138 рет оқылды

(Ақын Ғаини Әлімбекқызымен сырласу)

Сайтандардың салтанатты сарайларынан қарқ-қарқ еткен қарғалардың үндері естіледі.

Автор.

Бір адам

Мылтығын кезеп:

-Атам! — деді.

Бір адам

Саусағын безеп:

-Сатам! — деді.

Бір адам

Қаламын сілтеп:

-Жазам! — деді.

Бір адам

Кетпенін білеп:

-Көріңді қазам! — деді.

Оңаша қалғанда

Опынып:

-Не үшін? – дедім.

-Не үшін, Құдай-ау?!

-Малы барды әкелеп,

Балы барды тәтелеп,

Жағынбағаным үшін бе?

Билігі барды көкелеп,

Сыйлығы барды жәкелеп,

Жалынбағаным үшін бе?

Ақшаға бола жалғасып,

Атаққа бола алғасып,

Жанықпағаным үшін бе?

Айналамдағы

Оқша бораған

Өтірік пен Өсектің

Ыңғайына жығылып

Айызы қанған

Адамның

Арамза

Кейпін танытпағаным үшін бе?

Ақыры таптым.

Жауабы:

-Саған алара қарағандардың,

Саған сазара қарағандардың,

Бәрінің бітеу жарасы:

-Өзі ғана айтатын сөзі бар,

Өзі ғана көретін көзі бар,

Өзі ғана нұрына шомылатын күні бар,

Өзі ғана құпиясын білетін түні бар,

Өзі ғана қобызына ілетін мұңы бар,

Сен сияқты,

Мен сияқты,

Тобырдан ерек торыларды

Көре алмайтын,

Соңынан ере алмайтын

Бойларын жайлаған

Жыны бар екен.

Өйткені олар:

Жын иектеген ананы,

Жын иектеген мынаны,

Сайтан билеген ғаламды,

Сайтан билеген адамды,

Сайтанға күйлеген наданды,

«Мықты!» деп сенеді.

Сөйтіп…

Сайтанға сеніп, Ібіліске ереді.

Сосын…

Сауысқаны сауаттыға айналып,

Ақылдысы адыра қалған

Қоғамда

Ібіліске ергендер

Сақ-сақ күліп

Саналыны сан соқтырып,

Шындықты ауыздан ұрып,

Ақиқатты қанқақсаттырағаны үшін,

Марапат алып,

Мақтанып.

Шашу теріп,

Шаттанады екен.

Сонда былай дедім:

-Сенің Жының өзіңе,

Менің Жырым өзіме,

-Сен Мен бола алмайсың,

Мен Сен бола алмаймын.

-Сен өз күйігіңде қаласаң жоқ боп,

Мен өз биігімде қаламын шоқ боп!

***

Әлде…

Солар сияқты

-Сайтанға сеніп,

Ібіліске ерем бе?

Қайтсем екен?

Шыныңды

Айтшы…

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.