71 рет оқылды
Пешенеме жазылған «полуторканың» төріне етбеттеп жатып алып, бұйырған тақырыпты бірінен кейін бірін бұрқыратып жаза берудің орнына, «шіркін, анау атақты ағамыздай белгілі жазушы болсам ғой» деген құрғақ қиялды көбірек қаузайтын кез. Атақты ағалар да шетінен жазғыш, әңгімелері ай сайын жарияланып, кітаптары жыл сайын басылып жатады.
Сондай жылдардың бірі еді. «Жамбылға жазушы Баққожа Мұқай келіпті» деген хабар естідім де, облыстық газеттің әдебиет және мәдениет бөлімінде қызмет ететінімді алдыға салып, қазақ дарма театрына бардым. Сахнада Баққожа ағамыздың «Сергелдең болған серілерінің» премьерасы жүріп жатыр. Бәкеңнің әңгіме, повесть, романдарымен бірге драматургия саласына да қалам тербейтінінен мағлұматым бар. Сыртынан байқадым, ағамыз сол жақ қабағын қарлығаштың қанатындай көтере керіп, әртістердің ойынына мұқият қарап отыр екен.
Спектакль бітті. Көрермендер риза. Қол шапалақтап режиссерді сахна төріне шақырды. Режиссер болса, пьесаның авторын шақырды. Әлде керісінше болды ма? Ширек ғасырдан астам уақыт өтті ғой, ұмытыппын. Не керек, жұрттың жүрегін баураған комедияны дүниеге әкелген екі шебер сахна төрінде жарасып тұрды. Әсіресе, Баққожа ағаның жүзіндегі жылылықта ел-жұртқа деген еркеше махаббат бар. Ал айналайын әртіс қыз-келіншектер ағамыздың айналасына гүлге ұмтылған көбелектей үймеле-е-еп қапты. Бірі құшақтайды, бірі сүйеді. Құшақтағысы, сүйгісі кеп, бірақ қымсынып тұрғандары қаншама?!. Есімде қалғаны, Гүлшат Қыпшақова (ҚР еңбек сіңірген қайраткері) елден ерекше шат-шадыман. Ал ағасы болса әдеттегі қараторылау жүзіне қан жүгіріп, керіскедей келіскен келбетімен жай ғана жымиып қояды. Мен, әрине, әдеби дүниелердің мазмұнымен бірге формасына да зер сала қарайтын әдетіммен Бәкеңнің батырлар құсап иығымен бұрылатын алып тұлғасына, жылы-жылы сөйлеп жыланды інінен шығаратын сөз мәнеріне, тіпті бар ғой, киім кию стиліне дейін қалт жібермей тұрмын.
Ғажап! Мұндай жандар өнер саласында көп болса көп шығар, ал әдебиетте некен-саяқ. Әдебиетшілерден қалған естеліктерден ұлы Ғабит Мүсреповты керемет сәнқой деп еститінмін. Мұндай баға Ғабеңнің суретінен де, шығармаларындағы сөзге деген ұқыптылығынан да көрініп тұрады ғой, сол сияқты Бәкең де сөз қадірімен бірге сән қадірін де жақсы білетін адам болып шықты. Және, ең бастысы, осы мінез-құлқын «мені көрдіңдер ме» дегендей жасанды жарқұл-жұрқылмен жарнамаламайды. Бәрі табиғи, бәрі шынайы. Қарап-қарап тұрып «үстіндегі пиджакты қайдан алды екен» деп, таңғалғаным есімде. Өйткені жақында ғана Шыңғыс Айтматовтың суретіне үңіліп отырып осындай пиджакқа қатты қызыққаным бар-ды. Ал Шықаң болса, ол кезде КСРО деген алып елдің ең атақты Ленин атындағы сыйлығын да, Мемлекеттік сыйлығын да алып үлгерген даңқты жазушы.
Содан не керек, премьера сәтті өткен күннің ертеңіне жазушы Мұрат Сыздық Алматыдан келген жазушы ағасын дастархан жайып, үйінде күтетін болды. Әдебиетке 1980 жылдары қосылған жас жазушылардың ішіндегі өндіртіп жазып жүргені де осы Мұрат болатын. Екеуміздің үйіміздің арасы аса қашық та емес. Бірақ Мүкең «сен де бірге бол» деуге қипақтайтын сияқты. Онысының жөні де бар. Өйткені жазушы ретінде ел тұрмақ, облысқа танылмаған мені не деп шақырады. Сондықтан Мұраттың жезделігін малданып, қалжыңға көштім.
-Мүке, рұқсат болса, дастарханның «ащы суын» мен көтерейін, тіпті, соны Бәкең екеуіңізге өзім-ақ құйып, қызмет етейін. Тек қонақтарыңыздың «тізіміне» мені де қосыңызшы.
Мұрат жездемнің жүрегін арақ-шараптың ақшасы емес, менің әдебиет пен мәдениетке, сол әдебиет пен мәдениеттің ордасынан келген зиялы қауым өкіліне деген іңкәрлігім селт еткізген болуы керек, «келсең кел, әпкеңе өзім айтам, ал ана жағын өзіме қалдыр» деп күлді.
Кешкілік Жамбыл қаласының оңтүстік батыс бетіндегі Қарасу деп аталатын терең сайды бойлай салынған көпқабатты тұрғын үйлердің (№5-ші шағын аудан) біріндегі Мұрат Сыздықовтың пәтеріндегі дастархан басында отырдым. Бәкең, әрине, төрге жайғасқан. Одан кейін Мұрат. Төменде туыстық жағынан маған әпке болып келетін Мұраттың келіншегі және мен. Әңгіме-дүкен тізгіні, негізінен, Бәкеңнің қолында.
-Жамбылда жазушылардан кімдер бар?
Мен әлі әдебиет деген ауылдың заңды тұрғыны болып саналмағандықтан сыпайлық сақтап, үндемеймін. Жауапты Мұрат жездем береді.
-Әлдихан Қалдыбаев бар.
-Айтпақшы, Әлдеш ағамызды неге шақырмадың?
-Шақырдым, жұмыстары бар екен, кешірім сұрап, сізге сәлем айтты.
-Әлдекеңнен кейінгі жазушы өзім десейші онда. Құдай қаласа, енді қырық-елу жылдан кейін біздің Мұрат елде тұратын атақты жазушы болады. Орыстың Лев Толстойы сияқты осы өңірдегі бір «Ясная Полянаны» меншіктеп алып, біз сияқты жазушыларды Алматыдан анда-санда келгенде сол имениесінде күтеді, — деп, шәй құйып отырған келінін бір мәз ғып қойды. Жақсы сөз жездемнің де жанын жадыратып, жымың-жымың ете түсті.
Ұмытып барады екем, айтпақшы, Мұрат жездем Әлдихан ағасы туралы айтқан кезде Бәкең «менің де бір жазушы ағайым бар» деп, сол кездегі көзі тірі классик жазушылардың бірі Бердібек Соқпақбаев туралы інілік сүйіспеншілікпен ерекше сөз етті.
-Бердібек ағамыз тура айтам деп туғанына жақпайтын адамдардың бірі. Мені жазушы деп есептемейді. Өтірік жазасың дейді. «Неге» десем, «бір бөлмеге тығылып аласыңдар да саусақтарыңды сорып, қияли бірдеңелерді төпейсіңдер де жатасыңдар. Жазғасын мен құсап жазбайсыңдар ма, бәрі нағыз өмірдің өзінен алынған шындық» деп «ұрсады». Мен күлем де «Аға, сіздің стиліңіз басқа да, біздікі басқа» деймін. Бірақ, бәрібір мойындата алмаймын. Өйткені ол кісі өз шығармаларының өміршеңдігін өте жақсы білетін.
Бәкеңнің тағы бір қасиеті кітап дүкендерін аралағанды ұнатады екен, ертесіне облыс орталығындағы бір-екі кітап дүкендеріне ертіп барғанымызды айтпағанда, бұл менің ағамызбен бір дастархан басында отырып, оның әдебиет жайлы әңгіме-дүкенін есту бақытына ие болған алғашқы қуанышым еді.
* * *
Көп кешікпей тағдыр маған осындай бақытты сәтті тағы сыйлады. 1988 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде қызметке келе жатқам. Уақыт таңертеңгілік. Түнде қар жауған. Редакция ғимаратының алдындағы ақ қарға әлі ешкімнің ізі түсе қоймапты. Екінші жақтан Әлдихан аға Қалдыбаев көрінді, елпілдей барып сәлемдестім. Ойымда ештеңе жоқ. Әлдихан ағайым сәлемімді алды да, «естідің бе» деді. «Жоқ» дедім. «Ендеше жүр». Томпаңдап соңына ілестім. Алдымда кетіп бара жатқан ағайым бір қуанышты жаңалық айтатындай жүрегім лүп-лүп етеді. Жә…
Сонымен Әлдекең «редактордың орынбасары» деген жазуы бар өзінің бөлмесіне асықпай кіріп, сыртқы киімін асықпай шешіп, оны ілгішке асықпай іліп, одан соң орындығына асықпай жайғасқаннан кейін (әлде өзім асығып тұрған соң осылай көрінді ме?) барып:
— Ал, бала, құтты болсын! — деді.
Қуанып кеттім. Жүрек лүпілі алдамапты. Әлдекең «естідің бе?» дегенде-ақ «сол дүнием бәйге алған шығар» деп ойлап ем.
-Түнде Алматыдан Баққожа Мұқай телефон шалды. Сенің ертегі-повесің «Жалын» баспасының жабық бәйгесінің екінші жүлдесіне ие болыпты. Жіберіп пе ең, сондай дүниеңді бәйгеге?
-Иә, жібергем.
Маған қызмет бабымен бұйырған «полуторкада» үй телефоны жоқ болатын. «Кемелденген» кеңес өкіметінің тұсында пәтеріңе телефон орнату кезегін де пәленбай жыл күтетін ек қой, сондықтан болар, Баққожа ағамыз «сүйіншіні» Әлдихан ағамыздан сұрапты.
«Құдай-шебер» деген сөз рас. Мұрат жездемнің үйінде әдебиет жайлы әңгімесіне ұйытқан ағамыз енді менің осы саладағы қуанышыма да ортақтасып отыр. Қызмет бөлмеме келдім де, қобалжи отырып Баққожа ағаның телефон нөмірін тердім. Көтерді. Сол маңғаз қалпы. Менің «Рахмет, аға» деген жаттанды сөзімді тыңдап алды да, шығармамның қалай бәйге алғанын тәптіштей айтты. «Бәйге комиссиясы мүшелерінің мүйіздері қарағайдай ақын, жазушылар екенін білесің. Олардың ішінде, әсіресе, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырзалиев сияқты қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері бар. Сенің ертегі-повесің туралы сөзді бастаған да сол Мұхтар Мағауин ағаң болды. Әйтпесе, бәйгені алу-алмауың неғайбыл еді. Мұхаң: «Біз бәйгені кімдер үшін жариялап отырмыз. Әрине, балаларға. Ендеше сол балаларға, балалар болғанда бастауыш сыныптың бүлдіршіндеріне арналған мына «Елгезек-Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» деген ертегі-повесть туралы неге айтпайсыңдар? Мен өз басым осы шығарманы бәйгеден көргім келеді» деді. Сол-ақ екен, Мұхтарды ақын ағаң Қадыр Мырзалиев қолдай кетті. Оларды Сейдахмет Бердіқұлов ағаң мақұлдады. Сөйтіп сенің тырнақ алды туындың ескерусіз жатқан жерінен екінші орынға бір-ақ секіріп шықты.
— Рахмет, аға, — дей бердім мен».
Сол күні ақын Жақсылық Сәтібеков көкем екеуміз менің бәйгемді қызыл шараппен жақсылап тұрып «жудық».
* * *
Одан бері, әрине, көп су ақты. Ел тәуелсіздігін алды. Ұмытпасам, тіпті, оның алғашқы он жылдығын тойлап та тастаған кезіміз. Мен ол кезде «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісімін.
Бір күні Алматыдан телефон қоңырауы жетті. Көтерсем, ер адамның даусы. Үні бәсең.
-Көсемәлі, бұл сен бе?
-Иә, мен, Сіз кімсіз?
-Мен Баққожа ағаңмын.
«Маңғаздығымнан» лезде айырылып, ебелектей елп ете қалдым. Хал-жағдайын, шығармашылық шаруашылығын сұрап жатырмын. Бәріне «жақсы» деген бір ауыз сөзбен жауап берген аға:
-Көсемәлі, саған бір өтініш айтқалы тұрмын, — деді.
-Айтыңыз.
-Айтсам, «Парасат» журналына редактордың орынбасары болып келесің бе?
Имандай шыным, мұндай ұсынысты күтпеген едім. Толқып кеттім. Баққожадай ағаның бағасына ие болып, шақырту алғаныма деген қуаныш өз алдына бір төбе боп, көкірегімді кернеп барады. Бірақ табан астында не деп жауап берерімді білмей далмын. Сосын:
-Аға, ойлануға бір күн рұқсат беріңіз, — дедім.
-Мақұл, жауабыңды күтем.
Мен бір күн емес, екі күн ойландым. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған үлкен жазушы, драматург ағамыз өзіне орынбасарлыққа шақырып отыр. Бармасам ұят, ал барсам… не үй жоқ, не күй жоқ, Алматыдағы «жетім бұрышты» жағалағандардың қатырын көбейтіп, сергелдең боп қалмайым ба? Не істеу керек? Екі күннен кейін қорқасоқтап отырып ағаның телефонын тердім.
-Аға…
-Иә.
-Кешіріңіз, Алматыда күн көре алмайтын сияқтымын, елге де әбден бауыр басып қаппын. Бірақ сенім көрсетіп шақырғаныңызға үлкен рахмет…
-Оқысы жоқ.
Осы әңгімеден кейін Баққожа көкем көп жыл өтпей бақилық болды. Мен «Жас Алаштан»… «Егемен Қазақстанға» ауыстым. Осы күні «шіркін, Баққожа ағайым үлкен басын кішірейтіп өз телефон шалып, өзі қызметке шақырып тұрғанда «бала белде, әйел жолда» деп, неге бара салмадым екен. Алматыға шыдай алмасам, қайтып келетін едім ғой» деп қатты өкінемін. Абзал ағаның, еңбекқор жазушының қаншама ақыл-кеңесінен, ой-пікірінен, өмірлік тәжірибесінен құр қалдым. Азаматтық үлгі-өнегесі мен биік мәдениеті ше?.. Бірақ, енді мейлі өкін, мейлі өкінбе, бәрі кеш. Талантты тұлғаның өзі айтып, өзі жазып кеткеніндей «Өмірзая» дегеннің мысалы да осы шығар, бәлкім.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.