80 рет оқылды
Жылда көктем келіп, жылы жаңбыр жауған сайын көретінім осы сурет. Таңғалатыным да осы көрініс. Жауынқұрттары (кітапта өстіп жазып жүр да, әйтпесе бала кезімізде «шылаушан» деуші ек) қалың топырақтың астындағы мекендерінен шығып, жолдың үстіне ұзынынан түсіп жатып алады. Адамдардың бәрі аяғының астына қарап, абайлап жүрмейді ғой. Кейбіреуін мыжып өте шығады. Кейде жылы жаңбыр сап тиылып, тіршілік иелерін қара суықтың кәдімгідей бүрсеңдетіп қоятыны бар. Ондай кезде шылаушандар жиырылған күйі қатып қалады.
Оларды күннің нұры да құтқармайды. Жаңбыр басылып, жер дегдіп, күн қызып берді бар ма, жер астындағы қапас қараңғылықтан жарыққа ұмтылып, соған қолым енді жетті ме деп көсіліп жата бергенде табаққа салып қуырған шұжықтай қызарып, «піседі» де қалады.
Табиғаттың осы тылсым жұмбағына таңғалмай көр енді. Жер астын мекен ететін құрт-құмырысқалардың бәрі, әлбетте, жарықты аңсайды. Жарқыраған күнге бәрі жылынғысы, жауырындарын қыздырғысы келеді. Таза ауамен бәрі де тыныстағысы келеді.
Бірақ көбісі сақ. Жарыққа шықпас бұрын бас амандығын ойлайды. Көгал арасы мен шөп-шаламды сағалап, пана іздейді. Өміріне қауіп төндіретіндер көп екенін біледі. Олардың ішінде тұяқтысы да, тұмсықтысы, аяқтысы да бар. Ең қауіптісі — екі аяқтылар. Сондықтан олар жүретін жолға әсте жолауға болмайды.
Ал мына шылаушандар көктемгі жауын сіркірей бастаса бітті, жердің бетіне шығып алып, «мені көрдіңдер ме?» дегендей тура жолдың үстіне көсіліп жатып алады.
Ары қарай аянышты. Не суыққа тоңып, қатып қалады, не күнге кеуіп, тырысып қалады. Екі аяқтылардың табандарының астында тапталып жатқандары қаншама?
Бостандықты, еркіндікті, жылымық жел мен жаңбырлы күннің тұщы ауасын аңсаудың «сыбағасы» осы ма, әлде?
Еһ, Украина!
Украина… Украина… Украина…
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.