275 рет оқылды
«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Мен Бауыржанмен қалай таныстым?
Есімде жоқ.
Есімде қалғаны, оның досы үшін шығарда жаны ғана бөлек боп, шыр-пыр боп жүретіні.
Жыры мен әні, әрине, өз алдына бір төбе. КазГУ-де бірге оқыған жора-жолдастарының арасындағы беделі де, жүрегінің жұмсақтығы да, қолының ашықтығы да, айта берсем, мені тәнті еткен қасиеттері көп енді.
КазГУ-дің журфагін мен сияқты сырттай оқитындар о кезде Алматыға аяқтары тиісімен тарыдай шашырып, пәтер іздеп кететін. Ал мен әкем салып беріп кеткендей бірден «Алатау» жатақханасына тартамын. Өйткені онда КазГУ қалашығының құрылысында жүрген ауылдың жігіттері бар. Бірақ мен үшін жұмысшылардың жатақханасынан гөрі қасындағы журфактің атақты №5 жатақханасы ыстық.
Бөлмелерінде жиі-жиі жыр оқылып, ән шырқалып жататын оны «жатақхана» деуден гөрі еркіндікке құштар сал-серілердің ордасы деуге келетін. Аңсарымның ауатыны да осы Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақыпов, Бауыржан Омаров, Қайрат Әлімқұлов, Әлімбай Ізбаев, Дихан Әбдиев, Бекен Нұрмаханов және Амангелді Әбіл сияқты перілер еді. Айтпақшы, филфактың жатақханасынан Светғали Нұржанов бар.
Күндіз университеттің аудиторияларынан Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Қалижан Пангереев, Әбілфайыз Ыдырысов, Ханғали Сүйінішәлиев (Баукең жайлы жинақ дайын боп қап, асығыс жазылып отырған мақалада кейбір құрметті порфессорларым мен оқытушыларымның аты-жөндерін ілкіде қалдырып кетсем, әруақтары кешірсін, өйткені мен үшін олардың бәрі қадірлі, бәрі қымбат) және сол кездегі жас ғалымдардан Әбсаттар Дербісәлі, Намазәлі Омашев, Жанғара Дәдебаевтардың дәрістерінен кейінгі өрістері осы жатақханадағы жыр-думанмен жалғасып жататын.
Баукеңмен алғаш рет, сірә, сол №5-ші жатақханада кездестім-ау. Әлде «Қазақфильм» мен «Ботаникалық бульвардағы» сыраханаларда жырын естіп, жынды боп қалдым ба?! Аңғарғаным, қыздар бір көргеннен ғашық болатындай өте сымбатты жігіт екен. Сұлулығына арсалаңдаған ақкөңіл мінезін қосыңыз. Оған жиырманың үстіне енді шыққан жастығына қарамай тереңнен ой қозғайтын сыршыл жырларын тағы үстеп қойыңыз. Ал әні ше, әні?!…
Қайырмасында «Мен нағыз махаббатты армандаймын» деп, әуелете шырқалатын мұңды әнді алғаш рет Бауыржаннан естігенмін. Үні әлі күнге дейін құлағымда тұр. Қазір «Салтанат» деген топ осы махаббат мұңын джаз секілді даңғаза әуенмен айтып жүр. Сөзі де басқа, әні де бөлек. Бір әнші, тіпті, «ақ қаздар» деген сөзді «ақ қыздар» деп, жұртты мүлде шатастырып жүр.
Ал Бауыржан шырқағанда… көзге жас үйірілетін. Ол ән тек сол Бауыржанның қасында жүрген достарының ғана жадында қалған шығар. Бүгінде аты аңызға айналып, жас та, жасамыс та ерекше еске алып жүрген ұлы ақын Мұқағали Мақтаев о баста осы өлеңді жазған кезде оны ән болады деп ойлаған жоқ шығар, бірақ ол Бауыржандардың арқасында жастардың сүйікті әніне айналып кете барды. Оны:
Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,
Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе…
Жастықта жалын атып сүйсем егер,
Түспес ем дәл мынадай күйге мүлде.
Мен нағыз махаббатты армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын…).
Ақ қаздар арасынан аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.
Өтінем сенен ғафу, асыл жарым,
Көрсетпе тарпаң мінез, тасынбағын.
Сен менен от іздеме, құрмет ізде,
Өртеніп жана-жана басылғамын, —
деп Бауыржан осы әнді шырқағанда журфак пен филфактың, одан кейін №5 жатақханаға қонаққа келіп отырған басқа факультеттердің «мен сұлумын» деген қыздарының бәрі Бауыржанға тамсана қарап қалатын.
Баукең сал-сері, ақын, әнші болған соң той-томалақтардың гүліне айналып, қызық-думанның ортасында жүретін. Той дастарханынан аш жүрген достарына дәм әкеліп беріп, бір тойғызып тастайтын мейірімі де керемет үлгі болатын. Сондай бір «жорықтан» жазған жырының өзі Баукеңнің сол кездің өзінде үлкен ақынға айналып келе жатқанын байқататын.
Қоямын не деп жыр атын,
Болса да мақсат анық тым.
Болса да биік мұратым,
Мен кеше сұмдық қамықтым.
Ыңылдай басып бір әнге,
Шыққан ем тойды аяқтап.
Адамдар, менің кінәм не?
Көшеде кетті таяқтап.
Не үшін соқты, кім білсін,
Жүргендер ме екен тасып шын.
О, өмір, неткен бұлдырсың,
О, өмір, неткен ашықсың.
Ақ жүрек жырдың баласы,
Содырдың болды мазағы.
Жазылар тәннің жарасы,
Жанды кім емдеп жазады?
Жалаң аяқпен қар кештім,
Туындап мұңлы жыр тағы.
Оразбайлар мен Дантестің,
Өлмепті-ау әлі ұрпағы.
Жақсылар жанды жазар-ау,
Жырлармен талай күмбірлеп.
Өмір, бір сырың – мазақ-ау,
Болса бір сырың шын құрмет.
Пендені қалмас аяп тіл,
Ол үшін сөкпес мені ешкім.
Өмірден жеген таяқты,
Өлеңнен бірақ жемеспін.
Рас, Бауыржан, өмірдегі өсекшілерден, сатқындардан көп таяқ жеді. Бірақ жырдан таяқ жеген жоқ. Жыр оны қайта Мұхаммед с.ғ.с пайғамдардың пырағындай көкке самғатты.
Ән бар еді,
Бір әнім,
Шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын.
Қолтық сөгіп, көсіле шаппаған соң,
Кімге керек кібіртік құр аяңым?
Ән бар еді,
Әнімді неге ұмыттым?
Жарқырап күн, тұратын төгіліп түн.
Қадам сайын қанатқан балтырымды,
Құрбаны боп кеттім бе жөгіліктің?..
Ән бар еді,
Сырлы да, мұңды да еді,
Талай ару тамсанып, үлбіреді.
Өмір жайлы ой толғап өзге жақта,
Өзімді іздеп жүр ме екен, кім біледі?
Ән бар еді,
Иесі мен емес пе ем?
Балдырғанды өлкеде Кенен өскен.
Шошыды ма тірлікпен ғұмырымды,
Жүргенімде өткізіп ерегеспен?
Ән бар еді,
Аққудың сыңсуындай,
Жүрегімді тынбайтын бір суырмай.
Жан-дүниемді сығады сұм өкініш,
Оттан шыққан қып-қызыл шымшуырдай.
Көбелектің көгілдір қанаты еді,
Атасы — нұр,
Ақша бұлт — ана тегі.
Көкірегімнен «әу» десем, аққу емес,
«Қоңыр үйрек» бұл күнде дар етеді.
…Ән бар еді, бір әнім, шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын…
Бірде Бауыржан екеуміз Алматыға жол тарттық. Ұмытпасам, 1989 жыл. Қазақстан Жазушылар одағы жас ақын, жазушылардың семинар кеңесіне шақырған. Жамбыл жақтан жас ақын Бауыржан Үсенов пен мен бар екем тізімде. Бұл кезде Бауыржанды ақын, жазушылардың бәрі таниды. Ал менің жарытып жазған ештеңем жоқ. Дәтке қуаты, бір жыл бұрын «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» деген ертегі-повесім екінші жүлдеге ие болған. Бірақ ол әлі еш жерде жарық көрмеген. Одан басқа шала піскен күлшедей күйелеш-күйелеш бір-екі әңгімем ғана бар.
Бірақ Бауыржан досым еліміздің түкпір-түкпірінен келген «сен тұр, мен атайын» дейтін ақындар мен жазушыларға мені таныстырған кезде, «атақ-даңқымнан» өзімнен өзім қорқып кетем. Сондықтан ба, «Қазақстан» қонақ үйіндегі Баукем екеумізге бұйырған бөлмеден көп шыға бермеймін. Ал Бауыржанды ана бөлмедегі ақындар да, мына бөлмедегі жазушылар да бірінен кейін бірі қонаққа шақырып, үйлерінен ала келген дәмдерімен сыйлап, мәре-сәре.
Бауыржан болса анда-санда бөлмемізге бас сұғып «сені мақтап келдім» деп кетеді. «Кімге?» дейін қысылып. «Семейден Талғат Кеңесбаев деген талантты жазушы келді. «Жалын» альманағына «Француз әтірінің иісі» деген повесі шығыпты. Бірақ мен біздің бөлмеде «Жалын» баспасының бәйгесін алған керемет жазушы жатыр» деп шошытып келдім деп күледі.
Баукемнің менің бұйығы да пәс көңілімді көтермек боп жүргені сезем де, «Талғат Кеңесбаевыңыз жап-жас боп «Жалын» баспасына повесі шыққан жазушы болса, сұмдық қой» деп одан сайын зәрем қалмайды. Бір орнында байыз тауып отыруды білмейтін Баукем тағы бір бөлмеге «аттанып» кетеді де, бір уақытта ол жақтан «достарым сыйлады» деп сала құлаш сап-сары балықты көкпар сияқты әкеп тастайды. Онысының исі бөлмеге жайылып, мұрынды қытықтап, әлдеқайдағы кабактарға қарай шақырып, жүр-жүрлегендей болады.
Екінші күні ме екен, балығымызды газетке орап алып М. Горький саябағына қарай аяңдап келе жатыр едік, алдымыздан бала жетектеген бір кісі жолықты. Бауыржан бауырмал ғой, әлгі кісіге жүгіріп барып амандасып, хал-жағдайын сұрап, баласының кекілінен сыйпап, жік-жаппар болды да қалды. Мен танымаған соң состиып тұрмын. Соны байқап қалған Баукең «Бұл кісі Мейірхан Ақдәулет деген талантты ақын ағамыз болады» деп арамызға дәнекер боп жатыр. «Не деген ақкөңіл едің, Бауыржан!» деймін, жүрегім елжіреп, көзім жасаурап.
Кейін Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде қызмет істеп жүргенімде Бауыржан Жуалы ауданының орталығы Борандыдан жиі кеп тұратын болды. Ол аудандық газетке орналасқан болатын.
Бауыржанның «Қара машина» деген жыр жазғанын да, сол үшін КГБ деген мекеменің қатыбас қызметкерлері соңына түскенін де білетінмін. Сол оқиға бар, өзімнің де қуғын-сүргінге түскенім бар, 2000 жылдардың басында «Соп-тиак-ти» (Совтрактор деген бір адам болған, ауылдағы «р»-ға тілі келмейтін балалар оны Соптиакти дейтін) деген әңгіме жаздым. Әңгіменің басына «Досым Бауыржан Үсенге ескерткіш. Автор» деп қойдым. Сол әңгімедегі:
«Бауырмал бөлек жаратылыс еді. Арқа-жарқа азаттықты сүйетін. Шабыты шалқыған кезде өлеңдерін оқитын. Ол өлең оқығанда Шаншарханның көздері жайнап кетеді. Тұңғиық ойлардың иірімі шыркөбелек айналдырып, түбіне тартқандай жанұшыратын. Елжірейтін, егілетін. Көңілі босап, бәрімізді сыраханаға шақыратын. Қызып алған кезде:
-Айналайын-ай, сенің жырларыңды түсінетін жұрт жындыханаларда жүр ғой, — деп жылайтын.
Бауырмалдың балладасынан ұққаным, баяғы заманда, сірә, біздің ата-бабаларымыз Еділ үшін егесіп, Тептер үшін тебісіп жүрген тұста-ау деймін, Америкадағы үндістер де шарбақтылықтар сияқты «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұламаны» бастарынан көп кешіпті. Мұхит асып келген басқыншылар қызыл жонды қайсар халықты қойша иіріп, қынадай қырып салыпты. Аман қалған үндістер ата-мекенінен ауа көшіп, үркіншілікке ұшырапты. Шаншархан осы балладаны Бауырмалға қайта-қайта оқыта берген соң мен де жаттап алғам.
Міне, былай. Айтпақшы, ол өлеңін бастамас бұрын қабағын түйіп: «Ақ түсті адамдардың келуімен қандай келісті халық жер бетінен түп-түгел дерлік құрып кетті?!» деп, американың атақты ақыны Генри Уодсворт Лонгфеллоның өксікке толы өкінішін айтып, біраз үнсіз қалатын. Сосын мақпалдай барқыт даусын баппен созып, мұңы мен зарына өзі ғана қанық жұмбақ халық туралы толғанып кететін.
Жүгірткенмен сан-саққа әрі-бері,
Болмағанмен ғалымы, дәрігері.
Сарайда емес, күркеде өмір сүрген,
«Жабайы еді», бірақ та халық еді.
Сәтті аңшылық, бай егін – ел тілегі,
Самал желмен джунгли желпінеді.
Қалпақ киіп, бант тағып, кофе ішпеген,
«Жабайы еді», бірақ та еркін еді.
Байлықтың да, бақтың да кезі өтеді,
Еркіндікке алайда не жетеді?!
Зіркілдеген зеңбірек, мылтығы жоқ,
«Жабайы еді», бірақ та өжет еді.
Адамға емес, тек аңға жақ кезеді,
Суларындай сүйріктің тәтті өзегі.
Өмір мұнда ұйыған сүттей еді,
Күлкісіндей сәбидің тап-таза еді.
Түк көрсетпей бір сұмдық түлесе күн,
Лапылдатып жағатын күрес отын.
Көбелекпен жарысып қыз өсетін,
Қабыланмен алысып ұл өсетін.
Суда — балық, нуда — Үндіс сайран құрсын,
Иірімінде уақыт айналдырсын.
Колумб жар салды: «Жер аштым!» — деп,
Ұрпағы отар қыларын қайдан білсін.
Мұрттан күліп, тапқандай мықты арманын,
Отаршылдар баптады «Сырттандарын».
Жағалауға мұхиттан кеме келді,
Кесепаттың басы боп құртқан бәрін…
Шаншархан балладаны тыңдап болған соң жағын таянып, ойланып отырып қалады.
— Үндіс дегені болмаса тура бізді айтып отыр.
— Онда шарбақтылықтар деп неге ашық айта бермейді? — деймін мен.
— Ойбай-ау, құртады ғой.
— Кімдер?
— Совтракторлар…
— Олар кім сонша?
— Жас жемтік үшін жан алып, жан беретін құзғындар ғой.
Құзғын демекші, Шаншархан кейде Бауырмалға «Қара құзғын» деген өлеңді оқытады. «Қара құзғынның» тыңдаушылары сирек. Сол сиректің өзі ақынның дауысы естіле бастаған кезде жан-жағына алақтай бастайтын. Өлеңдегі «Қара құзғын» дәл кәзір сырахананың сыртында «мыналар қашан шығады?» деп күтіп тұрғандай үрейленетін. Өздерінің Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден артық емес екенін, бұлардың да күбір-сыбырын Совтрактордың құлағы шалса аямайтынын жүректері сезетін.
Ақыры солай болды. Азаттықты аңсаған бозымнан қалай айырылып қалғанымызды білмей қалдық. Неге кетті? Кімдер кетірді? Жұмбақ. Білетініміз, Совтрактор жоғарғы пария мектебінде оқып жүрген жерінен «Тәңіртаудағы ұлтшыл жастар ЦК-ның шешіміне қарсы шығып жатыр» деп, жерден жеті қоян тапқандай далақтап Шарбақтыға қайтып келді. Онымен қоймай парткомның құжырасына кіргіштеуді жиілетті. Түрі өрт сөндіргендей. «Уыздай ұйыған елді алатайдай бүлдіретін сендер сияқты заржақтар» дегендей Бауырмалға кектене қарайды…»
деген сөйлемдерімді жақында қайта оқып шығып, ақын досыма сөзбен сомдап ескерткіш соққаныма тәубе дедім.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.