арналған. Жыл басынан бері 8 мыңнан астам тауар өндірушіге 32,2 миллиард теңге субсидия төленіп, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 909 агроқұрылым 20,3 миллиард теңге несие алды. Өндірілген өнімнің 361,3 миллиард теңгесі егін шаруашылығына, 199,2 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.

Ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектарға егілді, бұл былтырғыдан 14,9 мың гектарға көп. Оның 377,3 мың гектары дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға, 177,7 мың гектары мал азығы дақылдарына тиесілі. Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен 91 суару каналы жөнделуде. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап 76,8 мың гектарға жетті, оның 52,8 мың гектары тамшылатып, 20 мың гектары жаңбырлатып суарылады, 3,9 мың гектар лазерлік жоспарлаушымен тегістелді. Бұл технологиямен жыл сайын қосымша 10 мың гектар қамтылып отыр.

Басты назар өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге аударылды. Биыл қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін кешенінің бірінші кезеңі іске қосылады. Жобаның жалпы құны – 800 миллиард теңге, алғашқы кезеңде 500 мың тонна жүгері өңделеді. Кешен жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін арттырады әрі фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Осыған орай дәндік жүгері алқабы 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, 25,6 мың гектарға жетті. Бүгінге дейін 178,5 мың тонна өнім жиналды, ал жоспар бойынша 179 мың тонна жүгері алынады. Бұл былтырғыдан 70 мың тоннаға дейін көп.

Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта негізгі міндет – жылдық жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз ету және саланың тұрақты дамуын жалғастыру.

Майра АМАНЖОЛҚЫЗЫ

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру