26 рет оқылды

«Қаламгер қазынасы» сериясынан

(Мына эссені 2002 жылы «Жас Алашта» жүргенде жазыппын. Кеше архивімді ақтарып отырып тауып алдым. Қуанышта шек жоқ, әрине…)
Шерағаңа таңғалатындар көп. Адуынды мінезін айтады. Парламенттегі ұйықтап отыратын «парталастарын» шошытып оятып, мінбеде тұрған министрлерді бүлк еткізетін ызбарлы дауысын айтады.
Бірақ ауылға келген сайын мен осы кісінің шіләпісіне қызығамын. Бір топ шенеуніктің ортасында шіләпісін шалқайта киіп келе жатады. Маңдайына туралап, тік кимейді, бір жағына қисайтыңқырата, шалқайтыңқырата киеді.
Қайдан сатып алатынын бір құдайым білсін, кәстөм-шалбары ақ болса ақ шіләпі, қара болса қара шіләпі жүреді басында. Шіләпі болғанда қандай және, анау-мынау емес, әлгі американдық кобвойлардың етегі даңғырадай сәнді шіләпілері…
Осындай қара шіләпіні жақында Кенен атамның ауылындағы Кенен мұражайының алдындағы Кенен ескерткішін ашу салтанаты кезінде Кенен баласы Бақытжанның басынан көрдім.
Шерағаңның шіләпісінен айнымайтын етегі үлкен қара шіләпіні біреу басынан ала қашатындай баса киіп алыпты. Шіләпісі де адамына қарай «сөйлейді» екен-ау деген ой келді сол кезде маған. «Мысалы, мына шіләпіні қазір Шерағаң киіп тұрса, қалай-қалай сөйлер еді?…».
Дегенімше болған жоқ, Қордай ауданының әкімі Құрманғали Уәли сөз кезегін Бақытжанға берді. Асылдың сынығы, жақсының көзі ғой, Бақытжан да тапқыр сөзге келгенде тақұл-тұқыл емес екен. Әңгімені бірден мен қайта-қайта қарағыштап тұрған екі етегі даңғырадай қара шіләпіден бастады.
-Қордайға жүрердің алдында Шерағама бардым. Шерағаңның үйінде де қазір той боп жатыр. Конгресс-холлдағы жетпіс жылдығының қуанышы шаңырағында жалғасуда. Келімді-кетімді кісілері көп. Парламенттегі жұмысы тағы бар. Бірақ Шерағам жөн-жобаны білетін адам ғой, жол тауып кетті. Үйінде ілулі тұрған мына қара шіләпісін алып, маған кигізді де «мә, мынаны ауылға апарып, «сөйлетіп» қайт» деді. Міне, мен Шерағаның сол аманатын орындап, шіләпісін шешіп, сіздердің алдарыңызға басымды иіп, тағзым етіп тұрмын,- деді.
Жұрт жөн сөзге риза боп қалды. Қол соғып жатқандары да бар. «Күйеу бала жоқ қой» деп (Шерағаң жеңгеміз дүниеден қайтқаннан кейін Кенен атамыздың кенже қызына үйленген) күңкілдеп тұрғандардың да көңілі орнына түсті.
Бақытжан да мықты екен, сөйлеп болған соң қара шіләпіні шешіп қойып, ақ шашын жасырмай көпшіліктің ортасында қасқайып жүрді. Ұзын бойлы, ақ шашты, қоңқақ мұрынды, жылы жүзді Бақытжан сойып қаптап қойған Кенен атамыздың өзі. Егер ақын, әнші, сазгер ата туралы көркем фильм түсіріле қалғандай болса Кенен атамыздың кемел бейнесіне ұқсайтын адам іздеп әуре болудың керегі жоқ сияқты. Кенен атаның «Келінжан» деп аталатын келісті әніндегі елге белгілі Дина келін де, Кенен атаның ортаншы қызы Ақтамақ та, Көркемтайдан қалған бала-шаға да бәрі-бәрі Қордайдың қоңыр құлжасындай маңқиған Бақытжанның айналасында жүр.
2004 жылы Кенен атамыздың туғанына 120 жыл толады екен. Мәдениет, әдебиет және өнер саласына бүйрегі бұрып жүретін облыс әкімі Серік Үмбетовтің Кенен мұражайының алдына ақынның жан серігі — домбырасын құшақтап отырған ескерткішін қойдырғанына риза болған Төрткен Кененқызы ақ көңіл, ақ жарқын мінезіне басып, осы жүз жиырма жылдық мерейтой мәселесінің де ұшын шығарған. «Алатаудың ақиығы Кенен Әзірбаевтің мұражайын өзі өле-өлгенше түтін түтеткен қара шаңырағына көшіріп, қазіргі мұражайды мавзолей-мазарға айналдырған ләзім» деген екен еліміздің мәдениеті мен өнерінің үлкен жанашыры, марқұм Өзбекәлі Жәнібеков. Өйткені кеңестік саясат кезінде Кенекеңнің қабірінің басына салынған мазарды мұражай жасауға еріксіз мәжбүр бопты.
***
-Шерағаның шіләпісін жақсы «сөйлеттіңіз». Енді өзіне қайтып апарып бересіз бе?- дедім Бақытжанға ресми салтанат аяқталып, жұрт өнерпаздардың әні мен күйі естіліп жатқан сахнаға қарай ойысқанда.
-Аманатын адал орындағанымды айтып барсам да жетпей ме?- деді Бақытжан Кененұлы күліп.
Кенен ауылы, Қордай ауданы. 2002 жыл.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.