357 рет оқылды
Неден бастарымды білмей отырғанымды қарашы…
Сіз екеуміз танысқанда, Несаға, бүгінгі отызға толған бозымдар тұрмақ, қырықтың қырқасы мен елудің үстіндегі ерлердің өзі балатұғын.
Рас айтам. Мен ол кезде бар болғаны он сегіз-он тоғыз жастағы түбіт мұрт жас болсам, бүгінгі қырық, елулерге келгендер, құдай-ау, бар болғаны он жасар сәбилер екен ғой…
Біз сонау 1977 жылдың қоңыр күзінде таныстық. Күз болғанда, биылғы жаздың соңындағыдай жылы, тынық, тыныш күз еді ол. Алматының қалың талдары түгел алтын түске боянып, жерге түскендері көрпеге салған мақтадай аяққа жұмсақ қана жабысып, ал арықтардан аққан су сылдыр-сылдыр сазға басып, ҚазГУ-дің бас корпусінің алдындағы «Аққу» кафесінің қасындағы айдында жүзген аққулар бір-бірімен сыбырласқандай, сырласқандай жұптаса қалып, осында келген ақындар мен жазушылардың көңіліне ерекше бір қанат бітіретін.
Тағалатыным, Сіз де әппақ боп киінетінсіз: ақ шалбар, ақ кәстөм, ақ көйлек, ақ топылый… ақ көйлектің жағасының ішінен қыздардың қызғылттау келген капрон орамалын байлап алатынсыз. Шашыңыз, әрине, құлағыңызды жауып, артжағы желкеңізге түсіп тұратын. Сол қалпыңызды сол тұстағы жастардың кумирі Оралхан Бөкейге ұқсататынмын…
Сіз де сол кездің өзінде опыр-топыр тобырдан қашып, оқшау өмірді аңсап, самбыр-самбыр сөзшеңдерден саяқ жүретінсіз. Неге екенін білмеймін, әлде осы мінезіңіз қызық көрінді ме, жалғыз дара темекі шегіп, шегірткедей жыпырлаған жұртқа шекеден қарап тұрған Сізге өзім кеп жақындайтынмын. Сонымды сезесіз де:
-Фольклордан емтихан тапсырдың ба? — дейтінсіз менің еркіндігімді әуес көргендей.
-Тапсырып қойдым.
«Баяғыда» деген мақтанды айта алмағаныммен, түрімнен көрініп тұратын болу керек:
-Қалай тапсырасыңдар осы? — деп жорта таңғалатынсыз.
Бірақ Оралхан Бөкейше басыңыз Алатаудың асқар шыңына қадалған қалпы тұра береді. Төмен қарай бір иілмейді-ау, шіркін, бір иілмейді…
Соныңызды қызық көрем бе, әлде орда бұзар отыздың үстіне шыққан, өзімнен бір мүшел үлкен ағам — Сіздің фольклордан тапсыра алмай жүргеніңізге таңғалам ба:
-Ең оңай сабақ қой, қалай тапсыра алмай жүрсіз? — деп қиястанам.
-Білмеймін, Сұлтанғали көкең қоймай қойды ғой, — дейсіз Сіз, шылымыңыздың түтінін бір иығыңыздан артқа қарай асыра үрлеп.
Фольклоршы Сұлтанғали Садырбаев көкеме мен де аздап өкпелі едім. Өйткені сұрағанының бәрін сарт-сұрт айтып берсем де «Хор.» қойған. Сірә, мен сияқты түк пайдасы жоқ сары ауыз балапанға «Отл.»-ды қимады білем.
Қойшы, сонымен екі жылдай оқыдым да әскерге кетіп қалдым. Қызықтың көкесі қайтып келген кезде болды. Менің келгенімді сағына күтіп отырғандай Талас аудандық газетіндегі журналист көкелерім «ойбай, келе қал, баяғы орның бос тұр» деп, ең болмаса бір апта «арақ ішкізбестен» редакцияға жұмысқа алды.
Екі жыл Моңғолияда, кіл Сібір орыстарының ортасында екі-үш қазақ қана жүріп оқудан, жазудан кәдімгідей қарайып қалған екем, газет, журнал, кітап дегендерге аш қасқырша шаптым. Алғашқылардың бірі боп қолыма түскені «Жалын» альманағы болды. Ашып қалсам ішінде Несаға, Сіздің «Ақ көгершін» деген повесіңіз тұр. Суретіңізге қарасам, сол баяғы саяқ жүретін сақа мінезіңізден аумапсыз. Ең қызығы, повесіңіз сол кездегі ең беделді бәйгенің бас жүлдесін апты. Ал кеп оқы. Оқып шығып, одан бетер таңғалдым.
Бәсе, бәсе, елден ерекше киінетініңіз, өзіңізбен өзіңіз боп саяқ жүретініңіз, сосын жұрттың бәріне Алатаудың шыңындай биіктен қарайтыныңыз тегін емес еді, сол кезде-ақ ішіңізде мына ғажап шығарма жанартаудай бұлқынып, сыртқа суырылып шығатын саңылау іздеп жүр екен ғой деп ойладым.
«Ал енді қалай тапсам екен Сізді» дедім сол сәт. Қазір ғой жұрттың бәрінің бір-бірімен жердің түбінде жүрсе де сөйлесе беретіні. Ол кезде Қордай мен Талас аудандарының арасы ит өлген жер.
Арада бақандай бес жыл өткенде облыстық «Еңбек туы» газетіне ауыстым. Яғни Несіпбек көке, Сізге бұрынғыдан 80-100 шықырымдай жақындай түстім. Бірақ арамызда әлі үш жүз шақырымдай бар. Бірақ Несаға, Сіз мен ауысып келген газеттің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі екеніңіз қатты қуантты.
…Дәл осы жылы Несағаңның «Алма ағашының бұтағы» деген алғашқы кітабы жарық көрді. Соны кітап дүкенінен сатып алдым да оқып шығып, «Аңызбен өрілген ақиқат» деген рецензия жаздым. Онымды оқып болған соң «дұрыс жазыпсың бала, бір-бірімізді осылай қолдап жүруіміз керек» деп редактордың орынбасары боп істейтін, белгілі балалар жазушысы Әлдихан аға Қалдыбаев қолын қойып берді.
Бірақ қызық газетке мақала шыққан күні болды. «Мақаламды елден бұрын көріп, оңаша отырып бір оқиыншы» деп жұмысқа ерте келсем, жүрегім тас төбемнен бір-ақ шыға жаздады. Өз көзіме өзім сене алар емеспін. «Рас па, өтірік пе?» дегендей, мақаламның астындағы адамның атына қайта- қайта қараймын. Рецензияның астындағы «К. Сәттібаев» деген аты-жөнім жоқ. «Жоқ» болғанда, басқа бір, мен танымайтын иә қыздың, иә әйелдің аты-жөні баттыйып тұр.
«Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды» деген осындайдан шыққан екен, моншақтаған терімді сүртіп, жыларман халде коридорға шықтым. Ең бірінші Болат аға Шәмшиев кездесті. Ақкөңіл, жақсы адам еді марқұм:
-Не болды, түрің бұзылып кетіпті ғой? — деді бірден.
Газетті көрсеттім де:
-Жазушы көкем Несіпбек Дәутаевтың кітабына жазған мақалама басқа біреудің аты-жөнін қыстырып қойыпты, — дедім. Басқа не дейім.
-Өй, бұл нөмірге мен кезекші болдым ғой, сен жазып па едің? Бәсе, ана келіншек бүйтіп жаза алмайтын еді, әлде журналист ағасы жазып берді ме екен деп ойлағам, — деді Бөкем де маған жаны ашып. — Есіл еңбек-ай, өзің де барыңды салып, былқылдатып тұрып жазған екенсің…
Одан кейін ақын Асқаржан Сәрсеков келді жұмысқа. Оған да айттым жағдайымды. Ол жездем еді, жымың-жымың етіп «көңіл айтқаннан» басқа жөндемді ештеңе демеді. Содан Әлдихан ағама бардым.
-Аға, мынаны мен жазғаным Аллаға аян, қол қойған өзіңіз. Кеше баспаханаға менің ныспыммен кеткен дүние, бүгін азанда газетке басқа аты-жөнмен шығып тұр. Бұл қалай болғаны? Мен облыстық газетке жаңадан кеп жатырмын, түкке түсінсем бұйырмасын, — деймін жылап жібере жаздап.
Енді «іштен шыққан шұбар жылан» ғой, бөтенге қимайсың. Оның үстіне Несағаңа бар екенімді, тірі екенімді рецензия арқылы білдірейін деген ниетім де күл-талқан болды.
Әлдихан ағам ауыр қозғалатын етжеңді денесімен еңсеріле көтеріліп барып телефонды алды да баспаханадағы әлдекімдерден әлдекімдерді сұрады. Әлгі әлдекімдер әлденені айтты. Бір уақытта телефонды орнына қойды да маған қарап:
-Баспаханада «бет жасаушы» деген болады. Танисың. Содан бопты. Не істейсің, ол да өзіңнің «туысқаның», ақын, өлең жазады, — деді әкемнің өлгенін естірткендей тұнжырап.
Кейін «туысқанымды» шақырып ап, менен екі-үш жас кіші еді, «мұның не?» десем, «бір таныс келіншекке рецензия керек екен, зачет тапсыруға, как раз сенің мақалаң кетіп бара жатыр екен, соның атынан шығарып жібердік» деп бетіме қарап тұр.
-Маған бірауыз айтпадыңдар ма?
-Біз бір данасын ғана бастырып аламыз да, сенің аты-жөніңді қайтадан орнына сап қоямыз деп ойлағанбыз. Бірақ жұмыстың аяғы, таң да атып қалған, қарбаласта құдай тас төбемізден ұрып, ұмытып кетіппіз…
Сөйтіп, менің Несағама деген ниетімді бір келіншек орта жолдан ұрлап алған. Қазір өмірде о келіншек те жоқ. Ерте кетті байғұс…
Кейін, көп жыл өткенде осы әңгімені Несағама айтып берсем:
-Аа, соны жазған сен бе едің? Бәсе, ана келіншекті танымаймын. «Бұл неғып жазып жүр?» деп қоям. Үйдегі жеңгең де, жастау кезіміз ғой, сені сонша өліп-өшіп мақтаған ана қыз кім деп… әбден қызық болған» дейді күліп.
О, құдайдың құдыреті, осыдан екі күн бұрын гаражыма барып, тау боп үйіліп жатқан ескі қағаздарымды қопарыстырып отырып жиырма алты жасымда жазған сол рецензиямның алғашқы екі парағын тауып алып, ал кеп қуанайын… О кезде компьютер тұрмақ, жазу мәшеңкем де жоқ, ручкамен жазыппын…
Несаға, Сіз туралы айтарым көп қой менің. Ол бір романға жүк болады-ау. Жабыла көңіл айтып жатқандарды көріп, әзірге осыны ғана жаздым. Ал Сіз Қордайдан Тараз қаласына көшіп келген сонау екі мыңыншы жылдардан бергі әңгіме, ол өз алдына бір төбе.
Біздің үйдегі Әмина қарындасыңыз ғой, Сізді Жамбылдағы ақын, жазушылардың ішінен ең алғаш ерулікке шақырып, жеңгеміз екеуіңізге шаңырағымызды көрсеткен де біздің отбасы екенін ұмытпаған шығарсыз.
Ә, айтпақшы, сол күні ғой өткен-кеткенді еске ап отырып:
— Нәке, сонда Сұлтанғали Садырбаевтың сабағынан неге емтихан тапсыра алмай жүрдіңіз? — дегем күліп.
-Әә, ананы айтасың ба, ол ұзақ әңгіме. Сұлтекең, өзің білесің, фольклоршы. Ал фольклоршы-ғалымға мен сияқты Кенен Әзірбаевтың ауылында тұратын жазушы адам керек. Оның үстіне Кенекеңнің мерейтойына байланысты телехабарды жүргізгенім бар. Соны да көрген. Студент атанып, қолына түскен соң маған «ананы біліп кел, мынаны жазып кел» деп үйіп тұрып тапсырма бере береді, бере береді. Қайдан жазасың оның бәрін. Соған қырсығып қапты…
-Бәсе, дап-дардай адам фольклордан құлап қала беретіні несі? — деп жүрсем деп мен де Несағамның әңгімесіне ішек-сілем қатады.
Хош бол, аға! Жақсылық Сәтібеков көкем, Әлдихан аға, Асқаржан жездем, Арғынбай көкем де бар, бәрі алдыңыздан шықса, «тентек інілеріңіз аман-есен жүр» деп сәлем айтыңыз.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.