Жамбыл облысының 44 кооперативі неге жергілікті бюджеттің қолдауынсыз қалды? Аграршылар техникаға қол жеткізу жолында қандай кедергілерге тап болады? Және өтінім бергенге дейін нені есептеу қажет?
«2023–2024 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 44 кооператив техника сатып алды. Бүгінде олар жергілікті бюджеттен көзделген субсидияны ала алмай отыр. Өйткені ережелерде бұған негіз жоқ», – деді облыстың кәсіпкерлер палатасы жанындағы АӨК және тамақ өнеркәсібі жөніндегі салалық кеңестің отырысында «Аққұм елі» АШӨК төрағасы Жанабек Сыдыманов.
Отырыс 4-қыркүйекте өтті. Күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. Ол ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында сатып алынған техникаға жергілікті бюджеттен субсидия алудың мүмкін еместігі туралы болды. Бұл сөздің артында көмекке сенген, бірақ сол көмекке қол жеткізе алмаған шаруашылықтар тұр.
Ескі тракторлар мен комбайндар маусымның қызған шағында істен шығады. Ал шағын шаруашылықтарға жаңа техника алу қымбатқа түседі. Облыстың көптеген аграршылары тығырықтан шығатын шешімнің жолын кооперациядан іздейді. Ол — бірігіп сатып алу, бірге пайдалану, бірге табыс табу. Алайда кооперативтердің қолы техникаға жеткенге дейін көптеген сұрақтар туындайды. Олар сол сұрақтарымен кәсіпкерлер палатасына жүгінеді.
Несие – сыйлық емес
Облыстың кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің және АӨК мен тамақ өнеркәсібі жөніндегі салалық кеңесінің төрайымы Фарида Жүнісованың пікірінше, мәселені «терминдерді дұрыс қолданудан» бастау керек. Мысалы, аграршылармен болған әңгімеде «Ауыл аманаты» бойынша техникаға субсидия» деген сөз жиі айтылады. Бірақ бұл өз орнымен айтылған сөз емес.
-«Ауыл аманаты” – ең алдымен жеңілдетілген қаржыландыру: ауыл кәсіпкерлері мен кооперативтерге арналған шағын несиелер мен лизингтер. Мемлекетіміз мөлшерлемені төмендету арқылы қаражатты қолжетімді етіп отыр. Бірақ қарызды немесе лизинг төлемдерін қайтару керек екенін ұмытпаған жөн. Субсидиялар өз ережелері бар жеке тетіктер арқылы беріледі. Жеңілдетілген қарызды «сыйлыққа» балайтын кооператив бюджетті қате есептеу қаупіне ұшырайды. Сондықтан өтінім бергенге дейін шаруашылықтың нақты қандай құрал алатынын және оны немен қайтаратынын алдын ала есептеп, анықтап алу қажет.
Бағдарламаның ауқымы айтарлықтай. 2026 жылы облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасына жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 68 кооператив қатысып отыр. Бүгінге дейін мал шаруашылығын дамыту үшін 994 млн теңге сомасына 36 кооператив, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 31,5 млн теңге сомасына 1 кооператив қаржыландырылды. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Өндірістік кооператив туралы» заңдар бойынша жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жұмыс істеп тұрған фермерлер мен жаңадан бастаған кәсіпкерлердің несилелік қолдауға үміткер болуына мүмкіндігі бар. Ол үшін салық органдарында тіркелу, оң несие тарихы және жобаны өңір аумағында іске асыру қажет.
-Бұл жалғыз фермердің қолынан келмейтін міндеттерді шешуге мүмкіндік береді: бір трактор емес, техника кешенін толықтай сатып алуға әрекет жасау керек, – дейді Фарида Жүнісова
44 кооператив тарихы
Кооператив иелерінің күтіп жүрген қолдауына қол жеткізе алмай қалуының мүмкін екенін анық көрсететін мысалды Жанабек Сыдыманов айтты. Сөз 2023–2024 жылдары «Ауыл аманаты» бойынша сатып алынған техникаға жергілікті бюджет есебінен берілетін субсидиялар (20% субсидия) туралы болып отыр. Кооперативтер оларды ала алмайды. Неге десеңіз, қолданыстағы субсидиялау қағидаларында оны беруге тиісті негіздер жоқ.
-Біз жоба көздегендей техника сатып алдық, бірақ кейін ережелерде субсидияға қажетті норманың жоқ екені анықталды, – деді Сыдыманов.
Шектеулі мерзімдер жағдайды ушықтыра түседі. Кооперативтерде субсидиялау порталы арқылы өтінімдерді уақытында беруге қажетті қаражат болмады. Ал ережелер бойынша өтінім берілетін жылдан бұрынғы үш жыл ішінде сатып алынған техника субсидияланады.
-Адамдарда порталға өтінімді уақытында беруге ақша болмады. Уақыт өтіп кетті. Ал 2023 жылы техника сатып алғандар үшін субсидия алу мүмкіндігі енді жоқ. Ережелермен белгіленген мерзім өтіп кетті, енді субсидия алу мүмкін емес, – деді «Аққұм елі» АШӨК төрағасы Жанабек Сыдыманов.
Жүнісова өз кезегінде бұл жағдайдың кездейсоқ еместігін айтты. Оның пікірінше, өз қаражатының жетіспеуі кооперативтің бүкіл бағыт-бағдарына әсер етеді: техника сатып алудан бастап қолдауды ресімдеуге дейін. «Әрбір кооперативте кепіл мүлкі немесе алғашқы жарнаға қаражат бола бермейді. Тарихы жоқ жас кооперативтерге ерекше қиын», – деді ол.
Жергілікті билік не дейді?
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркін Нахимов басқарма мәселені қарағанын және субсидиялау ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жібергенін хабарлады.
Оның айтуынша, өзгерістер енгізілсе, басқарма субсидияларды белгіленген тәртіппен, соның ішінде алдыңғы жылдардағы өтінімдер бойынша да төлеуді қарастырады.
-Осы 44 кооператив қолдаусыз қалмауы үшін ережелерге өзгерістер енгізуді сұраймыз, – деген Сыдыманов та кооператорлардың ұстанымын білдірді.
Бірақ кооперативтердің ақша алатыны-алмайтыны әзірге белгісіз.
-Шынын айтсақ, әзірге кепілдік жоқ. Бүкіл шешім «кейін» деген сөзге байланған ережелер өзгертілгеннен кейін болуы мүмкін. Палатаның міндеті – осы мәселенің сиырқұймышақтанып кетпеуін қамтамасыз ету, — дейді Жүнісова.
Ол кооперативтерге техника сатып алуға қатысты барлық құжаттарды – шарттарды, төлем құжаттарын, қабылдау-тапсыру актілерін сақтап қоюға кеңес берді. Республикалық деңгейде өзгерістер болып, ережелер өзгертілсе, өтінімдерді тез орындауға тура келеді.
Техникаға апаратын жолдағы бес кедергі
44 кооператив тарихы – осы саладағы тек бір ғана оқиға. Жүнісованың айтуынша, кооператорлар көбіне мәселелердің бес тобына тап болады.
Біріншісі – цифрлық кедергі. 2026 жылдан бастап өтінімдер «Ауыл аманаты» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн беріледі. ЭЦҚ, тіркелу, құжаттарды жүктеу қажет. «Бұл ыңғайлы әрі ашық, бірақ кооператив төрағаларының көпшілігіне, әсіресе шалғай ауылдарда қиын», – дейді ол.
Техникалық қателіктерге байланысты өтінімдер кешіктіріледі, ал маусым күтпейді.
Екіншісі – қамтамасыз ету және өз үлесі. Әрбір кооперативте кепіл немесе алғашқы жарнаға ақша бола бермейді. Тарихы жоқ жас шаруашылықтарға ерекше қиын.
Үшіншісі – жобаның әлсіз экономикасы. Шаруашылық техника сатып алғысы келеді, бірақ оның қанша гектар немесе қандай көлемде жұмыс атқаратынын, қандай табыс әкелетінін және қашан өзін-өзі ақтайтынын түсіндіре алмайды. Содан тоқтап қалу мен төлемдерге байланысты мәселелер туындайды.
Төртіншісі – техника нарығы. Бағалар өсіп жатыр, жеткізу мерзімдері кейде ұзақ болады, облыста сервис пен қосалқы бөлшектерге қатысты жағдай әрдайым оңай бола бермейді. Техника сатып алу – істің жартысы, оған шаруашылықтың жанында қызмет көрсетуге болатыны маңызды.
Бесіншісі – кадрлар. «Маман болмаса, қымбат машина жарты күшімен жұмыс істейді», – дейді ол дайындығы бар механизаторлардың жетіспеушілігі туралы.
Өтінімдер бойынша бас тартулар, әдетте, типтік болады: құжаттар топтамасының толық болмауы, кооперативтің заң талаптарына сәйкес келмеуі, несие тарихына байланысты мәселелер, қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, бизнес-жоспардағы қателіктер. Бұл себептердің барлығы дерлік өтінім бергенге дейін жойылады.
Кіріс пен шығысты сатып алғанға дейін есептеу керек
Кәсіпкерлер палатасының кеңесі – істі өтінімнен емес, есептеуден бастау. Модель мен қаржыландыру шарттарын таңдамас бұрын кооператив үш сұраққа жауап беруі тиіс: қандай техника шынымен қажет және қандай жұмыстарға; оның маусымдық жүктемесі қандай, соның ішінде көрші шаруашылықтарға қызмет көрсету есебінен және ол қанша табыс әкеледі әрі қандай мерзімде өзін-өзі ақтайды.
Лизинг пе, қарыз ба – қайсысы тиімді деген сұраққа бірыңғай жауап жоқ. Лизинг нақты бір техника бірлігі қажет болғанда және шарттардың ашықтығы маңызды болғанда ыңғайлы. Несие көбірек еркіндік береді, бірақ неғұрлым мұқият жоспарлауды талап етеді. Алғашқы жарнаны, сақтандыруды, қызмет көрсетуді және мерзімдерді ескере отырып, бүкіл мерзім бойынша толық құнды салыстыру керек.
Төлемдер түсімге немесе субсидияға «бейімделеді» деп есептеуге де болмайды. «Лизинг немесе қарыз бойынша төлемдер түсімге байланысты емес, сондықтан қаржылық модельде қауіпсіздік қоры болуы керек. Ауа-райына, жанар-жағармай материалдары бағасының өсуіне және жеткізудің бұзылуына резерв қарастыруға және техника мен түсімді сақтандыруды да ұмытпаған жөн.
«Өз бетіңізше түсінуге тырыспаңыз және өтінім беру үшін ақша алатын күмәнді «көмекшілерге» жүгінбеңіз. Бағдарлама бойынша кеңес беру тегін» деген кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзіне құлақ асу керек. Мысалы, ЭЦҚ мен онлайн-өтінімді меңгеруде қиналатындарға өңірлік палатаға, аудандық филиалдарға, бағдарлама операторына немесе ауылдық әкімдікке барған жөн.
Палата нені көздейді?
Кәсіпкерлер палатасы үш функцияны атқарады: ақпарат береді (ережелерді түсіндіреді, аудандарда семинарлар өткізеді), сүйемелдейді (құжаттар мен бизнес-жоспар бойынша көмектеседі) және кері байланысты жеткізеді: кооперативтердің мәселелерін жинап, әкімдікпен, ауыл шаруашылығы басқармасымен, бағдарлама операторымен және республикалық органдармен диалог алаңдарына шығарады. «Егер норма іс жүзінде жұмыс істемесе, біз оны өзгерту бойынша ұсыныс дайындаймыз. Ережелер тек осылай жақсарады» – дейді кәсіпкерлік палатасы.
Палата қажет деп санайтын өзгерістердің қатарында: шағын кооперативтер үшін онлайн өтінім беруді жеңілдету және әдістемелік қолдау; кепілі көп емес адал кооперативтер бастапқы кезеңде-ақ сүзгіден өтпей қалмауы үшін қамтамасыз етуге икемді тәсілдер; қолдау шараларын үйлестіру, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобалары басымдықпен қаралуы мүмкін «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасымен; сервис орталықтары мен механизаторларды оқытуды дамыту; сондай-ақ 44 кооператив үшін өткен жылдардағы субсидиялар мәселесін шешу.
Иллюзиясыз оптимизм
Облыстағы кооперация болашағын «оптимистік, бірақ иллюзиясыз» бағалауға болады. Құнарлы жерлер, егіншілік пен мал шаруашылығының қалыптасқан дәстүрі бар, қайта өңдеуге қызығушылық та артып келеді. Кооперация шағын шаруашылықтарға басты әлсіздікті – ауқымның аздығын – еңсеруге көмектеседі. «Қағаз жүзіндегі бірігудің еш пайдасы жоқ». Нағыз кооператив ортақ ережелерді, ашық есепті және мүшелердің тәртібін болжайды. Бұл бар жерде шығын азаяды, табыс өседі, ауылда жұмыс орындары пайда болады.
Кооператорлардың өздері үшін, Сыдыманов сөзінен көрінгендей, сабақ мынада: сенім артатын қолдау уәде етілуімен ғана емес, норма мен мерзіммен де бекітілуі тиіс.
«Мемлекет құралдар ұсынады, бірақ жетістік сіздердің тәртібіңіз бен кәсібилігіңізге байланысты. Сұрақтармен өтінім бергенге дейін келіңіздер, бас тартқаннан кейін емес».
Диана Досаева,
Облыстық кәсіпкерлер
палатасының баспасөз хатшысы.

