349 рет оқылды
«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Атақты күйші-композитор, ел сүйіп тыңдайтын «Ерке сылқымның» авторы Әбдімомын Желдібаевпен әңгіме
Ол кезде ел газеті – «Егемен Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет етем. Газет басшысы біздерді, яғни әр өңірдегі тілшілерін ай аралатып, жылдар жылжытып дегендей Астанаға шақырып, әңгіме өткізіп, ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Ұжым басшысы Сауытбек Абдрахманов оны мәнді, мағыналы өткізу үшін төл министрімізбен, тіпті, Мемлекеттік хатшымен де кездесу өткізеді. Сондай кездесудің бірінде сол кездегі Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездестік. Министр кезінде де ақыл-кеңесін тыңдағанбыз.
Мұхаңның басқа шенеуніктерден артықшылығы, басшымыз газет тілшілерінің аты-жөндерін айта бастаса-ақ болды, әлгінің қандай мақала жазып, қандай мәселе көтергеніне дейін өзі айтып береді. Ондайда Мұхаңның біліктілігіне, білімділігіне қатты риза боламыз.
Сол жолы да Мұхаң көсіле сөйлеп, бірқатар өңірлердегі белгілі тұлғалар туралы жазу қажеттігі туралы толғана келіп, «атақты күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев туралы неге жазбасқа?» деп қалды. Бұл тура маған берілген тапсырма еді. Ал мен «Жас Алаш» газетінде жүргенде күйші Әбекең мен оның жазушы досы Қарауылбек Қазиев туралы толғанып қойғандықтан тағы жазу артықтау шығар деп жүргем. Не керек, сол жолы Астанадан қайраққа жанып алған қанжардай боп қайттым да, келе сала Әбдімомын ағамен хабарластым.
Әзілі жарасқан ағамыз телефондағы сөзін ойында ештеңе жоқ «Өзі Көсемәлі, қара сөздің шешені әлі…» деп, әдеттегі қалжыңымен күліп бастады. Ал менің күлетін жағдайым жоқ, бірден «Таразға қашан келесіз?» дедім. Сөйтіп күйші көкеммен «келісім-шарт» жасасып жүргенде тағы бір-екі жыл сырғып өте шықты. Ал ойымнан «мемхатшының» күйшіні іздеген сөзі кетпейді. Ал Әбекең ұстатпайды. Шу ауданына мен іздеп барсам ол жоқ, Таразға күйші келгенде мен жоқ болам. Сөйткен әңгіменің сәті ақыры түсті.
Сонымен…
– Әбдімомын аға, тыңдарман мен оқырман өнер адамын, мейлі ол композитор-күйші болсын, мейлі ақын-жазушы болсын, халыққа танымал дүниесі жарыққа шыққан кезден бастап таниды. Оқырман үшін белгілі адамдардың тұрмыс-тіршілігімен бірге, олар қандай отбасында тәлім-тәрбие алып, қандай ортада өсті деген сауал да қызық. Сондықтан әңгімемізді Сіз өмірге келген ауылдан бастасақ. Ең алғаш ес білген кезде нені байқап, нені аңғардыңыз? Нені танып, нені түсіндіңіз?
– Ес білген кезден есте қалғаны — далада жайнап өсіп тұратын гүлдер мен тізеден келетін шалғын шөптер ғой, шіркін! Сірә, көктем мезгілі болса керек. Ал ауылым — қазірігі Көктөбе, бұрынғы Ленин атындағы колхоз. Сол жерде туып-өстім. Бала кездегі тағы бір қызығатыным, тіпті, аңсайтыным кәдімгі гүлден-гүлге, шөптен-шөпке ұшып-қонып жүретін көбелек болды. Тіпті, сол пәруаналар көрінбей кетсе анама «Көбелектерім ұшып келе ме?» дейді екем. Содан кейін үймізде бір қызыл қанат дәу қораз бопты. Сол екеуміз қатты «дос» екенбіз. Үйдегілер мені қапелімде іздеп таппай қалса, алдымен сол қоразды іздейді екен. Өйткені мен сол қораздың қасында жүреді екем. Неге екенін білмеймін, ол да маған үйірсек боп алыпты.
Онан кейінгі есте қалған жағдай — ауылымызда Әшірәлі деген ағамыз болды. Шешектен екі көзі көрмей қалған, зағип кісі болатын. Сол кісінің домбырасының үнін естідім мен. Естідім де сол үнге әуес болдым. Соның салдарынан болар бала кезімнен ауылға келген әншілер мен әртістердің концертіне баруға құштар екем. «Домбыра тартамын» деп шешемнің оқтауына жармасатыным да сол құштарлықтан, сірә. Сол «домбыраны» алады екенмін де, өзімше былдырлап бірдеңені айтатын көрінем. Менің осы «өнерімді» білетіндер «Әбдімомынға өлең айтқызамыз» деп қолқалайды екен. Сонда 3-4 жастағы бала болсам да әр түрлі өлеңдерді, тіпті, «Молдабайды» шырқайды екем. Сол кезде біздің ауылдың тұсындағы Шу өзенінен тоған салынып, содан басталатын үлкен канал қазылған. Сол канал Мойынқұм ауданына дейін барып, сол өңірдің бәрін суландырған ғой. Әке де жұмыста, шеше де жұмыста, не канал қазуға, не қызылша жинауға кетеді. Сол кезде мен екі күн «жоғалып» кетіп, канал қазып жүрген кісілерге «концерт» қойып жүріппін. Олар да мені «полк баласы» сияқты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай асырапты. Әке-шешем екі күннен кейін тауып алыпты. Өнер деген киелі де құдыретті әлемге мен бала кезден құштар едім…
– Айтып жатады ғой осы, «оған өнер әкесі жағынан немесе анасы жағынан дарыған» деп. Сіздің тағдырыңызға мұның қатысы бар ма?
– Менің ата-бабаларымда ешкім домбыра тартпаған. Әкем де домбыра тартпаған кісі. Әкем есімді білгеннен кейін қайтыс болды. Бірақ шешемнің нағашылары қырғыздар екен де, сол нағашы жағымда бір қобызшы болыпты. Шешемнің нағашысының нағашысы жағы, сірә. Сұлутөр жақ, Ноғайбай ауылында. Мен Ноғайбай ауылына жиенмін. Ноғайбай шешеме екінші ата болып келеді екен. Немересі ғой.
– Қордай жақ болды ғой онда?
– Иә, мынау Кенен ауылы, Қордай ауданы жағынан. Ал тұқымымызда күйші немесе музыкант деген болған жоқ. Бірақ әлгінде айтып өткен аталас Әшірәлі Шынғожаев деген кісінің Шоқпардың желіне арнап шығарған «Тентек боран» деген күйі бар болатын. Әндері де бар еді ол кісінің. Міне, соның домбырасын тыңдап өстім. Содан кейін ауылымызда домбыра тартатын Сәрсенбек Нұрбеков, Есенәлиев Тұрғын деген кісілер болды. Кейін мектепке барғанда сол ағаларымнан «Қос алқа», «Арғынғазы», «Келіншек» деген күйлерді үйрендім. Бір ерекшелігім, домбыраның бұрауын домбыраны үйренбей тұрып білетінмін. «Кварта» дейді оны. Сол квартаны жақсы аңғаратынмын. Басқаша айтсақ, мұны «слух» дейді. Бұл да бір табиғаттың берген сыйы шығар. Кейін есейдік, өмір көрдік, оқыдық. Арманым консерваторияның композиторлығына оқуға түсу еді. «Болмайды, оған арнайы білім керек» деді. Содан дайындық курсына түстім, оқыдым, білім алдым. Мәдени-ағарту училищесіне бардым.
– Сіз айтқан екі көзі зағип Әшірәлі деген кісінің қанша күйі, қанша әндері бар екен? Кейін осыны зерттеп көрдіңіз бе?
– Ол кісінің «Дулат» деген әні бар еді. Сонан кейін космонавттарға арнаған «Ғарышқа» деген бір шығармасы болды. «Гагаринге арнап шығардым» дейтін. Мұндаға дейін, жетпісінші жылдарға дейін өмір сүрді ғой деймін, әлде одан да асты ма…
– Ол кісі туралы зерттеліп, қазақ радиосынан хабар берілді ме?
– Иә, қазақ радиосынан күйлері орындалып тұрды. Композитор Өмірбек Байділдаев деген қордайлық жерлесіміз ол кісінің күйлерін жазып та алған. Ол кезде Өмірбек қазақ радиосының музыка бөлімінің бас редакторы болып істеген. Домбырашы болатын өзі де. Бірнеше әндері де бар. Жақсы композитор. Кейіннен дастархандас да болдық болдық. «Жиен екенсің» деп жүрді.
– Шу өңірінен шыққан атақты күйшілер, қобызшылар болған ба?
– Бармақ ақын туралы айтады. Ол кісі енді әндерін қобызбен ғана айтқан ғой. Бірақ қобызшы Ықылас сияқты болмаған. Ол туралы ден қойып, зерттеген де ешкім болмады. Тіпті, ол кісінің қайда жерленгені де белгісіз.
– Сіздің досыңыз белгілі жазушы Әлдихан аға «Шіркін, Кербұлақ!» дейтін де жүретін. Жазса да «Кербұлақ!» деп тамсанып жазатын. Сол Кербұлаққа Сіздің де қатысыңыз бар ма?
– Кербұлақ — біздің ата мекеніміз ғой.
– Осы Кербұлақтан бәріңізді «колхозды ірілендіру» деген науқанмен жаппай көшіріпті ғой.
— Кербұлақ, Қарауылтөбе деген екі колхоз болған тауда. Шағын ауыл ғой енді, бірақ «колхоз» деп атаған. Сол таудан өзенге түсірді ғой — Шуға. Сосын оларды алып келді де Ленин колхозына қосты. Кейін төрт колхоз бір ауыл болып бірікті де Жамбыл атындағы колхозға айналды.
– Жазушы Әлдихан Қалдыбаев ағамен қанша жастан бірге өстіңіздер?
– Он төрт-он бес жастан бастап бір-бірімізді біліп, тани бастадық. Алғаш мектепте бірге оқыдық. Содан әлгі орталықтағы қазақ орта мектебі дейтін болды, сонда оқыдық.
–Жазушы Қарауылбек Қазиевпен де бірге оқыдыңыз ба?
–Қарауылбек екеуіміз бір атаданбыз. Әлдиханның шешесі біздің әпкеміз. Бірақ Әлдихан өзінің туған шешесінің анасы Нариман апаның «баласы» болып өсті. «Мен апамның баласымын» деп роман жазып жүргені сол. Өзінің шешесінің шешесін «анам» деп таныды. Бір күні облыс орталығына келсем ақын Жақсылық Сәтібеков «әй, сенің «туысқаным» деп жүргенің менің туысқаным екен ғой» дейді. Жақаңның мінезін білесің ғой…
– Енді кемпірдің көзі кеткеннен кейін айтса айтқан шығар.
– Сосын Әлдихан, Әлдеш өзінің әкесін «жезде» дейтін. Әкесін өмірден озғанша «жезде» деп жүрді.
– Сіз екеуміз баяғыда бір әңгімелесіп отырғанда «Қарауылбектің әкесі күйші болатын» деп едіңіз…
– Иә, мен ол кісінің күйшілік өнерін өз көзіммен көрген жоқпын, бірақ естідім. Қарауылбектің әкесі Қазы — керемет домбыра тартушы еді, күй тартушы еді дейтін ел. «Шіркін, Қазының тартқан күйі-ай!» дегенді еститінбіз. Аңыз сияқты болып жетті ғой бізге. Соғысқа кетіп бара жатқан кезде вокзалда, перронда күй тартқан екен. Сол күйді біреулер ауылда да тартқан деген де сөз бар. Қазы — жақсы домбыра тартқан кісі, осыны анық білеміз.
– Бірақ Қарауылбек күйшілік өнерді ұстамады, ә?
– Күйшілікті ұстайтын ба еді қолы сынып қалды ғой жас кезінде.
– «Есек» боп ойнайтын кездеріңіздегі оқиғаны айтасыз ба?
– Иә, «есектің» үстіне екі қолын тіреп секіремін деген кезінде, әлгі «есек» боп тұрған бала жерге жата қап, екі қолының біреуі сынып кетті. Сол дұрыс салынбай, іріңдеп, кейін қолды кесіп, протез жасап берген болатын. Әйтпегенде, менің пайымымша, Қарауылбек жазушы емес, музыкант болар ма еді, кім білсін. Өйткені ол Тәттімбеттің күйлерін, содан кейін «Сарыарқаны» ысқырып салғанда, ғажап еді. Оның музыкалық слухы, есте сақтау қабілеті де керемет болатын. Біздің тұсымызда «Бродяга» деген кино болатын. Сол кинодағы әндерді айтқанда Қарауылбек, енді, ойбай, адам жанын күңірентетін. Ол музыкант менің қолымнан келмейді. Ол енді керемет, ғажап музыкант болар еді.
– Бірақ ғажап жазушы да болды, ә?
– Ғажап жазушы, суреткерлігі қандай, лирикалық иірімдері қандай!.. Ерте кетті ғой байғұс. Енді төселіп, шыңдалып келе жатқанда үзілді… Жаңадан бастаған жазбалары, жарияланбаған романдары бар екен. Жоқ қылып жіберіпті бәрін. Кім пайдаланып кетті, қалай болды, оның бәрі белгісіз.
– Содан, көке, Сіз Алматыға қай жылы бардыңыз? Шудан қай жылы ұзап шықтыңыз?
– Әскерге бардым ғой бірінші. Әскерде үш жыл емес, бір жыл болып, полк мектебін үздік бітіріп, ол кезде үздік оқығандарға қысқа мерзімге демалыс берілетін, соның пәрменімен ауылға келдім. Ауылға келген соң аттестат, құжаттарымның бәрін әскерге ала кетіп, консерваторияға А. Жұбановтың атына құжаттарымды жіберіп, «мені шақыртыңыз» деген хат жаздым. Ахмет Жұбановтың мені шақыртқан хаты полкқа келді бір күні. Содан бір командиріміз «сені көп балалы отбасынан шыққан, шешесі жалғызілікті деп, еліңе қайтарамыз» деді. Мен әскерден шілде айында келіп, бір жыл шахтада жұмыс істедім.
-Шуда қандай шахта бар?
-Ақбақай жақта уран шығаратын кеніш бар екен, сол кеніште жұмыс істедім. «Ақсүйек» деп аталады. Соның карьерінде экскаваторшы болып бір жыл еңбек еттім. Қауіпті жер ғой бір жағынан. Соның сәулесі, энергиясы ғой деймін, аман-есен жүрміз әлі… (күлді).
– Ол кезде қалыптасқан күйшісіз ғой?
– Домбыра тартамын, бірақ муызкант ретінде сауатты емеспін.
– Музыкалық біліміңіз жоқ, бірақ күйшісіз?
-Иә, домбыра, мандолина, гармонь тартам. Айтпақшы, қызығы бар, әскерде жүргенде сапта келе жатырмыз, кешкі астан шыққанбыз. Құрманғазы оркестрі «Сарыарқаны» ойнап жатыр екен, әскердің қатал тәртібіне қарамастан саптан шығып кетіп, бағананың басында тұрған радионың қасына жетіп барыппын. Тұла бойым шымырлап, көзіме жас келді сол кезде…
– Әскерде қай жерде болдыңыз?
– Мен Батыс Украинада Польшамен шекаралас жерде қызмет еттім. Содан күйді саптан шығып тыңдап тұрмын, ұққаным — Құрманғазының шығармашылығы жөнінде орысша хабар жүріп жатыр екен. Сәлден кейін «Кішкентайды» ойнады. Оны да аяғына дейін тыңдадым. Әскерде «перекличка» деген бар, сапқа тұрғызып тексерген кезде курсант Желдібаев жоқ болып шығады. «Қайда болдың?» дейді келсем. «Осында, музыка тыңдадым» деймін мен. Содан «нарядқа» айдады мені. Сөйтіп күйге деген құмарлығымның арқасында кухняға барып түнімен картоптың қабығын аршығанмын.
– Содан Алматыға бардыңыз.
– Бардым да бірден түсіп кеттім.
– Қай факультетіне?
– Халық аспаптар факультетіне.
– Кімнің класында оқыдыңыз?
– Құбыш Мұхитов деген кісі болды.
– Бес жыл ма?
– Жоқ, үш жыл оқыдым да, кетіп қалдым.
– Осы мықтылардың бәрі жоғарғы оқу орнын аяғына дейін оқымайды-ау деймін…
– Иә, ондайлар болған, бола да береді…
– Одан кейін сол заманда консерваторияны бітірсе де арнайы композицияны бітірмегендер одаққа мүшелікке қабылданбайды екен ғой? Сонда Сіз мүшелікке қалай өттіңіз?
– Мен әлі күнге дейін мүше емеспін. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Диналар да консерваторияны бітірмегендер.
-Үш жылдан кейін туған жерге келдіңіз бе?
– Келдім де жұмыс істедім. Ансамбль, оркестр құрдым. Мен құрған оркестр республикалық көлемдегі жүлденің бәрін алып жүрді. Облыстық партия конференциясы дегендер болады, сол жиын менің оркестріммен ашылады, не менің оркестріммен концертімен жабылады. Өнер ұжымымды сондай дәрежеге жеткіздім.
– Қанша оркестрдің тұсауын кестіңіз?
– Оркестр біреу ғой, осы күнге дейін жұмыс істеп жатыр. «Шу еркесі» ән-би ансамблі де бар. Ұрпақтар жалғастығы дегеніміз сол. Талай өнерпаздар келіп-кетіп жатыр, тәрбиесін алып. Өнерге жақындары келеді, қабылдаймыз жұмысқа, үйретеміз.
– Сіздегі күй шығаруға деген ниет дейміз бе, шабыт дейміз ба, қалай пайда болды?
– Мен өзі күй шығармай қоймаймын деп жүрдім. Бар мақсатым сол болды. Күй жазу – арманым еді десем артық айтқандық емес. Тәттімбетті қатты құрметтейтінмін. «Күйші» деген күй жаздым алғаш. Сол күйім Тәттімбетке арналған. Бұл күйім алғашқы кезден-ақ жақсы баға алды.
– Бұл қай жылдар еді?
– Бұл 1964-65 жылдар. Студенттерге де, мұғалімдерге де ұнады, «мынау жақсы күй, аяқалысың жақсы екен» деді олар. Кейін де күйлер жаздым, сонымен телевидениеге шығатын боп Нұрғали Нүсіпжановке бардым. Ол сонда бас редактор болатын. Бірге оқыдық қой, Нұрғалимен. Екеуіміз кейін таяқ жеп жүрмес үшін алдымен бата алйық деп Нұрғисаға бардық. Ол кісі әндердімді тыңдады. Содан кейін мен «Толғау», «Күйші» және екі-үш күйімді орындадым. Содан Нұрғиса айтты: «Әй, екеуің, жүгермектер, келіп қалған екенсің қол ұстасып. Мені қуантқаны, өзіндік үнің бар. Ешкімге ұқсамайсың, шертпең жақсы, төкпең де жақсы екен ешкімге ұқсамайтын. Бірақ сен ауылда жүрсің. Сені райкомда, райисполкомда «құл» ғып шөпке салады, малға салады, мұның бәрі қалады ғой» деді. Мен «Қалмайды, қалдырмаймын» дедім.
– Содан теледидарға шықтыңыздар.
– Шықтық, Зейнеп Қойшыбаева екі әнімді орындады, «Арман құс», «Шырайлым» деген. Е. Хасанғалиев екі әнімді орындады, «Қызыл гүлім — қызғалдағым», «Көңіл көктемі» деген. Нұрғали «Ауылды аңсау» деген әнімді орындады. Үш әнші бес ән орындады. Мен өзім 3-4 күйімді тарттым. «Өнерпаз болсаң, арқалан…» деген жарты сағаттық хабарымыз сәтті өтті, тыңдаған, көргендердің бәрі риза болды, көптеген хаттар келді.
– Ол «Алтын қорда» сақтаулы ма екен?
– Ол енді қазақ телевидениесінде болуы керек. Бұл 1966-1967 жылдар ғой. Сонан өзімде құштарлық пайда болды. «Маған музыка жаза беру керек екен, бірдеңе бар екен» деген сияқты. Нұрғисаның сөзінен кейін де қанаттанады ғой адам. Білесің ғой өзің, өмірдің де, өнердің де жолдарын. Бір ауыз сөзің, сөйлемің жақсы екен деген сөздің өзі не тұрады, сол сияқты. Жақсы айтты, «сен осыныңнан таймауың керек, бірақ Алматыға келмесең болмайды, бәрібір болмайды ғой саған ауыл» деді. Оркестрімді құрдым, ансамбль өзі дүрілдеп келе жатты. Жігіттер де шақырды, «кел, жұмыс істейік, осы жақтан» деп. Біз ағайынды екеу болатынбыз, інім бар еді, отыздан асып кеткен, бірақ үйленбей жүрген. Алматы жайын шешеме айтып ем: «Мынау болса үйленбей жүр, жұмысың жаман емес, елің қадірлеп, сыйлап келе жатыр, балалар жат болып кетеді ғой. Менің сұрым болса, мынау…» деп қамыққан соң «анамның сөзінен аттамайыншы» деп қалдым, сол ауылда. Ол кезде екі балам бар.
– Ішінде тынжысы бар өнер адамдары студент кезінде-ақ тыныш жүрмейді. Консерваториядан шығуыңызға не әсер етті, не бүлдіріп қойдыңыз? Оқи алмадыңыз ба, жоқ әлде бірдеңе бүлдірдіңіз бе?
– Ол өзі ыңғайсыз әңгіме. Бір жолдастармен кешке бардық. Сол жерде біреу бүлдірген. Біз соның жетегінде кеттік қой.
– Кейіннен оқуды жалғастыру керек деген ой келген жоқ па?
– Мен ол кезде не оқытатынын біліп алғанмын. Оқып жүрген жігіттер айтатын, «осы күйшілікті оқымай-ақ қойсақ та болады екен ғой» деп. Шақырып, кел деді, бірақ не қылам…
– Әкеңізден қанша жаста айырылдыңыз?
– Он бір жаста едім, есімді білем. Жақсы кісі болатын, осы тылдағы мықты ұйымдастырушы, ауылдағы «ақ егіс» дегеннің бригадирі болды. Мал шаруашылығының бәрін басқарған адам. Арқаның жолы алғашқы ашылуы. Мыңбаев бастаған ғалымдар келіп, Мойынқұм арқылы Арқаға сапар шеккенде жол бастаушы ретінде алып кеткен ғой менің әкемді. Наурыздың аяғы, сәуірдің басы. Бетпақдалада боран. Әкемнің өкпесіне суық тиеді, кейін соның салдарынан 49 жасында қайтыс болды. Екі ағайындымыз. Қыз бала да болған, шешем, негізі, бесеу туған ғой. Содан інім екеуміз қалғанбыз. Інім ауылда, шаруа адамы.
– Содан шығармашылық жолға түстіңіз, күйлеріңіз жарық көрді. Теледидардан көрсетілді. Енді жайлап «Ерке сылқымға» келе жатырсыз ғой. Бұл күй өзі қалай туды, сол кезде қандай көңілде болдыңыз? Ай бұрын сезілді ме, жыл бұрын сезілді ме?
– «Ерке сылқым» – менің өмір бойғы аңсауым, өмір бойғы сырым ғой. Сол өмір бойы күтіп жүрген дүнием туды. Бірақ туса да бәрібір аңсаймын мен оны.
– Сонда қалай болды? Неден туды? Себеп?
– Қыз ғой баяғы…
– Бірде әңгімелесіп отырғанда айттыңыз, мұны қыз-келіншек деп те айтуға болады, мұны сылдырап ағып жатқан Шу өзені десе де болады деп. Қалай әсер етті, не әсер етті? Шертіп отырдыңыз ба домбыраны?
– Ол… келді ғой өзі. Сондай бір дүние келді әйтеуір, лүпілдеп. Мұның кейіпкері аман, әлі бар. Тірі, Құдайға шүкір, жүр…
– Үйде оңаша отырып шығардыңыз ба, әлде тау-тасты аралап кеттіңіз бе?
– Бұл күй — тұла бойымды, алпыс екі қан тамырымды иітіп жүріп алды. Жұмысқа барам, мәшинемен үйге келем. Жүреді де қояды баяғы. Ән қылып жазайын десем, толып жатыр ән деген. Қаншама әндер бар: атып келе жатқан таң, батып бара жатқан күн, жарқыраған түнгі ай сәулесі… бәрі ән. Қаншама теңеулер! Мен әнменен ешнәрсе жеткізе алмайтынымды білдім. Маған бір дүниені қопаратын дүние керек болды да жүрді. Бірақ сезем бірдеңені, бір керемет көрініс, ұлы бір толқын сияқты жандүниемде бір нәрселер тұрады да қояды елес беріп. Соның арасында жүреді ғой жаңағы ару.
– «Ерке сылқым» деп күйдің атын шығармай тұрып қойдыңыз ба, әлде шығарып болған соң қойдыңыз ба?
– Күйдің атын қойған ақын Жақсылық Сәтібеков болды. Сол күйді тыңдап болып, «Жаным-ау, мынауың нағыз «Ерке сылқым» ғой» деді.
– Алғаш тыңдаған Жақаң болды ма, қалай боп кетті өзі?
– Бұл былай болды. Облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болып Ғайникен Бибатырова келді. Оған дейін бұл күйдің біраз жері дайын болған. Әр буындарын дайындап, ойнап қойып жүрдім. Күй біраз жерге барған. Ғайникен Бибатырова келді де «Алатау» ән-би ансамблінің бағдарламасын жаңарту керек» деді. «Ол үшін облыстағы таланттардың әні мен күйлерін жинайық, кімде қандай тың шығармалар бар?» деді. Содан мені есіне түсірген біреулер «Шуда бір ноян жатыр» деген. Сонымен мені шақыртты, мен келіп Бибатырованың қабылдауында болдым. Бибатырованы бірінші көруім де сол. Содан шабыт пайда болды. Ол кезде менің басқа да әндерім, күйлерім бар болатын. Бірақ маған болашақ «Ерке сылқым» керемет әсер етті. Әлдиханның үйінде жаттым. Содан бір күні «Жамбыл» қонақ үйі бар ғой, содан орын алдым. Содан күй ағылды. Қой, осы күйді ұсынайын дедім. Екі-үш күн осында болып, күйді аяқтап біттім. Содан домбырашылар ансамбліне, Алтынбек Қоразбаевтың филормонияға келген кезі, соның домбырашыларына «Ерке сылқымды» бердім ғой «орындаңдар» деп. Олар өлтіре ойнады. Шынында да ғажап күй болды. Ол кезде Хасен Бектұрғанов деген кісі обкомның бірінші хатшысы болатын. Кәукен Кенжетаев – режиссер, «Алатау» ән-би ансамблінің бағдарламасын қоюшы сол кісі. Балетмейстері, композиторы, тағы бір екі-үш адамы бар Алматыдан келіп олар да «Жамбыл» қонақ үйінде жатты. Сонымен мен «Ерке сылқым», «Арман құс», «Қызыл гүлім — қызғалдағым» деген үш шығармамды ұсындым. Солардың ішінен «Ерке сылқымды» таңдап алды.
– Ақын Жақсылық Сәтібековтің ол кезде «Социалистік Қазақстанда» меншікті тілші болып істейтін кезі ме, әлде обкомда нұсқаушы болып жүрген кезі ме?
– Обкомда істейді-ау деймін. Біз «Алатау» ән-би ансамблінің бағдарламасын өткізу үшін бір ай дайындалдық. Обком партияның, обком комсомолдың бюро мүшелерінен құралған комиссияны бірінші хатшы Хасен Бектұрғановтың өзі бастап келді. Жүргізіп отырған Ғайникен Бибатырова. «Ерке сылқымды» тыңдаған кезде Х. Бектұрғанов «Не деген құдірет?! Мынау қай ғасырдың композиторы?» деді. Ғ. Бибатырова мені көрсетті де «Авторы анау отырған жігіт» деді. Хасен Шаяхметұлы шақырып алды да «Мынау сенің күйің бе?» деді. «Менікі». «Қайдансың?». «Шудан». Ол кезде жаспын, шаш деген… толқын. Әдемі жігітпіз. Содан «Мынау бір ғажап сый болды» деп ду қол шапалақтады бәрі. Ой, сол кездегі өмір-ай десеңші…
– Күйді дүниеге әкелген сіз, атын қойған – Жақаң.
– Негізінде соған келеді енді.
– Ол жақсы ғой. Бірде шертпе күйдің шебері атанған Қошмамбетов редакцияға келді. Мен онда Жақаңның қарамағында істеймін. Реті келген соң айтып жатырмын. «Соғыста қаза тапқандарға арнап күй шығардым» дейді. Бірақ аты жоқ. Содан «Аға, мына күйіңіздің атын «Боздақтар» деп қойсаңыз қалай болады?» дедім. «Әй, мынауың дұрыс екен» деді ол кісі. Сонымен сол күй «Боздақтар» деп аталып кетті. Тура Жақаңдікіндей мысал ғой. Қош, сонымен «Ерке сылқым» дүниеге келді. Үлкен сахналарда орындалды. Енді оны Алматыға, Нұрғиса алып барып, өз қолыңызбен ойнап бердіңіз бе?
– Жоқ, ол кейін тыңдады. Бұл күй «Алатау» ансамблі орындағаннан кейін бүкіл қазақ даласына жайылды да кетті. Мен өзім игере алмай қалдым.
– Мыңғырған малына ие бола алмай қалған бай сияқты ма?
– Дұрыс айтасың, ие бола алмай қалдым. Жан-жақтан хат жазады, анау да жазады, мынау да жазады. Күй сондай дәрежеге жетті. Мен қазір «Бұл менің күйім емес, халықтың күйі, қазақ халқының күйі» деймін. Өйткені әркім өзі білгенінше тартады. «Мейлі» деп қоям. Сондықтан ол халық күйі. Кейін бір жол түскенде Нұрғисаға бардым, құшақтап қарсы алды. Алдымен басқа күйлерімді тарттым. Ал ол кісі «Әй, «Ерке сылқым» қайда? Сенің күйің емес пе, соны тартшы» деді. Тартып едім, үстелді де ұрды, жерді де тепкіледі, жарықтық, керемет кісі еді ғой. Күйге қуанғаны ғой, шіркін, Нұрағаң керемет жан еді-ау!..
– Осы Сіз Кенен атаны көрдіңіз бе осы? Сол туралы да айтыңызшы?
– Көрдім ғой, Кенекеңді бала кезімде көргем мен. Ауылға келіп, өлеңін айтып, елдің бәрі құрмет, қошемет көрсеткен. Әкем қолымнан жетектеп барып сарқытын ішкізген. Сонда сегіз-тоғыз жастағы баламын. Кенекеңнің үйінде болған жоқпын, өтірік айтпайын. Бірақ телевидениеге бардық, біздің облыстың күндері болды сол кезде. Телевидениенің алғашқы ашылған жылдары ғой. Әр облыс өзінің жетістіктерімен барып, өздерінің өнерлерін көрсеткен. Обкомның хатшысы сөйлеп, сонда Кенен ата да барды біздің облыстан. Тағы бір ақын кісі болды. Біз оркестрмен бардық, концерт бердік. Сол кезде де көрдім Кенекеңді. Бірақ сөйлесудің реті келген жоқ. Ол кезде сөйлескісі келіп, жүгіріп жүрген біз сияқты қарадомалақтар жеткілікті. «Мен пәленшемін» деп айтудың реті келген жоқ.
– Қарауылбек Қазиевтің бір эссесі бар, Кенен атаның бір мерейтойында Сіз тартқан күйді әдемі суреттейді. Сол кезде Кенекең бар ма еді, әлде кетіп қалған кезі ме еді?
– Менің есімде қалғаны Кенен Әзірбаевтың кеудесіне Ленин орденін таққаны. Бірақ Кенекеңде әлгі құрметке деген ешқандай реакция жоқ, отыр, анда-санда сақалын сипап қояды, болды. Былайша айтқанда, мен ақын емеспін, әнші емеспін ол кісіден бата алатын. Менің жанрым болмаған соң, реті де жоқ сияқты көрдім ба, білмеймін…
– Гәп — Сіздің қарапайымдылығыңызда болып тұр ғой, біреулер сияқты лыпылдап тұрмайсыз да…
– Иә, ондайым жоқ, сіресіп қалам.
– Сіздің бір айтқаныңыз бар еді, «Қарауылбек Шымкенттен келген кезде «Жигулиінің» багажнигін азық-түлікке, жеміс-жидекке және неше түрлі сусындарға толтырып келеді. Сосын мені оятпай автомагнитоласын қосып, менің күйімді қояды» деп…
– Иә, келеді де, мені оятпастан, сыртта тұрып күйлерімді қояды. Есігімді де, тереземді де қақпайды. Мен дереу ести саламын да «Қарауылбек келді» деп, сыртқа атып шығам. Ыржиып тұрғаны сөйтіп, «Желдібаев жолдас» деп. Ол кезде «мырза» деген сөз жоқ.
–Шу өңірінен Сауытбек ақын, Мойынқұмнан Құлыншақ шешен шыққан. Құралай сұлу туралы да аңыз бар. Осылар жайлы естуші ме едіңіз бала кезіңізде?
– Құралай сұлуды мен Иса Байзақовтың поэмасынан оқыдым. Шу өңірінде жолбарыс болған. Кейіпкері есіме түспей отыр, сол Құралайды алып қашқан. Күн ыстық болып, Құралай өзенге шомылып алайын деп оңаша барғанда, жолбарыс жарып өлтірген. Сүйген жігіті барып, жолбарыспен айқасып, қанжар салған жыртқыша. Бірақ Құралай мерт болған…
–Ал Сауытбектің «Ақбөпе» деген дастаны ше?
– «Ақбөпе» дастанының әні де бар. Мен Сауытбектің сол Ақбөпе деген адамын көрдім. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дейтіндей көрікті кісі екен. Ол кезде енді тереңдеп, қатты мән беретін жаста емес ек қой. Оның үстіне, тек қана өзіңнің идеяңмен, жобаңмен жүресің арпалысып.
– Қазір күйлеріңіздің жалпы саны қанша болды?
– Қырық шақты күйім бар. Әндерім отыз шақты.
– Соңғы кезде осы күй-дастан, поэмалар жазып жүрген секілдісіз?
– Поэмалар жазып жүрмін. Мысалы «Төле би толғауы» үш бөлімнен тұрады. Соны жаздым. Одан кейін қазақ күйлеріндегі өзінше бір ерекшелік «Толғау» дегенім бар. «Әулиеата» деген күй-дастаным бар. Кененнің жүз жылдығына арнап жазған «Көкшолақ» бар. Сонан кейін -«Жамбыл баба жыр толғайды». Осындай күй-дастандар бар. Бұл енді менің қазақ күйіне қосқан өзіндік жаңалығым. Күйдің формасын өзгертіп, ұлғайту.
Мен күйдің төкпесін де, шертпесін де, Құдайға шүкір, меңгердім. Екеуін де жаздым, жаман емес, әйтеуір. Күйлерімнің көбісі ойлы, философиялық терең сезімде жүйеге түседі. Сатырлатып, бұрқыратып ойнау, шаңдатып, борандатып ойнау менің поэмаларымда болмаса, күйлерімде жоқ. Содан кейін поэма, дастандар, болмаса бір жақсы әңгіме оқысам, тығылып жүрген арман болса ашып жіберетіндей, бір жеңілдеп, маған бір көмектесіп жіберетіндей болады. Айта алмай жүрген нәрсең болатын болса, ананың оқиғасы, сөйлемі арқаландырады. Жан дүниемді тербетіп, ашады, көмектесіп жібергендей болады.
– Мысалы?
– Өткенде Нұрлан Оразалин «Қазақ әдебиетіне» керемет жазды. Жақсы мақала. Өзіңнен телефон нөмірін алып хабарласып «оқырманыңның біреуімін, жақсы жазыпсың» дедім. «Ой, аға, Сізді білем ғой» деді. Өзімен оқыған замандастары туралы жазыпты. Университеттің 80 жылдық қарсаңы ма еді. Соны әдемі жазды, тігіп қойдым. Сенің де әнеу бір әңгімеңді де тігіп қойып ем.
– «Ерке сылқым» күйінің кейіпкеріне тұңғыш рет ескерткіш орнатылды. Осы идея қалай келді, кімдер тұр басында? Кім ұсыныспен шықты?
– Мұндай ойды айтып, қолға алып жүрген Қожахан Жабағиев деген азамат. Сол інім айтады: «Аға, қайда барсам да «Ерке сылқым» алдымнан шығады. Шетелге де, өз еліміздің өңірлеріне де ұшақ арқылы барып жүрмін. Сонда үнемі «Ерке сылқым» ойнатып қояды. Сол үшін Сізге ақы төлей ме?» дейді. «Мен олардың күйімді орындап жатқанын да білмеймін, төлемек тұрмақ» деймін мен. Содан ол «Аға, «Ерке сылқымға» ескерткіш орнатсақ қарсы болмайсыз ба?» деп ұсыныс айтты. Сол кезде Кеңес Одағының Батыры Саттар Естемесовке ескерткіш орнату үшін ауданға қырғыз мүсіншілері келіп жүр екен. «Нұр үстіне нұр. Бұл қазақ шежіресінде, тарихында жоқ, болмаған әңгіме» дедім әкім ініме. Қазір Қожахан Парламент депутаты боп жүр.
– Өзіңізден кейінгі буынды тыңдайсыз ба, оларға деген көзқарасыңыз қалай? Қазақ күйінің болашағы қандай?
–Қазақ жастары аман болса оның күйі мен тілі өлмейді. Күй де қазақтың тілі. Домбыраның қос ішегінен төгіліп тұрған сыр маржан ғой күй, адамның жандүниесі ғой күй. Сенің жандүниең мұңға батты ма, шаттыққа, парасатқа бөленді ма, асқақтады ма, тасқындады ма, бәрін сол қос ішекпен бере аласың. Күйдің құдіретіне жете білу керек. Күй туралы менің бір сөзім бар. Сөзге аса шебер емеспіз. Күй ғасырлар жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, самал желмен сахара кезген даланың сұлу дастаны, қазақ халқының шежіре үні.
–Әңгімеңізге рахмет, Әбеке!
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.