Бұрын «Тараз» ӘКК» АҚ құрылымында жұмыс істеген «Zhambyl Invest» дирекциясы инвестиция тартудың тиімді әрі дербес құралы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Міндеттер көлемінің артуын ескере отырып, аталған құрылымды жеке заңды тұлға ретінде бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қадам басқару тиімділігін арттыруға, операциялық икемділікті күшейтуге мүмкіндік берді.
Бүгінде «Zhambyl Invest» Жамбыл облысының инвесторларға арналған өңірлік фронт-офисі болып табылады. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, жобаларды келіссөздер кезеңінен бастап өндірісті іске қосуға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
2025 жылы инвесторлармен және бизнес өкілдерімен 495 кездесу өткізілді, нәтижесінде 26 екіжақты құжат — меморандумдар мен ынтымақтастық туралы ниет хаттамаларына қол қойылды. «Zhambyl Invest» қолдауымен 8 экспорттық келісімшарт жасалып, өңір кәсіпорындарының өнімін сыртқы нарықтарға шығару қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар екі инвестициялық келісімге қол қойылды. Олар — жылына 3 млн тоннаға дейін өнім өндіруге арналған металлургиялық зауыттың және жылына 3 млн тоннаға дейін терең өңделген жүгері өнімдерін шығаратын зауыттың құрылыстары. Аталған жобаларды іске асыру өңірді индустрияландыруға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 3,4 трлн теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылып, сүйемелденеді. Бұл жобалар металлургия, агроөнеркәсіп кешені, химия, энергетика және басқа да салаларды қамтиды.
2026 жылы құны 700 млрд теңге құрайтын химиялық кешен құрылысын салу бойынша жаңа инвестициялық келісімге қол қою жоспарлануда. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жоғары технологиялы өндірісті дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы пысықталуда. Әлеуетті инвестор тартылды, жоба негізгі параметрлерін талқылау кезеңіндегі бастапқы сатыда қарастырылуда. Аталған жобаны іске асыру өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Zhambyl Invest» тартқан және сүйемелдеген бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу күтілуде. Бұл — өңірдің инвестициялық портфелін жүйелі түрде қалыптастыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі.
Негізгі жобалардың қатарында — облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқаратын жүгеріні терең өңдеу зауытының бірінші кезеңін іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ бірінші кезеңде бу-газ электр станциясын пайдалануға беру көзделіп отыр. Өнеркәсіптік секторда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасын іске қосу күтілуде. Бұдан бөлек, су үнемдеу және аграрлық секторды жаңғырту үшін өзекті болып табылатын тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасы да іске қосылады.
Осылайша, ӘКК бүгінгі таңда өңірді ілгерілетудің жүйелі тетігіне айналып, ұзақ мерзімді инвестициялық күн тәртібін қалыптастыруға және Жамбыл облысының тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге ықпал етуде.
Алда Жамбыл облысының экономикалық әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер мен ауқымды жобалар тұр.
«Тараз» ӘКК» АҚ болашаққа сеніммен қарап, жауапкершілік, нәтижелілік және ашықтық қағидаттарына сүйене отырып, даму жолын жалғастыра береді.
«Тараз» ӘКК» АҚ
баспасөз қызметі.

