166 рет оқылды

Ақтөбе өңірінің тарихында өз заманында ел қорғаған талай қаһарман қайраткерлер, қол бастаған батырлар мен ел бастаған билер, көптеген танымал тұлғалардың таңбасын қалдырғанын білеміз. Бүгінде олардың есімдерін есте қалдыру, елге насихаттау жұмыстарын жүргізу өзекті болып отыр.
Қазақ тарихындағы осындай орны зор тұлғаның бірі – Сапура Мәтенқызы. XVІІІ ғасырдағы Е.Пугачев көтерілісінде аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда «Көктемір», «Көрінбес» деген атпен дәріптелген қаһарман қыз 1775–1776 жылдары сыртқы жауға қарсы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырған. 22 жасында Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрес жүргізген. Ол туралы архивтік құжаттар бар. Ресейлік архивтер құжаттарына сүйеніп, кеңес заманындағы  танымал тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты көлемді зерттеу еңбектерінің бір тарауын «Легенда о Невидимке» деп атаған. Нақ осы еңбек Алматыдағы «Жалын» баспасынан1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақшаға аударылды.  Орысшадан  аударған — белгілі журналист Сәнгерей Тәжіғұлов. 

Зерттеуші қаламгер Әнес ­Сарай 1997 жылы ақпан айында «Қазақстан әйелдері» журналында жарық көрген мақаласында «Сапура 1753 жылы қазіргі Ақтөбе облысының жері – Қобда бойында туды» деген деректі алға тартады. Бұл нұсқаны белгілі қаламгер Әбіш Кекілбаевтың да мақұлдағанын білеміз.

Қазақтың қайсар қызы Сапура Мәтенқызының ерлігі жырменен жатталып қалсын деген мақсатта белгілі ақын Ізтай Мәмбетов өзінің «Көктемір» деген дастанын жазды. Ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы «Көктемір» дастанына арқау болған Сапура Мәтенқызы туралы  былай деді:

— Ақын бұл поэманы жазғанда халық арасындағы аңыз-әңгімелерге сүйенгені анық. Себебі Сапура Мәтенқызы туралы Нәйла Бекмаханованың кітабында ғана кездеседі. ­Сапура Мәтенқызы әлі де зерттеле түсуі керек. Сол дәуірде батыр қыздың даңқы патшаға дейін жетті. Халық арасында Көктемір атанған қыз соңына елді топтас­тыра білді. Табын, тама және  әлім рулары  батыр қыздың айналасына жиналды. Көктемірдің нұсқауымен атқа мінген Сапура Мәтенқызының әскері аз ғана уақыт ішінде екі мың адамға жетті. Таңғаларлығы сол – қазақ даласындағы айтулы батырлар да дәл Сапура Мәтенқызы сияқты қолды тез жиып, орыс бекіністеріне шабуылды тез арада бастамаған-ды. Аз ғана уақыт ішінде Көктемірдің Қобда мен Елек аралығына орналасқан әскері Красногорск, Чернореченский, Елек қамалдарына ­шабуыл жасап, көптеген орыс деревняларын талқандады. ­Жалпы Сапура француздың  Жанна д’ Аркі секілді дәріптелуі керек.

Белгілі қаламгер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының ­лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жақау Дәуренбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы ­Табыл Құлияс, ақын, публицист, ­жазушы Мейірхан Ақдәулетұлы, журналист Сырым Бақтыгереев өздерінің зерттеу еңбектерінде Көктемір атанған қазақ аруының келбетін толықтыра түсті.

Осы арада белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың «Ана тілі» газетінде 2021 жылдың ­басында жарық көрген «Үлгі» атты эссесінен үзінді келтіре кестек. Онда былай деп ­жазылыпты: «Қазақ еліндегі ақыл-көркімен көзге түскен, есімдері ерлігімен ел аузында қалған арулар… Бегімдер мен ханшайымдар… Олар бізде аз болған жоқ. Сондай ерекше тұлғаларды көрсетуге арналған туындылар қатарына Жақау Дәуренбековтің «Көктемір» ­романы қосылып отыр. Қуанышты оқиға. Сүйінішті жағдай.

Шығарма ХVIII ғасырдағы қазақ даласын ­отарлаушы ­Ресей басқыншыларына қарсы шыққан қаһарман қыз Сапура Мәтенқызы өміріне арналған. Мәскеулік ғалым Нәйла Бекмаханованың зерттеу еңбектерінде «Көрінбестің көлеңкесі», «Пугачев көтерілісіне қолдау көрсеткен», «сыртқы күштермен байланысы бар» деп айтылатын жұмбақ жан бұл.

Жазушы Жақау Дәуренбеков «Көктемір» атты тарихи романында қаһарман қыз Сапура Мәтенқызын француздың батыр бойжеткені ­Жанна д’Аркке теңейді. Қандай ұқсастық десеңізші… Екеуі де жатжерліктерге қарсы шайқасқан. Бірі – орыс, екіншісі – ағылшындарға. Көтеріліске шыққан кездері де бір уақыт. ХVIII ғасырдың 70-жылдары. Екеуі де қара халық өкілі.

Сөздің тоқетері, аталмыш романды жазу арқылы автор қазақ қыздарының әдебиеттегі бейнесі жөніндегі көркем шығармалар галереясын толықтырып отыр».

Сапура Мәтенқызына арналған шаралар қазіргі кезде жиі өте ­бастады. Мәселен, облыстық тарихи-өлкетану музейінде, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында, «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешенінде, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемо­риал­дық музейінде, Қобда ауданында тарихи-­та­нымдық шаралар, көрмелер ұйымдастырылып өткізілді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Тілектес Тоқсанбаеваның «Ізтай Мәмбетов поэмала­рындағы тарихи фактор және көркемдік шешім» тақырыбында жасаған ғылыми-зерттеу бағы­тындағы баяндамасы шараға қатысушылардың таным-түсінігін кеңейте түсті.

Қазақ халқының азаттығы үшін күрескен тарихи тұлға ­Сапура Мәтен­қызына арналған ­«Тарихи тұлға» тарихи-танымдық зерттеу ­экспедициясы Қобда, Ойыл аудандарында болып қайтты. Осы экспедицияны бастап барған, тарихи-танымдық бағыттағы шаралардың ұйымдастырылып өткізілуіне мұрындық болып жүрген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиалының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстанның әйелдер істері альянсының Ақтөбе облысы бойынша төрайымы Сұлупан ­Шынтасова. Экспедицияның негізгі мақсаты: ­1775–1776 жылдары ­Сапура Мәтенқызы қозғалысы болған жер­лерімен жүріп өту, зерттеу, деректер жинау болды.

Бұл экспедицияға Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері, қаламгерлер, өлкетанушылар, тарихшылар қатысты. Зерттеу деректері бойынша Пугачев көтерілісі мен одан кейінгі Сапураның қарсылығы кезінде қазақ сарбаз­да­рының уақыт­ша орда құрған жер­­лерінің бірі Қобда өзенінің Елек­ке құяр тұсын­да орналасқан. Бұл жерлер ­«Кө­рінбес» қыз кү­ресіне тікелей қатысы бар ­Досалы, Сейдалы сұлтан­дардың да жайлау қоныстары ретінде белгілі болатын. Экспедиция мүшелері Қобда ауданындағы Жиренқопа, Көкүй ­ауылдарында, Ойыл ауданы аумағында Мәтентөбе деп аталатын жерде болды. Бұл жер Сапураның әкесі Мәтен батыр есімімен байланысты. Осы сапарда олар жергілікті өлкетанушылармен кездесіп, сұхбаттасып, көптеген деректер жинақталды.

Экспедиция нәтижесі көтері­лістің болған жерлерін одан әрі тереңірек зерттеу және нақты ашу керектігін көрсетіп отыр.

Кейбір деректерде «Он сегізінші ғасырда Пугачев көтерілісі басылғаннан кейін қазақтың арасында Көрінбес Көктемір деген адам Пугачевтің ісін жалғастырып, жұртты Ресей саясатына қарсы көтереді» деп жазылған. Бір қызығы, ел ішіне жансыздарын жіберіп, алынған нақты деректер, мәліметтер ­Ресей Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталған екен.

Қуанарлық жайт, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты Жетпісбай Нұржан Сапура Мәтенқызы туралы Орынбор архивінен алынған 50 беттен тұратын ескі орыс тілінде жазылған деректерді табыс етті. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова осы деректерді аударту жұмыстарын өз қолына алып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновқа хат жолдады. Ол Орынбор архивінен әр жылдары алынған 50 беттен тұратын ескі орыс тілінде жазылған тарихи деректің бар екендігін, бірақ деректе Сапура Мәтенқызы туралы нақты не жазылғанын түсініп оқу қиындық туғызып отырғандығын айтып, тарих, этнология, антропология ғылымдары саласында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген қызметкерлерінің архив құжаттарын аударып беруіне ықпал етуін сұраған болатын. Соның нәтижесінде деректер аударылып берілді. Бұл да тарихи тұлғаны одан әрі тереңірек зерттеуге, тануға мол мүмкіндік туғызды.

 Бүгінгі күні Сапура ­батыр ­туралы оқушылар арасында да көбірек ­насихатталуда. Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әлия ­Жалғас­баева «Қаһарман қыз Сапура» ­тақы­рыбында ғылыми жобасын қорғады. Ол байқаудың облыстық кезеңінде бірінші орын алып, ­«Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының үшінші орын иегері атанды. Зерттеу әлі жалғасуда. Міне, осылай тарихтың ақтаңдақтарын ақтарып, өткенімізді қастерлеу — болашақтың баяндылығына жетелейтінін оқу­шылар да жемісті істерімен көрсетуде. Қаламызда қойылған бірнеше ескерткіштердің жоба ­авторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, республикаға белгілі мүсінші ­Ахмет Құбай «Көрінбес» батырдың портретін салды, батыр қызға арналған Пилон-стеланың эскизін жасады. Жасалған пилон-стеланың көшірмесі ­музей қорына тапсырылды. Сапура Мәтенқызын тарихи тұлға ретінде таныту мақсатында көптеген мақалалар баспасөз беттерінде жарық көрді.

Сонымен қатар Қобда ауданында және Ақтөбе қаласында ­Сапура Мәтенқызы атына көше беру, есімін ұлықтау, осы тақырыпты зерттеп жүрген тарихшылар, ­жазушылар, әдебиетшілер, журналистер қауымының басын біріктіріп, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып өткізу, қорытындысы бойынша жинақ шығару жұмыстары да жоспарда бар.

Сапура Мәтенқызының 270 жылдығын атап өтуге орай батыр қыздың ерлігі туралы тарихи драма жаздырып, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының сахнасында көрсетілсе, сондай-ақ кеше мен бүгіннің сабақтастығын қалыптастыруға қосқан зор үлесіміз болар еді. Аудан, қала көшелеріне Сапура Мәтенқызының атын беру үшін қаланың, ауданның басшылық орындарына хаттар жіберілді, қаланың орталық көшесінің біріне бильбордта батыр қыз туралы дерек жарияланды.

Бала шақтан бастап біз ұрпағымызға батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттап, көрсете білсек, жас ұрпақ тәуелсіздіктің бағасы мен патриоттық деген қасиетті ұғымды бойларына сіңіріп өседі деген ойдамыз. Осы мақсатта Сапура Мәтенқызының ерлігі мен қолбасшылық қасиетін, туған жеріне сүйіспеншілігі мен тәлім-тәрбиесін насихаттайтын, балаларға арналған мультипликациялық фильм жасалса деген тілек те бар. Міне, осындай қолға алынған қай нәрсенің болсын іздеушісі болмаса аяқсыз қалатыны белгілі. Осы істердің жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілуіне ұйытқы болып жүрген ­тарихшы Исламғали Бітік екенін айтып кеткенім де орынды деп білемін.

Елінің азаттығы үшін күрескен Сапура батырды бағалау басталды деуге болады. Мұндай ұлықтау жалғасын таба беруі тиіс. Сонда ғана тарихымыз түгенделіп, жүріп өткен жолдарымыздың ақиқаттары айқындала түспекші.

Алмагүл САРЫБАЙ,

Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының

мүшесі, Ақтөбе облыстық

тарихи-өлкетану музейінің

бөлім меңгерушісі

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.