29 рет оқылды
Кенен ақын Әзірбаев ілгеріде болған бір әңгімесі үстінде айналасында отырғандарға қарап: «Ақындардың құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деген екен. Сал-серілердің соңғы тұяғы, қазақтың қара өлеңін пір тұтқан асылдардың сынығы айтқан сол сөз ойыма жиі орала береді.
Қандай ғажап, қандай мағыналы, қандай терең сөз. Жеті ғасыр бұрынғы жырауларды оқысаңыз да, бір ғасыр бұрынғы ақындарды қарасаңыз да бүгінгі күннің сөзін айтып кеткен. Ендеше «ақындардың құлағы өзінен қырық жыл бұрын тумағанда» қайтеді енді.
Еркіндік аңсаған елінің, сол еркіндік аңсаған елін жерұйыққа айналдыруды армандаған Ерінің арманын ақын айтпағанда, ақын жыралмағанда кім жырлайды?!. Ол үшін қалың елі – қазағының ойынан отыз, қырық жыл бұрын емес, жүз жыл озып, мың жыл асып айтса несі айып. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойды «Орыс төңкерісінің айнасына» теңгендер де Кенен атамыздың осы сөзін айтқан-ау негізі.
Талантты ақын Рафаэль Ниязбековтың «Қағанат» атты жыр кітабын оқып отырып біз осындай да осындай ойларға шым баттық. Шым батырған, әрине, өзіміз жазғандай, өзіміз айтқандай ойымыздан шыққан өлеңдер мен көңілімізден шыққан теңеулер болды. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толықтса шығады, су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады» дегендей, сол шер мен шындықты шебер жеткізе білетін ақындардың бірі Рафқаң. Ол өзінің «Мүмкін құрлық шығармын» деген өлеңінде:
Жыртығына жамау боп қоңыр елдің,
Құбылысқа құбылмай көңіл бөлдім.
Қызығы мен шыжығы араласқан,
Өмір көрдім,
Мен біраз өмір көрдім.
Азаматтың қосылып санатына,
Кір түсірмей күн кештім Ар атына.
Жерде жүргім келмеді жұқсыз көп деп,
Қыран құстың жармасып қанатына.
Таулары алып Ер жігіт, даласы алып,
Көрген емес еш жерде аласарып.
Өмір – өзен болса егер,
Сол өзенмен
Толқындарым жарысқан таласа ағып.
Асыл ерлер көп болса нұр тұлғалы,
Жақсылық па жағамның жыртылғаны.
Ат үстінде жүрмін мен
Көңілімнің
Терезесін біреулер сындырғалы.
Қараулықтың құрымай құрықтары,
Көгере ме шындықтың шыбықтары.
Сынған кезде терезем жан-жаққа ұшып,
Шашыраған сәулемнің сынықтары.
Тұрғанда атып ақ таңым арайланып,
Құзырлыға құл болам қалай барып.
Сүйегіме сіңірген қасиет көп,
Тымырымды қуалап қан айналып.
Арманымды тербетіп жыр ескенде,
Шындық іздеп жүрегім күресті елде.
Өмірімнің шырағы сөне жаздап,
Қайта жанған өліммен тірескенде.
Ғұмыр кешкен Арына кір түсірмей,
Өрт жанымды көп тобыр жүр түсінбей.
Есік қаққан ажалды қуған жоқ па,
Менің асқақ Рухым бір кішірмей, —
дейді де:
Мені өзіне ұлық көп тең көрмеген,
Кербездер де менсінбей кердеңдеген,
Ебелек те елемей ербеңдеген;
Кебенек те кергіген мені ұнатпай,
Қасқыр көрсе құлағы елеңдеген,
Желбуазға қай ақын ұнаушы еді,
Үрлеп қойған қарындай жел кернеген.
Кіріп шыққан ішіме кісі бар ма
Мынау сырқат қоғамда емделмеген:
Мүмкін кітап шығармын оқылмаған,
Мүмкін құрлық шығармын зерттелмеген, —
деп, ойын кенет шорт үзеді.
Ал енді осы өлеңді кім қалай түсінді, кім қалай қабылдады? Ой-өресі төмендер «е, өзін жазған екен ғой, кімнен қорлық көрді екен байғұс» деп, кітапты жаба салары хақ. Бірақ әлгі адам осы жырды жанына нақақтан-нақақ кінә тағылып, азат басы құл болған, сонау Желтоқсан оқиғасы кезінде бар кінәні бір өзі арқалап кете барған қайран да қайран қайсар рухты Қайрат Рысқұлбеков болып оқып көрсе ше?!. Ә-ә, міне, өлеңнің тылсым тұңғиығы да осы жерде тереңіне шым батырып, жүрегіңді де шым еткізері хақ. Адуынды ақынның асау мақамы мен асыл мәнері де шыңға ұқсап айбарлана қалатын тұс та осы. Неге? Өйткені асау ақынның жүрегі жырға толып, мелдектегенде арғыдан өр Махамбеттің алдаспанына айналып жарқылдаса, бергіден неге Қайраттың жұдырығы болып түйілмеске?!.
Иә, «құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деп дәріптелінетін ақын атаулының жұмбағы да осында. Өйткені оның сөзі — бір Махамбет пен бір Қайраттың мұңы емес, сол бірегей перзенттер арқылы мыңның, миллионның, яғни қалың елі – қазағының мұңы мен мұқтажы болып өзендей ақтарылып жатады. Оны: «Тұрғанда атып ақ таңым арайланып, Құзырлыға құл болам қалай барып. Сүйегіме сіңірген қасиет көп, Тамырымды қуалап қан айналып» деген өлең жолдарын қайта бір оқысаңыз, өзіңіз-ақ түсінесіз.
Арқалы ақынның сондай-ақ:
Кісі деме сен мені күні батқан,
Менің өмір өзенім жұлқына аққан.
Бөрілікті қаныма неге екпесін,
Бір көк бөрі ішімде ұлып жатқан, —
деп жұлқына басталатын «Қайшылықта ерлердің бағы ашылған» деген асау жыры да, немесе:
Қателігін Уақыт түзеткелі,
Тағдырымның жібіген мұз өткелі.
Иттер мені маңайлап көрген емес,
Көкжал бөрі төрімді күзеткелі, —
деп термелете жөнелетін «Көк бөрі» атты өлеңі де жоғарыда айтқан Ел мен Ер азаттығы туралы ойымызды одан ары кеітіп, одан бетер айқындай түседі. Яғни, ақындардың бас азаттығы – оның қасиетті халқының бас азаттығы екеніне көзіңізді жеткізе түсесіз.
«Азаттық» дегенде Махамбетпен бірге ойға орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкин оралады. Александрдың қаршадай болса да қазымыр ақындарша қалам сілтесінен шошыған Николай І мен оның төңірегіндегілер «бұл баланы жын иектеген, мына сұмдық сөздердің бәрін жаздырып отырған сол албасты» деген әңгіме шығарыпты баяғыда. Түрлі өсекке де таңады. Әйтеуір оның өлеңдеріне өліп-өшкен халықтың махаббатын ақын маңынан әлі келгенше аластамақ болған. Міне, сол кезде өзіне опа бермес сатқындықты сезіп қалған Пушкин «мен өзіме өзім ескерткіш орнаттым…» («Я памятник себе воздвиг нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа…») деп келетін сұрапыл жырын жазған. Рафқаңның «Қағанаты» да ақынның өзіне өзі қойған ескертікіші десек артық болмас.
Бір кездері шығыстың Атааллах Ширвани Аррани деген атақты шайыры да:
Не слушай трусливых и низких советов,
Беги, Аррани, от дворцовых дверей:
Цари никогда не любили поэтов,
Поэты всегда презирали царей, —
деп жырлаған ғой. Сондықтан Николай І-нің кезіндегі мұңлық Пушкиннің бас бостандығының халі де әрісі Аррани, берісі Махамбеттің рухани құлдықтағы қитұрқы күнімен тағдырлас болатын.
Ал бүгін ше? Ал бүгін «сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деп ұлы Абай жазғандай, қазақ елі өзінің ғасырлар бойы армандаған азаттығына қол жеткізді. Арранилер мен Махамбеттердің арманы орындалды. Енді еңсесін көтерген еркін елімізде азаттық туралы өксік пен өкінішке орын жоқ. Бүгінгінің патшасы да парасатты сөзді, келелі кеңесті елінің есті ақындарынан күтетін болды. Әкімқаралар да ақын, жазушыларын, ілгерісі мен кейінгісі бар дегендей, төріне шығаруда.
Десек, сол азат елді, сол ғажап жерді емірене сүйу, тебірене жырлау да ақындардың әлімсақтан келе жатқан арманы екенін мойындауымыз керек. Бірақ әр ақынның үні басқа, мақамы бөлек. Мысалы, битке өкпелеп тонын отқа тастағандар болмашыға бола «елімнен кетем» деп мәлімдеме жасаса, оның байбаламын ерлікке балайтындардың бой көрсете бастайтыны өтірік емес. Егер Рафаэль ақынымыз ойланбай тұрып сөйлейтіндердің сортынан болса, сол солақай топтың ортасында емес, тіпті, басында жүруіне әбден болар еді. Бірақ ол:
Бір айбалта жоқ болған соң белімде,
Кімдер мені басынбады жерімде.
Елден кетем десең егер кете бер,
Сендей «әнші» толып жатыр елімде.
Көңіліңнің шуылдаса қамысы,
Момын жұрттың тиген шығар қарғысы.
Тіршілікте қара басын күйттеген,
Сенен гөрі қымбат елдің намысы.
Көз алартып туған елім – анама,
Қай бұралқы жармаспады жағама,
Айтпа бірақ сыймай кетіп барам деп,
Орыс, орман … сыйған байтақ далама.
Кең далама жеткен сұмдар бұғынып,
Сөз сөйлейді бұл күндері сұғынып.
Мүмкін сен де қара қанжар шығарсың,
Жүрген елде жең ішіне тығылып, —
деп басқа ақындар бара алмаған биіктен көрініп, төбе билер ғана жиылатын Күлтөбедей мәртебелі мінбердің басалқалы сөзін айтады.
Ақынның «әнші» деп отырған «қаһарманын» тура мағынасында да, шартты түрде де түсіндіруге болады. Қазір Қазақ елінің байлығын ұрлап-жырлап шет ел асқан соң: «саясатшы едік, қуғын-сүргін көріп қашып жүрміз» деп батысқа мұңын шағатын іштен шыққан шұбар жыландар да пайда болған заман. Солардың өздерін саясаттың «бұлбұлы» санайтынын қайтерсің. Міне, ақын жүрегі осы сайқымазақтардың ақиқатын ашып айтып, шын бет пердесін әшкерелемей тұра алмапты. Әрине, ол бұл жыры үшін «аттаншыл» әріптестерінен ауыр сөз, қатты сын естуі де бек мүмкін, бірақ Отанын балағаттаған ондай «отаншылдардан» Рафқаңның көші ілгері екені тағы шындық.
Рафқаңның бір жақсы қасиеті өтірік айта алмайтындығында. Ақынға керегі де осы қасиет емес пе. Өтірікті — ақиқаттың ата жауы десек, ол сілімтіктің өлеңге де дос емес екені анық. Оған біз ақынның «Алматы мен Астана» деген өлеңін оқып отырып анық көз жеткіздік. Және риясыз риза болдық.
Көңілімнің көзіне нұр тұнғанда,
Ұран салмай тұрам ба ұлтым барда.
Астанамда бұтағым гүл жарады,
Алматымда тамырым бұлқынғанда.
Бабалардың өр рухы қолдағанда,
Аспанымды қара бұлт торлаған ба.
Арқаға жұрт көше ме,
Алматыға
Азаттықтың ақ құсы қонбағанда.
Астананың сәуле есіп келбетінен,
Еңку-еңку жер шолып Ер жетілген.
Айналайын алмалы Алматыда,
Азаттықтың Бесігі тербетілген.
Қоңыр түнде туғанда Ай нұрланып,
Күрең күндер жоғалған қайғымды алып,
Алатауы бар жандар бармаса егер,
Арлы Астана тұра ма айбарланып.
Керуен бұлттар көгімнен өткен көшіп,
Бәйтерегі жайқалған көктеп өсіп.
Астананың жүрегі жылына ма,
Алматыдан тұрмаса көктем есіп.
Қай заманда болмаған тақ таласы,
Ел басқарып жүрмесін жат баласы.
Алматы мен Астана — білсең егер,
Тұнық ойлы көзімнің ақ, қарасы.
Ал сізге мағынаға толы мадақ керек болса! Біз білетін ақындар Астананы жырлағанда Алматыны тарс ұмытып кете беретін. Бұл әкесін мақтаймын деп, өзін тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқан анасын есінен шығарған ұлдың есерсоқтығы іспетті бірдеңе емес пе?!. Ал Рафқаң «Астана!» деп тебірене отырып Алматысын да ұмытпайды. «Бабалардың өр рухы қолдағанда, Аспанымды қара бұлт торлаған ба. Арқаға жұрт көше ме, Алматыға Азаттықтың ақ құсы қонбағанда» деп, өзін әкесі мен анасындай аялаған қос қаланы қатар жырлап, қатар сүйеді. Қатар мадақтайды. Ақын тапқырлығы да, ақын ойлылығы да, ақын өресінің биіктігі де, міне, алдынан екі айрық жол шығып, таңдау жасау сәті түскенде осылай арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін тура жол таба білуінде деп білеміз.
Ақын туралы сөзімізді сол арқылы ақын Рафаэльдің «Елім бірақ мықты екен…» деген өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр.
Өзендейін жүгірсе көктем қунап,
Құйын неге суырсын өктем тулап?
Ардан ғана жаралып ақындары,
Ақиқатты, шындықты өткен жырлап.
Аналары жасық ұл бір тумаған,
Ол заманда намыс боп жыр тулаған.
Еркектері егеулі найза болып,
Ата жолын ол кезде кім қумаған?!
деген ақын өткен заманның зарын:
Сұм заманда тас болған құм жиылып,
Сұм заманда бас болған құл жиылып.
Сатқындық та қала ма өрістемей,
Қарағанмен көгіңнен күн қиылып.
Сұм заманда сұм қанша дінін сатқан?
Бұлбұл қанша күні үшін үнін сатқан?
Сөйлемеген жандары өз тілінде,
Сатқын деймін, ағайын, тілін сатқан, —
деп жасындай жарқылдатып, жаңбырдай тасырлатып келіп өлеңінің соңын:
Жүрегіңе сұм қанша жебе тартқан,
Қорқау қанша байлығын кемеге артқан?
Елім бірақ мықты екен,
Әлі күнге
Сатқындарға бой бермей келе жатқан, —
деп шымырлай түйеді.
Сірә, ардан ғана жаралып, ақиқатты ғана жырлаған тарлан ақынға осындай өр мінез, осындай алдаспан сөз ғана жарасқан-ау.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.