Жуалы – сонау жиырмасыншы ғасырдан бастап «ақ картобымен» аты шыққан ырысты, ынтымақты аудан. Сол дарабоз дәстүр әлі өзгерген жоқ.
Ауданда картоп пен бақша дақылдары Нұрлыкент, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде егіледі. Ал Нұрлыкент ауылдық округіндегі дихандарды картоп өсірудің көшбасшысы десе де болады. Дегенмен, «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, округтегі өнімді жұмыс істеп жатқан шаруалардың ішінен «Зылиха» шаруа қожалығын ерекше айту керек.
Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығы — шаруасы шалқыған үлкен агроқұрылым. Шаруашылық тұсауын кескелі бергі 20 жылдан аса уақыт бедерінде ақ картоп алқабының көлемін 80-90 гектардан асырған кездері де болды. Еуропа елдерінен шаруашылықтарына қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғыларды сатып әкеліп, іске қосудың нәтижесінде сапалы өнімге қол жеткізді. Шаруа қожалығы бүгінде аяғынан тік тұрған. Өнімдері жыл сайын артып келеді. Ұрандары – сан емес, сапа!
Сондықтан шаруа қожалығы биыл 70 гектар алқапқа картоптың элиталы және бірінші репродукциялы тұқымдарын егуді көздеп отыр. Жалпы қожалықтың иелігінде 382 гектар егістік жері бар. Биыл оның 70 гектарына картоп егілетін болса, қалған жерлерге арпа, бидай, көпжылдық шөп егілген.
Қазір шаруа қожалығы тиісті агротехникалық шараларды, сонымен қатар ауыспалы егістік талаптарын мұқият сақтай отырып картоп егуді бастап кетті. Картоп алқабы Қазбастау ауылының жоғары жағынды. Алқап басы қайнаған еңбек.
-Былтыр 60 гектар алқапқа картоп еккенбіз. Дихандар біледі, бір жыл жақсы өнім алса, келесі жылғы өнімі көңіліндегідей болмай қалуы мүмкін. Бұл — тұқымға байланысты. Өйткені, жаңа тұқымның кейбір түрлері дұрыс жерсінбейді. Бүгіне еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы алдымен сапаға және озық технологияларға ерекше мән беруде. Гәп санда емес, сапада. Яғни, егілетін тұқымының сапасын жақсартып, барлық агротехникалық талаптар сақталғанда ғана мол өнім алуға болады. Сондықтан биыл Голландия елінен картоптың «Пикассо» сұрыпты бірінші репродукциялы тұқымын алып, алғаш рет жеті гектар алқапқа егейін деп отырмыз. Ол үшін ең бірінші жерге тыңайтқыш сеуіп, сосын жер жыртамыз. Жыртылған жер дайын болған соң нитроаммофос сеуіп, содан кейін ғана еге бастаймыз. Картоп егетін техникамыз — Еуропада шығарылған көпфункциялы агрегат. Жалпы, біз қазір тұқымның сапасын жақсартуға баса мән береміз. Одан кейін көптеген шаруалар тыңайтқышқа қаржы шығарғылары келмейді. Ол дұрыс емес. Тыңайтқышқа қаржыны қиналмай бөлсе ғана өнімді бірнеше есе артық алады, — дейді «Зылиха» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Лесов.
Шаруа қожалығы өздерінің жұмысына қажетті барлық техникамен қамтамасыз етілген. Бәрі жаңа. Қожалық басшысы оларды Германиядан алдырған. Дихандар атқаратын жұмыстарын бөліп алған. Бір тобы картоп ексе, енді бір тобы картоп тұқымын сорттайды. Сондықтан бұл қожалықты ауыл тұрғындарын маусым кезінде ғана емес, жыл он екі ай бойы жұмыс тауып беріп отыр десе де болады. Өйткені ерте көктемде жұмысшылар егілетін картопты сорттаудан бастаса, өнім жинау мезгілінде олардың саны едәуір көбейеді.
Қожалық иелері Жуалы күні ашық болса картоп егуді 10 күнде аяқтамақшы. Өйткені, қарқындары жақсы. Бір күнде 7-8 гектар алқапқа картоп егу оңай шаруа емес.