135 рет оқылды
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты қайраткер қаламгер Шона Смаханұлының қойындәптеріне түскен жазбалары мен ана тілінің тағдыры үшін билікке жолдаған хаттары және тар жол, тайғақ кешу күндердегі жанайқайы, күрескерлігі туралы эссе
Бәдік айтыс мәнзелдес фәни дүниеден адамның адамгершілік болмысы таразыға түсер бақи дүниеге озғанша ұлтына ақиқи адал болған ұлт интеллигенциясының бірі, сатирашы және өмірін ана тілі жолында сарп еткен қайраткер Шона Смаханұлы болды.
Талас ауданындағы Амангелді деп аталатын ат төбеліндей ауылда жарық дүниеге келіп, Алаш атты ақылман жұрттың үлкен-кішісіне бірдей танылған ақын жеке басының қамы үшін емес, өзін алақанына салып әлпештеген қарапайым халық мүддесі, ел-жұрт намысы үшін сол тұстағы Қазақ республикасының басшыларына хат жазып, кеңсесіне барып, ұлтының тілі мен ділін ұлықтау жайлы ой-пікірін ашық айтты.
Бұл туралы: «Қазақ тілі, қазақ балабақшаларын ашу туралы мазасыздана ойын айтып, Шона Смаханұлы қабылдауымда жиі болатын» деп Дінмұхамед Қонаевтың да жазғаны да бар (Д. А. Қонаев. «Өтті дәурен осылай». Алматы, 1992 жыл).
Шонадай шоқ тілді ағасының жолын қуып, сын-сықақ шеберлерінің қатарына жас кезінен қосылған Көпен Әмірбек былай деп толғанады:
«Шона Смаханұлы Кеңес өкіметінің кезінде туып, сол дәуірде дүниеден озды. Тәуелсіз еліміздің желбіреген көк байрағын көре алмай кеткен қайраткер. Республика бойынша қазақ мектептері мен балабақшалары бірінен соң бірі жабылып, тіліміз бен ділімізден безіп, жаппай орыстануға айнала бастағанымызда жалғыз өзі атойлап шыққан жеке батыр. Қит етсе қиып түсетін қызыл империяның қылышынан қаймықпады. Шыбын жанын шүберекке де түйген жоқ. Ана тілі үшін белді бекем буып, нартәуекелге барған қаламгерді ұлықтаудың орнына, ұмытып бара жатқандаймыз.
Тілі үшін тірескенмен тіресіп, күрескенмен күресіп жүріп Алматыда қаншама қазақ мектептерін ашқызды! Жалғыз өзі жалықпай, шүлдірлеп сөйлесетін сәбилерімізді үйме-үй үгіттеп жүріп, қазақ балалар бақшасына апарғызды. Ал қазақ балалар бақшасын ашу үшін жоғары-төменді шенеуніктерге дүркін-дүркін хат жазып, қара терге түскеніне бәріміз куәміз…
Шона аға осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілінің мәртебесі туралы кеудесін оққа төсеп ашық күрескенін көзіміз көрді. Көбіміз үндемедік. Бұғып қалдық. Партиядан қорықтық. Саясаттың салқыны тисе, тұмауратып қаламыз ба деп үріктік. Шона ағамыз бұққан да жоқ, үріккен де жоқ. Әй, батыр екен-ау! Сол заманда Шона ағамның аузынан естіген тіл туралы сөздерді жазып алған едім.
Жазушылар одағы үйінің қақ алдында келте бойлы, кекілді сықақшы Шона Смаханұлы ағамыз пора-пора боп сөйлеп тұр екен. Айналасында алты-жеті шәкірті аузын ашып, көзін жұмып ұйып қалған. Бақсам, қазіргі қазақ тілінің тазалығы мен мәдениеті туралы тереңнен сөз қозғап тебіренуде, құдды аудиториялардағы профессорлардан аумайды-ақ.
Бала тілін бімегеннің
Бір «шаригі» жетпейді.
Ана тілін білмегеннің,
Мың «шаригі» жетпейді!-
деді, Шөкең әр сөзін шегедей қағып.
Осы тұста кеудемде бір қызық ой ұрық септі. Тіл десе тізе бүкпей тікесінен тұратын Шона ағам сатираның жыртысын да осылай безек қағып, бебеулеп жүріп жыртса ғой, әзіл-қалжыңдары да әрірек барар ма еді, әлде…
Құдай біледі, барар еді. Өйткені, маңызды нәрсенің бәрі махаббаттан басталады ғой. Иманды болғыр Шона ағам ең бірінші мемлекеттік тілдің туын желбіретіп, тік ұстап өткен қаламгер». (Шона Смаханұлы. «Әнші әтеш». Алматы. «Жазушы», 2005.).
Еуропада Эзоп, Диоген, Азияда Алдаркөсе, Қожанасыр шаңырағын көтеріп кеткен әзіл-оспақ елінің берекелі Бейімбеттен кейінгі Асқар, Садықбек, Шона, Оспанхан, Ғаббас, Сейіт, Үмбетбай сынды ту ұстаушыларының жалғасы Көпен Әмірбектің сықақшы ағасын сағына еске алып, толғанатынындай бар.
Мен де Шона ағамен екі рет жүздесіп, бір рет дастарқандас болғанмын.
Біріншісінде, Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде (бүгінгі «Талас тынысы») тілші болып жүрген кезім. Тілшілікпен бірге болашақта елге белгілі ақын, жазушы болсам дегенге келетін кеуде кернеген арманым да бар, Алматыдан ақын-жазушылар келсе тік тұрып қызмет еткім келеді де тұрады.
Бірақ олар онша көп келе бермейді, ал зәуінде бір келе қалса қол жете бермейді. Өйткені облыстық, аудандық партия комитеттерінің хатшылары құрметінен қолдары тимейді, ауыздары босамайды.
Ал Шона ағамыз елге келсе облыстық, аудандық партия комитетінен бұрын ат басын облыстық, аудандық газет шаңырағына қарай бұратын. Сол жолы да аудандық газеттің бөлім қызметкерлерімен әжік-күжік әңгімелесіп, көп жүрді. Басшылардың неге бас тартқанын білмеймін, әйтеуір, түскі үзілістің дәміне фототілші Үлгібай Райымов екеуі шықты.
Редакцияның іргесіндегі қарапайым ғана думанхананың дастарқанында біз, яғни осы жолдардың авторы — мен, сосын Серік Томанов және Телғара Үсенбаев үшеуміз отырғанбыз. Төрдегі үстелде Шөкең мен Үлгібай аға, одан кейінгісінде біз.
Мен Шөкең мен Үлгібай ағаларға қарағыштай бердім. Осыны сезді ме, ақкөңіл Үлгібай аға астың алдында алып қою үшін арнайы құтыға құйғызып алдырған «ақаңды» көрсетіп: «Қалайсың?» дегендей ым қақты. Мен өтірік ұялуды жөн көрмей:
— Шона ағаның сарқытын ішкеннің өзі бақыт қой, — деп жібердім.
Тапқыр сөзді ұнататын Шөкең күлді де:
— Менің сарқытымды ішсең жаман бомайсың, інім. Айтпақшы, сарқыт демекші, бір әңгіме айтып берейін, — деді, жазу мәшіңкесінің тықылдаған үніндей құлаққа жағымды нақ-нақ шығатын даусымен.
Дастарқан басындағы ол әңгімені қысқаша мазмұндасақ былай.
Шөкең Жазушылар одағының «Қаламгер» деп аталатын кафесіне бас сұқса анандай жердегі бір столда аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен тағы бір ақын, жазушы шампан ішіп, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Шона аға жанары түскен соң інілік ізетпен батырға «Ассалаумағалейкүм, Бауке!» деп, сәлем береді. Батыр: «Уғалейкүмәссалам, кел, төрлет «№2 ұлы», шампан іш» деп дастарқанына шақырады. Шөкең табан астында «Ұлылар» сарқыт ішпейді!» деп сарт еткізеді. Сонда тапқырлыққа тәу ететін Бауыржан ағамыз даяшыға ашылмаған шампан алдырып, Шөкеңнің бокалына шампанды өз қолымен толтыра құйып берген екен.
Шөкең айтқан әңгіменің ұзын-ырғасы осы еді. Шынында, сол тұста қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ат салысып жүрген қаламгерлердің тек үшеуі ғана баспадан шығып жататын кітаптарының мұқабасына Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы және Балғабек Қыдырбекұлы деп жазатын. Бала кезімде мен де сол ағалар үлгісіне еліктеп газет-журналдарға жолдаған өлең, әңгіме, мақалаларыма «Сәттібайұлы» деп жазып жіберсем, редакциядағылар неге екені белгісіз фамилиямды қайтадан «евке» өзгертіп қоятын.
Кейін Шөкең мен Баукең арасындағы әңгімені сол кезде жаңадан шыға бастаған республикалық «Ана тілі» газетіне «№1-ші» ұлы мен «№2-ші» ұлы» деген тақырыппен жазып жіберсем, көп ұзамай жарыққа шығарыпты. Егер газеттің сол тұстағы сандарын мұқият сақтап жүрген құнтты адамдар болса, тауып алуына әбден болады.
Шөкеңмен екінші кездесуім облыстық «Еңбек туы» (бүгінгі «Ақ жол») газетінде болды. Бұл жолы да Шөкең облыстық партия комитетіне соқпай, алдымен оның органы – облыстық газетке келіпті. Тіл мен ұлт жанашыры, талантты жазушы, журналист Рахметбек Өзбеков (топырағы торқа болсын марқұмның) екеуміз мәдениет бөлімінде қызмет етуші ек, Шона аға бізбен әңгімелесіп отырып облыстағы қазақ мектептері мен балабақшаларының жағдайы туралы сұрады. Біз сексенінші жылдармен салыстырғанда әжептеуір көбейіп қалғанын айтып, қуанышымызды жеткіздік. Шона аға кәдімгідей көңілденіп қалды. Сөйтті де: «Алматыда да қазақ мектептері көбейіп келеді» деп қойды. Кейбір өркөкірек ағалар сияқты мақтанып, мардымсыған жоқ. Сосын кітапқұмарларды, кітапханасы бай қарапайым адамдарды іздеп жүргенін, солардың бірін тауып, насихаттағалы жүргені туралы әсерлене айтты.
Кейін қайтыс болғанын естідік. Қазақстан Жазушылар одағынан белгілі ақын, жазушылар Қасым Қайсенов, Балтабай Адамбаев, Ұлықбек Есдәулет және Көпен Әмірбектер келіп, мәйітін өз аманаты бойынша Ойық ауылының қасындағы биік қырдың үстіне апарып жерледі.
Көп ұзамай Шона ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Аманкүл Үсіпбекқызы Тараз қаласына қоныс аударып, Жамбыл облысының радиосында жұмыс істей бастады.
Бір жолы Шона аға туралы мақала жазу үшін асықпай отырып әңгімелесудің сәті түсті. Жеңешем ағамыздың қазақ мектебін ашу үшін ҚК ОК бірінші хатшысы Д. А. Қонаевқа жазған хатын, сол кездегі оқу министрі К. Балахметовтың Шөкеңе берген жауабын, ағамыздың өзі «Жас кәззап» деп ат қойған хикаятының қолжазбасын және Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі болған күндері жандүниесінің астан-кестеңін шығарған жанайқайын жазып, кейін КГБ ізіне түскенде жыртып алып, тығып қойған жазбаларын сары майдай сақтап жүр екен, «Шөкеңді қадірлейтін оқырмандарға жеткізетін болсаң саған берейін» деп, аманаттай ардақтап қолыма ұстатты.
Шона Смаханұлының күнделігінен жыртылып алынған мына жазбалардан ақынның жанайқайын анық байқауға болады.
Оқиық.
17-18 ДЕКАБРЬ
(Қорыққанымнан бөлек жыртып алдым).
Алматыда сойқан болды
Мен теледидарда «Тамашада» «көрінуге» яғни, бірер шығармамды оқуға тиісті едім. Және Таластан Қаракөз деген кішкентай қызды күтіп отырғам. Ол қызға «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңімді айтқызуға әрекет жасап жүргем.
Мақсатым – ана тілімізді насихаттай беру. Үйде отырғанмын.
Түске таман суық хабар естідім. «Көптеген студенттер көшеге шығып, демонстрация жасап жатыр» деп. «Не үшін екен?» — деп сұрадым. «Қонаевтың орнынан алынуына қарсы екен». «Оның орнына Колбин дегеннің келуіне қарсы екен». «Юбилейін өткізбей, Қонаевты лақтырып тастағаны қалай?». «Қазақ өмірінен хабары жоқ Колбин дегеннің Ульяновскі облысынан мұнда секретарь болып келетіні қалай?» деген сияқты.
Естуімше, студенттер демонстрациясы бейбіт басталған. Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бәрінен дерлік… бар деген сияқты. Мен таң қалдым. «Осыншама көп студент бір-ақ түн ішінде қалай жиналған?» деп. Және мұндай демонстрация, Орт. Партия комитетінің пленумы шешіміне келіспеген демонстрация — қазақ топырағында бұрын болмаған. Кешке қарай студенттер мен милиция отрядтары арасында қатты қақтығыс болып жатқанын естідім.
Мен әр жерге телефон соға бастап едім, АТС болуы керек, менің телефонымды үзіп тастады.
Түнде жөнді ұйықтай алмадым. Үйге жақын көшелерден айқай-шу шығып жатты. Әртүрлі қорқынышты ойға кеттім.
18-і күні демонстрацияның жалғасып жатқанын білдім. Абай, т. б. көшелермен студенттер айқайлап, қолдарына плакаттар ұстаған, өтіп жатты. Милиция, солдаттар студенттерге қарсы күш қолданған. Өрт сөндіретін машиналар су шашқан, солдаттар студенттерді дубинкалармен тоқпақтай бастаған. Жастар бірнеше су шашатын машинаны төңкеріп, от қойып, өртеген. Маған келіп айтуынша 17-сі күні студенттер түнімен шайқасқан. Солдаттар мен милиционерлер жағынан да, студенттер жағынан да өлгендер болған. Жараланғандар тым көп болған сияқты. 18-і күні түске таман менің әйелім Аманкүл барып, қасында қаркөздің анасы Гүлсім бар, бір бұрыштан бақылап келді. Орталық партия комитетінің үйінің айналасында шайқасып жатқан демонстранттарды көрген. Брежнев алаңы, демонстрация емес, майдан алаңына айналған.
Газеттерде үндеулер жарияланды. «Хулигандар, наркотикпен уланған студенттер тобы бүлік шығаруда» деген сияқты. Бұған ешкім де сенген жоқ. Өйткені, пәленбай мың студенттің бір мезгілде наркотик пайдалануы, тіпті «күреске» шығуы мүмкін емес қой.
Түнгі шайқасты 19-ы күні де күткен еді, бірақ болмай қалды. Жатақхана, оқу үйлерін, өндіріс орындарын қоршап алған отрядтар «бүлікшілерді» көшеге шығармай қойды.
Қала тыныштала бастады. Студенттердің демонстрация жасау себебін ешкім тап баса алмады. Шамамда мынандай сөздерді өз құлағыммен естідім.
«Қазақстан өмірінен бейхабар Колбинді мұнда І-секретарь етіп жіберетіні қалай?». «Қаладағы қазақ студенттерінің көпшілігі жеке үй жалдап тұрады». «Партия басшысына өз республикамыздың қазағы неге қойылмайды?». «Тіпті, осы жердің орысы неге отырмады?». «КПСС басшысы ұлттық саясатта қате жіберді» деген сияқты.
Газеттерде қысқа ғана жазылған үндеуге ешкім де сенбеді. Өйткені, қақтығыстың қатты болғаны, өлгендердің, жараланғандардың, жабық машинаға басып әкетілгендердің көп болғанын көзімен көргендер оған қалай сенеді?!.
Мен бойымды аулақ салып, үйде отырған едім, әйтпесе, мені де сүйреп кетер ме еді…
В.И. Ленин атындағы сарайда «Тамаша» ойын-сауығы 3 күн болуға тиіс еді. Үш мыңнан тоғыз мың билет таратылмай қалды. «Тамаша» ойын-сауығы көпшілік алдында өтпей, студияда түсірілді. «Тамашаны» ашасың деген соң, мен де қатысып, тиісті шығармамды оқыдым. Қаракөз «Анамның ақ сүтіндей» және «Аққулар» деген екі ән орындады. Сонымен, Алматыда өткен екі күндік шайқас (толқулар облыс орталықтарында да болып өткен) республиканы сілкіндірді деген секілді. Жау мемлекеттің радиолары бұл жөнінде хабарлап жатқан.
***
Қала халқы бұрын тату тұратын еді. Орыстар мен қазақтар бір-бірінің бетіне қарай алмай, «жуасып» қалды. Өз пайымдауы ма, Орталық партия комитеті жергілікті халықты, әсіресе, қазақ ұлтының талғамы қандай боларын ескермей, Колбинді жіберді. «Қате жіберді-ау» деп есептедім.
24.ХІІ.86.
***
17-18 декабрьдегі қанды сойқаннан кейін естігендерім:
«Алаңда машина астында қалған жігіттің миы шашылып кеткен…».
«Ұзын бұрымды қызды шашынан сүйрегенде бас терісі сыпырылып өлген…».
«Бір камерада жатқан 37 қазақ қызын жендеттер: «Бала тумайтын етейік сендерді» деп, етікпен іштеріне тепкілеген».
«Аузы жаралы жігіттердің денесіне анаша уын жіберіп өлтірген. Қалғандарына әдейілеп анаша ұнтағын салған. Бұнысы – шетелден комиссия келсе, «анаша тартқан бұзақылар» демек болған дейді».
«Казрадиода істейтін Шляхов, Филиппов дегендердің жуан темір кеспелтегімен екі қазақ қызын өлтіргенін радио қызметкерлері терезеден көріп тұрған».
«Қырғын шайқас болып жатқан алаңға жақын үйлерде тұрған адамдар да жындануға жақындап, ауруханаға түскендері болған. Алғаш машинаға зорлап басқан жастарды автобустар алысқа қар үстіне апарып тастап кеткен. Москвадан шұғыл самолетпен әкелінген солдаттар шетінен карэтистер болса керек».
«Қақтығысуда ешқандай шығын болған жоқ» деп Қазақ ССР Жоғ. Советі президиумының председателі Мұқашев мүлде өтірік айтқан, асқан екіжүзділік, жағымпаздық жасаған».
«Осындай хабарды қайтадан беруге Қазақ радиосы мен телевидение жөніндегі комитет председателі Сағат Әшімбаев келіспеген:
— Өз көзіммен көрген қанды қырғын болған жоқ деп қалай айта алам, оған коммунистік арым көтермейді деп жауап берген».
«Қолға түскендерді: «Сендерді демонстрация жасауға жұмсаған кімдер?» деп қинаған көрінеді. Көптеген жастар: «Ешкім жұмсаған жоқ, өлтірсең де айтарым осы. Демонстрация жасауға правомыз жоқ па?! Алдымен тиіскен біз емес, милиционерлер мен солдаттар» деп жауап берген».
26 декабрь
Қала тыныштала бастады. Жергілікті газеттерде 17-18 декабрьдегі студенттер демонстрациясының мейлінше саяси қате екендігін айыптаған мақалалар жарияланды. Теледидарда комсомол ұйымдарының жиналысы көрсетіліп, «кінәлі» деген жастарды комсомолдан шығарды. Мұны ұйымдастырған кімдер екені белгісіз. «Табылатын болыпты», «Оларды аямай соттайды» деген лақап сөздер тарап жатты.
28 декабрь
Түс қайта, сағат 4-00-де менің «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңім тұңғыш рет радиодан орындалды. Әнді шарқаған он жарым жастағы Қаракөз Әуелбекова. Дайындаған радионың балалар редакциясы.
***
Қала көшелерінде әскери және милициялық күзет күшейтілді. Үш-үштен, бестен жүрген солдаттар, милициялар…
29 декабрь
Үйдемін, бірдеме жазуға зауқым жоқ. Өмірден түңілмесем де, бойымды торығу секілді бір салқын сезім билеп алған.
30 декабрь
Жұрт жаңа жылды қарсы алуға дайындалуда. Әйтсе де көңілсіздік байқалады. Жұрттың көңілін сергітетін жалғыз ғана ермегі – теледидар, содан берілген ойын-сауық, концерттер ғана. Теледидар, газеттерден берілетін халықаралық хабарлар (көбі өсекке ұқсайды) жұртты мезі етіп бітті. Жұрт «термоядролық соғыс өрті шығып кетеді ме екен?» деп қауіптене бастады. АҚШ пен СССР, басқа да аса дамыған елдердің ядролық қарулануға құштарлығы, космосқа (ғарышқа) шығуға ұмтылысы – халықты болашаққа күдікпен қарайтын етті. «Жер шарын радиациямен, газбен тұншықтырар ма екен?». Үкімет басшыларына деген халық құрметі жойылған деуге болады.
31 декабрь
Қала тыныш болды.
Сағат 10-30-да Қазақстан жазушыларының ҚКП Орт. Комитетінің І-секретары Геннади Васильевич Колбинмен кездесуі болды (кеше хабарлаған еді). Кездесуді О. Сүлейменов ашты. Сосын жазушы, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев сөйледі. Жұбан студенттердің мақсатсыз, хулигандық демонстрациясын сынай отырып, оларға қарсы милициялық ұру, соғу (дубинкамен) жазасы қолданылғанын өте орынсыз деп айтты. Шынында, қарусыз студенттердің дубинка таяғын жеген соң ашынып кеткені мәлім болды.
1 январь, 1987 жыл.
«Лит. газетадан» жазушы Ә. Әлімжановтың «Что произошло в Алма-Ате?» деген мақаласын оқыдым. Мақала, негізінен, дұрыс-ау. Бірақ, кінәні демонстрация жасаған студенттерге ғана аударғаны — әділдік емес. Студенттер бір-екі күн ғана шулап тарайтын екен. Республикалық прокурор орынбасары Басаров деген демонстранттарға машинамен мұздай су шаштырғанда, бір қыз машина астында қалып, көзбе-көз өлген. Мұны көрген жастар ашынып, милиция, солдаттармен шайқасқа көшкен. Әлімжанов бұл шындықты айтқанмен, газет жаза қояр ма екен?! Ертең 2 январь.
***
1 январь 1987 жылғы осы жазбамен қайраткер қаламгер Шона Смаханұлының блокнот бетіне түскен күнделігі аяқталады.
Ақын жүрегін жаралаған қасіретті оқиғаларды оқып отырып менің есіме И. А. Буниннің Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан 1990 жылы жарық көрген «Окаянные дни» атты кітабы оралды. Күнделік іспетті жазылған бұл шығармасында ол Ресейдегі самодержавия құлап, ұлт интеллигенциясының басына қара бұлт үйірілген тұсты шебер суреттейді. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей, табан астында наган мен былғары күртеге ие болған шолақ белсенділер зиялы қауымды да бай-құлаққа балап, төрін көрге айналдырғанын ашына жазады.
Міне, Шона ағаның Калинин көшесіндегі 24 үйдің аядай бөлмесінде ауру қызы Құралайын емдей отырып, жазған күнделіктері маған Буниннің күнделігін оқығандағыдай көңілімді босатып, көзіме жас үйірді. Сондықтан болар әлсін-әлсін қолыма алып, қайран да қайран Шөкеңнің қолының табы қалған қызғылтым парақты аялай сипап, қайта-қайта оқи бердім, оқи бердім. Сосын өзім ғана оқи бермейін, өзім ғана мұңайып, өзім ғана жылай бермейін деп, міне, қалың оқырмандарға ұсынып отырмын.
Аманкүл жеңгем аманаттаған Шөкең дүниелерінің бірі – хаттары.
Онда Шөкең, Шона ағам қарап жүрмейтін әдетіне басып КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Д. А. Қонаев жолдастан бастап бәрін хатпен «атқылайды».
Мұны да оқиық.
«КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі,
Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары,
Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған
Д. А. Қонаев жолдасқа;
Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі С. Б. Ниязбеков жолдасқа;
Қазақ ССР министрлер Советінің председателі
Б. Ә. Әшімов жолдасқа;
Қазақ ССР Оқу минстрі
Қ. Балахметов жолдасқа
Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы №12 қазақ орта мектебінің бір топ ата-аналарынан
ӨТІНІШ
Бұл мектептің құрылғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, кеңейтілгеніне екі-ақ жыл болды. Партия мен үкіметіміздің қамқорлығымен мектеп бір мың оқушы сиярлықтай етіліп, өткен жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Қаланың шеткі ұсақ аудандарынан келетін төменгі класс оқушылары үшін 200 балалық пансионат-интернаты да бар. Мұның бәрі жақсы.
Әйтсе де, оқушылардың тең жартысынан көбі – 600-ге жуық оқушы қаланың шеткі, ұсақ аудандарынан келетіндіктен, олар күніне ары-бері 25-30 км жол жүреді. Әрбір оқушы күніне үш-төрт сағатқа жуық уақытын автобус күтумен және автобус үстінде өткізеді. Олардың мектепке келгенше және үйіне жеткенше көретін азабын айтып жеткізу қиын.
Мұнымен қатар, Алматы микроаудандарында балаларын ана тілінде – қазақ мектебінде оқытқысы келетіндер де аз емес. Сондықтан да, осы обьективті жағдайға байланысты микроаудандардың бір қолайлы жерінен үлкен қазақ орта мектебін аушды сұраймыз.
№12 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің председателі, жазушы Ш. Смаханұлы. (Және оншақты ата-ана қол қойған)».
Көп ұзамай Шона Смаханұлы ұйымдастырған бұл хатқа министр К. Балахметовтен жауап келеді.
Оны да оқиық.
«Жауап. Заведующему Алма-Атинским гороно тов. Жакупову А. Э.
Копия: г. Алма-Ата, ул. Калинина 24, тов. Смаханулы Ш. и другим.
В ЦК КП Казахстана, Президиум Верховного Совета Казахской ССР, Совет Министров Казахской ССР, Министерство просвешения Казахской ССР обратились члены родительского комитета Казахской средней школы №12 с просьбой об открытии в городе Алма-Ате в одном микрорайоне еще одной школы с казахским языком обучения.
В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свой предложения нам сообщить к 15 декабря с. г.
Министр К. Б. Балахметов. 19.11. 76.».
Көрдіңіздер ме, Шөкең шырылдап ана тілінде хат жазса, сол уақыттағы министр жауапты орыс тілінде беретін болған. Оның үстіне «В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свой предложения нам сообщить к 15 декабря с. г.» деп, бар жұмыс пен жауапкершілікті ақынның өзіне жүктеп қояды.
Бірақ Шөкең тапсырмаға қыңқ деместен, жүктелген жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқарады. Сөйтіп ол еңбегіне орай министрден екініші жауап хат алады.
Оқиық.
«г. Алма-Ата, ул. Калинина, дом 24. Т. Смаханулы Ш. и другим.
Министерство просвещания Казахской ССР, изучив вопрос о возможности открытия средней школы с казахским языком обучения в одном из микрорайнов г. Алма-Аты, сообщает, что в казахской средней школе №12, расположенной в центре города, в настоящее время обучется 1057 учащихся, из которых 231 проживают в юге-западном районе г. Алма-Аты, в. ч. посещают 1 класс – 23 ученика, 2 класс – 29, 3 класс – 19, 4 класс – 14, 5 класс – 15, 6 класс – 19, 7 класс – 17, 8 класс – 26, 9 класс -22, 10 класс – 44.
Исходя из этого, городской отдел народного образования планирует в новой школе №86, расположенной в шестом микрорайоне, открыть 1-10 классы с казахским языком обучения с начала 1977-78 учебного года.
Министр К. Балахметов. 21. ХІІ. 76.».
Міне, қазақ халқының Алматыдай әсем қаласында қазақ мектептері мен балабақшалары осыдан кейін көктемгі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап, көбейе бастағаны белгілі.
Бірақ бұл оңайлықпен бола салған жоқ. Министрден екінші жауап келгенше шыдамаған Шөкең Д. А. Қонаевқа барып, Алматыдағы жалғыз қазақ мектебінің жағдайын өз аузымен түсіндіреді. Аманкүл жеңгемнің айтуы бойынша, Желтоқсан көтерілісі болған күндері Шөкеңді сол бастамасы үшін КГБ кеңсесіне шақыртып, тергеуге ала бастайды. Жеңгемнен қалған жәдігердей сөздерді дәлме-дәл келтірейін.
— Бір күні үйге Марат Тоқашбаев келіп, Шөкеңе: «Мені КГБ шақыртып, біраз тергеді. Сізді де шақыртып қалар» деді. Айтқанындай, «үш әріп» Шөкеңді де шақырып, тергей бастады. Бірақ Шөкең тергеуден келген соң мені қорқытпайын дей ме, әйтеуір «Мені жердің астына (подвал – К.С.) түсіріп, қуыс-қуыспен алып жүріп, бір бөлмеге апарып әбден тергеп-тексерді» дейді. Бірақ қанша дегенмен ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, өзі де кәдімгідей қорқақтап жүрді. Себебі, оның алдында «Қазақ мектептерін аштырамын» деп шарқ ұрып жүрді ғой, ағаң.
Министрлерге сөзі өтпеген соң Дінмұхамед Қонаевқа да барып жолықты. Жеке басының қам-қарекеті үшін барған жоқ әрине, «Қазақ мектептерін аштырайық» деп барды. Сонда үлкен кісі «Құдайым-ау, маған өстіп бір адам келді ме?! Ата-аналар қолдарыңды қойып, әкелсеңдер аштырып берем ғой» деп ағынан жарылыпты.
Содан кейін «Ақсай», «Орбита», «Көктем» шағын аудандарынан және «Саяхат» жақтан біраз мектептің ашылуына бас болды. Балабақшалардың ашылуы үшін де тынбай жұмыс істеді. Орыс тілді баспасөздер «Ұлтшылдар ашқызды» деп дауылдатқан «Ертөстікті» де Шөкең марқұм аштырып еді…
Өзім білетін бір оқиғаны айтып берейін. «Көктем» жақтағы балалар бақшасын ашарда ата-аналарды өзі жинады ағаң. Сөйтсек ешқайсысы жоқ. «Бұлар қайда кеткен?» десек, мотоциклмен келген милициялар бәрін қайтарып жіберіпті. Сосын Шөкең бастаған жанашырлар милициялардың қоқан-лоққысына қарамастан ата-аналарды қайта жинап, балабақшаның ашылу салтанатын өткізді.
Сол кездегі биліктің жарамсақ өкілдері Шөкең аштырған қазақ мектептері мен балабақшаға байланысты «Ржавщина» («Тот») деген авторсыз фельетон жазып, оны сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне жариялатуға жолдайды. Ол газеттегі ұлтым деген азаматтарды қолдайтын журналистердің қолына түсіп, Шөкеңе телефон шалады. Содан Шөкең жазушы Софы Сматаевқа хабарласып (жазушы С. Сматаев сол кезде ҚКП ОК қызмет істеген), ол кісі аққа күйе жаққан қара мақаланың жарияланбауына көмегін аямайды…
Аманкүл жеңгеміздің әңгімесі осылай жалғаса беретін. Кейін ізденіп жүріп сол аты-шулы «Тот» деген мақаланың көшірмесін тауып, Шөкеңе қатысты жерлерін оқып, жағамды ұстадым.
Сіздер де оқып көріңіздер, ағайын:
«1986 жылдың август айында Алматы газеттерінің бірінде қазақ кластарын ашуды созып отыр деген желеумен №118 орта мектеп және қалалық ағарту бөлімінің басшыларын сынаған фельетон жарық көрді.
Бірнеше күн араға салып, 1 сентябрьде бұл ашылым өтті де. Алайда, жаңа кластардың табалдырығын тұрғылықты ұлттың балалары осы мектептің өзге оқушыларынан ерекше, оркестр сүйемелдеуімен, арнайы сценарий бойынша аттады. Бұл программаның айрықша гүлтәждеріндегі жол ашарлар қалаға танымал жазушылар есімдерін әйгілеп тұрды.
Сол салтанат куәгерлеріндегі сияқты оқырманымызда да осынау етіміз үйренген кәдімгі кезекті оқиға әлдебір жеңіс желпіні, педагогикалық коллективтің емес, фельетон авторы сатирик-ақын Шона Смаханұлының маңызды жетістігі ретінде көрінгені несі?, — деген сауал тууы мүмкін.
Мектептер мен балабақшалардың барлығында бірдей қазақ тілін оқыту идеясы коммунист-жазушыны баурағанына бір жыл ғана толған жоқ. Несі бар, бұл қажетті және жан-жақты қолдау табатын және жұрт назар аударатын саясатпен де үндеседі.
Егер Смаханұлы ұлттық тілді оқытуды жақсартуды тілге тиек етіп, орынсыз өкпешілдік танытып, өзін әділдікті қорғаудың тым қызғаншақ қызғышы ретінде көрінбегенде, сатирик-жазушы уақыттан озып, бұдан бір жыл бұрын интернационалдық тәрбиенің көкейкесті мәселелеріне мойын бұрды деп айтуға болар еді. Ол үшін, мәселен, халық ағарту жұмысындағы «әттең-айлар» мен оралымсыздықты әлдекімнің тұрғылықты ұлт балаларына туған тілін оқып-үйретуде жасаған кедергісі деп түсіне салу ештеңе емес.
Осы бір нәрселердің құны соқыр жырмаққа да татымайтын секілді көрінгенімен Смаханұлы қазақ мәдениеті, тіл дәстүрінің дамуын қолдан тежеп отырған адамдар бар деген сезік тудыруға тырысты…
Қазақ кластарын ашудың қарапайым оқиғасы неліктен салтанатқа, халық мүддесін қорғаушылардың ірі жеңісін марапаттауға айналғанын, ал шын мәнінде өстіп өздеріне бедел жинауға тырысқан алаяқтардың пайдасына жаратқаны енді түсінікті болып отыр.
КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысында аталып өткеніндей, мұндай көңіл-күй ауаны ұлттық томаға-тұйықтық тенденциясын күшейткеннен басқа ештеңе емесін айтудың өзі қажет пе?
Бұдан бір жыл бұрын Шона Смаханұлының бұл қылығына ешкім айрықша назар аудармағаны, оның тарапына айтылған көпірме қошамет сөздер түпкілікті бас айналдырғаны рас. Міне, осыған масаттанған ол қазақ кластарын ашуға кедергі болып отыр деген желеумен № 51, 65 орта мектептердің әкімшілігі мен педагогикалық коллективіне бұл жайлы газетке жазамын, деп т.с.с неше түрлі қоқан-лоққы көрсетті.
Мұнда да ол, әдеттегідей, осы мәселемен Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен шұғылданып жүрмін деп, бұл ұйым басшыларының есімдерін бүркенді. Жазушының осыншама жоғары өкілеттілігінен тайсақтаған педагогтар оған қазақша оқитындарға бөлінген кластарын көрсетуге асығып, қалай ұйымдастыратындықтарын жалықпай және түбегейлі түсіндірді. Сонымен бірге, бұл іспен ешкімнің қатысуынсыз айналысып жатқандықтарына да түсінік беріп отырды. Бірақ Смаханұлы әркез: «Жарайды, мұның бәрін қалай орналастыратындықтарыңды тағы да тексереміз!» деп мәлімдеді.
№65 мектепте ата-аналардан жүздеген құлақтандырулар мен тұрғылықты ұлт адамдарын ата-аналар жиналысына шақыртуға арналаған телеграммаларды көбейтіп басатын машинисткаларға ақша жиналды.
Бұл шараға алдын ала үлкен дайындық жұмысы жүргізілді. Балаларды қазақ кластарына жазуға заңды негізде шыққан мұғалімдердің соңынан туған тілді сақтау жолындағы «күрестегі» өздерінің басты міндеттерін тағы бір мәрте көрсету үшін өздерін-өздері сайлаған ата-аналар комитетінің өкілдері аттанды. Олар қазақ класына оқуға шақырған хабарландыруларын жөней іле берді. Егер кімде-кім бағанадағы құлақтандыруды жұлып тастаса, бұл халықтың ұлт жауы ретінде бағаланғанынан-ақ осының бәрі қандай жағдайда жүзеге асқанын өздеріңіз біле беріңіздер.
Сәл болмағанда бүкіл қазақтың атынан сөйлеу құқын өздеріне таңып алған жиынды ұйымдастырушылар бірқатар ведомстволардың басшыларына, халық ағарту министріне және басқаларға почтамен ресми түрде шақыру телеграммаларын жолдады
Барлық «жиын» мүшелерінің саны үш жүзге жуықтады. Олардың ішінде тек 50 адам ғана өз балаларының қазақ тілін үйренуін қалады. Бұған тиісті деңгейде жауап қайтару мақсатымен жиынды ұйымдастырушылар орындықтарға ұлы ойшылдардың туған тілдің маңызы мен рөлі жөніндегі ұлағатты сөздерін қаз-қатар жайып тастады. Жиналғандардың назарына әлдеқайдағы «бір сатирик» айтты деген: «Егер нәресте өзінің туған тілін білмейтін болса, онда оның бір шәрігі жетпейді. Егер үлкен адам туған тілін білмесе, оның жүз шәрігі жетіспейді» афоризмі ұсынылды (Мақала басындағы сықақшы Көпен Әмірбектің мысалын еске алыңыз – К.С.). Жүз шәрігі жетіспейтіндіктерін мойындаушылар табыла қоймады.
Шығып сөйлеуші халық ағарту жүйесінің өкілдеріне өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік болмады. Залдан әлсін-әлсін айқай-ұйқай, жанама сөздер, қобалжулар естіліп тұрды. Смаханұлы сөйлеген жоқ. Ол шешенсудің пайдасыз, ал жасырын түртпектудің қауіпсіз екенін жақсы білді…».
Міне, «Тот» атты ұзақ мақала осылай шоқ тілді Шөкеңмен басталып, қазақ халқының тағы бірнеше зиялы ұлдарына «ұлтшыл» деген жала жауып, ғайбаттап бағады. Фельетонсымақты ұйымдастырушылар КГБ «құлақтары» мен ҚКП ОК жандайшаптары екенінде дау жоқ, олар Шөкеңді сынай отырып, оның бір ұшын ақын арқа тұтқан Д. А. Қонаевқа қарай бұрып отырғанын анық аңғаруға болады. Абырой болғанда, редакция қабырғасы сыртында дүниеге келген мақала-фельетонға еш журналист қол қоймағандықтан жастар газеттеріне жарияланбай қалады. Оған Софы сияқты сақы жазушылардың да ықпалы болса болған шығар.
Жылжыған жылдар, адымдаған айлар, құлдыраңдаған күндер өткен сайын Шөкең сияқты ұлт тілінің ұлықталуы үшін күресіп өткен азаматтың аты аңызға айналып, бүгінгі және кейінгі ұрпақтарға ғибрат ретінде ойға орала береді, орала береді.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.