13 рет оқылды

«Қаламгер қазынасы»сериясынан

Сенат депутаттығына үміткерлерді тіркеу басталғалы бері «сенатор» атанғысы кеп жанталасқандардың тізімі ұзармаса, қысқарған жоқ. Кейбіреулері «ескі таныстарымыз». Байқағанымыз, бақа-шаянмен аяқталатын Абылай ханның түсіндей Парламент мандатынан үміткер «демосфендеріміздің» мінез-құлқы басқа арнаға бұрылып, азаматтық болмыс-бітімі жылдан-жылға ұсақтап бара жатқан сияқты…
Шығыс халықтарында мынандай бір даналық тәмсіл бар.
Бір қожайынның буйволы бопты. Әлгі пақыр жануарының шаңырақтай қос мүйізінің асқақтығын көрген сайын «шіркін, мына екі мүйіздің арасына бір отырса, таққа отырғаннан кем емес-ау» деп қызығады да жүреді екен. Күндердің күнінде буйвол беймарал жусап жатқан кезде, әумесер қожайын жануарының қасына барып қос мүйіздің ортасына қонжия кетеді. Сол кезде есерсоқ иесінің оғаш әрекетінен шошып кеткен буйвол жатқан орнынан атып тұрып, басын шайқап-шайқап қалғанда, желіккен мұндар жердің шаңын бұрқ еткізіп, құлап түседі. «Апама жездем сай». Бет-аузы топырақ боп, тыпырлап жатқан күйеуін майып боп қалды-ау байғұс деп ойлаған әйелі шашын жұлып, жылай бастайды.
Сонда есеңгіреп жатқан әпенде:
— Боздама, қатын, соққының жаныма батқаны рас, бірақ арманым орындалды ғой, — депті.
Бүгінде буйволдың иесі сияқты Парламентті кішігірім таққа балап, бір отырып көруді армандайтын «қожайындар» көбейді. Рухани жандүниесін кеңестік кезеңде-ақ «үсік ұрған» ортақол бастықтар Парламент депутаты боп зейнетке шығуды армандаса, байлықтың буына мас жастар депутат мандатын кешегі қызыл коммунистердің қызметтен қызметке секіртетін «сиқырлы» билетіндей көреді. Бәрі ішкі «меннің» құлы. Мемлекеттік мүдде, ұлттық құндылық деген уәлі уәжді жылы жауып қойған. Жан-жағындағыларды жұқпалы дерттей жайпап келе жатқан бұл «синдром» баққұмарлық пен таққұмарлықты №1-ші орынға шығарып, елдік мақсатты «екінші планға» ысыра бастаған сияқты.
Қазақ халқы үшін сөз әу бастан таңсық емес. Мәселе, қалай сөйлеуде. Дала төсіндегі билер бас қосуындағы шешендерді былай қойғанда, кешегі қазақ зиялылары патшалық Ресейдің ақыл-ойы жиылған Думасында да елі мен жерінің тағыры үшін түксиген қабақтарға қарап, тайсалмай сөз бастаған. Қара басының қамын күйттемеген. Ұлтының мүддесі үшін отарлық саясатқа қарсы шыққан. Сол арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты депутаттардың ұрпағы қайда? Ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, ақ тер, көк тер боп жүрген ақыл-естеріміз сайлауға түсуден неге тайсақтайды? «Бұл төрден бізге орын тимейді. Аузы қисық болса да байдың балалары сөйлесін» деген құлдық психологияға ұлт зиялылары қалай бой алдыра бастаған? Тіл мәселесі көтерілгенде Парламенттегі ат төбеліндей Әбіш Кекілбай, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталыны қолдайтын «дауысқа» зар боп, ел электоратының жерге қарап қалатыны несі? Солардың қатарында Смағұл Елубай, Әзімбай Ғали отырса, «тойдың» сәні бұзыла ма?!. «Тең-теңімен, тезек қабымен». Парламентші мен қалталы кәсіпкердің, зиялы адам мен «базаркомның» арасында жер мен көктей айырма жатқанын неге түсінбейміз?
Осындай сан-сапалақ ойлар Парламент сайлауының ойыншық емес екеніне көз жеткізгендей. Оны өмірдің өзі де дәлелдеп отыр. Кеңестік кеңістіктегі кейбір мемлекеттердің шырқы бұзылып жатса, ол осы сайлау саясатындағы «бармақ басты, көз қыстыдан», жоғарғы заң шығарушы органға кім көрінгеннің депутат боп кетуінен бұзылып жатыр. «Кәпір тоқ, мұсылман тыныш» болсын десек, сайлау заңдылықтарын сақтап, пендешілік принциптерінен неғұрлым жоғары тұрған абзал сияқты. Ел тыныштығы жолындағы ұлы істерге арағайын болатын да әділдік қой.
Қазақта «қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма» деген сөз бар. Ел тағдырының тоқсан тарау мүддесін бір бойына сыйғызған Парламент мандатының жүгі шоқпардан да салмақты! Ол – есерсоқ иесінің ермегіне айналған буйволдың мүйізі емес. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген. Парламент шайқалмасын.
(Ассалаумағалейкүм, аға! Кешегі жіберген мақала ғой. Тақырыбын «Буйволдың мүйізі» деп өзгерттім. Сосын асты сызылған сөйлемдерді тура сол тұрған жерлеріне қоссаңыз болды.
Көсемәлі. 28. 07. 2005.).
P.S. Осыдан он бес жыл бұрын, «Жас Алаш» газетінен «Егемен Қазақстан» газетіне ауысқан кезім. Бас редакторымыз Ержұман аға Смайыл осы мақаланың бір сөзін де өзгертпестен, «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетіне осы күйінде жариялады. Бүгін оқып отырсам, мақала әлі де өзектілігін жоғалтпаған.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.