35 рет оқылды
Біздің ауылдағы әдебиетпен «ауырған» мен сықылдыларға оның әуелі Есенқұл деген аты жетті. Жеткізген Шорабек көкем. Шөкең (ақын Шорабек Айдаров) өзі танып біле ме, әлде біреулерден атағына әбден қанық бола ма білмеймін, әйтеуір айтқан ақындарының шынында осалы болмайтын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының алғашқы жартысында сол «сырттай таныс» Ескеңмен «іштей танысудың» да сәті түсті. Онда да ол «сырттай оқу» деген айналайынның арқасында жүзеге асты.
КазГУ-дің (кешіріңіздер, сол кездегі үлкеніміз де, кішіміз де осылай дейтін болған соң әдейі жазып отырмын) журфагында «іштей» оқитын ысқаяқтары мен «сырттай» оқитын сырттандарының аудиториялар мен кітапханалардан басқа да «сүйікті» орындары бар. «Іштей» оқытудың деканы Темірбек көкеміз (Қожакеев) бен «сыртай» оқытудың деканы Марат ағайымыз (Барманқұлов) одан хабардар ма, жоқ па, шаруамыз шамалы. «Сүйікті» жердің аты «Ботанический бульвар» деп аталады. Журфактың аудиторияларынан, профессорларымызша «яғни» деп айтсам, Зейнолла Қабдолов, Қадыр Мырза Әлі сияқты сүлейлер сөз еткен әдебиет әлемінің жауһарларымен сусындасақ, ал «Ботанический бульвардағы» сыраханада салқын сырамен шөл басып тұрып ақындардың өлеңдерін тыңдап, жазушылардың ақыл-кеңестеріне ұйып, «өндірістік практикадан» өткендей болушы ек. Іргедегі «әкемтеатрдан» суатқа құлаған жылқылардай сау ете қалатын келбетті әртістердің де керіскедей таныс-бейтаныс бейнелерін көріп таң қалатынбыз.
Әдемі демекші, ауылдан Алматыға келгенше Оралхан Бөкейдің (ол кезде Бөкеев) «Мұзтауын» оқып, миымның мың-дың болғаны аздай, оның мойнына орамал байлап кер маралдай керіліп түскен сұлу кескінін көріп, өзімді өзім қор санап жүрген кезім ғой, «Ботанический бульвардағы» «ақындар» мен «жазушыларды» көріп көңілім орнына түсті. «Кішкентай демесең құды түйе» демекші, «ақын» демесең, бәрі де кәдімгі адам. Әсіресе, Есенқұл. Киген киімі, сөйлеген сөзі, ішкен сырасы бәрі өзіміздікіндей. Інілері алдында бір қабақ шытпайды-ау сабаз. Ыржиып күледі де тұрады. Күлген кезде көкшіл көзінің айналасына әжім үйріледі. «Шорабек көкемнің мақтайтынындай бар екен-ау» деп қоям ішімнен. Ә дегенде тиын-тебендерін шығарыңқырамай тартыншақтап тұрған болашақ ақын, жазушылар ду-ду әңгімеге қыза келе, тіпті, сыра әкелуге таласа бастайды. Ол кезде қазіргідей банкомат деген жоқ, қалтамыздағы ақша таусылған кезде «сырттай» оқитын сырттандар дипломатқа қол сала бастаймыз. Ал Есенқұлды үлкенсіз деп үстелдің «төр» жағына тұрғызып қоямыз. Бізге ол сыра ішіп, өлең оқыса болды.
«/Мөлдірлікке ат басын бұрып барған,//Бір жақсылық күтеді ол тұнық таңнан.//Жаман пиғыл тоспайды ешкімнен де,//Ешкімнен де сыры жоқ бүгіп қалған.//Езуінен жиылмай күлкі керім,//Осылай-ақ күн кешсін, шіркін, ерің.//Мылтық кезеп сен оған тұрар болсаң,//Ойнап тұр деп ойлауы мүмкін оның.//Өміріңнің әр күні бір сын еді,//Өзгелердің қамы үшін күрсінеді.//Сен әшейін бас шайқап қоя салған,//Қиянаттан ол қатты түршігеді.//Тірлігінің туы еткен адал арын,//Жақсылардың жанарын жаба ма мұң.//Сенің жаның түршіккен қиянатқа,//Оның жаны білмеймін не боларын?!/».
«Пах, шіркін!» деп риза боламыз, қол шапалақтаймыз, қолпаштап қана қоя салмай, босаған құтыларды алып сыраға тағы жүгіреміз. Сыра сатушыға қарай құнжыңдап кетіп бара жатып /»Езуінен жиылмай күлкі керім,/ /Осылай-ақ күн кешсін, шіркін, ерің…/» деп қайталаймын да «кейіпкері де өзі сияқты екен» деймін. Әрине, іштей. Ол «төрдегі» орнына қозғалмай тағы өлең оқиды…
КазГУ-дегі «дәурен» мен «Ботанический бульвардағы» «сайран» аяқталып, жан-жаққа тарадық. Мен Жамбылға (кейін Тараз болып өзгерді) тұрақтадым, Есенқұл көкем Алматы мен Ұзынағашты қатар жайлады. Кездесу деген болса болмаса да сиреді. Айтыс «аренаға» оралған тұста, сахнадан көріп «тәубе» дейтін болдым. Қағытпа, қалжыңға шебер. Ұйқастары да шымыр. Бірде қарсыласын жеңіп жатады, бірде жеңгендерге сәл жетпей қалып жатады. Бірақ жүрегіме алғаш рет жазба ақын ретінде ұя салған соң ба, ол менің көңіліме айтыс ақыны ретінде орныға қоймады. Кейін бір жиында кездестік. Баяғы «Ботанический бульвардың» думанын еске алып, күліп жатырмыз. Онша көп сөйлемейтін Ескеңнің сол кезде «Мені ақын еткен сендер ғой қолпаштап жүріп» дегені. Сол баяғы қарапайымдылығы, өзінен бұрын басқаның көңіліне қарайтын сол баяғы ізгілігі. Әйтпесе, сыраханада оқылған жырларын біз қолпаштамай-ақ жазды емес пе?!.
Содан көпке дейін кездеспей кеттік. Бірақ кітап дүкендерінен өлеңдер жинағын көрсем Есенқұл көкемнің өзімен кездескендей қуанамын. Үйге келген соң ал, оқы. Жалпы басқа прозаиктер өлең оқи ма, жоқ па, білмеймін, ал мен ә дегенде өлең жазғандықтан ба екен Ләйлісінен айырылған Мәжнүндей жаныма жақын жырларды іңкәрімдей іздеймін де жүремін. Владимир Маяковскийдің «А для нас юбилей — ремонт по пути, постоял — и дальше гуди» («Не юбилейте!», 1926 жыл) дегеніндей жарқ-жұрқ жарнама, плакаттар емес, тау етегіндегі майдақоңыр кеште естілген «Маңмаңгер» әніндей өне бойыңды тұтас баурап алып, жүрегіңді елжіреті-і-іп жіберетін өлең болса, тіпті, жақсы. Ескемде сол мен іздеген майдақоңыр «тірілік» бар еді. Оның өлеңінен өзіңді, өзіңнің ауылыңды, өзіңнің ауылдастарыңды, құрдастарыңды, тіпті, «бала махаббатарыңды» да тауып аласың, тауып аласың да өлең авторымен бірге оттары жымыңдаған таудағы түнді, сулары сылдыраған баудағы өзенді, дауылы тұрып, жаңбыры құйған ауылды аралап, бірге қуанып, бірге мұңайып отырасың. Өлеңді ол емес, өзің жазғандай, өз сырыңды өзің айтып отырғандай сезінесің. Сезіну деген — сену. Өйткені ол жырлаған дүние сенің де жырлағың келіп, сенің де айтқың келіп, бірақ не жырлай алмай, не айта алмай жүрген дүниелерің екенін мойындайсың.
«/Көк шыққанға бір қуанып,//Шөп шыққанға бір қуанып,//Сөк сыққанға бір қуанып,//Өмір өтті зырғып ағып.//Жетсем деген арман жолы,//Бара жатыр жылда ұзарып.//Сарғалдаққа бір қуанып,//Қызғалдаққа бір қуанып,//Өмір өтті-ау сырғып ағып.//Өсем деген ұлды бағып,//Кетем деген қызды бағып,//Бара жатыр көк аспаннан//Бір беймәлім жұлдыз ағып//Ыстық жұлдыз…,//Мұңлы…,//Жарық!/».
Қандай керемет! Қандай ғажап! Дананың да, ананың да, баланың да ойындағы сөзді қысылмай, қиналмай қалай әп-әдемі етіп айтқан?!. Жыр іздеген жұртқа да керегі осы әп-әдемі әрі қарапайым сөз емес пе құдай-ау! Ал осы өлеңнің әнмен өрілген кездегі құдыретін көрсеңіз, тіпті бар ғой, мақтарға сөз таппайсыз. Егер не жазса да қасиетті қазақ сөзін орын-орынымен қолдануға аса қатты мән беретін тәкәппар да талғампаз суреткер Ғабит Мүсірепов (Мұхтар Әуезов демей-ақ қояйын) он алты жолдан тұратын осы өлеңді оқыса «Чудо!» дер ме еді, кім білсін! «Сонда бұл жолдардың алып бара жатқан несі бар сонша?» дер біреулер. Айтарымыз, Сіз де, Біз де, Олар да он ойланып, жүз толғанып айта алмай жүрген шындықтың шөп үстіндегі шықтай боп мөлдіреп тұрған сәулесі ғой бұл. Қараңызшы, қандай қарапайым, қандай етене, қандай таныс сурет. Басындағы тақиясын іздеп отырған жерін он айналатын аңғалдар болады ғой, сол сияқты осы бір-екі шумақ өлеңді айту үшін қаншама салақұлаш романдар мен қаншама салақұлаш поэмалар жазылды десеңізші!
Бірде Есенқұл көкеммен Кенен ауылында жолықтым. Жамбыл облысының сол тұстағы әкімі Бөрібай Жексембиннің бас болуымен 2009 жылдың 2 қазаны күні Қордай ауданында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына байланысты үлкен мәдени іс-шара өтті. Оған Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов жетісулық ағайындарды бастап келді. Қонақтар арасында Есенқұл да бар. «Базарға мың адам барады, бірақ танығанына сәлем береді» дегендей, көптен бері кездеспеген ақын ағамызбен қуана амандастым. Бірақ баяғы албырттығын ағалыққа жеңдірген бе, Ескең сабыр сақтап, салмақты кейіпте амандасты. «Шалқайғанға шалқаятын» мінез менде де бар, қыңырая қалдым. Қанша дегенмен адам жанының инженері емес пе, баяғы жыр-кәдені сағынып аңқылдап келе жатқан інісінің кілт ете қалғанын тез байқап:
-Шорабек көкеңнің халі қалай? Жұмақтың (әлде о дүниенің деді ме екен, қатырып айтты әйтеуір) қам-қарекетімен жүр ме? – деп, қырын қарап қисайып тұрған бетімді өзіне қайта бұрмақ болды. Маған да керегі осы.
-Иә, жүр ғой, сөйтіп жүр-ау деймін, аузынан Алласы түспейді әйтеуір, — дедім-ау деймін.
Өйткені Ескеңшелеп мен де салмақтана қалғам. Бірақ байжайлап қарап тұрмын, көзінің айналасындағы әжімдері сол баяғы қалпы. Тапалтақ бойы толыса түсіпті. Қарны шығып, жуандаған. Тағы бір аңғарғаным, бояу жағып қойғандай көзінің айналасы қоңырқай түспен дөңгелектене қалыпты. Әңгіме Кенен ауылындағы Мәдениет үйінің фоесінде болған. Содан кейін қонақтар Кенен туралы ғылыми конференцияға қатысуға, концерт тыңдап, бәйге қызықтауға дегендей тарап кетті. Түскі астан кейін Ескеңді бәйге болып жатқан жақтан кездестірдім. Жалғыз келе жатыр екен. Бұл жолы ол баяғы «Ботанический бульвардағы» сияқты жақындығын білдіріп, «Көсемәлі, бір әңгіме бар» деді. «Айтыңыз». «Айтсам, алпыс жылдығым келе жатыр, соның алдында… білесің ғой…». «Мақұл». «Біздің ауылға кел, біраз материалдар бар». «Мақұл». «Өткенде ана бір ақын туралы «Егемен Қазақстанға» бір бет мақала шықты». «Иә, білем, оқығам». «Біз де солар сияқты қам жасайық». «Мақұл». Баяғы сыра тасып, қызмет етіп жүргенімдей не десе де «ләпай» деп тұрмын. Бұл, қазір ойлап отырсам, 2009 жылы күзде, яғни осыдан 4 жыл бұрынғы әңгіме. Арада көп уақыт өтпей «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына байланысты Алматы облысындағы күндері ұйымдастырылатын болды. Мерейтойға байланысты мәдени іс-шара облыс орталығы — Талдықорғанда басталып Ұзынағашта, одан Жамбыл атаның ауылында жалғасты. Жамбылдың, Нұрғисаның қабірлеріне құран оқытып, сол ауылдағы оқырмандармен де кездесіп Сауытбек аға бастаған редакция қызметкерлері бір жасап қалдық. Облыс, аудан әкімдіктері мен басқарма, департаменттерінен ілескен шенеуніктердің арасында Ескең де жүрді.
-Еске, өткенде айтқан тапсырмаңызды орындауға кірісуім керек, кітаптарыңыз болса бермейсіз ба?- дедім кездесуді құр жібермеуге тырысып.
Ол шопырын жүгіртіп, қызметтік «Нива» автокөлігінен бірнеше жыр жинақатырын алдырды да, «Тау басында кәрі қар» деген кітабының бірінші бетіне «Көсемәлі досқа Есенқұлдан…» деп жазып берді. «Басқасы мына кітаптың ішінде, өзің оқып ал» деген сияқты… үш-ақ ауыз сөз. Одан кейін өлеңдеріне жазылған әндер дискісін ұсынды. Сөйтіп Ескеңнің сол кітаптары мен дискісі нағыз рухани жансерігіме айналды. «Алдай-ау, алдайға» алаңдаймын. «Көк шыққанға бір қуаныпқа» қуанамын. «Өзіңді аңсапқа» ынтығамын. «Сен жалынсыңға» күйемін. «Біздің елдің жігіттеріне» қызығамын. «Біздер, біздерді» тыңдап, сол Ескең айтқан драманы өз басымнан кешіп жүргенімді айтып, айғай салғым келеді…
Айтпақшы, 2011 жылы Алматы облысы филармониясының белгілі әншісі Әлия Әбікенова жайлы «Бақшадағы бұлбылым» деген мақала жаздым. Сол дүниеде: «Осыдан екі жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық торқалы тойына байланысты Ұзынағашқа барғанда, ақын Есенқұл Жақыпбекке сәлем беріп, есен-саулығын білудің сәті түсті. Алатауды айналшықтаған ақын ағамызды КазГУ-де сырттай оқыған «сырттан» кезінен білуші ем, есен-саулығы сол, бүгінде аудандық газеттің білдей бас редакторы болыпты. Астында ақ «Нива», байырқалаған мінезінен, толысқан денесінен, абайлаңқыраған жүріс-тұрысынан тілі ащы, тіршілігі тапшы ақындардың қатарынан шығып, қарны тоқ, қайғысы жоқ шенеуніктердің ауылына жақынырақ қоныстанғаны байқалады. Шығармашылық табысы да жаман емес сықылды. «Жаңа шыққан дүниелеріңіз болса…» деп ем, шопырын жұмсап, бірнеше кітаптары мен өлеңдеріне жазылған ән дискісін және ұсынды. «Көк шыққанға бір қуанып, шөп шыққанға бір қуанып…» деп Ескеңнің өзі жырлағандай, Жамбыл мен Нұрғиса жәкелерімнің қабіріне зиярат еткеніме бір қуанып, сол асылдардың сынығы Есенқұл ақынға сәлем бергеніме бір қуанып, Таразыма қарай тарттым. Алматыдан Қордайға дейінгі жол тақтайдай теп-тегіс, мұндай жолда не көз шырымын алу керек, не ән тыңдау керек. Мен әнді дұрыс көрдім. Ескең берген дискідегі әндердің бәрін жақсы дей алман, бірақ, бірнеше әнді қайта-қайта тыңдай бергім келді. Соның бірі «Алдай-ау». Сөзі де, сазы да, тіпті, айтар назы да халық әндерінің үлгісіне келіңкірейді.
/Алдай-ау, алдай, алдай-ау,//Дүние түбі балдай-ау.//Алқынған күндер талпынған,//Жәутеңдеп қарап артымнан,//Қалды-ай-ау бәрі қалды-ай-ау…//… Өткені-ай бәрі өткені-ай,//Өмірдің жаз бен көктемі-ай.//Сары ала қаздар саңқылдап,//Сары ала күздің жеткені-ай.//Біреуге өзім ынтызар,//Біреулер маған өкпелі-ай.//Өткінші мынау өмірде,//Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.//«Аға» деп барсаң ағаңа,//Ағаның көңілі көкте жүр.//«Бауыр» деп барсаң бауырға,//Бауыры оның көк темір.//Туысқанға — туа жат,//Жолдасыңа жүре жат//Менен де осы өтті өмір./
Қысқасы, ән де, әннің сөзі де, әншінің үні де ұнады. Жақсы дүние жұрт көңілін аудармай қойсын ба, кейін Ескең сыйлаған сол дискі қолды болды» деп толғаныппын.
Тағы бір жолы «Қазақ әдебиеті» газетінен Алмас Нүсіп деген інішек «Тарихта кім қалады?» деген тақырыпта сауалнама ұйымдастырып, бірнеше сұрақ жазып жіберіпті. Сол сұрақтардың біріншісі «тарих барда – тарихи тұлғалар бар. Осыны жазушылыққа қатыстырып алсақ, көркем әдебиет көшінде жүрген, ғұмырын сарп етіп, өмірін түгескен төрт тарапқа аты мәшһүр қаламгер қаншама. Бірақ, сол аты белгілі жазушылардың артында қалған том-том мұралары түгел оқыла ма? Мәселен, қазіргі сыншы, ғалымдарымыздың айтуынша Ғабит Мүсірепов шығармалары ішінен автобиографиялық әңгімелері көп оқылатын көрінеді. Қалың романдарынан шағын жанрда жазылған туындыларына көптеп мән берілуінің себебі не?» деп келеді. Мен бұған газет бетінде: «Өз басым арғы жазушылардан Бейімбет Майлинді, өзің айтқан Ғабеңді, бергі қаламгерлерден Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Оспанхан Әубәкіров, Мархабат Байғұтты қайталап оқып тұрам. Бұл басқаларын оқымаймын дегенім емес. Өлең-жырлардан «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» атты томдардағы ақындардың айтқыштығына таңғалам. Сондықтан да болар анда-санда оларға да қайта көз жүгіртіп қоямын. Егер сол ғасырлар тұңғиығынан осы кезге дәл осы қалпында өзгермей, өңделмей жеткен дүние болса керемет қой. Әрине, бірін бірі қайталағандары да бар. Әрине, Абай мен Мұқағали үстелімнің үстінде жатады десе де болады. Ұлылардың қатарына қосыпты демесін, маған өткізіп қойған да ештеңесі жоқ, бүгінгі ақындардан Есенқұл Жақыпбектің жырлары жаныма жақын. Үнемі үстелімнің үстінде жатады. Шаршағанда оқып, рахаттанып демалып қаламын. Кей жеріне, сізге өтірік, маған шын, күліп аламын. Есенқұлда өлеңді өрнекті оқиғаға құру, яғни Сайын ағаның әңгімелеріндегідей мөлдір сезім, бейкүнә мұң ба, бірдеңе бар. Әлде есігіне құлып салмайтын отағасындай ашықтығы ма екен» деп жауап беріппін. Осы сауалнамада Ескеңді өңкей алыптардың арасына қосам деп одыраңдаған ұраншыл ақынсымақтарды ызаландырып алған жайым да бар. «Іні зордан, аға бордан», амал жоқ, көтеруге тура келді. Бірақ, ол тұлданды екен деп Ескеңнің күншуақтай жылы да нұрлы жырларынан бас тарта алмаймын. «Мен» деп көкірегін ұрғылаған бүгінгінің Маяковскийлерінің жырларына сене де алмаймын. Ал:
«/Өлең жазам…/ /Бар ісім осы ғана/. /Өлең бердім досыма, қасыма да/. /Туыс-туған ішінде еркелетті/, /Мұқағали, Төлеген, Қасым аға/. /Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл/. /Өрт Махамбет өз ағам – Абайлап жүр!/ /Жолдас болдым бөрінің бөрісімен/, /Сырлас болдым серінің серісімен/, /Аруақтандым солардың перісімен/»
деген Есенқұл ақынға сенемін. Компьютерімнің қасында Ескеңнің әр жылдары жарық көрген «Ағымнан жарыламын» («Жалын», Алматы, 1987 жыл), «Бұл жазда өтер» («Өлке», Алматы, 2001 жыл), «Тау басында кәрі қар» («Өркениет», Алматы, 2005 жыл) және «Сарғайған сары терезе» («Нур-Принт 75», Алматы, 2007 жыл) деп аталатын кітаптары жатыр. Ішінің бәрі Ғабеңшелеп айтсақ, бір-біріне жарығын түсіріп тұратын нұрлы сөздер. Ғабең демекші, жарықтық өле-өлгенше Кенесары ханды жақтырмай өтті ғой. Сол үшін де «Хан Кене» деп пьеса жазған Мұхаңмен (Әуезовпен) арасы біраз қырбай болды. Бірақ Хан Кенені жақтырмады екен деп Ғабеңді қазақ әдебиетінен ешкім сызып тастай алмайды. Айтса өз пікірін айтты. Дәлелдеп айтты. Сендіріп айтты. Сол сияқты Ескеңді де «Үміт» деген өлеңінде «о дүниені жоқ» депті, «молданы сынапты» деп біржақты күстаналауға болмайды. Ескең «ярый атеист» болмаған шығар-ау, бірақ өз ойы, өз пікірі бар ақын екенін, оны да орайын тауып айту білетінен қалай мойындамасқа. Оқиықшы.
/«Бір жақсылық болад» деп алда да әлі,//Үміт күтіп адамдар алданады.//Әдемі екен ойласаң партияның,//«Коммунизм жақын» деп алдағаны.//«Машқар таңда теңелер пенде бәрі»,//Деп алдайды мешіттің молдалары,//О дүние жоқ шығар, бірақ осы,//Маған қатты ұнайды алдағаны.//«Өседі» деп ұлыңды алданасың,//Қызыңнан да бір үміт малданасың.//Жапырағы жастықтың солғаннан соң,//Болар іс боп, бояуы оңғаннан соң,//Балаң үшін әйтеуір жан бағасың,//Солар үшін су кешіп, мал бағасың.//Жалған үміт болса да соның бәрі,//Неткен тәтті бұ жалған, жалған атың!//Дүние-шексіз!//Мәңгілік, ол өлмейді,//Бір үмітке бір үміт жалғағасын.//Не болады үміттер тегіс бітсе,//Үміттер бар! Жоқ, бірақ, жеңіс түк те.//Үміттердің құс жолы жылтырайды,//Галактика, Ғаламда, Кеңістікте./
Осы өлең жолдарының ішінде біреу байқап, біреу байқамай қалатын «/Жалған үміт болса да соның бәрі,//Неткен тәтті бұ жалған, жалған атың!/» деген пәлсапалық тұжырым бар. Мына жалған дүниенің жалғандығынан да жақсылық іздеген ақын бар ма Ескеңнен басқа?!.
Өнер адамдарының мұңы мен зары да жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Бірақ Ескеңнің пайымдауында ол мүлде басқаша суреттеледі. «Пах, шіркін, айтқан соң осылай айту керек қой!» деп көкіректерді қарс айырады. Өнер адамдарының Алатаудай көңілін де, бетің бар, жүзің бар демей шындықты бетке айтып, басына өз аузымен бәле тілеп алатын сормаңдайлығын да, қысқасы, олардың бары мен жоғының бәрін бір өлеңге сиғыза білген. Ол Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауында (әнін шығарған Қайырғали Көбентаев), тіпті, асқақтап кетеді.
«/Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,/ /Біздер, біздер біреулерге арманбыз./ /Барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай,/ /Бақытынан қашып жүрген жандармыз./ /Біреулердің оғы болмай атарға,/ /Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда./ /Жыртығыңды жамап беріп жатса да,/ /Ешкім бізді қоса алмай жүр қатарға./ Қайырмасы: /Алдымызда жалт-жұлт етіп от шырақ,/ /Әне-міне бақ қонардай боп тұрад./ /Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да,/ /Ешкім бізді шын түсінген жоқ бірақ»/.
Енді ойымызды қорытайық. Бұл арада да жылы жымиып қойып Ескеңнің өзі көмек береді. «Жақсы адамды жерлеу» деген өлеңін кімге арнап, кімнің жаназасында тұрып ойына түйсе де, ақын жақсыны көзі тірісінде «жақсы» деп айтпайтынын, айта алмайтынын өте керемет көркемдікпен жазып кетіпті. Менің «Ескеңнің өлеңін оқысам Сайынның лирикалық әңгімелерін оқығандай боламын» дейтінім де сондықтан. Оқиық.
«/–Жақсы адам ба еді?/ /-Жақсы адам еді, — деді жұрт.
/ – Жақсы адам! – деді жамағат түгел егіліп./ /– Қарызы жоқ па?/ /–Құтылған барлық қарыздан,/ /Құтылған барлық міндетіменен парыздан./ /-Ал онда бәрің артыма сапқа тұрыңдар,/ /Жаназа иман шығарам, — деді кәрі имам./».
Әбден піскен кезде өзінен-өзі сау ете қалатын жемістей төгіліп тұрған осы диалог-жырдан кейін ақын енді «жақсы» деген сөздің жан-жағынан ой нәрін тере бастайды. Сол оймен бірге мұңайып, сол оймен бірге қайғырады. Өкінеді. Ол мынандай боп өлеңге айналады.
«/Жақсы адам ба еді?/ /Жақсы адам еді шынайы./ /Жақсылық жасап жүретін елге ұдайы./ /Жақсыны таңдап алды ғой сірә, құдайы,/ /Ертерек неге айтпады мұны, япырмау?/ /Елімнің мынау ығайы мен сығайы./ /Жақсы адам еді жаратылысы бөлекше,/ /Жақсылық жасап жүретін елге ерекше/ /Жақсы адам еді жалпыға жаққан қашанда,/ /Жақсы адам осы құдайға ғана керек пе?!/ /…Ілмиіп қайттым іркес те тіркес елменен,/ /Ісіген жара қалдырып сонау белесте./ /Жақсы адам еді!/ /Жақсы адам еді, жарықтық./ /Жабыла көміп қайттық/ /Біз оны топыраққа қарық қып…/.
***
Біздің буынның Ескесі, Есенқұл Жақыпбек те жақсы адам еді жаратылысы ерекше. Ал жақсы ақын екені талас тудырмас.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.