25 рет оқылды
Бизнесмендер ең алдымен ақша табуды ойлайды. Олар үшін «мемлекеттік тілдің беделі, абыройы» деген бос сөз. Еріккеннің ермегі.
Бүгін Үкіметтің дағдарысқа қарсы шұғыл штабы кеңес өткізіпті. Сонда бизнестің біраз өкілдері «импорттық тауралардағы этикетканың мемлекеттік тілде жазылуын міндеттейтін заң талаптарын елдегі экономикалық дағдарысқа байланысты уақытша тоқтата тұрайық» деп ұсыныс айтыпты.
Ал, әйтпесе! Олардың ойынша, бизнесмендердің басына түскен бар нәубет этикетканы мемлекеттік тілде жазудан ғана кеп тұр екен. Соны «уақытша тоқтатса», кәсіптерін дөңгелетіп ап кетпек.
«Әй, осы мемлекетшіл Премьер болады-ау» деп үміт күткен Смайловымыз болса босаңдық танытып, бизнесмендердің айтқандарына бас шұлғып қала беріпті.
Үкімет басшысының құлағына алтын сырға! Мелекеттің Әнұраны мен Елтаңбасы, Туы сияқты, оның халқы үшін Мемлекеттік тілінің де маңызы аса зор. Туын таптатпайтын ел, тілін де таптатпауы керек. Ол — мемлекет үшін де, оның халқы үшін де қасиетті тұмардай сақталғаны ләзім.
Ал Сіздің «елге қызмет етіп жүр» деген кейбір бизнесмендеріңіз өздерінің мынандай сорақы ұсыныстарымен өз елінің мемлекеттік тілінің абыройын айрандай төккенін ойламай отыр. Оларға мемлекеттік тілдің беделі емес, өздерінің есеп-шотындағы ақшасы қымбат екен.
Үкімет елінің абыройы мен беделін ойласа, импорттық тауарлар туралы ақпаратты мемлекеттік тілде алғысы келетін халқының құқын таптатпауы керек. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтау міндеті экономикалық дағдарыс кезінде ғана емес, тіпті, соғыс жағдайында да бәрінен биік тұрады.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.