45 рет оқылды
Дінмұхамед Қонаев салдырған 47 қаланың бірі — Арқалық. Торғай облысын ашқан да сол дарабоз. Ал тоз-тозын шығарған кім екенін өздеріңіз менен де жақсы білесіздер.
Бұрынғы Торғай облысының ортлығы Арқалық қаласы алғаш рет 1956 жылы кеншілер мен құрылысшылардың поселкесі ретінде өмірге келді. Ал қала мәртебесін 1965 жылы алды.
Себебі, Торғай өңірінде қалайы өндіру үшін аса қажетті бокситтің мол қоры бар еді. Сондықтан 1956 жылы сол кездегі КСРО билігі Қазақ КСР-і басшыларының. оның ішінде Д. Қонаевтың ұсынысы негізінде «Амангелді боксит кен орнының негізінде Торғай боксит кенішінің құрылысын салу» жөнінде қаулы етті. Алпысыншы жылдары Арқалық Бүкілодақтық комсомол жастардың екпінді құрылыс алаңына айналды. Ал 1970 жылы жаңадан құрылған Торғай облысының орталығы атанды.
Арқалық қаласы Д. Қонаевтың арқасында алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары өсіп, өркендеп, онда ет комбинаты, құс фабрикасы, сүт зауыты, элеватор, қыш ыдыстар фабрикасы, тігін фабрикасы, радиобөлшектері зауыты дүниеге кеп, тіпті, авиамоторларын жасайтын зауыттың да іргетасы қалана бастаған.
Айтайын дегенім, Назарбаев билігі «келешегі жоқ мекендер» деген «қара тізімге» енгізген осы Арқалық әуелі кеншілер поселкесі боп, одан кейін қала мәртебесін алған кезінде мамандығы кенші Дінмұхамед Қонаевтың тікелей қамқорлығында болды. Д. Қонаев Арқалық поселке атанған кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болса, ал Торғай облысы құрылып, оның орталығы Арқалық қаласы болған кезде Қазақ КСР-і ОК Бірінші хатшысы болып, қазақ елінің керегесін кеңейту, экономикасын нығайту деген мәселемен мықтап шұғылданды.
Бірақ Дінмұхамед атамыздан кейін пайда болған саясаткерлердің орашолақ шешімімен 1988 жылы Торғай облысы таратылып, оның жері мен халқы Қостанай мен Ақмола облысына бөлініп берілді.
Дегенмен, 1989 жылы өңір белсенділері бас көтеріп, сол тұстағы билікке шығып, «Торғай облысын қайта құру жөнінде» мәселе көтеруінің нәтижесінде 1990 жылы облыс қайта құрылды. Арқалық қаласы да қайтадан облыс орталығы боп еңсе тіктеді.
Бірақ «Құдай бір айналдырғанды, шыр айналдырады» дегендей, Н. Назарбаев бастаған билік 1997 жылы Торғай облысын қайтадан жауып тынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын тыңдап отырып Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының қайта құрылатынын естігенімде, көптеген қазақстандықтар сияқты мен де «Торғай облысын да айтатын шығар» деп елеңдей күткем. Бірақ айтылмады. Әрине, айтылмаса да өзімді-өзім жұбатып, «қазіргідей қиын сәтте еліміздің экономикалық әлеуеті үшін бұрынғы басшының кесірінен жабылып, тоз-тоз боп кеткен облыстардың бәрін бірден ашу мүмкін емес шығар. Мүмкін Президент бір жарым, екі жылдан кейінгі Жолдауында Торғай облысының қайтадан ашылғаны жөнінде халқына қуанышты хабар жеткізетін шығар» деп үміттендім.
Дінмұхамед Қонаев — Арқалықтың архитектуралық ажарын ашып, экономикасын дамытып қана қоймай, сонымен бірге оның мәдениеті мен әдебиетін, тарихы мен руханиятын дамытуға да барын салды. Ол үшін Өзбекәлі Жәнібековтей асылды Торғай өңіріне облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне жіберіп, өңірдің өнерлі өрендерінің де бағын ашты. Сол тұста Торғай өңірінен көптеген талантты ақын- жазушылар мен өнер иелері Қазақстанға кеңінен танылды.
Бірақ, амал қанша, Дінмұхамедтей тұлғаны Ресей тілшілеріне аузы қисаймай жамандап, сұхбат берген басшы Торғайдай өңірдің тоз-тозын шығарып кетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің ендігі көңіл бөлетін мәселесінің бірі сол — қайран да қайран Торғай өңірін облыс ретінде қайта ашу!
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.