Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Биліктің айтуынша, бұл заң әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алмақ.
Десе де, бұл заң көпшілікті, әсіресе блогерлерді қуантпады. Сондықтан «сөз еркіндігі тұсала ма?» деген қауіп-қатер алға шығып отыр. Бұл заң туралы сарапшылардың пікірі де сан алуан болып шықты.
Ерлан САЙЫРОВ, Мәжіліс депутаты:
Сепаратизмге қарсы заң деп атауға болады
– Әлеуметтік желілер қай елде де қоғамдық қатынастың бір факторы саналады. Қазақстанда әлеуметтік желілер еліміздің демократиясына, халықтық билікке жақсы әсер етеді. Бірақ желіде балалардың порнографиясы, зорлық-зомбылық, сепаратизм мәселелері бар екені айқын. Сондықтан аумалы-төкпелі заманда келеңсіз жағдайларды реттеу керек.
Әлеуметтік желіде жарнама, азаматтардың экономикалық қарым-қатынастары да бар. Оларды экономикалық тұрғыдан да реттеу қажет. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, Мәжілістің барлық фракция өкілдері осындай заңды қабылдауға бастама көтерген. Ірі әлеуметтік платформаларды қазақ тілін дамыту жөнінде нақты шешім бар.
Бұл заңды әлеуметтік желіні пайдалану мәдениетін арттыратын, саяси сепаратизмге қарсы заң деп атауға болады. Әлеуметтік желілердің ішінде қаржы пирамидаларын да көп уағыздап, жарнамалап жатады. Осылардың бәріне шек қою керек болды.
Бұл заң сөз бостандығына қайшы емес. Еуропалық одақтың әлеуметтік желіні реттеу туралы заңына сәйкес келеді. Көп баптары осы заңнан алынған. Еуропалық одақтың әлеуметтік желіні реттеуде заңдылығы өте қатал. Германияның заңы бойынша, әлеуметтік желіде зорлық-зомбылық немесе мемлекетке қарсы саясат, насихат болса, 300 мың еуроға дейін айыппұл салады.
Қазақстанда басқаша. Мысалы, сепаратизмді қолдамаған немесе әлімжеттік көрсетпеген адамдарға бұл заңның мүлде қатысы жоқ.
Гүлнар БАЖКЕНОВА, журналист:
Билік интернетті бақылауға он бес жылдан бері ұмтылып келеді
– Бұл блогосфераны реттеу, бақылау үшін қабылданған алғашқы заң емес. Мемлекет, билік интернетті, әлеуметтік желілерді бақылауға он бес жылдан бері ұмтылып келеді. Көп заң қабылданды, түзетулер енгізілді. Әзірге одан ештеңе шығып жатқан жоқ.
Олигархтар елден көп қаражатты сыртқа шығарып жатқан кезде, мемлекет блогерлерге, инфлюэнсерге назар аударып жатқаны қызық көрінеді. Бұл заңға сыни көзбен қараймын. Мұның неге керек екеніне онша түсінбедім.
Меніңше, бұл биліктің соңғы жанжалдарға деген реакциясы болуы мүмкін. Ашып айтқанда, телеграм арналарының авторлары бопсалау жасағаны үшін ұсталды. Басқа да қылмыстық істер болды. Билік соны реттеуге ұмтылып жатыр. Мұның қаншалықты өміршең боларын уақыт көрсете жатар.
Тоғжан ҚОЖАЛЫ, қоғам белсендісі:
Заң кейбіреулер үшін жұмыс істемейді
– Бұл – заң қаржы жағын реттеу үшін жасалған дүние. Көптеген блогер жарнама жасап, ақша табады. Бірақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Қаржылық қадағалау қажет. Мәселен, әлеуметтік желілер арқылы қайырымдылыққа көп қаржы жинайды. Миллиардтап қаржы жинап алғандар да бар. Бірақ олар ешқандай есеп жүргізбейді. Есеп-қисабын жасаған – біз ғана.
Өзімнің тәжірибеме келсем, Антон Бударовты жала жапқаны үшін қаншама рет сотқа бердік. Бір жарым жылдан бері ешқандай нәтиже жоқ. Өйткені, заң жоқ. Хайп қуып, өсек таратса, ол үшін жауапкершілікке тартылу қажет. «Неге осындай заң жоқ», – деп ұдайы ойланатынмын.
Бұл – медальдің бір жағы. Екінші жағы, қолайсыз блогерлерді жазалап, жауапқа тартуы да ықтимал. Біреуге заң бар, біреуге заң жоқ дегендей. Мұны жоққа шығармаймын.
Ұлтаралық араздық қоздырды деп біраз азамат түрмеге қамалып жатыр. Бірақ «қазақтар – фашистер» деп қанша рет жазған Бударовты осы заң бойынша жауапқа тарқым келсе де, арызымды қайтарып береді. Заң кейбіреулер үшін жұмыс істемейді.
Десе де, жала жабылып, абыройы төгілген адамдар үшін бұл заң хайп қуғандарды жазаға тартуға мүмкіндік береді.
Nege.kz сайтынан алынды