535 рет оқылды
Жайылмада туып Италиядағы дүниежүзіне белгілі «Ла Скала» опера театры арқылы қазақ үнін жаһанға танытқан жампоз
Сонау 1945 жылы 9 мамыр күні Сарысу ауданындағы Жайылма ауылындағы ақ көңіл ағайындар «Жеңіс!» деген қуанышты хабарды естіп, «А, Құдай, ұзағынан сүйіндіре гөр!» деп, абыр-сабыр боп жатқанда дүниеге шыр етіп бір ақ маңдай ұл келді. Ұлдың атын ырымдап Амангелді қойды. Бірақ ол кезде оның болашақта қазақ ән өнерінің жұлдызына айналып, ел-жұртының «Қазақ!» деген қарапайым атын жаһанға танытатынын ешкім білген жоқ.
Бірде сол кезде «Социалистік Қазақстан», бүгінде «Егемен Қазақстан» деп аталған газетінің меншікті тілшісі, ақын Жақсылық Сәтібеков Сарысу ауданына барып, жылқышылар жайлауында болады. Өзі ақын, өзі әнші, оған қоса серілігі де бар Жақаңның жүрген жері қашанда той-думан, ойын-сауық: жылқышылар үйінің түндігі де ән мен жырдан бір-екі күн желпілдеп тұрады.
Жақаңның бір жақсы қасиеті түнеген төрінен, отырған отауынан бойында өнері бар өрендерді байқаса болды, мәдениеттің оғаландары жиналған орталыққа қарай тартатын. Жылқышы жігіт Амангелдінің әуелете салған кең тынысты үні өзін әнші санайтын Жақаңның өзін таңғалдырып тастаған. «Ау, мына бала дап-дайын әнші ғой, мұны маған беріңдер, мен оны Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне апарып оқуға түсірейін» деп қолқа салады. Баласының өнеріне тұсау болғысы келмеген «жылқышылар жиыны» орынды ұсынысқа бірауыздан «мақұл» десіп, Амангелдіні сері ағасы Жақсылық Сәтібековтің қасына серік етіп ілестіріп жібереді.
Аты аңызға айнаалған әнші Амангелді Сембиннің Еуропадағы опера білгірлерін тамсантқан өнер жолындағы үлкен соқпағы Сарысудың сар даласынан ә дегенде осылай басталған. Бірақ, бір өкініштісі, әнші өмірбаянында осыбір тарихи сәттер, яғни оның Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің түлегі болғаны жазылмапты. Жайылмадан бірден Мәскеу барғандай «Әнші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1970 жылы Мәскеу консерваториясының вокалдық бөлімін бітірген» деп тұр. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ, бірақ өңір өнерінің тарихи дәлдігі үшін және дүниежүзілік деңгейдегі таланттарды оқытып-шоқытып, баулып, баптап қанат қақтыруда Ықылас күңіренте күй шалған, Жамбыл, Кенен шырқата ән салған топырақтағы жанашыр жандар мен ұлағатты ұстаздардың ықпалы болғанын да ұмытуға болмас. Сонау 1972 жылы Бішкек қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия аймақаралық орындаушы-музыканттар байқауының лауреаты атанса, ол да алдымен осы таланттар тәрбиелеген өңірдің топырағының қасиеті деп түсінген жөн.
Жиырма төрт жасында Бетховен, Моцарт, Штраустардың елінде ән салып жүрген таланттың бозбала шағы қайда өтті? Білім-білігі мен шығармашылық тыныс-тіршілігі қай деңдейде болды? Осындай сауалдардың жетегінде жүргенде қазақтың ақын әйелдерінің бірі Шырын Мамасерікованың алпыс үшінші жылғы альбомынан Амангелдінің әлі ешкім білмейтін жазбаларымен танысып, оның о бастан-ақ өнер деп туған өр екенін мойындадық.
«Заман талабы» деген желеумен Фейсбук, Инстаграмм, Твиттермен алтын уақыттарын өткізіп жүрген жастарымыз бен жасамыстарымыз қаперлеріне ала жүрсін, 1960-1970 жылдардың қыз-жігіттері әннің сөздерін жазатын альбом-дәптерлер ұстап, оны бір-біріне ұсынып, өздері білмейтін әндерді жаздырып алып жүретін жақсы дәстүрлері бар болатын. Мұның тәрбие құралы ғана емес, тарих үшін де кәдеге асатынын Шырын әпкеміздің альбомындағы жазуларды көріп риза болып отырмыз. Әйтпесе, біз Амангелдінің жасөспірім кезінен-ақ өнерге құштар болғанын, оның сол кезде-ақ үлкендерше ой толғай білетінін, тіпті, сын-сықақ өлеңдерді де жаза алатынын қайдан білер ек? «Біреу айтып еді» деген әңгімеден гөрі, альбомдағы мынау әдемі әріптер, ғажап қолтаңбалар сұлулыққа іңкәр сол бір серінің мөп-мөлдір тамшыдай таза жанының бар сырын ақтарып тұрған жоқ па?
Сонымен ақын Шырынның альбомына үңілейік. «Общая тетрадь» деп аталатын қалың дәптердің жоғары жағындағы сол жақ бұрышына бейкүнә бозбаланың суреті жапсырылыпты да қасына:
Тұтанбай жатып сөнетін,
Мен «шөп-шалам» емеспін…
«Көпірмеден» өнетін –
Құлы емеспін елестің.
Арманым бар – атым ол,
Ақыл-ойым – затым ол…
Өмірден алып өнеге,
Шеру тартам – сөреге, —
деп өлеңдетіпті де, астына «А. С. Н.» деген «қолын» қойыпты. А.С. Н. — Амангелді Сембин Нақыпбекұлы деген аты-жөннің қысқарғандағы түрі. Айта кетейік, әнші мұрасына қиянат жасамау үшін оның жазғандарын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
Бұдан кейін назарымызды оның «Құрбыға» деген өлеңі аударған. Бұл өлеңін ол:
ҚҰРБЫҒА
Дос тұтып ем… өзіңді,
Сыйласар жан сен болшы.
Есітейін сөзіңді,
Жан тазартар ем болшы…
Мөлдірдей тұнық сезімді,
Нәр алатын кен болшы, —
деп жазыпты да, астын сызықша, нүктелермен бөліп:
«У человека должно быть все прекрасно: и мысли, и чувство, и одежда, и лицо.
А. Чехов»
деп жазған. Орыс халқының ұлы жазушысының бұл сөзін әнші он сегіз деген жасында құрбысының альбомына жазу арқылы өзінің ақылға кемел жас екенін танытқан.
Болашақ әншінің «Бір жолдасыма» деген өлеңін оқып отырып, егер ол мықтап қолға алған болса кезінде Шона, Оспанхан ағаларының ізін жалғайтын тәп-тәуір сықақшы бола алатындай қабілет-қарымын да байқадық.
БІР ЖОЛДАСЫМА
Оныншыны бітірген соң,
Қысқалау үтірден соң,
Сатекем сайранға басты,
Тереңнен қайранға қашты.
Оқуға барып, мүлт кетіп,
(Сирағы сықырлай, кілт етіп)
Ауылға жылжып қайтып келді,
Өтірікті мыжып айтып келді…
Бұл Сатекеме сөз бе екен:
«Оқу – әкеден қалған көз бе екен» —
Деп, мерейі өсіп қапты,
Өзі біраз бөсіп қапты.
Кеше барсам ауылға —
(Қарамай-ақ жауынға)
Сатекем босып жүр екен,
Ыңғайы бола ма деп қыздардың
Алдын орай тосып жүр екен…
А. С. Н.
Әрине, ән өнерінің соңына түскен жастың халқының жүрегіне жақын шығармалардан аттап өте алмайтыны анық. Сондықтан болар, альбомның бір бетіне Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» атты белгілі өлеңін жазып астына:
«Жақсы әнді естіп,
… оянады сезімің,
Ән дегенің, символы екен –
жастық-жалын кезіңнің» деп жазып,
бұған да «А. С. Н.» деп «қол» қойған. Болашақ әншінің құрбы альбомына қалдырған қолтаңбасының бірі:
Абай айтқан:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре-тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
-өкініші, қай жастың болса да (әрине,талаптанатынын), ақыл-ой, санасына арналған ескерту. Бұл асыл сөз Абай дәуірінде айтылса да, біздер үшін маңызын жоймаған өнеге. (Әттең не керек, үлгі ала алмай, үйрене алмай жүрміз-ау)» деген ойлы сөздер.
Бұл сөздердің астында да «А. С. Н.» деген «қол» тұр. Осыдан кейін «Туған ел» («Туған ел, жерің қандай мөлдіреген» деп басталатын) әннің екі шумақ өлеңін жазып, астына «Азымды көптей көріп, құрбылық, ескерткіш ретінде қабыл ал! Аманкелді Сембин, 1963 ж.» деп қолтаңбасын аяқтаған.
-Жамбыл қаласындағы Абай атындағы мәдени-ағарту училищесінде 3-курста оқып жүрген кезіміз. Ол әнші, мен ақын болам деп жүрген шақ. Амангелді алғырлығымен бірге сұлу еді, сондықтан болар Сәбит Мұқановтың «Жас Шоқан» атты пьесасындағы Шоқанның рөлін ойнады. Сол кездегі оқыған жастар арасында альбом арнап, оған әндер, өлеңдер, қанатты сөздер жазу сияқты жақсы дәстүр болатын. Мына жазбаларды Амангелді сол 1963 жылы жазған. Кейін жетпісінші жылы мен:
Есімде жоқ көктем бе еді, күз бе еді,
Сені «әнші», мені «ақын қыз» деді.
Балалық па… сәби жүрек сол кезде-ақ,
Жұрт сөзінен бір жақсылық іздеді.
Жүре алмадым бұл сезіммен алыспай,
Бас изесіп өтсең де жай таныстай.
Сенің әрбір табысыңа қуанам,
Кетсең-дағы әніңменен алыстай, —
деп әншіге арнап жыр жазғаным бар, — дейді Шырын әпкеміз Амангелдімен бірге өткен шырын күндерін сағынышпен еске алып.
Еуропа, Америка елдерінде белгілі өнер адамдарының тұтынған заттары, хаттары, қолжазбалары керемет құнды дүние ретінде бағаланып, тіпті, олар аукциондарда қыруар қаржыға саудаланып та жатады. Мейлі, біз алаш ардақтарының қолжазбаларын саудаға салып, бәсекелеспей-ақ қоялық, бірақ мына табылған жазбалар… Амангелдінің көзіндей ыстық дүние емес пе? Қадірлеп, қастерлей білейік те соларды. Өнер музейлеріне ұсынып, алтын қорымыз – архивтерге өткізіп, сап алтындай сақтайық та, ағайын.
***
Амангелді Сембин Жамбыл мәдени-ағарту училищесі мен Мәскеу консерваториясын бітіргеннен кейін 1973-75 жылдары Еуропадағы «Музыка Меккесі» іспетті Милан қаласындағы «Ла Скала» опера театрында опера әншісі ретінде тәжірибе жинақтаудан өтіп, ән шырқады. Атақты опера театрында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Қазақ елі, Қазақ елінің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев және Қазақ академиялық опера және балет театры талантты жастың Италияға барып, өнерін өрге шығаруын қолдады. Әнші мұндай қамқорлықты ел тарапынан Мәскеуде оқып жүргенде де көп көрді, тіпті, Димаш Ахметұлының стипендиясын да алып тұрды. «Алмақтың да салмағы бар», Мәскеудегі оқуын бітіріп келген соң Амангелді Қазақ академиялық театрында соло-әнші (1971 — 73 және 1975 — 80 жылдары) болып ән өнеріне жаңа үннің, жаңа дарынның келіп қосылғанын жаңа қырынан көрсетті.
Қазақ сахнасында бұрын-соңды кездеспеген кең тынысты әншінің репертуры да өте бай болды. Оның орындауындағы ариялар мен партияларды музыканың майын ішкен майталмандардан бастап ауылдағы қарапайым халыққа дейін тамсана тыңдады. Өйткені оның үні ешкімді де бей-жай қалдырмайтын. Мысалы, Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Төлегеннің, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абайындағы» Айдардың, М. Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Біржанның, С. Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызындағы» Адақтың, П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегиніндегі» Ленскийдің, Дж. Пуччинидің «ЧиоЧио-Санындағы» Пинкертонның, Ш. Гуноның Фауст атты операсында Фауст, Дж. Вердидің «Травиатасы» мен «Риголеттосындағы» Адьфред, Герцогтың, Моцарттың «Дон Жуанында» Дон Оттавионың ариялары мен партияларын нақышына келтіре орындауы бекзат өнерді бағалайтын көрермендер үшін нағыз мәдени демалыс, нағыз рухани қазына болатын. Ал қарапайым халық оның концерттік репертуарындағы өз алдына бір төбе болып, менмұндалап тұратын халық әндері — «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Жалғыз арша», «Қарғаш», «Шәпибайауды» тыңдаудан жалықпайтын.
Миландағы атақты «Ла Скаладан» кейін де ол гастрольдік сапармен шет елдерде, оның ішінде Германияда, Чехославакияда және Францияда болды. 1980 жылдан бастап Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) педагогикалық қызметпен шұғылданады.
Ән өнерінде «тенор» деген термин бар. «Тенор» деп кең тыныспен әуелете ән салатын ерлердің дауысын айтады. Музыка мамандары Амангелді Сембиннің асқақ үнін «тенор» деп бағалады. Сол Әбекең мына фәни дүниеде аман-есен ойнап-күліп жүргенде биыл өзі туып-өскен өңіріне келіп, ел-жұртымен бірге70 жылдығын атап өткен болар ма еді, кім білсін. Бірақ дана халқымыз «Орнында бар оңалар» демей ме, қазақ атын, қазақтың дауылпаз үнін жаһанға танытқан әншінің артында қалған елі, жері бар емес пе?!. Өнерін жалғастырған ұрпақтары – бүгінгі өнер иелері, мәдениет жанашырлары сондай бір келелі иігі іс-шараны марқұм үшін өздері-ақ ұйымдастырып жіберсе, қанеки?!.
Алаш ардағына айналған әнші Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) ұстаздық ете жүріп «Саз сөздігі» (итальянша-қазақша музыкалық терминдер сөздігі, 1994), «Ән бағдарламасы» (1994) және «Ән әліппесі» (2001) атты әдістемелік оқу құралдарының авторы атанды.
«Таланттар ауылда туып, астанада өледі» деген, жезтаңдай әншіміз 2005 жылы, алпыс жасында өнер ордасына айналған Алматыда өмірден озды.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.